Асылында, Бурабай баурайындағы күміс көлдердің суы ағынды теңіз сулары тәрізді емес, өзін-өзі тазалайтын көл санатына жатады. Әттең не керек, кешегі кенересі толып, кемеліне келіп тұрған шағында күміс шалқарлардың суын техногендік ластанудан сақтап, көлге құятын сансыз бұлақтар мен арнасы кең өзендердің жолын жаппай, суын ысырапсыз пайдаланбай жасыл әлемге жанашырлықпен қарап, келешекті ойлап, сақтауымыз керек еді. Енді міне ғалымдардың айтуына қарағанда, ертеректе шарасынан асып-тасып, күміс кесеге құйғандай мөлт-мөлт етіп жататын қайран көлдер табиғи қоректенуден ажырап, енді қайтып жасарып жарқырамастай біржола қартайып кеткен. Оның ішінде әсіресе, Әулиекөл, Айнакөл, Шабақты көлдеріне қауіп төніп тұратындығын амалсыздан екпін түсіріп айтуға мәжбүрміз. Балығы тайдай тулап жататын осынау көлдер сонау 1956 жылы кешенді зерттеуден өткізілген екен. Одан бері де бұл тақырыпты қаузаған жан жоқ десе де болар. Ғалымдардың айтуына қарағанда, жаны ашымастықтың салдарынан жағалауы жыл сайын алыстап бара жатқан көлдер елеулі өзгеріске ұшыраған. Сөйтіп, бірте-бірте су көлемі азайды. Әсіресе, Айнакөлдің аңғары кеміп барады.
Осы арада тайға таңба басқандай етіп дәлел келтіре кетелік. Мәселен, 1956 жылғы зерттеу барысында Әулиекөлде 36,2 млн, Айнакөлде 250 млн, Шабақты көлінде 141 млн, Шортанды көлінде 256 млн текше метр су болған. Кейін көлдердің тартылуына бұлақ көздерінің жабылуы, өзендер аңғарының тарылуы себеп болды. Жапқан жаны ашымастардың қолымен салынған сансыз құрылыстар. Бұрынғы бұрынғы ма, қазір тіпті етек алып барады.
– Ертеректе Бурабай баурайы сансыз бұлаққа толы еді ғой. Күні-түні тап-таза су ағып, өзінің табиғи жылғасымен көлге құйылып жататын. Күннің нұрымен буға айналып, сәл-пәл олқы түссе, өзен суы мен көл суы еселей толтыратын, – дейді ел ағасы Есей Бекбергенов, – оған көктемгі қар суы мен жауынды қосыңыз. Күміс көлдердің нәр алатыны осы су көздері еді. Кейін курортты аймаққа құрылыстың көптеп салынуы салдарынан бұлақ көздері жабылып қалды. Кезінде назар аударған ешкім болмады. Нәтижесінде, Бурабай баурайындағы барлық көлдердің тартылып қалу қаупі туып отыр. Ал бұл дегеніңіз табиғаттың тамаша байлығы емес пе? Қазір осы күрделі мәселені қолға алып, оңтайлы шара қолданбасақ, оңбай опық жейтініміз айдан анық.
Осы арада тағы бір салыстырмалы деректерді келтіре кетелік. 1986 жылғы зерттеу барысында су деңгейінің біршама төмендеуі байқалған. Осы жылдары Әулиекөлде 31 млн, Шортанды көлінде 225 млн текше метр су қалыпты. Дәл сол жылдары көлдің көсегесін көгертпей тұрған аса ауыр жағдай алдымен Айнакөлге, сосын Шортанды көліне түскен. Шортанды көлі Щучье қаласында орталықтандырылған су жүйесінің су алатын көзіне айналған. Бұл да бір берекесіздіктің бастау алған тұсы. Әйтпесе, табиғат жанашыры, экология және минерология ғылымдарының кандидаты, инженер-гидрогеолог Айтқажы Қазбековтің еңбегінде Щучье қаласының маңында жерасты су көздері барланғандығын, оның мол қоры бар екендігі белгілі болғандығы айтылады. Әйтсе де кесірі көп кеңес заманында сол жерасты су қорлары тиімді пайдаланылмай, қолсозым жердегі күміс көлдің суына жармасқан да. Бәлкім су құбырын тарту арзан болған шығар. Жерді бұрғылағаннан қолсозым жердегі көлден тартуды оңай деп есептеген болар. Осындай берекесіздіктің салдарынан жиырма жылдан астам көл суы Щучье қаласын сумен қамтамасыз етуге жұмсалды. Ал қалаға орта есеппен жылына 1,2-1,3 млн су тартылған. Міне, осындай жаны ашымастықтың салдарынан көл бастапқы жағалауынан 700-800 метрдей шегініп кеткен. Айнакөлге жақын орналасқан Бурабай кенті, құс фермасы да иен тегін жатқан көл суын пайдаланған. Бұл да жығылған үстіне жұдырық болды.
