Тесланың замандасы Томас Альва Эдиссонның да аталары Нидерландтан. Бойында италияндардың, немістің қаны бар. Нағашылары орыстан тарайды деген деректі де кезіктірдік. Бірақ Эдиссонның өзі – нағыз америкалық. АҚШ Ғылым академиясының мүшесі, елдің ең жоғары азаматтық марапаты – АҚШ Конгресінің алтын медалін иеленген. Ашқан өнертабыстары үшін тек АҚШ-тың өзінде мыңнан астам патент алған.
Айтпақшы, Үндістанды іздеп, Америка құрлығына Еуропадан кемемен жүзіп жеткен Христофор Колумб та испаниялық саяхатшы саналғанымен, арғы тегі италияндық екен.
Әріге бармай-ақ, қазіргі танымал тұлғаларға тоқталайықшы. Лондонның қазіргі мэрі Садық Хан – Пәкістаннан бас сауғалап барған эмигранттардың ұрпағы.
Футбол тарихындағы ең мықты ойыншылардың бірі – Зинеддин Зиданның алжирлік араб екенін елдің бәрі біледі. Өзі өмір бақи Франция туы астында өнер көрсетті, дүбірлі доп додаларында алаңға «Марсельезаны» шырқап шықты, француз футболының даңқын аспандатты. Зиданның бейнесі жай ғана футболшы мен бапкерден әлдеқайда биік, ол – Бірінші республиканың ұлттар достығының, халық бірлігінің символдарының бірі.
Айта берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Шетелдіктерге жүгіне бермей, өзіміздің Бейбарыс сұлтан өзге елде билеуші болды емес пе?! Шығыстың Аристотелі атанған әл-Фараби бабамыз да білім іздеп, Шам шаһарына жол тартқан. Топырақ сол жақтан бұйырған. Үндістан жерінде мәңгілік дамылдаған Мұхаммед Хайдар Дулати да түркінің айбынын асырған тұлғалардың бірі.
Қазақтың мақал-мәтелін сынаған Абайдан басқа ешкім жоқ шығар. Бірақ кейде талайлы тағдыр иелерінің өмір жолына қарап отырып, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенге келіскің келмей қалатыны бар. Бәлкім, қазіргі көзқарас тұрғысынан қарасақ, «өз еліңде ұлтан болып» күн кешу – қасаң стереотип шығар. Жұмыр жердің басқа қиырынан бақыт іздегісі келетін жастарды неге тұсап ұстауымыз керек?! Олардың адымын тұсайтын мақал айтқанша, алдынан жарылқасын айтып бата берген дұрысырақ сияқты бүгінде.
Өткен ғасырдағы Қазан төңкерісінен кейін дүние асты үстіне түсіп, орыстың зиялылары, ақсүйектері Еуропаға бас сауғалап, тарыдай шашырап кеткені мәлім. Біздің Алаш зиялылары шетелге қашпады, туған топырағынан табан аудармай, қырылып қалды. Қазақ елінің ғана емес, иісі түркі жұртының азаттығы үшін арпалысқан, тоталитарлық жүйенің қысымына ұшырап, эмиграцияға кеткен Мұстафа Шоқай сыртта жүріп те елінің тәуелсіздігі үшін күресін жалғастыра берді. Кетпесе, Ахмет, Міржақыптар сияқты отызыншының ойранында опат болары анық еді. Ол Алманияда жұмбақ жағдайда көз жұмғанға дейін де ұлтының ұлы мұраты жолында қызмет етті. Бүгінде Берлиндегі «Түрік шаһитлігі мешіті» аумағындағы шағын зиратына тәу етіп барушы ұрпақтары аз емес.
Қазір біздің қазақ өзге ел, өзге құрлық тұрмақ, басқа ауылға көшуге қиналады. Халқы тығыз орналасқан оңтүстік облыс тұрғындарын қазағы да, халқы да сирек солтүстік аймаққа көшіру бағдарламасының ойдағдай орындалмай жатқаны да соның бір көрінісіндей. Ақындарымыз:
«Менің жаным – мен жазған өлеңдерде,
Тағы айғайлап айтамын кереңдерге:
Мен туғанда қуанған осы тілде,
Осы тілде жылайды мен өлгенде!
Ал Лондонда кім жылайды?..» деп аһ ұрады. Адамның есімі мен еңбегі ұрпақ жадында сақталса, жоқтаушы сол емес пе?! Адам қай қиырда жүрсе де өзіне, жақындарына, еліне пайдасын тигізсе, одан артық қандай ұлы мұрат болуы мүмкін?!
Айтпақшы, Николо Тесла өмір бақи шетелде тұрса да, қара орман халқы оны ұмытқан жоқ. Сербтер Нью-Йорктегі зираттан даңқты жерлестерінің күлін әкеліп, Белградқа қайта жерледі. Бейнесін ұлттық валютаға бедерлегенін айттық. Ал америкалықтар электромобильді Тесла атады.