Руханият • 28 Қыркүйек, 2021

Оқырманға олжа

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда жетінші жыл қатарынан үзбей ұйымдастырылып келе жат­қан KITAPFEST фестивалі биыл да ерекше форматта өрбіп, білімнен ойазық іздеген оқырманға 5 мың кітап тегін таратылды.

Оқырманға олжа

Дәстүрлі кітап мерекесі бұл жолы да рухани қауышу алаңына айналды. Дүкендер мен баспалар өткізген жәрмеңке жұртшылық үшін көптен аңсаған кітабын қолжетімді бағамен алуға мүмкіндік тудырды. Арнайы құрылған «Жазушылар шатырында» жаңа жинақтардың тұсауы кесіліп, жазушы мен оқырман өзара пікір алмасты. Туындылар талданып, туындыгерлер шығармашылық жоспарымен бөлісті.

«Керемет бір кітапты оқи отырып, біз әрқашан «Бұл туындының авторы кім? Оның келбеті қандай? Ол не тура­лы айтады?» деген ойға қаламыз. Осы жерде автор туралы ғаламтордағы шағын анықтама қызығушылығымызды қана­ғаттандырмағандықтан, сүйікті жазушымызбен шынайы жүздесу арман­дарымыздың біріне айналатыны рас. Бүгін осы ойымыз жүзеге асып сүйікті қаламгерлермен кездесіп, әңгі­мелестік. Шығармаларына қатысты сұрақ­та­ры­мызды қойдық. Бұл фестивальді жыл сайын асыға күтеміз», дейді С.Асфендияров атындағы Медицина универ­ситетінің студенті Аружан Асылбекқызы.

Форум қонақтары Ксения Рогож­никова мен Елена Клепикованың шы­ғармашылығы туралы ерекше қызығу­шылықпен тыңдады. «Карантиндік адамдар» деп аталатын кітап жеңіл тілмен әсерлі жазылған. Ол балаларға карантин кезеңінде өзін қалай ұстау керектігін үйретеді, вирустар деген не және олардан қалай қорғану қажеттігі туралы ақыл-кеңес береді. Осындай таптырмас балалар туындысы қалай жарық көргені туралы авторлар фестиваль барысында айтып берді.

Шараға қатысқан белгілі экобелсенді Ажар Жандосова экологияның қор­ғау­шысы ғана емес, баспагер, жазушы әрі кітапхана еріктісі ретінде Жандосов кен­тінде Қазақстандағы алғашқы мемле­кеттік емес кітапхананың қалай ашылғаны туралы әңгімелеп берді.

BAURZHAN қоры ұйымдастырған KITAPFEST форумына арнайы келген мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Алма­тыда жас оқырмандар саны көбей­генін, бұл үрдіс одан сайын қанат жаюы үшін барлық жағдай жасалатынын жет­кізді. Ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына – кітап. Жоба авторлары кітап мерекесі жыл сайын ауқымын кеңейте беретінін айтады.

 

АЛМАТЫ