Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2021

Тілім тілінбесін, елім бүлінбесін!

1541 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде қоғамның мемлекеттік тіл мәселелеріне деген қызығушылығы артуда. Бұл бір жағынан қуантады. Екінші жағынан, жағдай ашыған қамырдай күмпиiп бара жатқандай сезіледі. Ашынған кейбір азаматтар әлеуметтік желіде ащы-ащы пікір айтып, азаттық жылдарында тілге қатысты түк ілгерілеу болмағандай сөйлеуде. Шынында солай ма? Біржақты сын айызды қандырардай сүйкімді көрініп, бұқараның есiл-дертiн жаулап алатыны бар. Осы қызбалыққа бәріміз дем беріп, шиеленісті өршіте түссек не болмақ?

Тілім тілінбесін, елім бүлінбесін!

Коллажды жасаған: Амангелді Қияс

Дегбірсізге дем беріп, жатқа жем болмаудың жайы

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы 2 қыр­күйек­тегі Жолдауында айтқандай, «тіл үлкен саясаттың құралына айналды». Өкінішке қарай, енді тілді осы перс­пективадан тыс қарастыра алмаймыз. Ал саяси құралдар кейде соғыс өртіне тамызық болып жататынын да естен шығармауымыз керек.

Біз тілді дамытуда батыл қимыл­дау­ға тиіспіз, бірақ ашық арандату­шы­лыққа ермеген абзал. Егер көшеге шығып, қазақша білмегеннің бәрін ғайбаттап, ұрып-соғып жатсақ, бұл онсыз да сыныққа сылтау іздеген сыртқы залым күштердің елге іріткі салуына, басып кіруіне негіз болуы ғажап емес.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тіл мәселесі жөнінде күйінгенде: «Аюды да алты айда үйретуге де болады» дегені бар еді. Осы сөздің өзі түсінген адамға жеңіл ме. Әр ұлттың бабадан қалған асыл мұрасы, барлығы да, байлығы да − ана тілі. Бұл ел-жұрт болып қолға алатын жағдай екені бәрімізге белгілі. Десекте көп жағдайдан сабақ алмай жүргеніміз өкінішті.

Ауғанстандағы қан-қасап қырғын­ды көрген ардагер ретінде қазақ же­рін­де ешқашан соғыс болмауын, басы енді ғана өсіп келе жатқан қазағымның қан майданда қырылып қалмауын қалаймын. Азаттық үшін бұлқынған қа­зақтың еркін шектеп, құлқын құрық­та­ған кер заманның қайта оралмауын тілеймін. Бүлік шыққан жерден өлік шығады. Ел шетіне жау енсе, қайсар қазақ баласы ақтық демі таусылғанша алысарын, жер бесікке жамбасы тигенше жұлысарын бі­ле­мін. Бірақ ті­лі­мізді бейбіт жолмен да­мытуға болса, жағдайды шектен шы­ға­ру ақылға жата ма?

«Отанның eсiгiн сoғыс пен ажал қаққан кeздe басқаның бәрi – игiлiк пeн шағын кикiлжiңдeр, байлық пeн iзгiлiк, адамның қoғамдағы жағдайы жәнe басқалар өзiнiң құны мeн мағынасынан айырылады», дейді Елбасы.

Тілді радикалды түрде енгізуге ты­ры­су соғысқа соқтырса, қазақ хал­қы мен ана тіліміз қазіргі күйіне зар болып қалуы мүмкін. Бұл ретте ел бас­шылығы көршілермен одақ­тас­тық және мемлекеттік тілді дамыту арасындағы стратегиялық тепе-тең­дік­ті үлкен шеберлікпен сақтап ке­леді. Бұл саладағы сындарлы саясат жалаң эмоция мен зарлы тарихтың запыранына негізделе алмайды.

Ғалымдардың айтуынша, Сол­түс­тік Америкада заманында 400-ден астам үндіс ұлыстары өмір сүрген, олардың бәрі әртүрлі тілде сөйлеген, тіпті пиктографиялық болса да, жазба мәдениеті, әліпбиі болған. Қазіргі кезде олардың көбінің тілі түгіл, аты да ұмытылды. Заманауи үндістердің көбі ағылшын тілін ғана біледі. Ресей құрамындағы қаншама ұлттың ұрпақ­та­ры да ана тілінен көз жазып қалды.

