Білім • 19 Тамыз, 2021

Пандемиядан алған «сабақтарды» ұмытпау керек

160 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Балаларды ерте дамыту институты құрылады. Оқу жылы дәстүрлі форматта басталады. Мектеп директорларына жалақы төлеу жүйесі өзгереді. Қосымша білім беруге мемлекеттен қарастырылған қаржы мекемеге емес, балаға бөлінеді. Колледждер студенттердің оқу-өндірісінде дайындаған өнімдерін сатылымға шығаратын заңды құқыққа ие болады.

Пандемиядан алған «сабақтарды» ұмытпау керек

Білім және ғылым министрлігіне қарасты университеттер оқытушыларға бекітілген шекті жалақы мөлшерінен төмен ақы тағайындай алмайды. Докторлық диссертациялар тікелей эфирде қорғалады. Осы және өзге де өзгерістер Білім мен ғылым саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесінде айтылды.

2-6 жасқа дейінгі балалардың 83,6%-ы балабақшамен қамтылған

Жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдымен қиын кезеңде абыроймен еңбек ете білген педагогтер қауымына алғысын айтты. Содан соң білім мен ғылым саласындағы мәселелерге кезең-кезеңімен тоқталды.

– Балаларды ерте жастан дамыту біз үшін ерекше маңызға ие. Мектепке де­йінгі білім беру сатысына әрқашан қа­жетті деңгейде назар аударылмады. Кө­біне сандық көрсеткіштерге мән беріп, сапа жағына көңіл бөлінбей қалды. Мем­лекет басшысының тапсырмасы аясында Мектепке дейінгі білім берудің жаңа мо­делі әзірленді. Жаңа модельді жаңа оқу жы­лы­нан бастап енгізу жоспарланып отыр. Бұл үшін Мемлекеттік стандартқа өзгеріс­тер енгізіледі және ойын арқылы оқыту қа­ғидаты негізінде Үлгілік оқу бағдарла­малары қайта қаралады. Сонымен қатар Балаларды ерте дамыту институтын құру жұмыстары алдағы қыркүйекте аяқталады, – деді ведомство басшысы.

Министрдің мәлімдеуінше, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2021 жылы 98,1%-ға жетті. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 83,6%-ды құрады. Балаларды балабақшамен толық қамту үшін мемлекет-жекешелік әріптестік негізінде балабақшалардың санын арттыру жұмыстары жалғасын табады.

– Жекеменшік балабақшаларды дамытуды ынталандыру ваучерлік тетікті енгізу жолымен жалғасады. Бұл үшін бір тәрбиеленушіге жан басына шаққандағы норматив 31 мыңнан 40 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Ваучерлік қаржыландыру кезінде ақша білім беру ұйымына емес, балаға түседі. Бұл дегеніміз, ата-ана өз баласына жеке немесе мемлекеттік, кез келген балабақшаны таңдай алады және мемлекет оған бөлетін ваучердің қызметтерін төлейді. Осылайша, мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалайтын білім басқармасы емес, білім беру қызметін тұтынушының өзі болады. Жаз айларында балалардың мектепалды даярлығы күшейтіледі, сауаттылық және математика бойынша оқытуға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ балаларды ерте дамыту институтын құру және ECERS тәуелсіз бағалау жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіледі, – деді А.Аймағамбетов.

Ведомство бюджетінің көп бөлігі педагогтерге жалақы төлеуге кетеді

Орта білім берудегі ең маңызды жаңалық – «Әліппе» оқулығының мектеп бағдарламасына қайтарылғаны. 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын алғаш аттаған барлық бірінші сынып оқушысы алғашқы оқулығы ретінде «Әліппені» салтанатты түрде қолға алады. «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі бойынша жасалған. Алдымен дыбыстар, әріптер, содан кейін буындар мен сөздер зерделенеді. «Әліппе» оқулығының көмегімен бірінші сынып оқушылары шағын мәтіндерді оқып, түсініп, қарапайым сөздер, сөйлемдер жазуды үйренеді.

– Оқу жылы дәстүрлі форматта бас­талады. Бірақ толығымен осы форматқа ауысып кетудің қажеті жоқ. Біз «Панде­мия сабақтарын» ұмытпауымыз керек. Карантин кезіндегі қашықтан оқыту форматында игерген жаңа дағдыларды әрі қарай да қолдануымыз керек. Сол себепті Google class room, білім беру платформаларымен оқу процесін жүргізу секілді жұмыстарды жалғастыра беруіміз қажет, – деді министр А.Аймағамбетов.

Министр баяндағандай, 2023 жылға қарай мұғалімдердің жалақысы тағы екі есе артады. Еске сала кетсек, 2020 жылы педагогтердің жалақысы 25%-ға, 2021 жылы тағы 25%-ға өсті. Бұдан басқа, біліктілік санаты үшін қосымша ақылар 30-дан 50%-ға дейін ұлғайтылды. Дәптерлерді тексергені үшін, сондай-ақ сынып жетекшілігі үшін мұғалімдердің жалақысы екі есе артты. Тәлімгерлік үшін қосымша ақының жаңа санаты пайда болды. Ведомство бюджетінің негізгі бөлігі педагогтерге жалақы төлеуге жұмсалады.

