Әдебиет • 21 Қыркүйек, 2021

«Шұғаның белгісінен» «Айғыркісіге» дейін

994 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«Әне, деді жолдасым, әне «Шұғаның белгісі көрінді... өй, өзі де Шұға десе, Шұға еді-ау!..», деген сөйлемді бала күнімізден бәріміз оқыдық. Көпшілікке белгілі «Кітапхана» телехабарында «Қостанай неге «Шұғаның белгісіне» ескерткіш орнатпайды?» деп мәселе көтергеніміз бар. Сол Қостанайға баратын үлкен жолдың бойында «Шұғаның белгісі» тұрса, әдебиетке одан артық қандай насихат керек?

«Шұғаның белгісінен» «Айғыркісіге» дейін

Бұл жайдан-жай айтыла салған сөз емес. Кешелі-бүгінгі жазушылардың көз­ге түсетіндері әдебиетте Бейімбеттің ба­лалары сияқты. Басқасы басқа, маған Бейімбет әдеби ортадан шет жерде тұ­ратын жазушылардың жалғыз ұс­та­зы секілді көрінеді кейде. Сол жал­ғыз ұстаздың бір баласы тараздық Несіп­бек Дәутайұлы екенін, оның жабық бәйгелерде оза шапқанмен, ашық бәй­гелерде шет қалып қойып жүргенін біраз жұрт біледі. Оны жақсы жазушы деп бағалайды, бірақ бөліп беретін еншісі жоқ. Көзі тірісінде «жас күнінде қой бақса, қартайғанда да қойын құрттап жүре берсін» дейтін секілді еді.

Ана бір жылдары төрт түліктің бас­қа аталарынан гөрі қанатты пырақ жыл­қыны көп азайтып алдық. Бір жолы Бексұлтан Нұржекеұлы бәріміз жайлауға барғанда, жайлаудағы бұрын жылқы жүретін жерде қаптап сиыр жүргенін байқадық. Соған қарап біртүрлі жүрегің қарайып кетеді екен. Құдайға шүкір деп айтайық, қазір жылқының да қарасы көбейді. Үлкен жолдарда кетіп бара жатқанда, ұзап жайылып жүрген үйір-үйір жылқыны жиі кездестіретін болдық. Сол жылқыларды көргенде, әр қазақтың баласы сияқты біздің де көкірегіміз тазарады.

Мұны айтып отырғаным да жайдан-жай емес. Соңғы кезде жылқы көрсек болды, жазушы Несіпбек Дәутайұлы есімізге түсетінді шығарды. Алдымен, ежелгі грек мифологиясындағы кентавр деген ұғымның жайын айта­йыншы. Жартылай жылқы, жартылай адам деген мағынаны білдіретін көрінеді. Бұл өзі сақтардың жасаған жорықтарына байланысты туған ұғым деген де әңгіме бар. Аттан түспейтін адамдар, атпен бірге жаралған адамдар тақілеттес. Өлмейтін, өшпейтін осы аңызды Несіпбек Дәутайұлы біздің ұлтымызға тағы бір жақындатып қойды. Кентаврды бұрын «адамат» деп те аударып жүргенбіз, Несіпбек Дәутайұлы «айғыркісі» деген баламасын сарт еткізді.

Бұл кісі «Айғыркісі» деген әңгіме жаз­ды. Ескі мифологияға жаңаша маз­мұн беретін мұндай образды тудыру екінің бірінің қолынан келмейді. Асырып айтқандық емес, атауының өзінде мифологиямен тайталасқан образ тұр. Жазушының айғыркісі деп отырғаны, құдай өзі кешірсін, түйсігі адамнан артық жаралған жылқы. Тек деген нәрсенің барын еске салатын құді­ретке ие мақұлық. Сатылып кеткен жағына сыймай, иесінің моласына қашып келіп жан тапсырады. Сондағы қабырғасынан бейіт басындағы үшкір темірдің сойдиып шығып тұрғаны жа­ныңды ауыртады.

