Әдебиет • 23 Қыркүйек, 2021

Ақындардан неге жерінді?

1049 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазіргі қазақ прозасы туралы сөз қозғағанда екіұдай күйге түсеміз: классикалық шығармалар әлі туған жоқ, енді бір жағынан бүгінгі авторлар да ештеңе жазбай жүрген жоқ (белгілі бір деңгейде қозғалыс бар). Мәселен, Қанат Тілеухан, Есбол Нұрахмет, Жадыра Шамұратованы оқырман жақсы оқиды. Досхан Жылқыбай, Думан Бақыткелді, Әлішер Рахат, Темірлан Қылышбек, Берікбол Батандар да әдеби ортада жиі көрініп жүр (тіпті «роман» жазғандары бар). Қазір жазбай кеткен Дархан Бейсенбекұлы, Ерболат Әбікенұлы, Алмас Нүсіп, Арман Әлменбет, Алмаз Мырзахметтер де кезіндегі тәуір шығармаларымен есте қалды (һәм жазуға қайта отырса екен деген ізгі ниеттеміз). Әлқисса.

Ақындардан неге жерінді?

Бүгінгі прозадағы бұл есім­дердің қатарына Бақытгүл Сәр­мекованы да қосар едік. Оқырман оны көбінесе әдеби ортаны «шу­латқан» «Ақындардан жеріну» атты әңгімесі арқылы таниды. Ав­тор онда қазақ ақындарының бір типін суреттейді. Бәлки, әш­керелейді.

«Арқалы ақын... Арқыраған ақын... Сонау Атыраудан келген арда ақынымыз Итбай! деп сампыл­дап тұрған асаба жігіт­тің сөзін аяқтатпастан қолындағы микрофонын жұлып алған күйі ақын шықты ортаға арқаланып». Әңгіме негізгі кейіпкер – ақын Итбайдың ортаға шығуымен басталады. Оның жұдырығын түйіп алып, жер­ді теуіп оқыған ұзын-сонар дас­танын ешкім тыңдамайды: біреу қалғып, біреу мүлгіп, енді біреу­лері өзара әңгімеге көшкен. Ар­қалы ақынның өлеңіне, тек шетте отырған Орынгүл ғана елі­тіп отыр. «Өлең түсінбейтін бей­шара­лар!» деп сөкті іштей өзгелерді». Қауым елдің ішінде неге Орынгүл ғана өлең тыңдап отыр? Өйткені ол өлең үшін жара­лыпты (әрине, өзінің ойынша). «Бала кезінен апасынан бастап, көрші-көлем, ұстаз, ағайын туысқан, ең ақырғысы тауық қорада жаңа туылған жұмыртқаға да өлең шығарған. Жұмыртқаға арнап шығарған өлеңі «Өмір» деп аталады:

«Ей, тас жұмыртқа, сенде де өмір бар.

Өмірді қазірден бастап көріп ал.

Қазір-ақ таспен жарып тастасам

біттің ғой,

Мына өмірді көрместен блинчик болып

кеттің ғой...»

– деп басталатын өлеңі өзінің ойынша шедевр».

Иә, Орынгүл де поэзиядан алыс адам емес болып шықты. Бала кезінде апасы мен әжесіне, қозы-лағы мен есік алдындағы күшігіне кім өлең арнамады. Баланың бәрі бір шумақ шимайлаған болар. Дегенмен, бәрінің алдынан Итбай сияқты үлкен ақын шыға бермейді. Яғни Орынгүлдің жолы болып-ақ тұр.

Осылайша, ақын деген атқа құмар екеуін өлең жолықтырады, тіпті етене-жақын араласып кетеді. «Қаланың асфальтіне табаны тиісімен Итбай ақынды іздеді. Он бір ойланып, тоқсан тоғыз рет толғанып отырып хабарласты ақыры. Итбай жетіп келді», дейді автор. Осы тұста Орынгүлдің «он бір ойланып, тоқсан тоғыз рет толғанғанына» күмәніміз бар. Оның Итбайды алғаш көрген тойдағы ерекше ықыласынан-ақ таныстықтың боларын сезген едік. Алғашқы кездесуде Орынгүл неге өлең оқымасын?.. Шығармашылығының шедеврі «Өмір» кеудесінде атқақтап тұр. Тебірене оқылған өлеңді тыңдаған «Итбай ойланып отырып:

– Өлең жаман емес. Бастысы сенде жүрек бар. Өлеңнің не екенін білесің. Қара борбай халық оны да түсінбейді. Біз адамдардың ең жоғарғы сатысымыз! – дегенде Орынгүл елжіреп, көзіне жас келді». Өзінің мақтауын асырып, аралас-құралас елдің алдында жүрген ақын-жазушыларды түгендеген Итбай қыздың үмітіне от жа­ғып, әлемге әйгілі ақын боласың деп арқаланып кетеді. «Мен бәрімен хабарласып тұрамын. Жолыңды ашамын. Менің бір ауыз сөзім. Бізде жүрек бар. Сүйе аламыз. Ғашық бола аламыз... Ал өзге қара – борбай халық... Иә, қойшы соларды...».

Арда ақынның жалынды сөздерінен соң Орынгүл бір уақыт теледидардан сұхбат беріп тұрғанын елестетті. Жаныңа жағар сөз адамға не істетпейді?! Оған қоса өзің аз-маз ақын болсаң...

