Сұхбат • 11 Тамыз, 2021

Тило КЛИННЕР: «Қазақстан – Германияның аймақтағы ең маңызды серіктесі»

340 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Германия Федеративтік Республикасы –
Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас барлық салада дамып келеді. Өзара тиімді байланыстардың тарихи тамыры тереңде: Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мыңдаған неміс отбасы Қазақстаннан пана тапты.

Тило КЛИННЕР: «Қазақстан – Германияның аймақтағы ең маңызды серіктесі»

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тило КЛИННЕРМЕН сұхбаттасқан едік.

– Құрметті елші мырза, Герма­ния еліміздің егемендігін мойын­да­ғанына 30 жылға жақындады. Қазіргі таң­да екі ел арасындағы дип­ло­ма­тия­лық қарым-қатынас қай ба­ғыт­та дамып келеді?

– Неміс-қазақ қатынастары көпқырлы әрі серпінді дамып отыр. Жалпы алғанда, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет ретінде Германияның аймақтағы ең маңызды серіктесі саналады. Сондықтан қарым-қатынастың маңызы арта түсетіні сөзсіз. Келесі жылы біз дипломатиялық байланыс ор­на­­ғанына 30 жыл толуын атап өтеміз. Бұл бізге қорытынды жасауға және бо­ла­шаққа зер салуға мүмкіндік береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың желтоқсанында және 2020 жылдың ақпанында Германияға жасаған екі сапары – неміс қоғамы үшін ерекше құрметтің белгісі. Бұл сапарлар екіжақты байланысқа маңызды серпін берді, оның жемісін әлі де көріп келеміз.

Сондай-ақ Президент Қ.Тоқаевтың реформалық әрекеттерін ерекше құп­тай­мыз. Аталған бастамалар елдегі демократияны нығайтуға және қоғамды жаңартуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық позициясын нығайтуға үлес қосатынына сенімдіміз. Германия бұл процесті кез келген уақытта қол­дау­ға дайын. Мысалы, Халықаралық ын­тымақтастық бойынша неміс қоғамы (GIZ) Қазақстанда әкімшілік құқықтың соңғы реформасын жүзеге асыруға айтарлықтай қолдау көрсетеді. Егер бұл реформа толық жүзеге асса, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қаты­нас­ты түбегейлі өзгертеді. Осы­лайша, инвестициялық климаттың жақ­саруына әкеледі.

Сонымен қатар Қазақстан Герма­ния­ның бастамасымен жүзеге асқан «Жасыл Орталық Азия» жобасында маңызды рөл атқарады. Аталған бастама Германия сыртқы істер министрі және Орталық Азиядағы бес мемлекет пен Ауғанстанның сыртқы істер министрлері арасында 2020 жылдың қаңтарында Берлинде өткен конференцияда басталған еді. Біз «Жасыл Орталық Азия» бастамасы арқылы аймақтағы климаттың жылынуының әсерлерін, ықтимал жанжалдардың алдын алу бойынша трансшекаралық ын­тымақтастықты нығайтуға үлес қос­қы­мыз келеді.

– Германия – Қазақстанның Еуро­палық одақтағы маңызды серік­тес­терінің бірі. 2018 жылға дейін екі ел арасындағы тауар айналымы тұ­рақ­ты өсіп келген еді. Алайда пандемия сал­дарынан біраз қиындық туғаны белгілі. Келешекте екіжақты сауда-эко­номикалық байланысты нығайту үшін қандай қадамдар жасалмақ?

– Қазақстан әлі де Германия эко­но­микасының Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі болып саналады. Алайда өзара экономикалық және сауда қарым-қатынастарымыз жаһандық жағдайда дамитыны рас. Сондықтан әртүрлі сынақтарға, соның ішінде COVID-19 індетіне де төтеп беруге мәж­бүр­міз. Сонымен қатар сыртқы сау­да балансына шикі мұнай мен мұнай өнім­дері бағасының ауытқуы әсер етеді. Мұны да ескеру қажет.

