11 Ақпан, 2014

Шешілмеген түйіндер бар

246 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тоқырау жылдарындағы түрлі қиындықтарға қарамастан, 1993 жылдың 16 желтоқсанында – тура Тәуелсіздік күні облыстық қазақ драма театры М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен өз шымылдығын алғаш рет ашты. Сол күні театрдың 500 орындық залына сыймаған халықтың бір жартысы қақаған суықта, қуанышты бөліскен жұрт дастарқан жайып, ұлан-асыр той жасады. Сан жылдар өзге ұлттың театрына телміріп келген кезде төл театрымыздың ашылуы өлгені тіріліп, өшкені жанғанмен бірдей еді. 2002 жылы облыс орталығында арнайы жобамен қазақ драма театрының ғимараты салынды.

Содан бері жиырма жыл өтті. Өткен жылғы маусым – театр үшін мерейлі кезең. Жиырма жыл­дық­қа орай өнер ұжымы ауыл-аймақ­ты аралап, театр күндерін өткіз­ді. Теректі, Сырым, Қаратөбе аудан­дарында көрме, баспасөз-мәсли­хаты, көрерменмен кездесулер ұйым­дастырылды. Балаларға арнал­ған ертегілерден тұратын және Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жі­бек», Ш.Айт­матовтың «Ақ кеме», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келін­шек» қойылымдары халыққа рухани азық болды. Ауыл­дық ағайын театр әртістерінің өне­ріне тәнті болғандарын айтып, үлкен сый-құрметпен шығарып салып жатты. Театр шымылдығын ашқан тұң­ғыш­тар: Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Б.Молдабаев, Ж.Тілек­қабылов, А.Жүгінісова, М.Жы­лы­баев, Т.Есенғалиев, Б.Иса­лиева, М.Бек­тенов, Б.Жақы­пова және басқа­лар әрқашан сахна төрінде. Алғашқы қойылым­дарды сахналаған режиссерлер Жамбылбек Есенбеков пен Ел­кен Жылқышиновтың есімдері құрметпен еске алынады. Өмір­ден ерте озған алғашқы өнер саңлақ­тары Т.Имашев, С.Сембаев, А.Сұлтанғалиевтің отбасы мүшелері де дәйім ортамыздан табылады. Мерейтойда театр жайлы фильм көрсетіліп, үздік қойылымдардан үзінділер сахналанды. Ең басты тарту, театрдың 20 жылдық жүріп өткен жолын тасқа басқан «Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры» атты кітап-альбом дер едім. Күні бүгінге дейін театрда 100-ден астам қойылым сахналанды. Ре­пер­туарда драматургияның барлық жан­ры, ұлттық дүниелермен қатар, ау­дарма шығармалар да қам­тылған. Соң­ғы жылдары С.Бал­ғабаев­тың «Ға­шық­сыз ғасыр», Д.Иса­­бе­ковтің «Әпке», Т.Жужен­оғылының «Көшкін», А.Цагарелидің «Ханума», А.Чеховтың «Бәстесу», Г.Го­риннің «Атың өшсін, Герос­трат», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» және Ж.Шевренің «Күтпеген қайы­рымдылық» туындылары қойылды. Театр ұжымы бір жылдың ішінде үш рет халықаралық өнер бай­қау­ларына қатысып, жеті рет рес­пуб­ликалық театр фести­вальдерінде бақ сынады. Қалыс қалған кезіміз аз. Сәулетті зәулім ғимаратта екі сахна, бірнеше кіші зал бар. Грим бөлмелері, би, жаттығу залдары мен бөбектер бөлмесі өнер иелерінің алаңсыз шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді. Жақсылықтарымызды ешкім тартып алмас. Кемшіліктеріміз де жоқ емес. Ал сол қалыс қалған тұс­тарымызды оңалту үшін қолбайлау болып отырған мәселелерге қатысты өз ұсыныстарымызды айтып өткіміз келеді. Біріншіден, театр қыз­мет­кер­лерінің әлеуметтік жағдайы шым­байымызға батады. Осы кезге дейін денсаулық, білім саласында жалақы мөлшері біртіндеп көтерілді де, тек мәдениет қызметкерлері бұл игіліктен құр қалды. Соның ішінде Астана, Алматыдағы академиялық театрлар мен облыстық театрлар қыз­меткерлерінің еңбекақысы екі түрлі төленіп келеді. Екі түрлі үстемақы санатымен. Шығармашылық адамы астанада жүрсе де, ауыл-аймақта ең­бек етсе де, тек өнермен айналысады. Өнер – қай жерде де өнер. Бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы. Сондықтан жалақыға қосылатын үстемақы санаты теңестіріліп, мұндай ала-құлалыққа жол берілмеуі керек деп есептейміз. Екіншіден, театрға меценаттық көмек керек. Академиялық театрларға қаражат – Мәдениет министрлігінен, облыстық театрларға – жергілікті әкімдіктен бөлінетіні белгілі. Бірақ облыс бюджеті театрдың сан сала­лы қажеттілігін қамти алмайды. Сах­на декорациясы, киім-кешегі, бута­фор­лық дүниелер – толыққанды сапа­лы көркем шығарма, яғни бір спек­такль қою үшін – 2-5 миллион теңге көлемінде қаржы қажет. Ал жы­лына театрлар бірнеше қойылым­дардың премьерасын жасауы тиіс. Сол себепті, өңірдегі ірі кәсіп­орын­дар театрға құрылтайшы ретінде бекі­тіліп, қамқорлық жасаса деген ұсыны­сымыз бар. Үшіншіден, өткен жылы «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша өңірлерден білім-біліктілігін шыңдап жүрген мамандардың үлесі аз екені айтылды. Көбінесе Алматы мен Астана қалаларынан стипендия иегерлері басым. Сондай-ақ, театр өнері саласы бойынша мамандықтар саны шектеулі әрі қиындығы мол. Сондықтан бұл бағдарламаға аймақтардағы сахна мамандары көбірек тартылып, оларға да жеңілдіктер қаралса дейміз.

Құжырғали ТӨЛЕУІШЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры.