Инна Робертовна осыдан төрт-бес жыл бұрын ғана күнұзақ қазан-ошақтың айналасынан ұзамайтын қарапайым үй шаруасындағы әйел еді. Диқаншылығын дүйім облыс білетін әйгілі Корнеевтер әулетіне келін боп түскеніне де біраз жыл өткен. Үйге келімді-кетімді қонақ көп. Сол кісілердің ас-суын әзірлеп береді. Мұның сыртында бала тәрбиесімен айналысады. Денисов ауданындағы Свердлов елді мекеніне орналасқан «Колос» ЖШС-ін басқаратын әкелі-балалы екі Александр да таңның атысынан күннің батысына дейін үй көрмейді. Бірі қайын атасы, бірі құдай қосқан қосағы – екеуі де күні бойы алқапта жүреді. Инна сырттағы шаруаға бас қатырмайтын. Әйел адам үшін отбасының берекесін қорып, үйде шаруа басты атасы мен ерін күтіп, төрдегі бесігін тербетіп отырғаннан асқан бақыт бар ма? Өмір осылайша бір қалыппен өтіп жатты. Осы бір алаңсыз күндерімен қош айтысып, өзінің де ат жалын тартып мініп, үлкен шаруашылықтың тізгінін ұстауға тура келетінін Инна ол кезде қайдан білсін...
Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады деген рас, алдымен іргелі шаруашылықтың негізін қалаған қайынатасы Александр Анатольевич қайтыс болды. Енді есін жия бергенде жұбайы Александр Александрович жарық дүниемен мезгілсіз қош айтысып кете барды.
Әкесі қайтыс болғаннан кейін Александр етті мал басын көбейтуге күш салған. Ауылға бұрын-соңды Денисов ауданында болмаған абердин-ангус сиырларын алып келген. Арғы тегі Шотландиядан тараған асыл тұқымды жануарлар қазір Свердловтан он шақты шақырым қашықта жатқан Ақсай ауылындағы фермада өсіп-өніп жатыр. Ақсай – бұрынғы кеңшардың бөлімшесі. Тұрғындар көшіп кеткен соң, мұндағы жартылай бұзылып, ырсиған қаңқасы ғана қалған алып сиыр қораларының орнын қазір мал тұратын бірнеше кең ғимараты, бұзауларға арналған ангары, айналасы ат шаптырым бордақылау алаңы, жабық жемдеу қорасы бар заманауи кешен басқан. Қаладан кездестіретін кең сарайға бергісіз малшылар үйі де осында. Кешеннің ішінде бірнеше құдық бар. Су малшылар тұратын үйге де, мал тұратын қораға да осы құдықтардан келіп тұр.
Александрдың мезгілсіз қазасы Иннаның қабырғасын қаусатып-ақ кетті. Жалғыз ұлын құшақтап асқар таудай ер азаматының артында аңырап, қайғыдан қан жұтып қалған жесір әйелдің осынау опасыз дүниені бір сәтте-ақ тәрк етіп тастап кеткісі келген кездері де болған.
– Александр қайтқанда ұзақ күйзеліске түстім. Өзім үй шаруасындағы әйелмін, соңғы жылдары ғана жолдасыма анда-санда көмектесе бастағанмын. Ол мені аудан орталығына кейбір құжаттарды тіркеуге, тиісті мекемелердің біріне бір қағаздарды апарып беруге, банкке құжат апаруға жұмсап тұратын. Шаруашылықты басқару ісіне араласпайтынмын. Бірақ біздің серіктестікке қарасты жанармай орталығы, асхана сияқты құрылымдардың бәрінде 1-2 жылдан жұмыс істедім. Мұндағы адамдардың бәрін танимын. Сондықтан көп ойланып жатпастан, серіктестікті басқару ісіне кірісіп кеттім. Өйткені мен еңсе тіктемесем, шаруашылық тоқтап қалады. Жұмысшыларға жұмыс керек, жалақы алу керек. «Колос» – осы ауылды ұстап тұрған жалғыз шаруашылық. Сондықтан серіктестік тараса, ауыл да тарап кетеді. Нағыз қиын кезеңде күйректікке салынып жата берсем, жолдасым жолға қойып кеткен кәсіпорын да, ауыл да бірте-бірте ыдырап кетеді. Осылайша, өзіме үлкен жауапкершілік жүктелгенін түсіндім. Бойымды жинап алып, дереу жұмысқа кірісіп кеттім, - деді Инна Робертовна.