Сайып келгенде, елдеріміздің ком­па­­ниялары ынтымақтаса жұмыс іс­теп, екі тарапқа да пайда әкелуі үшін оларға қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Қазақстан мен ЕО Кеңейтілген серік­тестік пен ынтымақтастық тура­лы келісімге қол қойған. Өткен жы­лы күшіне енген құжат алға қарай ма­ңыз­ды қадам жасалғанын көрсетеді. Енді жаңа мүмкіндіктерді пайдалану ке­зегі экономикаға келді. Біз неміс ком­панияларының Қазақстанға қызы­ғу­шылығы артып келе жатқанын сеземіз. Сондай-ақ неміс компаниялары қазақстандық экономикадағы жаңғырту мен декарбонизация жобаларына қатысуға ниетті. Өздеріңізге мә­лім, Германия бұл салада әлемдік көшбасшылар қатарына енген.

– Германия кәсіпкерлері елімізге инвестиция салу жағынан алдыңғы орында тұр. Қазақстандағы қай сала­лар неміс бизнесмендерін қызық­ты­ра­ды?

– Негізінен, барлық сала қызықты. Неміс компаниялары үшін жаһандық ауқымда қолжетімді үздік технологияларды қолдана отырып, тұрақтылық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған, жаңғыртуды қамтитын жобалар ерекше қызығушылық тудырады. Қазақстанда әртүрлі бағыттар бойынша, энергетика саласында, ауыл шаруа­шы­лығында және тамақ өнер­кә­сібінде, денсаулық сақтау саласында, шикізат секторында, қалдық­тар­ды өңдеуде, туризмде және басқа да салаларда тиісті жобалар бар. Мұндай ақпараттар Герма­ния­да мұқият назарға алынады.

Бірақ неміс компаниялары әдетте инвестиция салған кезде Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орталық Азияны бір нарық ретінде қарастырады. Осы орайда кейінгі жылдары көрші елдерде инвесторлар үшін базалық шарттардың айтарлықтай жақсарғанын атап өткен жөн. Ендеше, Қазақстан аймақтағы жетекші инвестициялық бағыт ретінде бұрынғы орнын сақтап қалу үшін бюрократияны азайтып, корпоративтік шығындарды төмендетіп, білікті мамандарды тарту секілді мәселелерде рефор­ма­лық процестер жасайтын уақыт келді.

– Өзіңізге мәлім, Кеңес өкіметі тұ­сында Қазақстанға этностық не­міс­­­­тер қоныс аударылды. Хал­қы­мыз оларды жанашырлықпен қарсы алып, құшағына басқаны белгілі. Қа­зақ­станды қоныс еткен немістердің ара­­сында еліміз үшін ерен еңбек ет­кен­дер жетерлік. Мәселен, Герольд Бель­гер бүкіл қазаққа Гераға ретінде та­­нылды. Осы орайда Қазақстандағы неміс диаспорасының жай-күйі жайлы не айтасыз?

– Қазақстандық немістер неміс-қазақ қатынастарында маңызды рөл атқарады. Осы қатынастарды жандан­дырып, сөзбе-сөз айтсақ, біздің елдеріміз арасындағы «көпір» болып отыр. Қазақстандық не­містер екі тілде сөйлейді және екі мә­дениет арасында өздерін жайлы се­зі­неді. Мұндай жағдай шын мәнінде біре­гей екені сөзсіз. Бұл екіжақты қа­рым-қатынастарымыздың адами дең­гейіне үлкен пайда әкеледі.

Көптеген қазақстандық неміс «Воз­рож­­дение» қазақстандық немістер бір­лестігі» қоғамдық қорына бірікті. Ұйым мәдениет, тіл және ағартушылық жұ­мы­сы арқылы Қазақстандағы неміс мұ­ра­сын сақтауға зор үлес қосып отыр. Ал қыркүйекке таман Нұр-Сұлтан қа­ла­сында неміс диаспорасының қыз­метін біріктіретін жаңа «Қазақ-неміс орталығын» ашатынымыз мені қатты қуантады.