Әділін айту керек, өткен 30 жыл ішінде Қазақстан мемлекеттік тілді ілгерілетуде қомақты жетістіктерге қол жеткізді. 90-жылдармен са­лыс­тырғанда қазақ тілінің жағдайы көш ілгері. Әлі есімде, ХХІ ғасырдың басында қазақ басылымдары да, депутаттар да «ресми іс-қағаздар қазақ тілінде жүргізілуге тиіс» деген мәселе көтеретін. Себебі, қазақша жолдаған хатыңа мемлекеттік органдардан орысша жауап келетін. Қазір ондай проблема жоқ деуге болады. Мемлекеттің іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізіледі. Ел Парламентінің, Үкіметтің отырыс­тары қазақша өтеді. Мемлекеттік қызметке тұру үшін мемлекеттік тілді білуің шарт.

Енді қалып тұрғаны – қазақ тілінің барлық салада кең қолданылуына қол жеткізу. Мемлекетті бұл істе барлық қазақ,төрде отырған төрелер де жаппай қолдауы қажет. Сонда ғана Қазақстан осы істе түбегейлі жеңіске жетеді.

КСРО ыдыраған тұста республи­ка­мызда қазақ тілінде оқитын оқушы­лар­дың үлесі үштен бірге де жетпейтін (32,4%). Қазіргі кезде бұл үлес 65%-дан асты. Бірақ ұлты қазақ оқушылардың үлесі 76%-ды құрайды екен. Демек, қазақша оқитындар санын әлі де қар­қын­ды арттыруға болады. Бұл үшін қоғам­ның қолдауы керек.

Әйтпесе, қазақтың өзі баласын бірінші болып, орыс мектебіне берсе, ата-аналар, тіпті қариялар үйде немерелерімен қазақша сөйлеспесе, қа­зақтардың өзі мемлекеттік ор­ган­дарға өтінішін орыс тілінде жолдаса, қоғамдық орындарда, қызмет көрсетуші ұйымдарда сұрағын бірден қазақша қоймаса, мемлекеттік тіл қайтіп өркен жаяды?!

Мұның бәрін қоғамдық кикілжіңсіз шешіп, келісім мен тұрақтылықты сақтай отырып, ақылмен алға жыл­жы­ту­ға тиіспіз.

Әрине, сыртқы күштерден ығып, мемлекеттік тілді дамытпауымыз ке­рек, үнемі орыс тілін төрге оздыра беруге тиіспіз деген (сөз жоқ) ойдан аулақпын. Бұл іс ақылдылықпен бірге батылдықты қажет етеді. Біз қазақ, ұйысқан ұлт болып, өзіміз бас­тап, қазақ тілін бар салада бекітуге, мызғымас бекініске айналдыруға тиіспіз. Бірлігімізбен мойындатып, арамызға жан-жақтан от тастаушыларды жолатпай, биік тұруға міндеттіміз. Тілімізді дамытудағы қадамымыз бірізді, ісіміз ізденісті, жұмыстарымыз жүйелі болуы қажет.

Тілді пәрменді өрістетудің жаңа шаралары

Келесі шараларды ұсынамын: біріншіден, болашақта бүкіл орыстілді және аралас мектептердегі бастауыш сыныптардың бәрін мемлекеттік тілде оқытуға көшірген жөн. Әзірге тек бас­тауыш сыныптарын.

Өзге этнос өкілдері Қазақстанның нағыз патриоты ретінде бұл ұсынысты қолдайды деген сенімдемін. Өйткені олардың балалары бәрібір орыс тілінен көз жазып қалмайды. Бастауыш мектепте орыс тілі және әдебиеті пәні оқытылуы керек. Оның үстіне отбасында, қоғамда орысша сөйлеседі. Қаласа, орыс тіліндегі курстар, ұзартылған күн топтары («продленка»), репетиторлық орталықтар, кешкі мектептер қаптап ашылған. Отандық және ресейлік телеарналар тегіс дерлік орысша.

Егер біз ең болмаса, осы бастаманы жүзеге асырсақ, келешекте, аға ұрпақ орнын жаңа ұрпақ толық басқанда Қазақстанда мемлекеттік тілді білмейтін азамат қалмайды деу­ге болады.

Екіншіден, «Еларнаны» немесе республикалық арналардың бірін қазақ тілін үйрететін арнаға айналдыру қажет. Ол күндіз-түні тек осы іспен айналысуға тиіс. Бұл ретте тілді үйретудің әлемде ойлап табылған барлық тәсілі мен әдістемесі сол арнада көрініс тапқаны жөн. Әйтпесе, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін адам көп, олар қазақ тілін білмеу мансап бойынша жоғарылауға кедергі болатынын, тұрмыс-тіршілікте қиындық әкелетінін түсінеді. Алайда олар қазақ тілін үйрететін тегін курстардың тап­шы­лығына шағымданады.