Көл суы арналарының бастапқы қалпынан ажырап, жағалаудан жылдам алыстауы ағынды су жиналатын алқаптан ажырап қалуынан болды. Ғалымдардың айтуына қарағанда, жылдар бойы толықсып жатқан көлдің өзінің табиғи су қорын жинап құятын аумағы болмақ. Айнакөлдің айналасынан көктем шығып қызыл су жүрген кезде арнасынан асыра еселей толтырар су мөлшері 1956 жылғы деңгейге жете алмай отыр. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, көлдің өзін өзі тазалайтын табиғи су қоры сарқылған. Әдеттегі су жиналатын аумақтар егістік егеміз деген жөнсіз себеппен аяусыз жыртылған кезде табиғи су көздері, бұлықсып аққан бұлақтар бітеліп, қар суының жолы болып тұрған сай-сала, өзекшелер тегістелген. Бұған Бурабай баурайындағы тас жолдарды қосыңыз. Сол жолдардың астына су өтетін құбыр салу да ескеріле бермеген. Рас, бірен-саран бар, бірақ, ағын судың барлығы бөгетсіз өте алмайды. Міне, осындай себептердің салдарынан Әулиекөлдің көлемі 1956 жылмен салыстырғанда, 3,5 млн текше метрге азайып кеткен. Жаңбыр, қар суымен толықтырылмай, бұлақ суымен еселенбегеннен кейін жарықтық Әулиекөлдің жағдайы қыл үстінде тұр десек те болар. Ендігі амал қайсы?! Бурабай баурайындағы көлдерді сақтап қалып, болашақтың игілігіне жаратамыз десек, ең алдымен бұлақ көзін ашу парыз. Жауын мен қар суы ағатын сай-саланы бастапқы қалпына келтіру керек. Онсыз кенересі кеміген көл тағдыры қыл үстінде тұра бермек. Ғалымдардың тұжырымынша, Бурабай баурайындағы көлдердің нәр алуы табиғат әсерінен. Ең алдымен жерасты бұлақ көздерінің әсері мол болуы керек. Әулиекөлді 1956-1958 жылы кешенді тексерген ғалым геологтардың пікірінше, сол кездің өзінде «кәрі» көлдердің қатарына жатқызылған екен. Кім білген, қамқорлық болмаған соң көл де қартаяды екен. Көл табанын 25 пайызға жуық лай басқан. Әсіресе, оңтүстік-шығыс жағалаулары қатты ластанып кеткен.Оның үстіне күтім болмаған соң су шөптері де көп өсе бастаған. Нәтижесінде, су бетінің 64,8 пайызын су өсімдіктері басып кеткен. Заманында Әулиекөлдің қос қапталынан қосылатын су көздері бар еді. Оның бірі – Иманай бұлағы. Екіншісі, шығыс жағынан келіп қосылатын Сарыбұлақ өзені. Бұл күнде екпіні басылып, су азайған Сарыбұлақ өзені заманында Әулиекөл мен Қотыркөлдің арасын қосып жататын. Аңғары тарылған соң көлге құяр тұсы мүлдем жіңішкеріп, рабайсыз өскен қоға басқан. Тіпті Сарыбұлақты өзен деп айтуға келмейтіндей. Қазір жыламсырап ағатын жылғаға айналды. Бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Сонау 1956-1958 жылдары Әулиекөлдің табанындағы лай балшықты тазалап, көл жағалауын қамыс қоғадан тазартып, күні-түні мөлдіреп ағып жататын Сарыбұлақ пен Иманайдың аңғарларындағы бөгесіндерді алып тастап, арнасын кеңейту туралы пікірлер айтылған. Міне, содан бері қаншама уақыт өтті. Қанша халық көл суына шомылып, бой жазып, тамаша табиғаттың тартуын пайдаланғанымен, ертеңін ойлап жатқан жоқ. Заманында айтулы гидрогеолог Айтқажы Қазбеков ағамыз жерасты, жерүсті суларының қорларын зерттеу туралы сан мәрте мәселе көтерген. Ғалымның айтуынша, ең алдымен күміс көлдерді кешенді зерттеу керек еді. Оның үстіне су айдындары деңгейінің өзгеруін ұдайы бақылап отыратын гидрометриалдық желі салуды ұсынған. Бұл әрекеттен де ештеңе шықпады.
Әне бір жылдары Бурабай баурайындағы көлдерді кемеліне келтіру үшін Сергеев су қоймасынан су тарту керек деген де пікір айтылған. Ғалымдардың айтуына қарағанда, бұл түбірімен қате пайым. Өйткені, ол су басқа экожүйеден өзіндік микроорганизмдермен келеді. Демек Бурабай көлдеріне келетін экологиялық зардап көп болуы мүмкін. Ең алдымен ихтиологтардың түбегейлі зерттеуінен өткізген жөн.
Тағы бір мәселе, күміс көлдерге қажетті су қорын жинау үшін қысқы маусымда көл үстіне қар тоқтату мәселесін қарастырса да артық болмас еді. Бүгінгі күні дәл осындай мәселелерді ешкім қолға алып отырған жоқ. Күннен-күнге тартылып бара жатқан, тағдыры қыл үстінде тұрған күміс көлдердің келешегін ойлайтын кім бар екен?!