Маған бұл шығарманың басқасы бас­қа, тап осы Таразда туғаны заңдылық сияқты көрінді. Екі мың жылдан астам тарихы бар жерде қалам ұстаған үлкен дарын иесіне рухтар да көп ой салатын болса керек. Ежелгі ғұндардың, сақ­тардың, үйсіндердің тұлпарларының тұяғы дүбірлетіп өткен жерде жазушыға осылай арқаланып жүрген бек жараспай ма?! Бұдан туатын сұрақ: сонда жазушы деген кім, оның жазған кітабы не, бізге қандай керегі бар? Бір-ақ ауыз сөзбен жауап беруге болады: жазушы да, кітап та, бізге керегі де – есте жүретін образдар. Мысалы, Айғыркісі – образ!

Осындайда біз өзіміздің образы­мыз­ды жасай алмай жүрген ұлт секілді көрі­неміз. Қазақ деген ұлтты қандай болмыс­та елестетеміз? Кейде жер боп қалған көңілдің жетегінде кететініміз өтірік емес. Несіпбек Дәутайұлы – ер мі­незді ұлттың образын сомдаған суреткер. Ал енді мына қызықты қараңыз­дар. Осындай үлкен миссия арқала­ған ­жазушыны елағасы жасында да «Несіпбек Дәутайұлы» дей саламыз, болды. Маған бұл буындағы қаламгер­лер алдыңғы ағаларының құрбандығы болып кеткен сияқты елестейді. Аталы сөз айтатын тұлғаларды өмірде жоқ классиктеріміздің алдында баладай ғып қойған өзіміз.

Бұларды қара тұтпасаң, сөзіңді кім сөйлейді, тегіңді кім еске салады? Былай қарасаңыз, «Бейімбет жау болса, мен де жаумын» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзін қалай ұмытамыз. Ғабиден Мұстафин­нің: «Бұрын ұлтшылдықпен күрес­­сек, енді ұлтсыздықпен күресетін бол­­­дық» деген сөзі тіпті сұмдық қой. Бірақ сол да­на­ларымыз бүгін келіп, мынала­рың дұ­рыс, мыналарың бұрыс деп айтып бере ала ма?! Баламыз бала, данамыз дана, ақсақалымыз ақсақал боп жүрейік дейтініміз содан. Несіпбек Дәу­тайұлының мерзімдік басылымдарда басылған сұхбаттарынан осындай кісіліктің белгісін көрдік. Жазушының өзі мен шығармашылығының арасын бөле-жарып қарауға болмайтынын тү­сіндік. Бұл жағын Бағашар Тұрсын­байұлы «аңызы бар» деп жақсы айтыпты. Шығармаларын байыптап оқып отыр­саңыз, бұл кісі өз образын да сомдап жүр­ген арда қазаққа ұқсайды. Иә, жүрген жүрісі, тұрған тұрысы аңыз боп жүргені де рас.

Несіпбек Дәутайұлының «Құдірет пен қасірет» романының кейіпкері Дос­ма­ғанбет ел-жұртымен бақұлдасуға бет қойғанда қасында үш әйел отырады. Досмағанбет – үш әйелге тілеуін тілет­кен күрделі қазақ. Бір әйелмен шүңкіл­де­сіп отырып, аласапыран заманның сырын қалай ашасың? Міне, жазушы келген-кеткен көріністердің бәрін осы үш әйелдің дүниетанымына салады. Тақы­рыптың тоңын жібітіп, шығар­ма­ны оқы­лымды етіп жазу үшін сәтті табылған тәсіл.

Алланың алдында есеп беретін күн адамның еркіндегі нәрсе емес. Ал өз өмір сүрген ортаңның алдында есеп беру арлы адам айналып өтпейтін ол да бір өткелек. Әуезовтің «Абай жо­лын­да» қажылыққа бара жатқан Құнан­байдың балағына «ақымды бер» деп жармасу өмірде қайдам, ал әдебиетте өткір қолданылған «деталь». Несіпбек Дәутайұлы да кейіпкерін, міне, осындай сынақпен бетпе-бет келтіріп отыр. Негізі Несіпбек қандай тақырыпты жазса да, тақырыбының тұмары әйел болып келеді. Мұны Дәутайұлы шығармашылығы­ның философиясы десе де артық емес. Шығатын жерің тақым, кіретін жерің ақым пәлсапасы қай шығармасына болса да тін болып тартылған. Тақырыбының тұмары әйел болғанда, құмары – жазу, басқа ештеңе де емес!

