Көңілім алып-ұшып аруақты атаның басына тағзым етуге бара жатқаныма балаша қуанып, жүрегім дүрсілдеп кетті. Күн суыта бастағанына қарамастан, көліктің терезесін ашып тастап, жыр жампозын дүниеге әкелген дала самалына бетімді тосып, керім ауасын рахаттанып жұтып қоямын. Арқамнан ауыр жүк түскендей еңсем тіктеліп, тұла бойымды еркіндіктің құдіреті билеп, ойым желмен жарысып, қиялым қияға самғап, ақын жырларын есіме түсіріп, рухымен сырласқандай көңіл-күйді басымнан кешіп келемін.
Ақселеу ағам әңгіме барысында ауызша айта салғанымен, арнайы қаулымен өлеңдері оқулықтардың бәрінен сыпырылып тасталған Мұрат шығармашылығын зерттеу де, ол жөнінде аузыңды ашу да өте қиын іс болып шықты. Ақынның артында қалған құнды қазынасын түгендеп үлкен еңбек жазып, оның жақсы атын насихаттап дәріптеуге көп еңбек сіңірген филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлының «Мұрат Мөңкеұлы» монографиясында жыр сүлейінің өмірі мен шығармаларына назар аударған ғалымдардың қалай қудаланғаны да айтылыпты.
Совет билігі Мұрат тақырыбына жақындап кеткен талапкерлердің соңынан шам алып түсіп, қудалап, аяусыз жазалады. Ақын мұрасына ықылас танытқандардың бірі Әлішер Тоқмағамбетовтің ізденісіне тұсау салынды. Басқа мұраттанушылардың да жағдайы мүшкіл болды. Бауыржан Омарұлы баспасөзде жарық көрген бір мақаласында Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің профессоры, жазушы Нығмет Ғабдуллиннің аузынан естіген мынандай бір жантүршігерлік оқиғаны тілге тиек етіпті. «Елуінші жылдарда әйгілі әдебиетші Қажым Жұмалиевті бір күнде ұстап әкетті. Бізді, филология факультетінің студенттерін сабақтан босатып, топырлатып, сотқа алып барды. Тергеуші Қажекеңнен бәріміздің көзімізше жауап алды. Сол кездегі баршаға танымал қаламгерлердің біразы сот залына куәгер болып келді. «Қажым Жұмалиевтың Мұрат Мөңкеұлының қоғам үшін зиянды өлеңдерін елдің көзінше оқығаны рас па?» деген сұраққа олардың бірі: «Оқыды» деп жауап берді. Екіншісі: «Мен мас болып ұйықтап қалыппын, білмедім», деп тайқып кетті. Тек партизан жазушы Жұмағали Саин ғана: «Ол оқыған жоқ», деп қасарысып тұрып алды. Көп ұзамай Қажым аға 25 жылды арқалап кете барды. Біз соны көрдік, қарағым…».
Әрине, мұндай сұмдық жазалаулардан соң Мұрат шығармаларының жоқтаушысы болып, ер-тұрманын түгендеуге кімдердің дәті шыдап, батылы жете қояр дейсің. Бірақ қызыл империяның қабағынан қар жауған қаһарынан қаймықпай ұлы ақынымыздың «әр сөзінің тасасында асылы» (Жұмекен) жатқан мұрасын зерттеуге тәуекел етіп, жабық тақырыптың сандығын ашып, ұлтымыздың қалғып кеткен рухын оятудан қорықпағандардың әдебиет тарихында болғаны шындық. Мұратбек Бөжеев филология ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін жазған диссертациясының бүтін бір тарауын Мұрат Мөңкеұлына арнапты. Ысқақ Дүйсенбаев «Ғасырлар сыры» атты монографиясына «Мұрат Мөңкеұлы» деген бөлім енгізді. Ал Мұхтар Мағауиннің 1978 жылы Мұраттың «Үш қиян» толғауының аудармасын Ленинград қаласынан шыққан «Поэты Казахстана» атты антологияға енгізіп жібергені үлкен ерлік болды.
