11 Ақпан, 2014

Өңір өнеріне қамқорлық қажет

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жер жәннаты Жетісудың кіндік қаласы – Талдықорған театры 1975 жылы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»  трагедиясы бойынша қойылған спектаклімен шымылдығын ашқан еді.

Бүгінде өңірдегі қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған бұл театр 39 жылдан бері халыққа мінсіз қызмет етіп келеді. 2000 жылы театрға Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римованың аты берілді. «Бүгінгі таңда театрымызда 86 адамның 27-сі шығар­машылық топты құрайды. Олардың біреуі Қазақстанның халық әртісі болса, тағы біреуі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері үшеу. Өнер иелерінің арасында «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері бар. Театр әртістері Б.Римованың 90, Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына арналған мерейтойларда ел есінде қалған көріністі көрсетіп қана қоймай, мүмкіндіктерге орай өзге өңірлерге ат ізін салып халық қошеметіне бөленуде», – деді Алматы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов. Әрине, жетістіктермен қатар, алда атқаруға тиіс театр ұжымының өзекті мәселелері де баршылық. Соның бірін атап айтар болсақ, театр ғимараты 1980 жылы құрылысшылардың Мәдениет үйі болып салынған екен. Сондықтан да кәсіби театрдың басты талаптарына сай келмейді. Жаңа театр ғимаратын салу қажеттігі туындап отыр. Бұл бір. Екіншіден, жыл сайын дарынды қызметкерлерге республикалық, халықаралық деңгейдегі әртүрлі гранттар мен арнаулы стипендиялар тағайындалып, өнер ұжымының шетелдермен мәдени байланысын нығайту үшін халықаралық фестивальдерге қатысуға қолдау жасалып жатса құба-құп. Тағы бір өзекті мәселе, жас мамандардың баспанасы болып отыр. Ипотека алуға олардың қазіргі айлық жалақысы жетпейді. Дәл осы тұста орайы келген бір ұсыныс, айлық табысы министрлікке қарасты театр актерлерінің алатын категорияларымен теңестірілу жолдары қарастырылса жөн болар еді. Театрдың 40 жылдығы таяп келеді. Осыған орай, әртістерге тиісті орындар тарапынан қолдау көрсетілсе өнердің мерейі өсіп, абыройы артар еді.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан». Алматы облысы.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20