«Мұндай маңызды биотехникалық шара екі өңірдің де орнитофаунасын байыту мақсатында қолға алынып отыр. Бірнеше жыл бойы жүргізілген мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде, бұл өңірлерде жыл өткен сайын дала бүркітінің популяциясы төмендеп бара жатқаны белгілі болды.
Мысалы, Алтысай экологиялық паркінің аумағында 2020 жылы 6 қыран ұя салған еді, 2021 жылы соның біреуі ғана қалған. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында 2020 жылы әр ұяда екі балапан болса, 2021 жылы бір балапаннан қалып отыр. Дала қырандарының 85%-ы біздің елімізде ұя салады. Сондықтан біз орнатып жатқан жасанды ұялар бұл жыртқыш құстар үшін өте маңызды», дейді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілдері.
Дала қырандарының өзге құстардан айырмашылығы, олар көбіне ұясын жерге, қалың шөптің арасына салады. Қыранның ағаштың немесе аласа төбенің басына ұя салуы өте сирек кездеседі екен. Осының салдарынан құстың ұясына қауіп те жиі төнеді. Қауіптің көбі, әсіресе, жазы құрғақ жылдары жиі орын алатын дала өртінен келеді. Мұндай алапат өрт кезінде жел өтіндегі әп-сәтте қау ете қалатын қалың қурайдың арасында орналасқан аядай ғана ұяның қызыл жалыннан аман қалуы екіталай.
Салдарынан қанша балапан қыран қанат қағып, көкте еркін самғап, биіктіктің құдіретін сезініп үлгерместен дүлей өрттің ішінде тірідей жанып кетіп жатыр. Сондықтан ҚБСҚ мамандары қыран ұясын бүтіндей металл мен бетоннан жасап, оны өрт шалмайтындай қауіпсіз жерлерге орналастырған.
Ұя жерден екі метр биікте, ал кейбіреулері құстарға қолайлы болу үшін аласалау қарағаштардың басына қондырылған. «Құстардың жасанды құрылыстарға ұя салатын әдеті бұрыннан белгілі. Мәселен, Еуропада өткен ғасырдың орта шенінде сұңқарлардың шіркеу шатырларына ұялағаны туралы деректер құжатталған. Сондықтан өздеріне жаңа «баспана» іздеп жүрген қырандар да біз орнатқан ұяларға қонақтап қалады деген үміттеміз», дейді мамандар.
Ұя жерден екі метр биікте, ал кейбіреулері құстарға қолайлы болу үшін аласалау қарағаштардың басына қондырылған. «Құстардың жасанды құрылыстарға ұя салатын әдеті бұрыннан белгілі. Мәселен, Еуропада өткен ғасырдың орта шенінде сұңқарлардың шіркеу шатырларына ұялағаны туралы деректер құжатталған. Сондықтан өздеріне жаңа «баспана» іздеп жүрген қырандар да біз орнатқан ұяларға қонақтап қалады деген үміттеміз», дейді мамандар.
Ғалымдар дала қырандарының маршрутын ғарыштық таратқыштың көмегі арқылы анықтап отырады. Қырғи тұқымдастарына жататын дала қырандарының ұшу бағыты 2018 жылдан бері трекер арқылы зерттеле бастады. Бүгінде дала қыраны жойылу қаупі төніп тұрған құс ретінде Қазақстанның Қызыл кітабына және IUCN халықаралық Қызыл тізіміне енгізілген. Құстардың бұл түрін сақтап қалу туралы арнайы бағдарлама жоқ. Алайда орнитологтардың мәліметінше, дала қырандары тез азайып барады. Мәселен, 2005-2015 жылдар аралығында қырандар мекендейтін өңірлердегі ұябасарлардың саны екі есеге дейін кеміп кеткен. «Оларды қалай сақтап қалуға болады?» деген мәселеге шындап зер сала бастаған ғалымдар әуелі қырандардың маусымдық көшу жолын мейлінше тиянақты зерттеп алу керек деген ұйғарымға тоқтап отыр. Осылайша, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы Ресейдің қанатты жыртқыштарды зерттеу және қорғау желісі мен «Сібір экологиялық орталығы» қауымдастығымен бірлесіп, дала қырандарына таңба салу жөніндегі жобаны жүзеге асыра бастады.