Жылымықтың жылы лебі ескен алпысыншы жылдарға дейін де Мұраттың ерлік пен елдікті жырлаған туындылары мүйізі қарағайдай ғалымдарымыздың назарынан тыс қалған жоқ. Жыр сүлейінің алғашқы зерттеушісі – Алаштың ардақты перзенті Халел Досмұхамедұлы болды. Аяулы ағамыздың 1924 жылы Ташкент қаласынан «Мұрат ақынның сөздері» атты кітапты бастырып шығарғанын көп жұрт біле бермеуі де мүмкін. Кітапты шығарып қана қоймай, алғысөзін де жазып, ақиық ақынымыздың туындыларында ұшырасатын кісі есімдері мен жер-су аттарына түсініктеме беріп, мұраттанудың іргетасын қалап кеткен де – Халел Досмұхамедұлы екенін ұмытуға болмайды. Қауіпті тақырыпқа көзін салған басқа ғалымдар да бар. Бұл туралы мағлұматтар мен деректердің бәрі Баукеңнің (Омарұлы) докторлық диссертациясында егжей-тегжейлі баяндалған. Дей тұрсақ та ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Зар заман ақындары» мақаласындағы Мұраттың ақындығына берген бағасындағы амалының жоқтығынан жұмбақтап жеткізген тұстарына назар аударудың мәнісі зор. «Мұрат зар заман ақындарының ішінде патша саясатының бір тарауына көп көңіл бөлген ақын. Ол тарауы қазақтың жері алынуы болатын. Сондықтан бұл ақын көп жырында қоныс пен өрістің жоқшысы болады. Жер тарылып, заң бұзылып, ел сасқан соң, бұрынғы ұйтқысы бұзылмаған ру тіршілігі көркінен айырылып, құбылып, қуарып бара жатқан сияқтанады. Бұзылған заман мұның да өлең сөзінің бар күшін әлеумет қамына жұмсатады. Мұрат зар заман ішіндегі ірі ақынның бірі. Мұның сөз үлгісі баяғының толғауы сияқтанып, қарсыға шапқан жүйріктей көсіліп, құлашын керіп келеді...
Қазақтың атақонысы, мекені алына бастағаны, бүгіннен емес, көптен басталған. Сондықтан бұл зорлықтың тарихын шолып өтеді.
Ел өмірін осындай ескіден келе жатқан дерт кернеген соң, заман бұзылмасқа шара жоқ. Бұған да заман өзгеріп, «қырсық шалғандай» болып көрінеді. Бұ да азған заманның белгісін айтып келіп, заман неден бұзылғанына шешу айтады...
Қайғы мен үмітсіздік жеңген ақын алдыңғы заманнан да шошиды, алдыңғы заман ел сұрқын бүгінгіден де жаман бұзатын сияқты. Көмескі келешек тағы да талай бұзық белгіні сездіріп тұрған сияқты. Өмір ұйтқысының бұзылуы ақын заманындағы жамандықпен тоқтамайды. Жақында тағы қауіп бар. Ол қауіп:
Ұстай ма деп білегін,
Нығая ма деп жүрегін,
Кейінгі туған баланың
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп реңін,
Адыра қалғыр заманның
Жаратпаймын сүреңін.
Бұл сөзде жақындап келе жатқан заманның ақынды күпті қылған жұмбағы бар. Ол жұмбақ патша үкіметінің қазақ елін орыс қылмақ саясаты. Мұрат сол ниеттің шетін сезген. Өз заманындағы көп белгіден топшылап, сол күн бола ма деп қайғы шеккен...».