Бұл тұрғыдан «Көгілдір көйлекті ке­ліншек» атты әңгімесін атақты жапон жазушысы Кобэ Абэ жазыпты десе, таң­қалмас едім. Кобэ Абэнің «Құм құр­сауындағы әйел» повесінде құм қой­науында қалған мекен мен ондағы адам­дардың тағдыры суреттеледі. Терең шұң­қырдағы мекенге құм сусып түсе береді, адамдар оны шелектеп сыртқа шығара береді. Оқиға сол мекенге иелік етіп отырған әйел өмірімен астастырыла суреттеледі. Бала күніміздегі «қуыр-қуыр қуырмашты» еске түсіретін осы хикаят әлемді шарлап кеткелі қашан.

«Көгілдір көйлекті келіншекте» он­дай құм жоқ, құм шұқырда қамалып қал­ған адам да жоқ. «Құм үйді басып қал­ды, адамдар оны тазалады» деп суреттеп те отырмайды. Бірақ «Көгілдір көйлекті келіншекті» «енді не болар екен», «апыр-ай, енді қайтер екен», «мына жағдайдан қалай шығар екен» деп құмартып оқисыз. «Құм құрсауындағы әйел» құм тұтқы­ны болса, «Көгілдір көйлекті келіншек» – жан тұтқыны. Екеуінде де оқырманды бір сәт те босаңсытпай, бір ысынтып, бір суынтып отыратын тылсым қаракет бар. Әйел бойындағы адамды арбап алатын магиялық сезімдерді жазушының сендіріп, нанымды суреттегеніне еріксіз тәнті боласыз. «Көгілдір көйлекті келін­шекті» оқығанда, «мұндай әр сөйлемі серіппедей ширығып тұрған әңгімені жазу үшін жазушы қанша энергия жұм­сады екен?» деп те ойланасың. Әлгі «ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың» деген осы. «Көгілдір көйлекті келіншек» эмоционалды биігін аяғына дейін еркін ұстап тұра алған шығарма.

Несіпбек Дәутайұлының «Жалғыз­ілік» әңгімесін қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь жазыпты десе де, «әбден мүмкін» дер едім. Мо Янь шаруаларды жақсы көреді, олардың әрекетін күлкілі етіп жазғаны сонша, кө­зіңнен жас шығарады. Сол сияқты Несіпбек Дәутайұлының «Жалғызілігі» де тұншығып күліп, тұншығып жылайтын, жылататын әңгіме. Жазушының шеберлігі сонда, кейіпкерінің көрген азабын күлкілі істері арқылы жеріне жет­кізе суреттеп береді. Несіпбек Дәутай­ұлының әңгімелерін бірін мұңлы, бірін күлкілі притча немесе тәмсіл деуге то­лық келеді.

Притча дегеніңіз кәдімгі мысалға жа­қын жанр. Несіпбек Дәутайұлының шығармаларының бәрі өмірдің мысалына құрылған. Әлем әдебиетіндегі мықты жазушылардың бәрінің шығармалары өмірдің мысалымен жазылады. Бұл жанрды Несіпбек Дәутайұлы шебер мең­герген, өзінің табиғаты да сондай болуы мүмкін. Адамды кісілікке шақырып тұратындай кесек бітімі де көп нәрсені аңғартса керек.

Несіпбек Дәутайұлы шығармашы­лы­ғындағы притчаның бір биігі – оның «Ақ күшік» хикаяты. 

Ажырасқан адам­дар­дың екеуіне кезек шапқылаймын деп, екі арадағы сел алған көпірмен бірге суға кеткен ақ күшікті аяйсың. Екі жағалауда тұрған ерлі-зайыптыларды ақ күшік енді табыстырады дегенде, өзі суға ағып кетті. Бұдан әркім әлінше неше түрлі қорытынды шығаруына болады. Бұл шығармада біреулер шатасып айтып жүргендей ешқандай да махаббат лирикасы жоқ, қайта өмірдің ащы сабағы бар. Бір ұлттың өкілінің екін­ші ұлттың өкіліндей болып өмір сүруі қиын екені, егер солай өмір сүремін десе түп-тамырынан ажырайтыны, түп-тамырынан ажыраса өзін жоғалтып алатыны мысалға алынады. Бірақ бұл жерде ана ұлт жаман, мына ұлт жақсы деген сөз жоқ. Әркімнің өзінше артықшылығы, өзінше кемшілігі бар.