Свердлов ауылында шіркеу тұрғызып, ескі мектепті қайта қалпына келтірген де осы «Колос» серіктестігі. Инна да қарап қалған жоқ, шаруашылықты басқаруды қолға алғаннан кейін 2019 жылы бір жазда ауыл жастарына үлкен стадион салып берді. Бұл стадионда жыл сайын Александр Корнеевті еске алу турнирі өтіп тұрады. Кәсіпкер ауыл спортын дамыту мақсатында кішкентай балаларды спортқа баулитын бапкер алғызған. Қазір ауыл балалары бірнеше спорт түрінен жаттығу жасап жүр. Ауылда бала аз. Соған қарамастан, Свердлов жастары аудандық жарыстарда жеңіске жетіп жүр. Таяуда Инна ауыл көшелеріне жарық орнатты. Мұның сыртында, стадион мен шіркеудің күтімін де өз мойнына алып отыр.
– «Колос» серіктестігін құру, үлкен шаруашылықты қалыптастырып, дамыту жолында мен үшін екі бірдей аяулы адам өмірінің соңына дейін күш-жігерін сарп етті. 2013 жылы Александр Анатольевич, 2017 жылы Саша қайтыс болды. Сондықтан менің олардың ісін әрі қарай жалғастырмай, орта жолда тоқтатып тастауға хақым болмады. Қазір ұлым ер жетіп келеді. Оның осы серіктестіктің тізгініне ие болатын күн де алыс емес деп үміттенемін. Мен – әке мен баланың арасындағы ұрпақ сабақтастығы үзіліп қала жаздаған кезде дәнекерлік міндетімді атқаруға келген аралық буын ғанамын. Ең қиын кезеңде осы ауылдағы көпшілік тұрғындардың, жергілікті мамандардың қолдауына сүйендім. Сондықтан біздің ауылды тұрғындардың бәріне ортақ мақсатқа жұмылған үлкен отбасы десем болады, – деді серіктестік басшысы.
Бүгінде Инна Корнеева басқаратын серіктестік асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша селекциялық жұмыстар жүргізумен айналысады.
Кәсіпкер былтыр фермаға күннен қуат алатын құрылғы орнатқан. Айтуынша, жасыл технологияны пайдалана бастағалы ферманың шығыны да айтарлықтай азайған.
– Біріншіден, шаруашылығымыз шалғай жерде орналасқандықтан, бізге күн көзінен қуат алатын батареяларды пайдаланудан басқа амал жоқ. Өйткені электр желісі алыс, бағана орнатып, желі тарту аса қымбатқа түседі. Біз фермадағы құдықтардан төрт жыл бойы генератор арқылы су тартып келдік. Бұл да көп шығынды керек етеді. Тек су алу үшін жылына 15 тонна солярка шығындайтынбыз. Жанармайдың қазіргі бағасымен есептесек, бұған аз ақша кетпейді. Генераторлар күні-түні гүрілдеп тұрады, бұл да бір ыңғайсыздық туғызатын жағдай. Сосын бірінен соң бірі сына береді, оны үнемі жөндеп отыру керек. Бір генератордың өзі екі млн теңге тұрады, оны жөндеу үшін де біраз ақша керек. Енді міне күн панельдерін орнатқанымызға үш жыл өтті. Осы үш жылдың ішінде күннен қуат алатын заманауи құрылғы өзін өзі ақтап шықты. Мұның сыртында, күн батареялары беретін электр қуаты тегін, ол үшін ақша шығындаудың қажеті жоқ, тек жылына бір-екі рет аккумуляторларды жаңалап қоямыз. Бұған кететін шығын дизелді генераторға кететін шығынмен салыстырғанда көк тиын боп қалады, - деді И.Корнеева.
Биылғы қуаңшылық Денисов ауданына да ауыр тиді. Бұл өңірде қар ерігеннен кейін екі ай бойы бір тамшы жаңбыр тамбады. Ең алғашқы жауын шілдеде ғана жауды.
– Ол жауын пайдасын да, зиянын да келтірді десек болады. Қазір біз егінді бірден орып ала алмай жатырмыз. Өйткені шілденің соңындағы ақ жауыннан кейін бидайдың сабағы әлі жасыл болып тұр. Сондықтан, алдымен, сабақты жығып алып, кепкен соң ғана дәнін жинап жатырмыз. Бұл да жанармай шығынын екі есе арттырады. Соған қарамастан, «Колос» ЖШС-де жұмыс істейтін 126 адамның үйіне жемшөп, сабан сияқты қысқы мал азығын тегін түсіріп бердік, – деді кәсіпкер.
Инна Корнеева биыл «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды.
«Айтулы жобада жеңіске жеткенім – ең алдымен, кезінде маған үлкен қолдау көрсеткен ауылдастарымның еңбегінің нәтижесі деп білемін. Бүгінде ауылда жақсы өмір сүруге болады. Сондықтан, әсіресе, шалғай елді мекендерді көркейтуге күш жұмсау керек. Өйткені ауыл шаруашылығы – бүтін экономикамыздың ажырамас ең маңызды бөлігі. Ауыл құлдыраса, экономика да тығырыққа тіреледі», дейді жоба жеңімпазы.
Қостанай облысы