Ұлтымыздың ұлы мұрасын түгендеп, санатқа қосу үшін зар илеп, жапа шеккен аруағыңнан айналайын ұлы Мұхам-ай! Даналықтың дариясындай болған ардақты абызым, қиядағыны шалып, алыстағыны көретін кемеңгерім! Халқымыздың баға жетпес байлығы – рухани қазынасын аман алып қалу үшін мойныңа аманат жүктеп, сені қазақтың ортасына Құдайдың өзі жіберген шығар, бәлкім. Сенің зар заман ақындарына арнап жазылған мақалаңдағы жұмбақтап жеткізген сөздеріңнің астарына үңіліп, орыстың қанды шеңгелінен құтылмайынша еш уақытта да ұлтымыздың бағы ашылмайтынына, қайнаған сорының бұрынғыдан да бетер қайнай беретініне көзім жете түскендей болады.
Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,
Сарытау, Аштраханның жерін де алды.
Артынан Еділден соң Нарынды алды,
Тоғайдың ағаш, қамы, талын да алды.
Ел үшін, жер үшін қасірет шегіп, қан жұтқан алтын бабам! Орыс сенің жеріңді тартып алғанымен, намысыңды таптап, рухыңды өлтіре алмап еді.
* * *
Ниет етіп Мұрат Мөңкеұлының басына зиярат етуге бара жатқанымда өткен күндердің елесі сағымдай мұнарланып, көңілімді алаңдата бергенін қарасайшы. Әкем ойыма оралғанда, бұрын да қаперімде болғанымен, аса мән бермеген бір жаңалығымның шындығына терең бойлап, заманы басқа уақытта өмір сүрген ақындардың туындыларын жол бойы салыстырып, ұлт-азаттық күресінің еш уақытта да тоқтамай, ақын жырлары арқылы өрмегі үзілмей жалғасып бүгінгі күнге жеткеніне қайран қалдым. Поэзияның құдіретін қарасайшы, Махамбет пен Мұраттардың отаршылдыққа қарсы үндеген жан айқайы қылышынан қан тамған Совет заманында да саябырсымай, ұлт ақындары шығармаларының астарында жасырынған көркем шындық арқылы халық жүрегіне жетіп жатыпты.
Қазақ әдебиеттану ғылымына зар заман ақындары терминін алғаш Мұхтар Әуезов енгізді. Зар заман — XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін суреттеген бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір араға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, ұлы жазушы бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың бәріне «зар заман» ақындары деген ат қойды.
Әдебиетімізде содан бері Алаштың рухы балталанып, жігері жаншылып, құлдықтың қамыты киілген кезеңде, қара қазан, сары бала қамы үшін алаңдап, жырларының нәтімен елдіктің намысын қайраған Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан т.б. «зар заман ақындары» ретінде атау әдебі қалыптасты. Ұлы суреткеріміз бұл кезеңді Абылай хан дәуірінен Абай заманына дейінгі созылған жүз жылға ұластырып, Нарманбетпен тәмамдайды. Әрине, кезең-кезеңмен қарастырғанда әр дәуірдің кескін-келбетін анығырақ тануға жеңілірек болу үшін «зар заман ақындары» терминінің атқарып тұрған қызметі ерен екенін мойындамасқа амал кем. Алайда ақынды ұлттық көзқарасы, азаматтық ұстанымы тұрғысынан бағалағанда мұндай жіктеудің кәсіби мамандарды емес, қарапайым оқырмандарды адастыратын тұстары баршылық.
Ғалымдардың миын ашыту емес, жалпақ жұртқа түсінікті болу үшін өз басым шартты түрде ақындарымызды үш топқа бөлер едім. Біріншісі – тұрмыстық ақындар. Тамылжыған табиғатты, мөлдір махабатты, түрлі-түрлі тіршіліктің түйіткілдерін жырлайтын тұрмыстық ақындардың әдебиеттегі алатын орнын жоққа шығара алмаймыз. Қайнаған өмірдің ортасында шығармашылықтың балын жалап жүріп олар адам бойындағы ізгілікті сезімдерді оятып, тәтті жырларымен жанымызды кейде жадыратып, кейде мұңға бөлейді. Әйткенмен, кестелі тілі, көрікті ойы бар, сыршыл сезімі жүректің нәзік қылын шертетін мұндай ақындар ұлт тағдырына көп араласпайды. Дінінен айырылып, тілін жоғалта жаздап, қиямет-қайымды басынан кешіп жатса да тұрмыстық ақындар ұлт үшін жанын шүберекке түйіп, ағысқа қарсы жүзуге тәуекел етпейді.