– Сонымен бірге педагогикалық маман­дықтардағы студенттердің шәкірт­ақысы 42 мың теңгеге дейін ұлғай­тылды. Педагогтерді ынталандыру мен қар­жылық көтермелеудің бар­лық шара­сы білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағыт­талған. Бұл ретте білім беру сапасын арттыру үшін жағдайлар жасаумен қатар, ведомство педагогтерге қойыла­тын талаптарды да күшейтеді. Мысалы, педаго­гика­лық мамандықтарға түскісі келетіндер үшін шекті балл 50-ден 75 балға дейін көтерілді. Қазірдің өзінде педагогикалық мамандықтарға түскендердің орташа балы 90 балға дейін артқан, – деді министр.

Орта білім саласындағы тағы бір маңызды жайт, егер бұрын мұғалімдерді жұмысқа қабылдау туралы шешімді мектеп директоры қабылдаса, биылғы қыр­күйектен бастап жұмысқа орналас­тыру процесі конкурс арқылы өткізіледі.

Мектеп директорлары арасында мұғалімдерден төмен еңбекақы алатындары бар. Сол себепті көп мықты мамандар мектептегі басшылық қызметтерден қашады. Осыған орай мектеп директорларына жалақы төлеу жүйесі қайта қаралмақ.

– Қазіргі кезде мектеп басшылығы­ның жалақы мәселесі өзекті болып тұр. Жалақының қазіргі деңгейіне қарап, бәсекеге қабілетті менеджер­лер бас­шы­лық қызметке баруға қызық­пайды. Жалпы, үздік педагогтер мектеп директоры немесе оқу ісінің меңгерушісі лауазымына бармайды. Мектеп дирек­тор­ларының жалақысы ұстаздың еңбек­ақысынан төмен болатын жағ­дай­лар жиі кездеседі. Бұл тұрғыда тәуе­кел­дер деңгейі әртүрлі екені белгілі. Министр­лік мектеп директорларына жалақы төлеу жүйесіне өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр, – деді А.Аймағамбетов.

Мектеп директорларының еңбекақы­сын көтерумен бірге оларды таңдау талаптары да күшейтілмек. Алдағы қыр­күйектен бастап білім беру ұйым­дары басшыларын ротациялау жүйесі енгізіледі. Бұл мемлекеттік мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының бірін­ші басшыларына қатысты. Бұған дейін «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу қағидаларының» жобасы дайындалған еді. Осы қағида мектеп басшылары ара­сындағы лауазымдық ауысу тәртібін айқындайды. Бұл жүйе бір орында 20-30 жыл бойы отырған директорларды орнынан қозғауға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.

Бұдан былай қосымша білім беру де жан басына қаржыландыру тетігі бойынша жүргізіледі. Осыған сәйкес жекеменшік қосымша білім беретін орталықтар да мемлекеттен тапсырыс алып, қосымша білім берумен айналыса алады. Бұл жүйе әр баланы қосымша біліммен мүмкіндігінше жедел қамтуға мүмкіндік береді, себебі үкіметтен қарастырылатын қаржы енді қандай да бір мемлекеттік қосымша білім беру ұйымына емес, балаға беріледі.

– Соның ішінде спорттық секциялар санын арттыру керек. Былтыр біз маңызды шешім қабылдадық. Мек­тептердегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне аптасына кемі үш рет қосымша спорт секциясын өткізгені үшін 18 мыңға жуық үстемеақы төленеді. Осы өзгеріс алдағы жаңа оқу жылынан бастап енгізіледі, – деді министр.

 

Студенттердің өндірістегі өнімдерін сатуға болады

Алдағы уақытта университеттерге ғана емес, колледждерге де академиялық дербестік беріледі.

– Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі неғұрлым икемді және білім алу­шылардың ең талап етілетін құзы­рет­терін қалыптастыруға бағдар­лана­ды. Қазақстандық колледждерге ака­демиялық дербестік берілді. Енді олардың өздері жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының маз­мұны мен оқу мерзімдерін айқындайды. Білім беру бағдарламалары студент­терге қажетті біліктілікті алуға және қыс­қа мерзімде жұмысқа орналасуға, ал қажет болған жағдайда қосымша басқа біліктілікті алуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өз­герістерге және еңбек нарығының сұра­ныстарына бейімделуге жағдай жасайды. Осылайша, колледждер жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келе­тін мамандарды даярлайды, – деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, 9-сыныпты бітірген оқушылар түгелімен «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы бойынша біліммен қамтамасыз етілген жоқ. Сол себепті әкімдіктер осы жоба бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыруға көңіл бөлуі тиіс. Келесі мәселе – колледждерді сапалы кадрлармен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда 300-ден аса колледж педагогтері категориясына қарай 30-дан 50 пайызға дейін, ал колледж директорлары 30-дан 100 пайызға дейін үстемақы ала алады.

– Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіндегі тағы бір маңызды жоба – «Жас маман». Аталған жоба қазіргі таңда 180-ге жуық колледжді жас мамандарды даярлаудың жаңа деңгейіне шығаруға септігін тигізді. Бұл соңғы үлгідегі материалдық-техникалық база­мен қамтамасыз ету ғана емес, оқыту бағдарламасының мазмұнын да жа­ңартуды қамтиды. Жақында біз колледждерге жаңа мүмкіндік сыйлайтын норманы енгіздік. Енді еліміздегі кәсіптік-техникалық білім беру ұйым­дары өздерінде даярланып жатқан студенттердің оқу-өндірістік кезеңде әзірлеген өнімдерін сатылымға шығара алады, – деді А.Аймағамбетов.

 

Оқытушылар жалақысының шекті мөлшері бекітілді

Жоғары оқу орындары 4 лигаға бөлінеді. Халықаралық стандарттар­ға толығымен сай жұмыс істейтін университеттер 1-лигаға жатқызылып, толық­қан­ды академиялық еркіндікке ие болады. 2-лигаға жататын ұлттық дең­гейдегі университеттер де түрлі тек­серістерден босатылады. Ал 3-саты­дағы өңірлік ЖОО төмен баға­лауға ұшырағанда бақылауға алынады. Соңғы сатыдағы университеттерге қатаң талаптар қойылып, әрдайым мемлекеттің бақылауында болады.

– Лигаға бөлу – маңызды бағыт. 1-2-ли­гаға жатқызылған университеттерге академиялық дербестік бойынша барлық мүмкіндікті береміз, бұл жоғары оқу орындары толығымен біздің талаптарға сай, жоғары деңгейдегі оқу орындары деп санап, тек қана қолдау көрсетіп отырамыз. 3-4-лигаға жатқызылған жоғары оқу орындарына барлық тексеріс, мониторинг жұмыстары, т.б. талаптары күшейтіледі. Осы жұмыстарды біз келесі оқу жылында аяқтаймыз. Бұдан бөлек жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдық мәселесі де – өте өзекті. Мен жақын­да ғана ректорлармен кездесіп, оларға осы оқу жылынан бастап академиялық адалдыққа, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қандай да бір факт анықталса, жұмыстан шығаруға дейін шешімдер қабылданатынын айттым. Өзекті мәсе­лені түбегейлі шешіп отырған уни­вер­ситеттер жетерлік. Демек, бар­лығын­да сондай деңгейге шығаруға болады. Меніңше, мұның бәрі бірінші басшының менеджерлігіне байланысты, – деді ведомство басшысы.

А.Аймағамбетовтің айтуынша, биыл­ғы қыркүйектен бастап Білім және ғы­лым министрлігіне қарасты уни­вер­­­си­тет­тер оқытушыларының шекті жал­ақы­­сы бекітілді. Қатардағы қара­пайым оқыту­шылардың еңбекақысы 200 мың, аға оқы­ту­шылардыкі 230 мың, профессорларда 350 мың теңгеден жоғары болуы тиіс.

Еліміздегі жоғары оқу орындары биыл өз түлектеріне өзіндік үлгідегі дип­лом беруді бастады. Назарбаев Уни­вер­ситетінің тәжірибесі бойынша инновациялар мен серпінді технологияларды дамыту озық ғылыми-техникалық орталықтарын қалыптастыру үшін қос өңірде екі университет құрылады.

 

Докторлық диссертациялар қолжетімді болады

– Ғылыми диссертация қорғаудың ережелері өзгерді. Докторлық дәреже алу үшін үміткерлер ғылыми жұмысын тікелей эфирде қорғайды. Екіншіден, 2021 жылдан бастап қорғалған ғылыми еңбектер жоғары оқу орнының және Ұлттық сараптама орталығының сайтына орналастырылады. Бізде академиялық жұмыстардың репозиторийі болады. Барлық эссе, диссертация, магистрлік, докторлық, курстық, дипломдық жұмыс­тар бұдан былай ғылыми жұмыс­тардың бір репозиторийі арқылы тексеріледі. Осы жүйе қандай да бір жұмысты екінші рет жазуға мүмкіндік бермейді. Келесі жылы ен­гі­зілетін бұл жүйе – студенттер мен ғы­лыми әлемде академиялық адал­дықты қам­тамасыз етуге жағдай жасай­тын та­ғы бір үлкен қадам, – деді А.Аймағамбетов.

Министрдің ойынша, пандемия бізге ғылымның адамзат өмірінде қан­­ша­лықты маңызды екенін анық көр­сетіп берді. Ведомствоның басым ба­ғыт­тарының бірі – ғылымды дамыту. Қазақстандық ғалымдар коронавирус­қа қарсы отандық вакцинаны әзірлеп, төл ғылымның әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. Qaz-Vac вакцинасын кли­ни­калық сынақтан өткізудің екі кезе­ңіндегі нәтижелер халықаралық рецен­зия­ланған журналда жарияланды. Министр­лік отандық вакцинаны әзір­ле­ген инс­титутты кешенді қолдау жұмыс­тарын жүргізіп жатыр.