Мен өзі шынымды айтайын, лирика дегенді поэзияда болмаса, прозада аса қабылдай алмаймын. Керісінше, қандай әдебиеттің бәсі биік дегенде, протестік әдебиеттің бәсі биік деген қорытындыға бүйрегім бұрады. Жоғарыда аты аталған жапон жазушысы Кобэ Абэні «популярный» емес, «элитарный» деп айта­­тыны сондықтан шығар. Бұл арада про­тестік дегенді баяғыдағыдай қо­ғам­ға қарсылық деп емес, кең мағынада бол­­мысқа, болмысыңа қарсылық деп ұққан жөн. Менің болмысымдағы, сенің болмысыңдағы, оның болмысындағы сатқындықтар мен түрлі пасықтық мі­нездер. «Ертең әлдекім, аудандық газет КПСС Орталық Комитетінің Бас сек­ретарының цитаталарын орысшасында басып, қазақшасында қысқартып тастаған деп жоғарыға арыз жөнелтіп жүрсе ше?» дегенде көзәйнегінің ар жа­­ғындағы көзі бер жағына саттиып шы­ғып кете жаздады» деп жазады Несіпбек Дәутайұлы.

Протестік дүниелер Мағжан Жұма­баев пен Жүсіпбек Аймауытовта ғана емес, Бейімбет Майлинде де бар. Кейін­гілерде Тәкен Әлімқұлов, Бердібек Соқ­пақбаев, Асқар Сүлейменовте айқын кө­рінеді. Жоғарыда Бейімбеттің бала­лары деп меңзеген жазушылардың кө­бінде ұшырасады. Бұлардың шығар­ма­ларындағы протестік сипат қатал реа­лизммен астасып жатады. Солардың ішінде Несіпбек Дәутайұлының үні өзге­шерек естіледі.

Бұл кісінің «Аты жоқ әңгіме» деп атал­ған ақ кітабы бар. «Айғыркісі» деген атау атырылып тұрғанда, неге «Аты жоқ әңгіме» деп атады? Байқасақ, ел ішін­де аты жоқ бір әдеттер пайда болып­ты. Жақсы деуге де келмейді, жаман деу­ге де келмейді. Елге тұлға болатын адам­дардың ісі ұсақтап барады. Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дей­ді. Ал бүгін: «Бай түзелмей, ел түзел­мей­ді» деуге мәжбүрміз. Себебі бас кө­­терер азаматтар көрге ала кетпейтін бай­­лығын өзі өскен елді көктетіп-кө­гер­­­­тетін меценаттыққа да қимайды. Өт­кен ғасырдың басындағы Бейімбеттің кейіп­­­керлері сияқты әлі күнге өз тума­ластарына өктемдік жасайтындар да бар. Сондай ұсақ мінездердің бәріне берілетін жауап біреу, ол – Айғыркісі!

Жазушы бұл образды оңай тудыра салмаған. Қырғыздар шекарадан мал айдап өткенде, батпаққа батып бір жабағы тай жатқан. Жалғас деген есті бала оны тауып әкеліп, үстін балшықтан тазартып жуған. Тыриған тұрқы мәз болмаса да, жақсы көріп күтіп-баққан. Кейін ол бәйгенің алдын бермейтін жүйрік болып шыққан. Біреудің келіні босана алмай қиналып жатқанда, есікті басымен ұрып ашып кісінеп жіберген. «Есік тарс еткенде тура маған қарай екі көзінен от шашып, жылқының басы төніп келеді екен. Өмірімде мұндай қорыққан емеспін. Баланың дауысы шар етісімен жылқы езу тартқан сықылданды. Сөйтті, рас» дейді аман-есен қол-аяғын бауырына алған келіншек.

«Апыр-ай, кісі екен ғой» дейді мұны естіген бір қария. «Жылқыны кісі деп, мұныңыз не?» деп оқшыраяды біреу. «Бізден кеткен кісілік киені құдай осы жануардың деніне салған шығар» дей­ді әлгі қария. «Айғыркісі» аталған Қара­төбелге жұрт енді басқаша қарай бастады» дейді жазушы. «Әйел затына оның алдын кесіп өтуге тыйым салынды» дегенде қазақы әңгіме шығыс миниатюрасындай құбылып шыға келеді. Шығыс миниатюраларындағы нәзік желілер әйел құпиясының кілтін тыңдаушының қо­лына байқатпай ұстата қоятын еді ғой. Сол сияқты енді қаламгер бір-екі тылсым сырлы эпизодты Габриэль Гар­сия Маркесше сілтеп-сілтеп те жібереді. «Оның аяусыз ырғауынан жас байтал­дың бөксесі қатты шөмиіп кеткенде, өз жөнімен кетіп бара жатқан келіншектің оқыстан күйті құтырып, ұрпақ күйінің ағыны бойынан құйылып кеткені» – анау айтқандай анайылық емес. Бірақ жазушының айтайын, жазайын деп отыр­ғаны ол емес.