Мысалы, бір арызданушы азамат мектепте орыс тілінде оқитын баласы мемлекеттік тілді терең меңгеруі үшін оған осындай курсты іздегенін айтады. Ол кеңес сұрап, Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасына жүгі­не­ді. Басқармадағылар әкімдіктің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне хабарласуға кеңес береді. «Руханияттағылар» тіл оқыту курс­та­рына елорданың тек ересек тұр­ғын­дары ғана қатыса алатынын және жас ұрпақпен айналыспайтынын жет­кі­зіпті. Неге жас бойынша шектеу қо­йып тастағаны белгісіз. Парламент қабылдаған бірде-бір заңда ондай шектеу қарастырылмаған.

Азамат бұған да тосылмай, Білім министрлігіне хат жазып, балаларға мемлекеттік тілді қосымша үйрететін курстардың байланыс телефондарын беруді өтінеді. Айта кету керек, ел Президентінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жариялаған шешіміне сәйкес, тілді дамыту Мәдениет және спорт министрлігінен алынып, БҒМ құзырына берілді. Бұл өте дұрыс. Алайда азаматтың айтуынша, БҒМ-нің Тіл саясаты комитетінен «мектеп бағдарламасы оқушылардың қазақ тілін еркін меңгеруі үшін жеткілікті» деген жалтарма жауап келеді. Жет­кі­лікті болса, мектептен қазақша біл­мей­тін жүздеген мың түлек шықпас еді.

БҒМ-нің мұндай кесірлі ұстанымын тілді дамыту үшін зиянды деп санаймын. Жалпы, министрлік мектептерде қазақ тілін оқыту сағаттарын көбейткені жөн. Әйтпесе, орыс сыныптарында қазақ тілі сабақтары орта есеппен аптасына 2-3 рет қана өтеді. Тілді еркін меңгеру үшін бұл жеткіліксіз. Оқу­шылардың көбі қарапайым сөз­дер­ді жаттаудан алысқа ұзай қой­май­ды. Педагогтердің біліктілігін көтеру де үлкен мәселе!

Үшіншіден, БҒМ-ге балаларға арнап, жазда тілді тереңдетіп оқыту курстарын ұйымдастыруды ұсынамын. Тәуелсіздіктің 30 жылында Үкіметтің балаларға арнап осындай курстар ұйымдастыра алмағаны өкінішті. Осының салдарынан Тәуел­сіз­дік түлектерінің қазақшадан ма­құ­рым тұтас буыны өсіп-жетілді. Мұндай салғырттықтың соңы неге соқ­тыратынын әлемдік тәжірибеден кө­ріп жүрміз.

«Белги» ұрпағының ауыр тағдыры

Сөзге тұздық болсын, Еуропаның жүрегі саналатын Бельгия елінің тағдыры сабақ алуға тұрарлық. 2004 жылдың қарашасында елімізге сапары кезінде Бельгия Корольдігі Сенатының Президенті Анн-Мари Лизиннің айтқаны есте қалыпты: «Қазақ халқы тәрізді біз де шетелдік бас­қыншылардың шапқыншылығын бастан көп өткердік. Қатыгез тағдыр тілімізден айырып, көптілді мемлекетке айналуға мәжбүр етті. Сондықтан біз сан алуан мәдениеттерден құралған күрделі қоғамда өмір сүрудің қиын­шы­лық­тарын жақсы білеміз!» деген еді А.Лизин. Бұл елге келген қонақтың ілтипаты, жай айтыла салған сөз емес, оның астарында ащы запыран, аянышты тарих тұр.

Осы мемлекеттің түп-тамыры «бел­ги» тайпалары одағынан бас­тау алады. Бұл алып ұлыс қазіргі Бель­гиядан әлдеқайда байтақ жерге – сонау Францияның теріскейі мен Германияның батысына дейін созылып жатқан үлкен аумаққа иелік етеді. Бертінде оны Рим империясы басып алып, біздің дәуірімізге дейінгі 16 жылы империя құрамындағы Белгика (Gallia Belgica) провинциясы пайда болады. Осы кезеңде белгилер жер бетінен жойылып кете жаздаған. Юлий Цезарь өзінің «Галл соғысы туралы жазбаларында»: «Белгилердің жартысын қырып салдық, қалғаны тілсіз құлға айналды» деп шабыттана жазады.

