Әдебиет • 23 Қыркүйек, 2021

Қош бол, Америка!

511 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен ғасырларда АҚШ-та «америкалық арман» феномені пайда болды. Олар осы феноменнің ізімен бай-бақуатты, ізгі қоғам қалыптастыруға ұмтылды. Яғни «америкалық арман» – адамды бақытқа жеткізеді: материалдық, моральдық тұрғыдан да халық бай болады. Бұл еркін, мүмкіндігі мол қоғамның ұлттық иммунитетін көтереді», деді. «Егер америкалық жүйе америкалық саясаттың қаңқасы болса, онда америкалық арман – оның жаны» деп есептеді. Әлқисса.

Қош бол, Америка!

Ол өмір бойы америкалықтардың трагедиясын жазды. Жақсылық пен жамандық. Байлық пен жоқшылық. Айналадағы адамдардың мінезі, болмысы, көңіл күйі, жағдайы, қайғысы, қуанышы – бәрін-бәрін шынайы қал­пында бейнеледі. Әрқашан өз қоғамын, өз халқын зерттеумен болды. Оқырманның алдында сөзден сурет салып, сюжет ойнатқан жоқ. Аме­рикалық арманның америкалық трагедиясына үңілді. Оқырманға да, Аме­рикаға да жағынбады: халқының шын бақытын көрсетпегені үшін Драйзерді ешкім жақтырмады.

Теодор Драйзер жазушылықтағы бұл тақырыпқа, осы бағытқа қалай кел­ді? Ол неміс эмигранттарының ке­дей отбасында өсті. Жастайынан жоқ­шылық көрді. Балалық шағы фермалар мен мейрамханалардағы қара жұмыспен өтті. Драйзердің бас­тан кешкен осы қиындықтары қоға­мын етене жақын тануына себеп болған шығар. Тіпті ол мұндай өмірді америкалық трагедия деп атады. Ал жұрттың бәрі жапа-тармағай ұмтылатын һәм сенетін америкалық арман Америкадан алыс шалғайда қалды деп санады. Бәлки, әлемде де жоқ шығар. Драйзер оған ешқашан сенген жоқ. Сондықтан қоғамның, ұлттың дертін танып, адамдарға жет­кізу үшін репортер болды. Осы жолда жазушы үлкен күйзеліске ұшырады: шешім біреу – бәріне қолды бір-ақ сілтеу яки ұлы адамға айналу. Драйзер екіншісін таңдады.

Оның шындығын ешкім қаламады. Әрине, опасызды опасыз десең һәм оныңыз зиялы қауымнан болса, тіпті қауіпті. Ал бай-манаптардың ұрлығын әшкерелеп, ұрлықшы десең, адам шошиды. Алайда Драйзер ешкімнен именбеді. Өтірік пен шындықты, адалды да, арамды да өз орнына қойды.

Ол Штаттарды көп аралады: ха­лықтың жұмыссыздық пен кедей­ліктен азып-тозғанын көрді. Ереуілге шыққан кеншілерді қорғаған кезде оған қысым жасалды. Тіпті жиырма жылдан аса уақытқа түрмеге түсуі де мүмкін еді. Бірақ Драйзер қор­қыту-үркітулерден сескенбеді. 1930 жылдың мамырында: «Біз бұл мемлекетті демократиялық дейміз. Шын мәнінде, бұл олигархия. Билік Ва­шингтонда емес, Уолл-стритте орналасқан. Ал демократия туралы айтылып жүрген әңгімелер тек әзіл», деп ашық айтты.

Егер сіз америкалық арманға се­нетін болсаңыз, Драйзерді оқыңыз. Ал сенбесеңіз, тағы да Драйзерді оқы­ңыз. Америкалық трагедияға сенетін болсаңыз, Драйзерді оқыңыз. Олай болмаса да Драйзерді оқыңыз. Оның шығармалары айна секілді: сенетіндер де, сенбейтіндер де бір нәрсені көреді.

Драйзерді Нобель сыйлығына ұсынды. Алайда марапат Синклер Льюиске бұйырды. Ол сонда, ақи­қа­тында Нобель сыйлығына Драйзер лайық екенін, «америкалық әдебиетті жасқан­шақтықтан босатып, өмірдің шынайы, көркем, батыл суреттерін бейнелеуге бағыттаған» сол екенін айтты.

Осылайша, Драйзерді кім не деп мақтаса да, Нобель оған бұйырмады. Алайда барша әлем жазушы ең үл­кен сыйлыққа ие болды десті: оны уа­қыт пен оқырман марапаттады. Сон­дықтан Драйзер шығармалары әлі күнге дейін оқылып келеді. Бұл бір мәңгілік маятнигі іспеттес.

Айта кетейік, Драйзер 1927 жылы Кеңес Одағына келді. Кейін АҚШ-та бұл сапар туралы кітап та шықты. Оның «Америкалық трагедия» рома­нының орысша нұсқасы алғаш рет 1928 жылы З.Вершининаның тәржі­малауымен шыққан. Ал қазақ тіліне бірінші бөлімін 1960 жылы Ғ.Аққұлов пен Ф.Дінісламов, екінші бөлімін 1962 жылы Т.Ысмайылов аударды.