Кез келген мемлекетте туындайтын саяси және азаматтық дау-жанжалдардың сол елдің экономикасына үлкен қауіп төндіретіні адамзатқа ежелден белгілі жайт. Оны біз соңғы жылдары әлемнің бірқатар елдерінде орын алған қақтығыстардың салдарынан да көріп-біліп жүрміз. Сондықтан жағдайдың қандай да бір ушығуына жол бермес бұрын мұны билік те, көшелерге ереуілге шығып, жұртшылықтың шырқын бұзатын оппозициялық күштер де жете түсінулері керек. Әрине, бұл тек айтуға ғана оңай. Іс жүзіне келгенде, сыртқы күштер «қолтығыңа су бүркіп», кейде тіпті қалтаңа ақша да салып, «көшеге шық» деп айдап салып жатса, ел мүддесі туралы ойлауға мұршаның жетпей қалатын шақтары да жиі-жиі болып жатады. Бұл да өзіміз күнделікті дерлік көріп жүрген өмір шындығы.
Әдетте, төңкерістердің салдары экономиканың күйреуі мен елдің жаппай кедейшілікке ұрынуына әкеліп соқтырады, ал сол төңкерістерге дем беруші олигархтар болса байыған үстіне байи түседі, дейді Украина сараптама орталығының президенті Александр Охрименко осы елдің Impress. ua. порталына берген сұхбатында. Оның айтуынша, төңкерістер мен жағалай жайлаған бүліншіліктер арқылы халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға болады деген сөзге тек ашық ауыз аңқаулар ғана сенеді. Іс жүзінде бәрі де мүлде керісінше болмақ.
Бұл сөздердің шындығына көз жеткізу үшін соңғы жылдары әлем елдерінде орын алған төңкерістер мен қақтығыстар тарихына аз-кем көз жүгірткен орынды. Бұл орайда, «араб көктемі» атымен белгілі болған оқиғалар нақты мысал бола алады.
Баршамызға белгілі, Тунистегі толқулар 2010 жылдың желтоқсан айында басталды. Әуелде тұрмыс деңгейінің төмендігі мен жұмыссыздыққа қарсы наразылық білдірген тунистік жастар соңынан саяси ұрандарды алға тарта бастады. Ақыры 2011 жылдың 14 қаңтарында елде «жасмин» төңкерісі жүзеге асты. Билікті күштеп ауыстыру салдарынан президент Зин әл-Абидин бен Али отбасымен Сауд Арабиясына қашты. Осыдан соң көп ұзамастан ол қызметінен қуылып, билік премьер-министрге, одан соң парламент спикеріне көшті. Билікке жаңадан келгендер елде тыйым салынған барлық саяси партиялардың жұмыс істеулеріне рұқсат беріп, саяси тұтқындарды түрмелерден босатты. БҰҰ мәліметтері бойынша, тәртіпсіздіктер кезінде Тунисте 219 адам қаза тауып, 510 адам жарақаттар алған. Ал мемлекетке келген материалдық шығын 1,6 миллиард еуроны құрады.
Алжирде әлеуметтік негізде туындаған халық толқулары Тунистегі тәртіпсіздіктермен тұспа-тұс келді. Жастардың қатысуымен өткен ереуілдер елдің көптеген аудандарын қамтыды. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, үш адам қаза тауып, 800-дей адам түрлі дене жарақаттарын алған. Келген материалдық шығын миллиондаған долларды құрап отыр. Жалпы, «араб көктемі» бұл елге 1989 жылы келген болатын деп есептеледі. Өйткені, осы жылы Алжир көп партиялы жүйеге көшкен болатын. 1991 жылы өткен парламенттік сайлауда исламистер жеңіске жетті, дегенмен, алжирлік әскерилер сайлау қорытындыларын жоққа шығарып, оның соңы экстремистермен арада туындаған қарулы қақтығысқа ұласты. Осы қақтығыстардың және орын алған террорлық актілердің салдарынан 200 мыңдай адам қаза тапты. Тек азық-түлік бағаларын арзандату, мұқтаждар үшін тұрғын үйлер салу сияқты шаралар ғана елде саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызды.
Ал енді 2011 жылдың қаңтарында Египетте басталған тәртіпсіздіктер тек осы елдің ғана емес, сонымен бірге, сол өңірдегі өзге де бірқатар елдердің экономикаларына елеулі нұқсан келтірді. Өкініштісі сол, әлемдік қаржы дағдарысы да бұл елге айтарлықтай зардаптар әкеле қойған жоқ болатын. Египеттегі нарықтық реформалар, соған ілесе шетел инвестицияларының ағылуы жылжымайтын мүлік секторына едәуір жан бітіріп, туризмді дамытып, тұтынушылық сұранысты арттырған еді. Орын алған тәртіпсіздіктер бойын енді-енді жазуға талпыныс жасап жатқан экономикаға барынша кері әсер етті. 2011 жылдың қарашасына қарай экономикалық өсу қарқыны 7-8 пайыздан 1 пайызға жетпейтіндей деңгейге дейін құлдырады, елдің валюта резерві 40 пайызға қысқарды. 2011 жылдың шілде-қыркүйек айларындағы наразылықтар Египет экономикасына күн сайын кем дегенде 310 миллион доллар шығын әкеліп отырған. Ал 2011 жылдың қорытындысында ел туризм саласынан 1 миллиард доллар қаржы жоғалтқан.
Осы жылдың қаңтар айында Иорданияда да үкіметтің экономикалық саясаты мен бағаның өсіп кетуіне қарсы жаппай ереуілдер орын алды. Ел астанасы Амманның орталығына жиналған үш мыңдай ереуілші саяси реформалар жүргізуді, үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Бұл дүрбелең де ел экономикасы үшін жеңілге түсе қойған жоқ.
2011 жылдың ақпанынан қазан айына дейін жалғасқан Ливиядағы қарулы қақтығыстар да елге аса зор қасірет әкелді. Осы мерзім аралығында мыңдаған адам қаза тауып, ел экономикасына өте үлкен шығын келген. Сирияда қалыптасқан ахуал туралы да осыны айтуға болады. БҰҰ-ның мәліметтеріне жүгінер болсақ, қақтығыстар салдарынан елде 93 мыңдай адам құрбан болған көрінеді. Дамаск дау-жанжалдар салдарынан келген шығындардың жалпы көлемін 21,6 миллиард АҚШ долларына тең деп бағалап отыр.
2013 жылы Түркияда орын алған тәртіпсіздіктер де із-түзсіз кете қойған жоқ. Мәселенің ақиқатына келсек, ереуілдер басталғанға дейін Түркия әлемдегі неғұрлым ырғақты дамып келе жатқан елдердің қатарында болатын. 2001-2012 жылдар ішінде ел экономикалық аутсайдерлер қатарынан шығып, ІЖӨ көлемі жағынан әлемде 15-інші орынға көтеріліп, экономиканың өсу қарқыны бойынша дүниежүзіндегі көш бастаушылар қатарына қосылған-ды. Экономиканың өсу қарқыны 2010 жылы – 9,2, 2011 жылы – 8,8, 2012 жылы 2,2 пайызды құрады. Осындай жақсы қарқынмен алға басып келе жатқан экономикаға елде орын алған тәртіпсіздіктер елеулі нұқсан келтірді. Бүгінде жаппай наразылықтар салдарынан Түркия экономикасына келген шығын көлемі 9 миллиард долларды құрайды деп есептелуде.
Осы орайда, бірнеше дүркін болған төңкерістер салдарынан көршіміз – Қырғыз елі экономикасының қандай күйге ұшырағанын да естен шығармағанымыз абзал.
Сонымен жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды қандай?
Саяси дау-жанжалдарды ушықтыра түсу экономиканы апатты зардаптарға соқтырады, деп есептейді Григорий Сковорода атындағы Сараптама тобының жетекшісі Валерий Кучерук. Оның айтуынша, экономикалық тұрғыдан алғанда Украинадағы наразылықтар өте бір сәтсіз уақытта басталған. Өйткені, ол кезде ұлттық банк гривна бағамының төмендеуіне жол бермей, соның арқасында елде инфляция мүлде жоқ болатын, дейді ол.
Олай болса, бүгінде аталған елде барынша ушығып тұрған наразылықтар соңының дағдарыстан енді ғана шыға бастаған ел экономикасын бұрынғыдан бетер тұралатып тастауы әбден мүмкін.
Әлемде болып жатқан түрлі дау-жанжалдар мен қақтығыстарға қатысты сарапшылар мен экономистердің пікірлері міне, осындай.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».