Орынгүлдің ақ-адал ойынша, «ақын­дарға бәрі жарасады». Әңгіменің лейт­мотиві де осы. Мәселен, Итбай қызбен қоштасып тұрып, «аузыңнан сүйейінші» («Ерін деген жоқ, аузыңнан деді!») дегенде де Орынгүл үндемеді. «Ақындардың өжеттілігі осы шығар деп ойлады». Әрі ертеңгі күні газетке өлеңдері шығайын деп тұрғанда не дей қойсын...

Арқыраған ақынның абыройының арқасында Орынгүлдің өлеңдері газет редакторының қолына да жетті. Бұдан соң Итбай тіпті маңғаздана түсіп, уәдесін үйіп-төге берді. Негізгі жоспарға көшіп, «міңгірлеп отырып сезімін білдірді. Орын­гүлдің түріне емес, ең алдымен талан­тына бас игенін» мойындады. Ал Орынгүл «ақындарға бәрі жарасады ғой» деп Итбайдың құшағында кете барды. «Мұрынына қолаңсаның ашқылтым иісі келіп, есін жиғызды Орынгүлдің. Төбеге қарап еді, бір жағы сынған люстраның сымдары шығып, үзілейін деп тұр екен. «Осыны ілмесе де ренжімес едік» деп ойлады іштей».

Әңгіменің соңында Орынгүлдің әлгі жаңа туылған жұмыртқаға жазған өлеңі газетке басылады: мүлде басқа өлең, тек «Өмір» деген атауы ғана өзгермеген. Орын­гүл газетті көріп, іштей риза болды. Сөйтіп «Ақыны да, өлеңі де құрысын!» деді. Ақын деген сөзді естісе көз алдына сынық люстра елестеп, мұрынына қолаңсаның иісі келетін болды».

Зиялы қауымның шынайы болмысын әшкерелеген бұл әңгіме Итбай мен Орынгүлдің ақындық образын ғана көрсетпейді. Мұнда қазақ әдеби ортасындағы кей мінездер бар: «ақынмын» деп арқырау, мақтангершілік, даңқ пен дақпырт, өз-өзіне тамсану, жалаң ұран, атаққұмарлық, тағысын тағылар. Мәселен, Орынгүлдің «Өмірі» мысал үшін алынса да кей-кейде әдеби басылымдарда осы тектес өлеңдер кездесіп қалады. Бұл – өлеңшілердің поэзияға деген көзқарасы мен талғамының көрсеткіші. Тіпті қо­ғамдағы әдебиеттің деңгейіне де әсер етуі мүмкін. Автор әңгімесінде бүгінгі әдебиеттегі осы арзан құндылықтарды сипаттап отыр.

Ал Итбай сияқты ақындардың бұл типі – жиынтық образ. Яғни қазіргі әдеби ортада да «Ғасыр халтурщигі кім?» деген әйгілі сауалға жауап боларлық Итбайлар бар.

Әдеби ортада танылғанына көп уақыт болмаса да өзінің аудиториясы қалыптасқан Сәрмекованы оқырман неге рахаттанып оқиды? Оның шығармаларында көркем тіл жоқ (бұл бүгінгі жазушылардың бәріне ортақ мәселе), кей тұстарда суреттеуі, тақырыпты алып шығуы, кейіпкердің жан дүниесін аша алуы кемшін түсіп жатады. Бәлки, бұған оның әуесқой жазушы екендігі себеп шығар. Дегенмен, Сәрмекованың жазуында мінез бар. Қо­ғамдағы адамдардың түрлі болмыстарын шынайы қалпында суреттейтін еркіндік (батылдық) бар. Ол тек жақсы адамдардың образын жасамайды. Оның кейіпкерлері «мораль полиция­сы» емес. Сол үшін де оқырман өмірде біреудің жағым­паздығын көре тұра үндей алмаған сәт­терін әңгімеден көріп, риза болатын шығар. Немесе Итбай айтқандай, «қара борбай» халықты менсінбейтін зиялы­лар­дың әрекеттерімен бетпе-бет келіп, алда­ғы уақытта «үлкен ақындарға» абайлап қарар.

Әр жазушының шығармасы оқушыны бір ғадетке яки бір мінезге үйретеді дей­міз. Бәлки, сіз оны байқамауыңыз да мүм­кін. Ал Сәрмекованың әңгімелерін оқы­ған соң бойыңа белгісіз бір күш дарып, ешкімге өтірік көлгірсуге, ешкімге жа­ғымпаздануға, тіпті біреудің нашар өлеңін тыңдауға да құлқың болмайды. Айналаңдағы адамдарға, көзқарастарға шынайы қарап, олардың іс-әрекетін шынайы бағалай бастайсың.

P.S. Бүгінгі əдебиетте жазып жүрген авторлардың бəрі əуесқой жазушылар.
Өйткені қоғамда жазушылықпен кəсіби түрде айналысуға мүмкіндік жоқ. Халық
үшін де, билік үшін де əдебиет белгісіз бір орында қалған өнер болып тұр. Сондықтан
кейде прозашыларға биік талап қоюға дайын тұратынымыз əбестік сияқты көрінеді.
Дегенмен, «əдебиет – ардың ісі» емес пе... Ендеше сол аса көп емес əуесқой жазушыларымыз жазуға жиі отырса дейміз, шыңдала түссе екен дейміз.