Көп болмаса да, әдебиетімізде үркердің шоғырындай ғана ақындардың тағы бір тобы бар. Олар – ұлт ақындары. Азаттығынан айырылып биліктің қолдан жібек матадай сусып шығып кетуі, орыс отаршылдарының тізесін батырып, жерімізді зорлық-зомбылықпен тартып алуы, елдік қасиетті жоғалтып халықтың азғындалуы, ана тілімізге төнген қауіп, жерасты, жерүсті байлығымыздың талан-таражға түсіп тоналып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі т.б. толып жатқан әлеуметтік әділетсіздік мәселелері – ұлт ақындары поэзиясының өзегі болып, күретамырына айналады. Билікке майдай жағатын жылы сөздерімен ұлықтардың көзіне түсіп, шенді-шекпенділердің құрметіне бөленбесе де ұлт ақындары поэзиясының мемлекетшілдік сананы қалыптастырып, елдік мақсат-мұратымызды айқындап, отаншылдық сезімді бойымызға сыналап сіңірудегі атқаратын қызметі өлшеусіз зор. Басқаша сөзбен тәпсірлесек, олардың бәрі рухымызды ояту арқылы бізді отаршылдық сананың құлы болып, орыс тілді билікке тапталып кетуден сақтандыратын – халқымыздың ұлттық имунитеті. Ел басына қауіп-қатер төнгенде ұлт ақындары суырылып алға шығып, дауыс көтеріп дабыл қағады.
Құндылықтар өзгеріп, санамыз дағдарып, діліміз әлсіреп, дініміз алашұбарланып, қалың ел парасат пен парықсыздықтың, ақындық пен жағымпаздықтың, батырлық пен барымташылықтың не екенін шатастырып тобырға айнала бастаған уақытта ұлтты Алланың түзу жолына салып, жол көрсету үшін имандылықтың нұрлы сәулесіндей жарқыраған ұлы ақын келеді өмірге. Қазақ топырағында ұлы ақындықтың парызын абыроймен атқарған ондай кемеңгеріміз – Абай. «Не нәрсе жайынан жазса да, түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазатын» (Ахмет Байтұрсынұлы) хакім Абайды өз уақытындағы ақындардан оқшауландырып тұрған дара қасиеті заман қасіретіне қабырғасы қайысып қана қоймай, қиын-қыстаудан алып шығатын дұрыс жолды таңдап, қазақты жүрегінің тазалығына ғана емес даналығының даралығына да сендіртіп, соңынан ерте білген кемеңгерлігінде жатыр. Дүние төңкеріліп, заман өзгерсе де ақыретке дейін ол біздің адамдық қасиетімізді жоғалтып алмауымызды үйрететін ұлы ұстазымыз болып қала беретіндіктен, «өлең қусақ та, өмір іздесек те, «халқым» деп қиналып, «ұлтым» деп үздіксек те Абайға қарайлап, торығып, күңіреніп (Тұрсынжан Шапай) келеміз.
Құдайға шүкір, Әуезов негізін қалаған уақыттан бері Абайтану ғылымының тынысы кеңейіп, өрісі ұлғайды. Жүздеген кітаптар жазылып, ғылыми диссертациялар қорғалды, отандық және шетелдік басылымдарда мыңдаған мақалалар жарияланды.
Сөзіміз ісімізбен қабысқан жағдайда Абай феноменінің арқасында біз ауызбіршілігіміз мықты, өз кемшілігіне сын көзбей қарай алатын, ғылым мен білімге ұмтылған еңбекті бағалап, жемқорлыққа жол бермейтін парасатты ұлтқа айналуға тиіс едік. Іс жүзінде бәрі керісінше болып шықты. Менің ойымша оның ең негізгі себебі, тоқсаныншы жылдардағы стихиялық түрде (саналы емес) болса да басталып, рухымызды сілкіндірген отарсыздандыру саясатының орта жолда тұралап қалғандығында жатыр.