– Германияда да көптеген қазақ тұрады. Ендеше, екі тараптың мәдени-ру­хани байланысы туралы айта кет­сеңіз?

– Елдеріміз арасындағы мәдени бай­ланыстар алуан түрлі. Қазақстанда неміс мәдени-ағарту мекемелерінің саны көп. Алматыдағы Қазақстан-неміс университеті ғылыми-зерттеулер мен оқытуда керемет жетістіктерге қол жеткізді. Әрі үнемі Қазақстанның үздік университеттерінің қатарына кі­ре­ді. Қазақстандағы Гёте институты мәдени, лингвистикалық және ағар­ту­шылық жұмысы арқылы мәдени бай­ланыстарымызға маңызды үлес қосады. Қазақстанның серіктестік мектептер бас­тамасы (PASCH) деп аталатын 15 мектепте оқушылар неміс тілін өте жоғары деңгейде үйренеді.

Жақында Германия елшілігі жү­зеге асырған бір жобаны да айта ке­тейін. Атақты неміс табиғат зерттеу­шісі Альфред Бремнің 1876 жылы Қа­зақстанға саяхаты туралы «Ұлы дала­ға қош келдіңіз – Альфред Брем­мен бірге Қазақстанда 1876/2021» атты арнайы көрме ұйымдастырдық. Көр­ме, негізінен, Брем әсерлі түрде сипаттама берген Қазақстандағы био­алуан­түрлілікке арналған. Мысалы, ол – Қазақстанда киіктерді алғаш рет ғылыми түрде құжаттаған ғалымдардың бірі. Көрмені Қазақстанның Ұлттық му­зейінде қыркүйек айының ортасына дейін тамашалауға болады. Оқыр­ман­дарыңызды оны тамашалауға шақы­рамын!

– Биыл Германияның федералдық канцлері ауысады. Бұл саяси оқиға не­міс қоғамына қалай әсер етеді?

– Шынында да, 26 қыркүйекте Германия халқы жаңа Парламентті, жаңа Бундестагты сайлайды. 16 жыл қызмет атқар­ғаннан кейін канцлер Ангела Мер­кель алдағы сайлауға қайтадан өз кандидатурасын ұсынбауға шешім қабылдады.

Елдегі парламенттік жүйеде жаңа Үкіметті құру Бундестагтағы көпшілікке байланысты. Әдетте, сайлаудан кейін Парламентке енген екі немесе одан да көп партиялардың коалициясы құ­рылады. Олар бірлесіп, жаңа Үкіметті құрады. Осы коалициядағы ең үлкен партия әдетте жаңа федералды канцлерді белгілейді.

Біз қазір өте динамикалық сайлау науқанының басталғанына куә болып отырмыз. Неміс халқының көпшілігі секілді мен де сайлау нәтижесін асыға күтемін.

–Жаһандық жылыну мәселесінде Германия Федеративтік Респуб­ли­ка­сының ерекше ұстанымы бар. Мәселен, 2050 жылға қарай парниктік газдарды шығару көлемін азайту мә­селесі күн тәртібінде тұр. Бұл мін­дет­темені орындау үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Һәм неміс қоғамы әлемнің басқа елдеріне қандай үлгі көрсете алады?

– Еуропалық одақ 2050 жылға қарай парниктік газдардың бейтараптылығына қол жеткізуді мақсат етіп қойды. Фе­дералдық үкімет те осы мақсаттан тай­мақ емес. Экономикамыздың ха­лықаралық бәсекеге қабілеті мен халқымыздың әл-ау­қа­тына нұқсан келтірмей, бұл мақсатқа қол жеткізу үлкен міндеттер жүк­тейді.

