11 Ақпан, 2014

Бас ұйым бағдарламасының үздігі

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
КазГУ-4Қазақстанның ірі университеті – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге тұрақты даму бойынша «United Nation Academic Impact» (БҰҰ Академиялық ықпал) жаһандық хабын басқару сеніп тапсырылып отыр. Бұл ресми шешім БҰҰ штаб-пәтерінен келіп түсті. Абыройлы халықаралық құрылым ҚазҰУ-дің білім мен ғылымның көшбасшысы екенін дәлелдей түсті. Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының бас­ты құндылықтарын нығайту керектігін айтты. Оның ішінде ұлттық қауіпсіздік және жалпыбейбітшілік пен аймақтық мәселелерді шешуде біздің еліміздің жаһандық қатысуы маңызды орынға ие. БҰҰ бастамасымен ҚазҰУ-де UNAI хабын құру Елбасы идеясын іске асыруға, Алматы қаласын көпжақты дипломатиялық аймақтық орталығына айналдыруға, Қазақстанның әлемдік үдерістегі жаһандық мәселелерді шешу ісінде рөлі мен беделінің өсуіне өз септігін тигізеді. БҰҰ таңдауы кездейсоқ емес: БҰҰ-ның әлемдік мойындалған он принциптерін адам құқығы, сауаттылығы, тұрақты даму және қақтығыстарды шешуге негізделген «Академиялық ықпал» бағдарламасына ҚазҰУ Орталық Азия университеттері ішінде бірінші болып қосылды. Аталған бағдарлама аясында университет өзін жетекші ғылыми-академиялық орталық ретінде байқатып, ғалымдарды белсенді түрде осыған баулыған және ғылыми-білім беру ортасын жаһандық мәселелерді шешу құралы ретінде пайдалана білді. Қазақстандағы БҰҰ өкілдігінің және Алматыдағы АҚШ-тың бас елшілігінің қолдауымен ҚазҰУ «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы» әлемдік студенттік бағдарлама-ойынының көптен бері бір бөлшегі болып келеді. Бұл болашақ мамандарды БҰҰ қағидаттарына және қауіпсіздік мәселелерін шешуге жаңа қабілеттерді қалыптастыруға тарту болып табылады. Үш жылдан астам тұрақты даму бойынша «Global Classroom» бағдарламасы қарқынды жұмыс істеп келеді. 2011 жылы ҚазҰУ БҰҰ қолдауымен «ХХІ ғасырдағы қақтығыстардың құбылмалы табиғаты» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясын өткізді. 2012 жылы ТМД елдерінің жоғары оқу орындары арасында бірден-бір білім ордасы – ҚазҰУ Бразилияда өткен «РИО+20» ғаламдық саммиті БҰҰ-ның Әлемдік форумында Елбасының «Энергия-экологиялық дамудың жаһандық дамуы» және «Жасыл көпір» идеяларын қолдауға негізделген «Жасыл көпір: ұрпақтан – ұрпаққа» атты жобасына жеке секциясын ашты. Өткен жылы университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ЮНЕСКО-ның білім беру саласы бойынша бас директорының орынбасары Цянь Танмен Париждегі кездесуінде ЮНЕСКО – UNITWIN бағдарламасына сәйкес ҚазҰУ-де тұрақты даму бойынша аймақтық хабын құру туралы шешім қабылданды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де UNAI хабының ашылуы адамзат қоғамы дамуында жаһандану тренді болып табылатын университеттің тұрақты даму бойынша көшбасшылық рөлін айғақтайды. Осы жылдың мамыр айының басында ҚазҰУ-де әлемдік деңгейдегі үлкен іс-шара – ІІІ Азия университеттері ректорларының форумы өтеді. Ол Азиялық аумақтағы қауіпсіздік пен жарқын болашақ үшін интеграциялық үдерістің мықты қозғаушы күші болмақ. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.