Сөз жоқ Абай – әдебиетіміздің жарқыраған күні. Өзгелерді емес, ең әуелі өзіміздің кім екенімізді танып, өркениетті ұлт болуға ұмтылатын кез келген халық жанын салып іздейтін «қайдан келдім?», «неге келдім?», «қайда барамын?» деген үш ұлы сауалдың жауабын табу үшін біз хакімнің мұрасын қазымырланып зерттеп, жаңаша тұрғыдан саралап, танымымызды тереңдете түсіп, оқтын-оқтын оған оралып отыруымыз қажет. Аузымызды қу шөппен сүрте бермейік, бұл салада жасалып жатқан жұмыстар жоқ емес, көңілімізге медеу тұтатын тың ізденістер де, дүниетанымымызды байытып игілімізге жарайтын жақсы еңбектер де бар. Дегенмен, ғасырдан-ғасырға жалғасқан империялық езгінің кесірінен бойымызда қалып қойған құлдық санадан құтылып, Ресейге жалтақтауымызды қоймайтын жаман әдетемізден біржола арылу үшін жалғыз Абаймен шектеліп қалмай, бодандыққа қарсы табанды түрде күрес жүргізген ақындарымыздың шашылып жатқан мұраларын түгендеп, шығармаларының зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсіріліп, телевидение, баспасөз, радио, интернет тағы да басқа электронды ақпарат құралдары арқылы жан-жақты насихатталуына кеңінен жол ашылуы тиіс.
Әлбетте, мына миы мұз болған өмірде, тұманды танымдардың арасынан халықты адастырмай алып шығатын ұлы Абайдың мазмұны бай, мағынасы терең мұрасын зерттеу ісі келешекте де жалғаса бермек. Бірақ Абай ғайыптан пайда болып, аяғы аспаннан жерге салбырап түскен пайғамбар емес, ет пен сүйектен жаратылған адам баласы ғой. Ал кез келген адамды азамат етіп шығаратын өскен ортасы мен одан алған тәлім-тәрбиесі емес пе.
Ендеше қандай ұлы ақынды зерттегенде де оны туғызған топырақтың құнары, тәлім-тәрбиесімен бірге сол замандағы сөз өнері мектебінің дәстүріне назар аудармауға болмайды ғой. Абайды да даналықтың дара жолына салып, рухын шыңдап, көркем мінезін қалыптастырып, ақындықтың асыл мұратының әліппесін үйреткен – киелі топырақтың құдіреті мен рухани ұстаздықтың сабақтастығы. Жазушы Сәбит Мұқановтың сөзімен айтқанда «…қазақтың халық әдебиетінсіз, Бұқар жыраусыз, Махамбетсіз, Шортанбайсыз Абай да болмас еді. Қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы – Абай емес, Абайды туғызған халық».
Абайды әдебиетіміздің күніне теңесек те, жерді жұмбақ құдіретімен әлдилейтін айдың да өз сыры, өз құдіреті, өз тереңдігі, өз сұлулығы, біз тамашалайтын өз қызығы болады емес пе? Шығыстың ұлы шайыры Сағдидің Күннің емес, Айдың парасаттылығына сүйсініп шығарған жыр жолдарын есіңізге түсіріп көріңізші.
Ай жарқырап боз аспанға төгіп нұр,
Жерге тыныш сәуле құйды көгілдір.
Сұрады Айдан: «Жарықсың ғой сен ерен,
Күндіз неге көрінбейсің төбеден?».
Бір жымиып алды сонда Ай, кенет:
«Қайтесіңдер бос сұрақпен әурелеп –
Мен әлемге түнде ғана келемін,
Сақтау үшін Күннің ұлы беделін».
