Қазақстан • 05 Қазан, 2021

Комиссия құрылмаса, нәтиже қайдан болады?

200 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл партиялық бағдарламасының іске асырылу сапасын қарады. Жұмыс тобы аймақтағы 2019-2021 жылдардағы жағдаймен танысты.   

Комиссия құрылмаса,  нәтиже қайдан болады?

Мәселен, облыста осы кезеңде парақорлық фактілері бойынша 170 сыбайлас жемқорлық қылмыс, 174 – бюджет қаражатын жымқыру, 21 – лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактілері тіркелген. 222 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың 5-уі республика­лық, 25-і облыстық, 17-сі қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар.

Отырыс барысында партия мүше­лері облыстағы сыбайлас жем­қорлық деңгейі бойынша «көш бастап тұрған» білім саласына баса назар аударды. 3 жылға толмайтын кезеңде 45 қылмыс тіркелген.

Сондай-ақ нұротандықтар Семей әкімдігі жанында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның жоқтығына назар аударды. Бұл ретте, қалада 2019 жылдан бері 58 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелген. Осындай комиссия Шемонаиха ауданы әкімдігінің жанынан да құрылмаған.

«Әрбір жергілікті атқарушы орган­ның жанында мұндай комиссия болу­ға тиіс. Семейде және Шемонаиха ауданында құқық бұзушылықтар­дың алдын алу бойынша комиссиялар бар, бірақ ол мүлдем басқа, олар тұр­мыстық зорлық-зомбылықтан бастап, қауіпсіз көлік жүргізуге дейінгі жалпы мәселелерді қарайды. Сыбайлас жемқорлық қатерлерін талдаумен ешкім айналыспайды, шынтуайтында айналысатын адам да жоқ», деп мәлімдеді Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу бойынша үлкен мәселелер бар екенін Кеңес төрағасының бірінші орынбасары Қайырбек Сүлейменов те атап өтті. Оның айтуынша, басқа өңірлердегі жағдаймен салыстырғанда, тап осы Шығыс Қазақстан облысы бойынша барынша сынға толы баяндама жасалды, алайда соған қарамастан облыстың жауапты орындарының бірінші басшылары отырысқа қатыспаған.

«Жалпы, түрлі заң бұзушылықтар тек Шығыс Қазақстан облысы үшін ғана емес, барлық облыстарға да тән, яғни формализм, аналитиканың бол­мауы, сырғытпа жауап беру және т.б. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау бойынша ұйым­дас­тырушылық жұмыстар жоқ. Семейде және Шемонаиха ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ко­миссиясының құрылмағаны да осы­ның қатарында. Егер комиссия бол­ма­са, онда нәтиже де жоқ», деді Қайырбек Сүлейменов.

Сондай-ақ Кеңес мүшелері облыста партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 18 тармақ бойынша жұмыстардың орындалмау қаупі бар екенін атап өтті. Жыл басынан бері облыс бойынша Nur Otan фракциясы­ның 80%-ы қалалық және аудандық мәслихаттарда сайлауалды уәделер­дің орындалу мәселелерін тек бір-ақ рет қараған. Катонқарағай аудандық мәслихатында партиялық фракция сайлауалды бағдарламалардың орындалмау жағдайын мүлдем қарастырмаған.

Кеңес мүшесі, «Ақ жол» партия­сы­ның өкілі Меруерт Қазбекова Шығыс Қазақстан облысына сапары бары­сында жергілікті шенеуніктер жұ­мыс тобын елемеді деп есептейтінін жеткізді.

Отырыс қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірін­ші орынбасары Ал­масхан Смат­лаевты сөгіс түрінде, Семей қала­­с­ының әкімі Бақытжан Байах­метов­ті ескерту түрінде, Шемонаиха ауданы­ның әкімі Григорий Акулов пен об­лыс­тық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованы сөгіс түрінде партиялық жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейту, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдар­ламасын іске асыру жөніндегі қызметті жандандыру және облыстың барлық қалалары мен аудандарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссияларының тиісті жұ­мысын қамтамасыз ету ұсынылды.