Жалғас үйдің шатырынан құлап, өлім аузында жатқанда Айғыркісі бүкіл үйірді алдына иіріп салып сол маңға әкеледі. Әкесі сауданың соңында кеткен Жалғасты түні бойы күзетіп шыққан Есқұл қария сонда мынаған куә болады. Түнімен үй артында топтанып тұрған үйірлі жылқы түгелімен Айғыркісінің соңынан шұбырып өріске бет алып бара жатыпты. Қараса тұрған орындары адам шошитындай екен, жиырма шақты биенің бәрі құлын тастап кетіпті. Бұдан соң Айғыркісінің киелі мал екенін мойындамаған жан қалмайды, бірақ соның бәріне қарамастан саудагер әке айғырды қырғыздарға сатып жібереді. Сөйтіп, жарық дүниеде кие бар екеніне, ие бар екеніне енді ғана сене бастаған қайран жұрт қай заманғы қайрансыз халіне қайта түседі.

Ал әкесіне ренжіген Жалғас Айғыр­кісіні әкеткен қырғыздардың соңынан кетіп бара жатып жол апатынан мерт болады. Мал қарауға ма, жол қарауға ма шыққан Есқұл жас моланың басында қалқайып тұрған жылқыны көреді. Айғыркісі Қырғызстаннан қашып келген екен, маңына жан баласын жолатпайды. Жас моланың басында ас-сусыз бір күн тұрады, екі күн тұрады. Оны күнде келіп сыртынан қарап жүрген Есқұл келесі келгенінде Айғыркісінің моланы қоршаған істік темірге шаншылып өліп жатқан үстінен түседі.

Айғыркісі өмірде қарапайым шын­дық болса, өнерде – жарығы сөнбейтін символ. Әдебиетте де, басқада да сим­вол­дық образдарды жаны таза адамдар тудыра­ды. Символдық образ­дар жойылған кез­де аспандағы жұл­дыздардың сөнгені сияқ­ты әдебитте де мән-мағына қалмайды. Адамдар ештеңеге сенбесе, өздерінің бойынан жоғалып бара жатқан қасиеттерді іздемесе не болады? Ең құрмаса сондай сезімдердің құрметтеуге лайық екенін білмесек, онда қорадағы малдан айырмамыз не? Ал қаны сорғалаған шын­дық бейіт басындағы қоршау темір­дің қадасына қабырғасынан шаншылып тұр, одан артық не керек?! Бұл шығар­маның сұмдығы сонда, адамдар құлын-

құрбандығын өз қолдарымен жерлеп, басына өлген айғырдың денесінен ескерткіш белгі қойып қойғандай әсерде қалдырады. Біз балалық шақтың ертегісіндей көріп отырған туынды осылай сюрреалистік шешіммен аяқталады.

Несіпбек Дәутайұлы «Айғыркісі» деген бір ғана атаулы сөзбен есте жүре­тін осындай өшпес образ сомдады. Ескерткішке айналуға лайықты образ. Сөз басында «Шұғаның белгісіне» ес­керт­кіш орнатылса» деген әңгімені бе­кер айтқамыз жоқ. Жалпы, әдеби кейіп­керге орнатылған ескерткіш, авторға орна­тылған ескерткіш емес. Сондықтан «Несіпбек Дәутайұлы облыста жүрген жазушы еді, мына кісі тым артық кетті» деп тарпынудың қажеті шамалы. Сәтті табылған образ елдің санасынан онсыз да өшпейді. Несіпбек Дәутайұлы деген есімді ұмытып қалып, «Айғыркісі» деген атауды ұмытпай жүруіміз де әбден мүм­кін. Жазушыға өзін ұмытса да, сомдаған кейіпкерін ұмытпаса, одан үлкен бақыт жоқ!