Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2021

ИЫҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстан туралы фотокөрме ашылды

308 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Әлемдік қоғамдастық таныған Қазақстан» атты фотокөрме ашылды, деп жазады Egemen.kz.

ИЫҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстан туралы фотокөрме ашылды

Фотокөрмені Қазақстанның ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі Ұйымның Бас хатшылығымен бірлесе ұйымдастырды.

Іс-шараның ашылу салтанатына ИЫҰ хатшылығының басшылығы мен қызметкерлері, ИЫҰ жанындағы мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдіктерінің және Джидда қаласында аккредиттелген бас консулдық басшылары, Ислам даму банкінің, Дүниежүзілік ислам лигасының және басқа да халықаралық ұйым өкілдері қатысты.

Көрменің ашылуында Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі, ҚР ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Берік Арын және ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары Самир Бакер Диаб құттықтау сөз сөйледі.

Б. Арын Қазақстанның жаңа тарихы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтіп, қатысушыларды еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістіктері, халықаралық аренадағы табыстары туралы хабардар етті.

Сондай-ақ қазіргі уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан экономикалық және саяси реформаларына тоқталып өтті. Осы тұрғыда отандық дипломат қонақтарды Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауының негізгі қағидаларымен таныстырып, Жолдауда қазіргі күрделі кезеңде елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі векторлары көрсетілгеніне назар аударды.

Елші ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің және Хатшылықтың Қазақстанның тәуелсіз дамуына және оның сыртқы саяси бастамаларына ұдайы қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, соның арқасында еліміз 2011-2012 жылдары ИЫҰ Сыртқы істер министрлігінің 38-ші сессиясына және 2017-2021 жылдары ғылым мен технологиялар жөніндегі ИЫҰ-ның бірінші саммитіне табысты төрағалық еткенін, сондай-ақ бас пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құрғанын атап өтті.

Өз кезегінде, ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары С. Диаб Қазақстан Республикасы басшылығы мен халқын тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, елдің әрі қарай өркендеп дамуын және гүлденуін тіледі.

Ол Қазақстан ұйымның қызметіне қомақты үлес қосып отырған ИЫҰ-ның белсенді мүшелерінің бірі екенін атап өтті. Осы тұрғыда ол Қазақстан басшылығының Ұйымның халықаралық істердегі рөлін нығайтуға, мұсылман елдеріндегі ғылым мен технологияны дамытуға бағытталған маңызды бастамаларын жоғары бағалады.

«Фотокөрме қонақтарға Қазақстан дамуының негізгі кезеңдерімен, елімізде өткен ірі халықаралық іс-шаралармен танысуға, еліміздің табиғи сұлулығы мен сәулеттік ландшафтарын көруге, сондай-ақ Қазақстан халқының тарихы, мәдениеті, дәстүрлері мен өмір салты туралы түсінік алуға мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында келушілерге тақырыптық бейнероликтер көрсетілді, Елбасы Н. Назарбаев пен Президент Қ. Тоқаевтың кітаптары, Мемлекет басшысының жолдауы және тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында оның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндайтын өзге де ақпараттық материалдар таратылды», деп жазылған ҚР СІМ баспасөз хабарламасында.