Технология • 04 Қазан, 2021

Роботтар жұмысымызды тартып ала ма?

1496 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан ғасырда қандай да бір жаңашылдыққа таңғалудың өзі артық. Өткен ғасырдың соңында ата-анамызға мүмкін емес болып көрінген дүниелер бүгінде шындыққа айналды. Адамзат ақпараттық дәуірдің жемісін көрген шақта өмір сүріп жатқанымыз хақ. Жасанды интеллектінің жетістігін алдын ала болжау мүмкін болмаса да, бүгінгі даму бағытына қарап, алдағы елу жылдағы толық автоматтандырылған, технологиясыз бір қадам жасау қиын болатынын ішіміз сезеді.

 

Роботтар жұмысымызды тартып ала ма?

Күнделікті өмір мен әрекетіміз расымен IT мамандар айтқандай, роботпен басқарылып, технологияға байланып қала ма? Бұл сұрақ осыдан отыз жыл бұрын қойылса, жауап, әлбетте, белгілі болар еді. Ол кезде адам технологияны емес, технология адамды басқарады дегенге кім сенсін. Одан бері небәрі бірнеше онжылдықта IT саласы қарыштап дамып кетті, оған дамыған мемлекеттердің құйған қыруар қаржысы мен ерекше назары ықпал еткені анық. Қазірдің өзінде жасанды интеллект өмірімізді жеңілдеткенін аңғару оңай. Көлік, өндіріс, қаржы, денсаулық сақтау, білім беру, қала құрылысы мен ақпарат саласы ілгерілеп, тұтынушыларға жаңа әрі тиімді өнімдерді ұсынып келеді.

Осы секілді әлеуметтік желідегі дыбыс­тық хабарламалар да – жасанды интеллектінің жемісі. Одан бөлек, Google, Face­book секілді платформаларда шыға­тын жаңалықтар да әр адамның талғамы мен қызығушылығына қарай ұсы­нылуы да технологияның дамуымен бай­ланысты. Сондай-ақ технология мәтіннің грамматикалық, стилистикалық қатесін шығару, банктерде кредит беру-бермеу секілді шешім, қаржы жүйелеріндегі алаяқтықты анықтау секілді сараптамалық дағдыны да үйреніп үлгерген. Бұрындары бірнеше күнге созылған логистика мен түрлі қызмет көрсету секілді салалардың қызметі қазір әлдеқайда тиімдірек жүреді. Мұның барлығы адамзаттың технологиялық жетістігі деуге болады.

Жаңа технологиялардың дамуына бай­ланысты күмәнға толы мәселелер де же­терлік. Мәселен, роботтар еңбек нарығын жау­лап алуы мүмкін бе? Бұл мәселеде келті­ретін басты дәйек – олардың адамша ойлау қабілеті мен зияткерлігінің жоқтығы. Олар адам секілді шешім қабылдап, жазу, сызу секілді ой еңбегімен айналыса алмайды деген пікірлер болды. IT саласының мамандары бұл ұстанымды да жоққа шығарды. Роботтар зауыттар мен өнеркәсіпте ғана емес, БАҚ, жаңа медиа саласында қолданыла бас­тады. Өздігінен ақпарат дайындай алатын ақпараттық жүйелер қолданыста екені белгілі. Бұл технология күнделікті жаңалықтарды дайындайтын журналистерді де жұмыссыз қалдырды деуге болады. Олар еңбек нарығында роботтармен бәсекеге түсетін мамандықтар қатарында емес еді. Алайда, технология бір орында тұрмайды. Бұрын адамдар тек автоматтандыруға болатын қызмет үшін алаңдайтын еді, қазір кез келген мамандық иесіне ойлану керек секілді.

Роботтар жұмысымызды тартып ала ма деген сарындағы әңгімелер бұрыннан айты­лып жүр. Енді пандемия кезінде техно­логияға толығымен сенім артып, үйден жұмыс істеген қызметкерлер бұдан былай керек болмай қалмас па екен деген үрей пайда болыпты. Жазу туралы айтқанымыздай, былтыр Ұлыбританияның The Guardian басылымы GPT-3роботынан «Адамдар неге жасанды интеллектіден қорықпауға тиіс» деген тақырыпта 500 сөзден тұратын қысқа эссе жазуды сұрайды. GPT-3 сегіз түрлі бір-біріне ұқсамайтын қызық мәтін дайындап берген. Эсседе қолданылған дәлелдер мен пікірлер де қайталанбаған. Осылайша роботтардың түсінікті, мағыналы мәтін жаза алатынын дәлелдеген бұл эксперимент шығармашылық ортаға бәсеке бола алатынын көрсетті.

