Кино • 06 Қыркүйек, 2021

«Ақтастағы Ахико» фильмінің түсірілімі басталды

491 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өз отанында әскер оқуында жүріп, ойламаған жерден Кеңес әскерінің тұтқынына түсіп, балалық шағы он бес жасында аяқталып, Қазақстанның «Карлагынан» бір-ақ шыққан Ахико Тэцуроның тағдыры туралы оқырман азды-көпті хабардар. Жер аударылған елу мың жапон тұтқынының бірі Ахико кешкен азапты өмір, абақтыда өткен онжылдық тауқымет туралы кітап жазылып, спектакль сахналанды. Бейнеті мен соры қалың жаралған жапон баласының есім-сойы Сталин қайтыс болғаннан кейін ақталып шығып, еліне оралуға мүмкіндік алған отандастарының тізімінде де жоқ болып, жиырма бес жастағы жігітке жылымықтың жылуы бұйырмаған күйі қияндағы мекенде мәңгілік қалып қоюға мәжбүр болды. Ол осы жерде отбасын құрып, отау тікті, жанына сая тауып, Қазақ елін жалғыз Отаным деп таныды…

«Ақтастағы Ахико» фильмінің түсірілімі басталды

Жапондық жігіттің қасіретті тағ­ды­ры­на енді кинорежиссерлер қызы­ғу­шылық танытып отыр. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Мәдениет және спорт министрлігінің тап­сырысы бойынша «Ақтастағы Ахи­ко» фильмінің түсірілімін қайта қол­­ға алды. Кинотуындының продюсері Әлия Уәлжанованың айтуына қарағанда, 2019 жылы қыркүйек айында фильмнің кейбір сахналары Қапшағай қаласының ма­ңында тұрғызылған «Карафуто» де­ко­­рациясында жүргізілген, кейін пан­­демияға байланысты фильмнің түсі­рі­лімдері уақытша тоқтатылған екен. Фильмнің режиссері – Нью-Йорк кино академиясының түлегі Елдар Қапаров.

«Қазақфильм» киностудиясының ұйымдастыруымен Алматы облысын­дағы Қа­расай ауданы Долан ауылының ма­ңында түсіріліп жатқан тарихи кино­туын­дының түсіріліміне бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арнайы барып, түсі­рілім жұмысымен танысып қайтты. Шы­ғармашылық топ өкілдерімен тіл­дес­кен тілшілер шытырман оқиғаға толы шырғалаң тағ­дыр­дың көрерменге қай қырымен тар­тымды боларын көзімен көрді. Бас­пасөз туры барысында Рүстем Әбді­ра­шевтың «Сталинге сыйлық» және Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмдері арқылы танылған продюсер Әлия Уәлжанова журналистерді кинотуындының халықаралық түсіру тобымен таныстырды. Расында, фильм бірнеше ұлттың актерлері мен кино мамандарын бір мүддеге біріктірген. Олар: жас режиссер Елдар Қапаров (Қазақстан), қоюшы оператор Самат Шәріпов (Қазақстан), қоюшы суретші Нұрболат Жапақов (Қазақстан), тең режиссер әрі тең продюсер Сано Синдзю (Жа­пония), басты рөлдерді сомдайтын актерлер – Сырым Қашқабаев (Қазақ­­стан) және Эйсаку Огасавара (Жа­пония), сондай-ақ орыс, корей, ұй­ғыр театрлары әртістерінің қалың шо­ғыры жиналған.

Кинокартинаны Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсіруде. Фильмнің тең продюсері Сано Синдзю ілгеріде Жа­понияның Алматыдағы консулы қыз­метін атқарып, бірқатар қазақстандық ре­жиссердің авторлық туындысына рухани қолдау көрсеткен. Фильмнің басты кейіпкері, Ақтаста тұрған Ахиконы да ертеректен іздеп барып, танысып, өмі­­рінің соңына дейін қоян-қолтық ара­лас­қан.

Айдалада айналасын айқұш-ұйқыш те­мір сыммен қоршап тастаған барақ үйлер бұл жердің абақты екенін айтқыз­бай аңдатып тұр. Кеңестің қызыл туы, Сталиннің суреті ілінген сұрқай үйлердің сыртқы көрінісінің өзі үрей туғызады. Тіл білмегендіктен елсіз аралға тап бол­ған­дай жалғыздықтың шырмауынан шыға алмай, жат жерде ішқұса болып ала­пат қайғы шеккен жапонның сезімін жапон актері ғана шынайы бейнелей алмақ. Ахико рөлінің қазақ актеріне табысталмай, мақсатты түрде Жапониядан арнайы шақырылуы да сондықтан. Эй­саку – кәсіби актер емес, спортшы, кик­боксингтен төрт дүркін әлем чемпионы. Жасы – 25-те. Ахиконың жас кезіне басқаларға қарағанда, көбірек ұқсайтын болғандықтан, көп үміткердің арасынан таңдалып алған. Ахико рө­лі­мен киноға алғаш рет қа­дам жасап отыр. «Осы міндетті жан дүнием­мен те­рең сезінгендіктен, қазақ-жа­пон­ның бір­лескен ірі жобасына барынша жауап­кер­шілік арқалап кірісіп отырмын», дейді Эйсаку Огасавара.

– Ахико Тэцуро туралы фильм түсіру идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болды. Тэцуроның қилы тағдырын естіп білген соң, онымен танысып, кейінгі өмірі туралы білгім келді. Сол мақсатпен 2007 жылы Қарағанды облысының Ақтас ауылына барып, Ахико Тэцуромен таныстым. Ол туралы деректі фильм де түсірдік. Ол өз тағдыры туралы егжей-тегжей баяндап берді. Осылайша, көркем фильмнің сценарийі дүниеге келді, – деді фильмнің продюсері әрі тең режиссері Әлия Уәлжанова.