2018 жылдың жазында мамандар Орталық Қазақстанға аялдаған дала қыранының 5 балапанына ғарыштық таратқыш құрылғы – трекер қыстырады. Бұл құрылғы дала қыранының ұшу бағытын бірнеше жыл бойы үзбей бақылауға мүмкіндік береді. Қанаты қатайып қалған төрт балапан сол жылы күзге қарай оңтүстікті бетке алып, алғаш рет өздерінің ұзақ сапарына шығады. Оларға тағылған ғарыштық таратқыштар шағын әрі жеп-жеңіл, құстардың ұшып-қонуына еш кедергі келтірмейді. Кішкентай рюкзакқа ұқсайтын бұл құрылғылар күні бойы немесе Гринвич уақыты бойынша таңғы 9-дан күндізгі 2-ге дейін 12 рет қырандардың қай жерде ұшып жүргені туралы мәлімет жіберіп отырады. Құстарға трекер қыстыру арқылы ғалымдар дала қырандарының қозғалысы қонған, ұя салған және қыстап қалған жері туралы дәл ақпарат ала алады. Сонымен қатар олар мекендеген жерлердің қайсысы қауіпсіз екенін, қай жерлерде қауіпсіздік шараларына көбірек көңіл бөлу керектігін біліп отырады.
Үш жылға созылған бақылау жұмыстары барысында орнитологтар өздері таңбалап жіберген қырандардың бір маршруттың бойымен ғана ұшатынын анықтаған. Нәтижесінде, Орталық Қазақстаннан ұшқан қырандар негізінен екі миграциялық бағытты пайдаланатыны белгілі болып отыр. Олар – Афро-Еуразия жолы мен Орталық Азия жолы. Біріншісінің ұшу жолы негізінен Қазақстан мен Ресейдің оңтүстігі арқылы өтіп, Шығыс Африка мен Таяу Шығысқа дейін созылады. Ал Орталық Азия жолы Арктика мен Сібірден басталып, одан кейін Қазақстан арқылы Оңтүстік Азияға барып тоқтайды. Бұл екі маршрут, Африкаға немесе Сауд Арабиясына ұшып бара жатқан құстардың бір тобы Үндістанға немесе Пәкістанға бет түзеген екінші тізбекпен кездескенде, Орталық Қазақстанда түйіседі екен.
Биыл сәуір айына қарай таңбаланған төрт қыранның үшеуі Қазақ даласындағы туған мекендеріне қайта оралды. Ал ғалымдар «Кенже» деп атап кеткен төртінші қыран, өкінішке қарай, Үндістанда, өзінің Пешавар қыстауында адам қолынан қаза тауыпты. «Кенжеден» түскен ең соңғы белгі 2021 жылдың 24 қаңтарында тіркеліпті.
Кенже қыран Үндістанға 2020 жылдың 24 желтоқсанында ұшып келген. Тура бір ай өткен соң, қыран құс радардың аясынан ізім-қайым жоғалады. Ал бірнеше күннен кейін Дау Лал Бохра халықаралық табиғат қорғау одағының қызметкері қыранның өлексесін тауып алған. Кейінірек құстың Джунджхуну ауданындағы Бисау мекенінің маңында қаскөй біреудің қолынан өлгені белгілі болды.
Дала қырандары ұя басу кезінде ғана емес, қоныс аудару кезінде де, сондай-ақ өздері қыстап қалған мекенде де төтелей төнген қауіп-қатерден арылмайды. Қазақстанда қырандардың біразы электр тарату желілеріне соғылып, тоқ ұрып өледі екен. Өйткені елімізде ЭТЖ-нің жекелеген учаскелері ғана құстардан қорғайтын сенімді құрылғылармен жабдықталған. Мамандардың пікірінше, қырандарға оларды аңға, демалысқа пайдаланушылар тарапынан төніп тұрған қауіп-қатер аз емес. Сондай-ақ әсіресе қуаңшылық жылдары жиілеп кететін дала өрті қанатты жыртқыштардың көбеюіне үлкен кедергі келтіріп отыр.
Қырандар ұшып өтетін өзге елдердің аумағында да тасада тосып тұрған тосын қауіп көп. Мысалы, Моңғолия мен Қытай арқылы қоныс аударатын шығыс популяциясы алқаптардағы тыңайтқыш және кеміргіштерге қарсы қолданылатын химикаттардан көп зиян шегеді. Үндістанның үстімен ұшқан қырандардың қазасы көбіне электр желілерінен болады екен. Ал Шығыс Африканың бірқатар елінде жыртқыш құстарды жаппай аулау кең етек алған.