Батыс Рим империясы біздің дәуі­ріміздің V ғасырында ғұн баба­ла­ры­мыз­дың жойқын соққысына шыдамай, түпкілікті күйрегені мәлім. Сол кезде қандықол империядан құқай көрген, құлға айналған талай ұлт пен ұлыс азаттық алды. Заманауи Еуропа қалыптаса бастады. Бұл белгилердің де еңсе тіктей бастаған кезі еді. Алайда көп ұзамай, бұл ұлыс Римнің мұрасын бөлісіп, тез нығайған герман, ағылшын, француз державаларының талауына түсіп, жұлма-жұлмасы шығады. Одан қалды орта ғасырларда біресе Нидерландтың, біресе Испанияның, біресе Францияның құрамына кіреді. Тілінен айырылып, түрлі дінге бөлініп, тоз-тоз болатын тұсы да осы кез. Ақыры 1830 жылғы 23 қыркүйекте Ни­дерландтан тәуелсіздік алып, жеке Корольдік құрғанда, бұл жұртта ата-бабаларының белги тілін білмейтін ұрпақ қана қалған еді.

Бүгінде Бельгияда 3 ресми тіл (француз, нидерланд және неміс тілі) барын оқушылар да біледі. Алайда әлемде белги тілі деген жоқ. Тіліне қарай жік-жікке бөлінген Бельгия тіпті біздің ХХІ ғасырдың басында мемлекет ретінде ыдырауға шақ қалды. Қазір де бұл қаупі сақталуда. Бүгінде осы бір мемлекетте бірін-бірі түсінбейтін екі ел тұрып жатыр. Бельгияның Фландрия бөлігінде нидерланд тілінде сөйлейтін, ал Валлонияда французша ғана тілдесетін бельгиялықтар тұрады.

Қазақстандықтар бұдан қандай сабақ ала алады. Тілдер халқымызды екіге жармауға тиіс! Ендігі біздің мақсат – қазақша білмейтіндерге  тегіс мемлекеттік тілді үйрету, қазақы ортада баулу.

Қазақ хандығы мен қазіргі Қазақстанның ұқсас миссиясы

Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттік тіл ұлттық құндылыққа айналды. Бірақ осы жылдарда ол мемлекетте, қоғамда басымдыққа айналды ма? Олай деу қиын. Дегенмен, осы кезеңде жеткен жетістіктеріміз бізді алға жетелейді. Бодан жылдары жоғалтып ала жаздаған тілімізді бостан жылдары дамытудың берік тұғыры түзілді. Енді тоқыратпай, сол тұғырды тек биіктете беруге тиіспіз. Бұл істе шыдамсыздық пен күй­ге­лек­тiк, қатыгездік пен өшпенділік жарға жығады. Ақыл мен айла, бірлік пен бауырластық алға бастайды.

Сөз соңында келесі қызықты теңеуге зейін қоюды өтінемін. Осыдан V ғасырдан астам уақыт бұрын ұлы хандарымыз Керей мен Жәнібек Шу бойындағы Қозыбаста Қазақ хандығының туын тікті. Содан кейінгі жүзжылдықтарда текті де тегеурінді хандарымыз ұлан-байтақ жерді бір мемлекетке біріктірді. Оның барысында тек түбі бір түркі жұрттарын ғана емес, Сібір хандығы, Қытай, Моңғолия секілді сол кездегі ірі державалардың тілі басқа, өңі өзгеше, діні бөгде бір­қа­тар тайпаларын өзіне қосты. Сонда ата-бабамыз қазақша білмейсің деп ешбіріне құқай көрсетпеді, сабырмен, саналы түрде өз айналасында ұйыстырды.

Қазіргі заманғы Қазақстан алдын­да да ұқсас миссия тұрғаны жасырын емес: себебі, патшалық Ресей мен Кеңес Одағы тұсында қазақ елі тұтас ұлттар көшірілген «халықтар лабораториясына» айналдырылды. Қазақ азшылықта қалды. Қазақ халқының және биліктегі тұлғалардың қазіргі міндеті – қазақ тілінің ұлтты ұйыстырушы әлеуетін барынша пайдаланып, оның Қазақстанның барлық өңірінде ұлтаралық қатынас тіліне айналуына қол жеткізу. Рухы асқақ, шабыты шалқар, дәрмені дастан, рухани қуаты күшті қазақ халқының қолынан бұл келеді деп сенемін.

 

Бақытбек Смағұл,

Мәжіліс депутаты,

Nur Otan фракциясының мүшесі