Шараның тұсаукесер рәсімін ашып сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Азамат Мухамедчинов: «Адамзатты ядролық қарудан азат етуге және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауға бағытталған еліміздің саясатын халықаралық қоғамдастық мойындады. Нәтижесінде, бұл салада еліміз жаһандық көшбасшылық қабілетке ие болды. БҰҰ мінберінен, халықаралық форумдардан, сондай-ақ ядролық державалар басшыларымен жеке кездесулер кезінде жоғарыдағы ұстанымдарды түбегейлі және дәйекті түрде қорғаған еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше» деді.
«Семей қасіреті», «Елбасының ядролық қарусыз әлем жолындағы бастамалары» және «Бейбіт атомға құқық» атты үш бөлімнен тұратын экспозициялық залда Қазақстанның тәуелсіздік тарихынан сыр шертетін Елбасы кітапханасы қорындағы архивтік материалдар, жәдігерлер және тарихи кітаптар кешені көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесі үшін берілген халықаралық марапаттар да көрме төрінен орын алды.
Елбасының ядролық қарусыздану бастамасынан кейін Невада, Новая Земля, Лобнор, Муруроа полигондары жабылып, нәтижесінде, БҰҰ Бас ассамблеясы 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күні» деп жариялады. Осылайша, Елбасы бастамасы жер бетінде ядролық қарусыз әлемді құру мен нығайтудың өзегіне айналды.
Қазіргідей дүние жүзін геосаяси тұрақсыздық жайлаған тұста, Елбасының ядролық қарудан бас тарту идеясы жаһандық бітімгер ретінде ерекше маңызға ие болғаны шындық. Осы орайда көрме төрінен Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 2016 жылғы 31 наурызда Вашингтонда ұсынған «Манифест. Әлем. XXI ғасыр» атты ұсынысы уақыт өте келе, Бас Ассамблея мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми мәртебесіне ие болғаны жайлы құжат та көрме сөресінен орын алды.