Жапон азаматының жат елдегі азапты өмірі туралы фильмге құлшына кіріскен Сано Синдзю он күннен бері ерте тұрып, кеш жатуды әдетіне айналдырған. «Өзіңіз ойлаңызшы, жапонның бар бол­ға­ны он бес жастағы өрімдей жас баласы Сахалинде алаңсыз білім алып жүрген жерінен өмірі атын да естіп көрмеген жат елге келеді де, абақтыға жабылады. Ай­наласындағы адамның бәрі бөтен, тіл біл­мейді, тілмаш жоқ, ешкімге ешнәрсе түсін­діріп айта алмайды, ешкім мұны түсін­бейді. Он жыл бойы көргені – ұрып-соғу, азаптау. Мылқаудың күйін кешіп, қайламен жер қазып, ауыр тастарды тасып, құрылыс жұмысына жегілген жас жігіттің ертеңгі күннен үміті де жоқ еді. Ауыр жұмыс істеп, әбден арып-жүдеген Ахико жиырма бес жасында абақтыдан шыққанда салмағы бар болғаны 24 кило ғана болған екен. Шетелдік азаматтың өзге елде өзін қолайсыз сезінуі, тілі сайрап тұрып, сөйлей алмай қор болуы, жан азабын бөлісе алмай, бейбақтың күйін кешуі бастан-аяқ фильмге лейтмотив болып тартылған», дейді кейіпкерінің тағдыры үшін күйініп, шыр-пыры шыға түсіндірмекке талпынған жапонның тең продюсері. Белгілі театр режиссері Асхат Маемировтің сахналауындағы «Ақтастағы Ахико» спектаклін Токиода тамашалаған Сано Синдзю жалпы оқиға желісі ұқсас болғанымен, фильмнің өзіне тән ерекшелігі мол екенін айтады.

Ахико өмірін арқау еткен фильм қалай өрбиді? Америка кино академия­сын тәмамдап келген жас режиссер Елдар Қапаров сценарий мазмұнын тілшілерге тарата айтып берді. Лагерьде жапондық жас жігіт нағыз соғыс қаһар­маны, «өз» соғысын ерлікпен бастан кеш­кен, Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп, Берлинге дейін барып, барлық шабуылға қатысқан, содан кейін Жапон соғысына жіберілген қазақ ұлтының азаматы Ақажанмен кездеседі. Ақажан соғыста жараланып, немістің тұтқынына алынады. Алайда жаудың азабынан құтылып, жүрегі лүпілдеп еліне оралғанда, Ақажан «сат­қын және халық жауы» болып қайта сот­талады. Екі тағдыр, екі әлем. Бір со­ғыс­тың екі жауынгері бетпе-бет ке­ле­ді. Кімдікі дұрыс, кім дұшпан, кім-кімге қарсы? Қысқаша айтқанда, фильм кішкентай адамның қалайша үлкен саясаттың құрбанына айналып, аман қалғаны туралы толғайды. Ахико жас болса да, қайсар, ішкі қуаты мығым, мейірімді жан, кеңестің зұлмат жүйесінен зардап шексе де, жұтылып кетпей, жанкештілікпен тірі қалғаны да оның осы жігерлі, адал мінезінің арқасы.

Кеудесіне нөмір жапсырылған кі­лең қарасұр киімдегі «тұтқындар» ара­сы­нан таныс бір бейне айрықша жы­лы ұшырады. Қалың гримнің астында ыстық күннен жүзі қабарыңқы тартып барақтың қысқа көлеңкесін қалқалап тұрған Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрының белді актері Сырым Қаш­қа­баевты жазбай таныдық. Кескілес­кен қан майданның қып-қызыл жалы­ны­на кеудесін тосып жүріп, ажал құшпай, аман қалғанымен, ең ақыры өз Отанына жау болып шыққан Ақажан осы – Сырым. Тар жерде табысқан Ахикомен тағ­дыр­лас, екеуінің мұңы бір, қасіреті ортақ. «Интернеттен Ахико туралы ақ­па­рат­тар­ды ақтарып, зерттеу бары­сын­да мені мына бір жайт ерекше тебірентті. Ахиконың өмірінен хабардар болған Жапония үкіметі оны тарихи Отанына шақырып, «жағдайыңызды жасаймыз, өтемақыңызды төлеп, өмір бойы ала­қа­ны­мызға саламыз» дегеніне қа­ра­мастан, Қазақстанды, ондағы адам­дар­дың кең пейілін сағынып, аз күннен кейін-ақ Қарағандыдағы Ақтасына қайтып оралғаны менің жан дүниемді қопарып, жүрегімді шымырлатты», дейді Сырым.

Өкінішке қарай, жастық жылдарын түрме жалмап, қалған жетпіс жыл ғұмырын дарқан қазақтың дос құша­ғын­да өткізген Ахико Тэцуро өткен жылы қайтыс болды. Өзі туралы фильм­нің түсіріле бастағанын есті­ге­ні­мен, қия­меттің қыл көпірінен жүріп өт­кен­дей, Карлагтағы тозаққа бергісіз қа­тал жылдардың шындығын бейнелеген туындыны тамашалай алмады. Темір тәртіпке бағынған тегеурінді жүйе­нің құр­баны болған жазықсыз жанға бұ­йы­рыл­ған ең үлкен өтемақы да осы – өнер ті­лінде сөйлеген өлмес туындылар болып қалмақ.

«Ақтастағы Ахико» көркем фильмі көрерменге 2022 жылдың көктемінде жол тартады деп жоспарланып отыр.

 

АЛМАТЫ