Спорт • 26 Қыркүйек, 2021

Мәскеуде жеті жүлде алдық

315 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресей астанасы - Мәскеуде бокстан әскерилер арасында әлем чемпионаты аяқталды. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы жеті жүлдемен қорытындылады. Тарқатып айтсақ, Біржан Жақыпов жаттықтырған команда 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медальді олжалады. Осындай зор табысының арқасында жерлестеріміз жалпы есепте үздік үштіктің қатарынан көрінді.   

Мәскеуде жеті жүлде алдық

Жартылай финалдық сайыста қазақстандықтар арасынан алғашқы болып рингке 69 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған Жасмин Қизатова көтерілді. Қазақстанның әйелдер құрама командасы мүшелері арасыннан жалғыз сол спортшы ғана осы межеге дейін жеткен еді. Бірақ одан әріге Жасминнің әлі жетпеді. Ол бразилиялық Барбара Мария дос Сантостан ұтылды. Ерлер сайысында Рустем Шауменов (56 кило) пен Айтжан Әшірхан (64 кило) қола медальді қанағат тұтты. Рүстем ресейлік Овик Оганесянға жол берсе, өзбекстандық Муджибилло Турсунов Айтжаннан айласын асырды. Бұл межеде сүрінгендердің барлығы да қола медальді мойындарына ілді.

Азия чемпионы Теміртас Жүсіповтің (49 кило) ресейлік Володя Мнацканяннан мерейі үстем болса, Дамир Әбдірқадыр (52 кило) ирландиялық Шон Иман Мариден басым түсті. Тимур Нұрсейітов (75 кило) пен франциялық Морено Фендеро арасындағы бәсеке барысында қазақстандық жанкүйерлердің біраз қобалжығаны рас. Өйткені, екінші раунда қандасымыз нокдаун алып қалды. Бірақ намысты қолдан бермеген ол үшінші раунда қарсыласын қуып жүріп сабады. Нәтижесінде рингтегі төреші Тимурдың қолын көтерді. Абзал Құттыбеков те (91 кило) сол кеште өзін жақсы қырынан көрсетті. Ол Франция боксшысы Сохеба Боуафияның бетін қанға бояп, өзінің мықтылығын паш етті.

бокс

Финалда Теміртас Линдерсо Консейсао Сикуейра дос Самен сайысқа түсті. Бұл бәсекеде қазақ жігітінің мықтылығы ег күмән туғызған жоқ. Қалған боксшыларымыздың барлығы да Ресейдің жуан жұдырықты жігіттерімен қолғап түйістірді. Дамир ресейлік Дмитрий Двалиды ұтқан еді. Төрешілер жерлесіміздің жеңімпаз деп жариялағанымен, арада бірер уақыт өткеннен соң қарсы жақ протест жазды. Қазылар алқасы біраз ойлана-толғана келе жеңісті Двалиге берді. Тимур Алексей Смыкинге сан соқтырса, Ресейдің Абзал Иван Сагайдакты сілікпесін шығарды.

Мәскеудегі жарыстың жалпы командалық есебінде Ресей құрамасы көш бастады. Ринг қожайындары 4 алтын, 4 күміс және 1 қоланы олжалады. Екінші және үшінші орынды Қазақстан мен Өзбекстан өзара бөлісті. Бас жүлденің біреуін иеленген Беларусь елінің боксшылары төртінші сатыға жайғасты.