Маңызды мәселе – энергиямен қам­­тамасыз ету жүйесінің қазба және ядро­лық отыннан ауысып, тұрақты энергия көздеріне көшуі. Бұған қол жеткізу үшін электр тораптарын кеңейтіп, қайта құру қажет. Сондай-ақ жүйенің тұ­рақтылығын сақтау мен жылыту, тасымалдау секілді осы уақытқа дейін қазба отынға тікелей тәуелді болған салаларды электрлендіру үшін энергияны сақтау технологияларын және сектораралық үйлесімділік технологияларын енгізу қажет.

Болашақта ауыр жүктерді тасымалдау, кеме қатынасы және алыс қашық­тық­қа ұшу секілді салаларда сұйық немесе газ тәрізді энергия көздерін пай­да­лануға тура келеді. Осыларды ес­кере отырып, өнеркәсіптік өндірістегі көмір­тегі газдарын азайту үшін сутегі экономикасын дамыту керек.

– Қазір жиі талқыланып жатқан тақырыптың бірі – «Солтүстік ағын – 2» жобасы. Аталған бастаманың келе­ше­гі қандай? Бұл тараптарға қан­дай пайда әкеледі?

– Бұл сұраққа толыққанды жауап бере алатыныма сенімді емеспін. Nord Stream
2  жобасы қолданыстағы заң­намаға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Оған «Газпром» мен бес еуро­палық энергетикалық компания ком­мер­циялық жоба ретінде қатысады. Кейінгі мәліметтер Балтық теңізіндегі құбыр тарту жұмыстары жақын арада аяқталатынын көрсетеді. Сосын сынақ кезеңі өтеді, содан кейін пайдалануға беріледі.

«Газпром» мен оның серіктестері желі­сінің рентабельділігі туралы дерек­терді білмеймін. Бірақ оның қан­ша­лық­ты тиімді екені алдағы жылдары Еуропадағы табиғи газ нарығының қалай дамитынына байланысты болмақ. Дегенмен табиғи газ баламалы энергия көздеріне көшуде маңызды аралық энергия көзі саналады. Оның үстіне, қоры сарқылуына байланысты оның ЕО-да өндірісі төмендеп келе жатқаны рас. Nord Stream 2 осыған байланысты туындаған импорттық олқылықтың орнын толтыруға көмектесе алады.

– Елші мырза, кезінде халықаралық құқық саласында докторлық диссертация қорғаған екенсіз. Қазақстан мен Германияны дипломатиялық тұр­ғыда бай­ланыстыруға сол ғылыми еңбе­гі­ңіз­дің көмегі тиіп жатыр ма?

– Кандидаттық диссертациямды Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау және оның халықаралық құқыққа әсері туралы жаздым. Әрине, Қазақстанмен және Орталық Азия аймағымен тікелей байланысы болған жоқ. Алайда ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану барлық елдің игілігі мен мүддесіне сай болуы керек деген ойдың өзі маңызды. Ғарыштық технологияны бір немесе бірнеше мемлекетке зарар тигізіп пайдалану – ғарыш кеңістігін пайдалану туралы деп аталатын келісім-шарттың болмысына қайшы. Мұнда Германия мен Қазақстанның мүдделері сәйкес келеді. Біздің екі ел де іс жүзінде жүзеге асатын мультилатерализмді, заң­ның, яғни халықаралық құқықтың үс­темдігін жақтайды. Сол арқылы күш­тілердің үстемдігіне қарсы шығады. Ғарыш – Антарктида мен әлемдік мұхит секілді адамзаттың ортақ мұрасы, оны біз сақтауымыз керек. Германия мен Қазақстан бұл идеяны міндетті түрде қолдайды. Оны халықаралық форумдарда, әсіресе, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде жақтайды.

– Қазақтардың қандай өнері мен мә­де­ниеті қызықтырады? Елші ре­тін­­де қандай ерекшеліктерді бай­қа­дыңыз?