Ғарышты зерттейтін ғалымдардың көздері тек күнге ғана қадалып қалса, астрономия ғылымы баяғыда тұралап, мыңдаған жұлдыздардың жұмбағы ашылмай қалар еді. Ендеше ұлтымыздың Абайдай күнінің қалай жарқырап шыққанын білу үшін, таң атар алдындағы шолпан жұлдызындай болған ақындары Мұрат, Шортанбай, Дулат, Бұхар бабаларымыздың әдеби мұралары да жан-жақты талданып, бағасы беріліп, шығармашылығымен бірге өмір тарихын зерттеуге қатысты жұмыстар ықыласпен қолға алынуы тиіс. Әрі-беріден соң қазақтың жері, діні, тілі, салт-дәстүрін сақтап қалу үшін жанталаса ұмтылып, рух майданында сөзден гөрі әрекетке көшіп күрескен олардың әрқайсысы өз заманында халқының жанына Абайдан да жақын ақындар болды. Сондықтан да қиын-қыстау дәуірде еліміздің рухын оятқан тұлғаларымызға келешекте зар заман ақындары ретінде ғана қарауды қойып, олардың ұлт ақындары екені мойындалып, шығармалары ұлттық құндылық ретінде қастерленіп, мемлекетіміздің ерекше қамқорлығына алынатын уақыты келді.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов әдебиеттану ғылымына зар заман ақындары терминін саяси репрессия қатты белең алған, ұлт сөзін айтқандардың басы кететін қорқынышты уақытта енгізді. Егер Әуезов қазақтың аспанынан қауіп-қатердің бұлты кетпей қойған «тар жол, тайғақ кешкен» уақытта емес, бүгін өмірге келгенде, ол кездегі ойынан айнып Махамбет, Мұрат, Шортанбай, Дулаттарды ұлт ақындары ретінде мойындап, әрқайсысының лайықты бағасын береріне сенімдімін. Жалғыз әдебиет емес, ұлтымыздың әлеуметтік, саяси, мәдени, діни, қоғамдық өмірінде де ойып тұрып алатын орны бар жыр сүлейлері туралы үлкен махаббатпен жазылған Мұхаңның мақаласы мені осындай қорытынды жасап, ой түюіме итермелей береді.
Отыз жыл бұрын үкіметтің арнайы жарлығымен есімі ақталғанда балаша қуанып, міне бүгін жолым түсіп басына тағзым етуге келе жатқан Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын алғаш оқығанымда қатты толқып, күрескерлікпен қатар, кемеңгерлігіне де қатты сүйсінгенім бар. Әуезов өз сөзінде Мұратқа зар заман ішіндегі ірі ақындардың бірі деген үлкен бағаны бекерден-бекер бермесе керек. Шындығында ол күрескерлік поэзияның заңды мұрагері. Махамбеттің өлең мұрасы біздің заманымызға Мұраттың есте сақтау қабілетінің мықтылығы арқасында жеткендіктен екі ақынның өлең құрау өрнегінде, азаматтық ұстанымында ұқсастықтардың болуы заңдылық. Егер Махамбет орыс отаршылдығына қарсы күрестің бастауы болса, Мұрат поэзиясы сол үлкен істің мән-мағынасын тереңдете түсіп, оны әрі қарай жалғастырған – алтын көпір.
Мұрат ұлт ақыны атануға толық қақысы бар тұлға. Сонау ықылым заманнан бері қазақтың ұлттық идеясына айналған маңызды мәселе – Жер болса, Мұрат осы тақырыпты өлең-толғауларының өзегіне айналдырып, баға жетпес құндылығымыздан айырылып қалудан артық қасіреттің жоқ екенін халық санасына сіңіруге өз заманында ең көп үлес қосқан – ақиық ақынымыз.
Қазақтың жан айқайындай болып естілген Мұрат поэзиясындағы күрескерлік рухтың оты ХХ ғасырда да сөнген жоқ, атақты алпысыншы жылдардан кейінгі жылымықтан соң қайта тұтанып темір құрсауды бұзып шығуға жанталаса ұмтылған ұлт ақындарының поэзиясынан жарқырай көрінді.
Амангелді Кеңшілікұлы