Әзірге толығымен кітап жазып шыға­тын технология табылмағанымен, жазушы­лардың өмірін жеңілдететін құралдар пайда бола бастады. Америкалық деректер маманы және жазушы Майкл Грин роман жазу барысында қиындықтарға тап болады. Ол бес жүз бет болған кітабын редакциялап жа­тып, сюжеттер мен кейіпкерлердің тым көп екенін байқап, шатаса бастайды. Осы­лайша, өзіне көмекші онлайн платформа әзірлеп шығады. Lynit жобасы авторларға оқиғаны, кейіпкерлерді, сюжеттік тізбектер мен тақырыптарды және негізгі оқиғаларды алдын ала жоспарлап, елестетіп көруге және біріктіруге көмектеседі.

Әлемнің ең озық жаңа технология мамандары қоныстанған Калифорнияның Силикон алқабында жасалып жатқан революция жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Олардың қызметтері мен өнімдерінде шек жоқ. Алайда мамандық иесі атана алатын роботтарға келгенде жаңа өнім бірден көзге түсті. Ол – заңгер робот. Мұндайды елес­тетіп көрдіңіз бе? Кім өзінің тағдырын сотта роботқа сеніп тапсырады екен? Десе де бұл – біз жоққа шығара алмайтын шындықтың бірі. 24 жастағы маманның осы өнімі заңмен бетпе-бет келген кез келген қолданушыға кө­мектесе алады. Әзірге сотқа барып қорғай алмағанымен, құқықтық құжаттар мен хат­тарды қалай рәсімдеудің жолын айтып бере алады. Жоба авторы: «Кей жағдайда құқық қорғау органдарының тілін, жұмыс ретін біл­месең, босқа сандалып, шашылатының бар. Сол себепті қарапайым халықтың күн­делікті қажеттілігіне жарасын деп осындай платформа жасап шықтым», дейді.

Байқағанымыздай, жаңа технология біз күтпеген салалар мен мамандықтарды игеріп жатыр. Оған таңғалудың да қажеті жоқ. Заңгер жалдау секілді қымбат қызмет­терді онлайн тегін алуға сұраныс бар. Сұра­ныс бар жерде, өнім де бар. Сол секілді, ден­саулық саласындағы жаңалықтарды да айтып өтуге болады. Ем алу, дәрігерге қаралу, дәрі-дәрмек сатып алу жылдан-жыл­ға қымбаттап бара жатқан секілді. Әсіресе, дамыған елдердегі медициналық сақтан­ды­рудың бағасы тым қымбат. Ал денсау­лық – ең қымбат байлық болып қала береді. Швецияның оңтүстігіндегі Лунд универ­ситетінің ортопедия профессоры Лейф Даль­берг, ақпараттық технологиялар маманды­ғында оқыған ұлымен бірге  остеоар­тритті емдеуді жақсарту үшін 2014 жылы арнайы мобильді қосымшаны іске қос­қан екен. Технология науқастың ауруы мен денсаулығына қарай күнде орындай­тын жаттығуларды таңдап отырады. Бұл емханадағы физикалық терапияны алмас­тыра алады. Осылайша, науқастар үйде отырып-ақ дәрігерсіз ем қабылдай береді. Сток­гольмнің 55 жастағы тұрғыны пан­демия кезінде осы бағдарлама ұсынған әре­кеттерді жасап, денсаулығын жақсартқанын айтқан. Қазір денсаулық сақтау саласына арналған технология өте көп, тек олардың ішінде нағыз мамандар жасаған сапалысын табу қиын болуы мүмкін.

Бүкіл әлем телміріп көретін сүйікті фут­болды да роботтар ойнауы мүмкін деген қауіп бар. Оны жанкүйерлердің қалай қабылдары белгісіз. Десе де, робот техни­касын зерттеушілер тобы құрған RoboCup ұйымы 1997 жылдан бастап роботтар арасында футбол жарысын ұйымдастырып келеді. Олар XXI ғасырдың ортасына қарай толықтай автономды робот футболшылар командасының ФИФА-ның ресми ереже­леріне сәйкес Әлем кубогын иеленген ко­ман­дамен жарыста жеңіске жетуін көздейді. Роботтардың әлемнің ең үздік футбол ойыншыларын жеңу тұрмақ, ресми жарыста бір алаңда ойнауы қаншалықты шындыққа жанасады? Бірақ соңғы жылдары жынысы, нәсілі немесе кез келген ерекшелігі бойынша алуандылықты сақтауға тырысып жүрген Батыс елдері роботтың да құқығы бар деп жарысқа жіберуі әбден мүмкін. RoboCup президенті және Остиндегі Техас университетінің ақпараттық технологиялар про­фессоры Питер Стоун бұл әбден мүмкін деп отыр. Оның айтуынша, отыз жыл – техно­логияның дамуы үшін ұзақ уақыт. Сон­дықтан кесіп айтуға болмайды дейді маман. Расында, соңғы отыз жылда адамзат ғарышқа туристер жіберу туралы айтып жат­қанда, роботтардың футбол ойнауы қолжетімді болып көрінеді.

Қалай болғанда да, бәсекеге қабілетті, сұра­ныстағы мамандық иесі боламын деген кез келген адам  ағылшын тілімен қатар, технологияның тілін жетік меңгеруі керек-ақ.

Соңғы жаңалықтар