– Қазақстан – мәдениеті өте бай мемлекет. Менің ойымша, бұл мұнда келген және ұзақ уақыт тұратындардың барлығына айқын. Үш жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан және қазақ мәдениетімен танысып, оны бағалаудың көптеген мүмкіндігіне ие болдым. Әри­не, қазақтың қонақжайлылығы мен дәмді қазақ тағамдарын, сонымен қатар отбасының ерекше рөлі мен оған деген көзқарас сияқты құндылықтарды атап өту керек.

Мені Ұлы даланың бай тарихы да қатты қызықтырады. 2007 жылы Есік қаласынан табылған Алтын адамды көрсеткен, скифтерге арналған үлкен көрмеге барғалы бері сақтардан бастап, қазақ хандықтарына дейінгі әр алуан дала тарихы мені қызықтырды. Мысалы, «дала демократиясы» – қызықты құбы­лыс. Бұл мәні жағынан қазақтар секілді көшпелі халықтардың бостандық дәрежесі дәс­түрлі түрде қалалық мә­де­ниет­терден жо­ғары болғанын біл­діре­ді. Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі бар Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани орталығы ретіндегі тарихымен таңғалдырады.

– Отбасыңыздың елімізге келген­де­гі алғашқы әсері қалай болды?

– Қазақстанға 2018 жылдың тамызында келдік. Басында көп уақыты­мыз­ды елордада өткіздік. Бізді Қазақ­стан­ның астанасы ретінде соңғы жиырма жыл ішінде қаланың қарқынды дамуы қызықтырды және шабыттандырды. Мен үшін қала ландшафтының әсерлі болуы Қазақстанда үстемдік ете­тін заманауилық пен прогресс рухын бейнелейді.

– Қазақстанда дипломатиялық қыз­­­метіңізді бастағаныңызға бірнеше жыл болды. Осы уақыт аралығында елі­міздің аймақтарын толықтай аралап шыға алдыңыз ба?

– Алғашқы бір жарым жыл ішінде мен көп саяхаттадым. Мен Қазақстанның барлық аймағына дерлік бір немесе бірнеше рет бардым. Елдің табиғи және мәдени әртүрлілігі туралы түсінік алдым. Каспий теңізінің айналасында, Шығыс Қазақстанда, Оңтүстік Қазақстанда, Шымкент және Түркістан қалаларына сапар шектім. Алматыда жұмыс барысымен де, жеке де жиі бардым. Қыста отбасыммен бірге сонда шаңғы тептік.

Өкінішке қарай, мұнда өткізген қалған уақытым COVID індетімен қа­тар келіп, бүкіл ел бойынша саяхаттау қиындай түсті. Дегенмен мүмкіндік туғанда саяхат жасадым. Былтыр Аралға барған сапарым ерекше әсер қалдырды. Солтүстік Арал теңізіндегі балық аулауды қалпына келтіру жобасымен таныстым.

– Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Елші ретінде осы отыз жыл­дағы даму деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

– Германия Қазақстанды көптеген эко­номикалық және саяси мәселеде се­ріктес ретінде бағалайды. Бүгінде Тә­­уел­­сіздік алғанына 30 жыл толған Қа­зақ­стан халықаралық аренада беделді ойыншы саналады. Атап айтсақ, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне енді. Қазақстан сонымен қатар Орталық Азияда жетекші және сындарлы рөл атқарады. Біз оны өте құптаймыз.

Жалпы алғанда, Қазақстанның соңғы 30 жылда қалай дамығаны таңғалдырады. Бұл прогресті, әсіресе, елдің қазіргі ас­танасы – Нұр-Сұлтанда байқамау мүмкін емес. Қала Германиядан келген қонақтарды үнемі таңғалдырады. Жалпы алғанда, Қазақстан соңғы отыз жылда қол жеткізген жетістіктерімен мақтана алады деп ойлаймын. Келешектегі қарым-қатынасқа келетін болсақ, Германия мен Еуропалық одақ Қазақстанды сенімді серіктес ретінде қолдай бермек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»