11 Ақпан, 2014

Қолдау нақты нәтижеге негізделеді

316 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Елбасы Жолдауын жүзеге асыру аясында әлеуметтік-еңбек саласын дамытудағы негізгі міндеттерге кеңінен тоқталды. Жалпы, осы аптада министрліктер мен ведомстволарда алқа отырыстары одан әрі жалғасады. Бұл жөнінде баяндаған ОКҚ-нің арнайы өкілі А.Әбибуллаев жалпы алқа отырыстарында өткен жыл қорытындыланып, Жолдау аясында 2014 жылға арналған жоспарлар талқыланарынан хабардар ете кетті. Оның айтуынша, Әділет министрлігінің алқа отырысына Премьер-Министр Серік Ахметовтің өзі қатысады деп жоспарланған. Ал 11 ақпандағы Үкімет отырысында өңірлердегі театрлардың көкейкесті мәселелері жан-жақты қаралады. Онда Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, облыс және Астана мен Алматы қалаларының әкім­дері өнер ордаларының бүгіні мен ертеңі туралы баяндайтыны белгіленіпті. Бұл ретте 12 ақпанда Мемлекеттік қызмет істері жөнін­дегі агенттігінің алқа отырысы орын алары белгілі болды. Бұдан басқа, 2014 жылдың бірінші жар­тыжылдығында еліміз Болон үдерісінде тең төраға лауазымына ие болғандықтан, теңтөрағалық аясында 13-14 ақпанда Назар­баев Университетінде «Болон құ­рылымдық реформалары:­ тә­жірибелер, мәселелер, келе­шектер» атты халықаралық кон­ференциясы көзделіп отыр. Бұл конференцияның басты мақсаты – жаһанданған әлемде Болон үдерісінің саясатын іл­герілету бойынша тәжірибе алмасу және перспективаларын анықтау екендігін баса айтқан арнайы өкіл әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына енуде, сапалы білімді жас буын қалыптастыруда Қазақстан үшін Болон үдерісінің рөлі ерекше екенін алға тартты. Елордада өтетін шараға Еуропаның 20 елінен келген халықаралық сарапшылар, отандық білім ордалары мен салалық министрлік өкілдері қатысады. Сондай-ақ, еліміз қабылдаған Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенция қалай орындалуда, деген сауал төңірегінде 12-13 ақпанда Қазақстан Үкіметі мен Жоғарғы Сот делегациясы Женевада Конвенцияның орындалуы туралы алтыншы және жетінші жиынтық мерзімді баяндамамен таныстырары да айтылмай қалмады. Осы күндері Мәскеуде «Про­тон-М» зымыран ұшырғышын Байқоңырдан ұшыру саны бойынша ұсыныстар дайындауға және Қазақстандағы қоршаған ортаға келтірілетін экологиялық зардаптарын анағұрлым азайтуға қатысты мәселелерді шешу бойынша Қазақстан-Ресей жұмыс тобының үшінші отырысы жүзеге асады. Ресми өкіл аптадағы алқалы жиындардан хабардар етісімен сөз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүй­сеноваға берілді. Министрдің мәліметіне қара­ғанда, 2013 жылы әлеуметтік да­мытудың көптеген базалық көрсеткіштері бойынша оң нәти­желерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, бүгінгі таңда 95 пайыз еңбек етуге қабілетті қазақстандық азаматтың жұмысы бар. «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы шең­берінде 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылыпты. Экономикалық қызметтің түрлері бойынша орташа айлық жалақы 108 640 теңгені құрап, 2012 жылғы деңгейден 7,5 пайызға артқаны да аталмай қалмады. Әсіресе, 4 миллионға жуық адам әлеуметтік төлем түрлерін алатыны алға тартылды. Балалы отбасыларды қолдау бала туу санының артуына оң ықпал еткені, соңғы он жыл ішінде бала туу саны бір жарым есеге өскені, 200 мыңдай отбасы 4 және одан көп бала тәрбиелеп отырғандығы атап көрсетілді. Министрдің айтуынша, өткен жылдың 3 тоқсанында табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың саны 533 адамды немесе тұрғындардың 3,1 пайызын құраған. Бұл ретте 90 мыңнан астам адамға тегін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі екен. Жұмыспен қамтудың жол картасы туралы айтқанда, Т.Дүйсенова кейбір облыстарда аталған бағдарламаға қатысуға үміткерлер арасында кәсіби бағдарлауды енгізу тетіктері сыналарын, сондай-ақ, кейбір өңірлерде қанатқақты режімде тірек ауылдарды кешенді дамыту тетіктері сыналатын ауылдық елді мекендер белгіленерін ерекше атады. Мемлекеттік қолдау тек әлеуеті жоғары ауылдарды да­мытуға шоғырландырылады. Келесі жылдан бастап бюджет қаражатының 80 пайызы халықтың санына пропорционалды түрде, ал 20 пайызы жұмыс нәтижесіне байланысты бөлінетін болады. Тағы бір белгілі болғаны, биылғы жылы 2015-2017 жылдарға арналған кадрларға қажеттіліктің болжамы әзірленеді. Сонымен қатар, кәсіби стандарттар әзірлеу жұмыстары өз жалғасын табады деп күтілуде. Қазіргі таңда әлеуметтік әріптестердің тікелей қатысуымен 257 кәсіби стандарт әзірленіп отыр. Және де 2015 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа үлгі енгізілетін болады, оның негізіне еңбекақы төлеу біліміне, білігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен жауапкершілік дәрежесіне қарай белгіленетін болады. Т.Дүйсенова өз сөзінде жұмыс берушілердің кәсіпорын­да­ғы еңбек жағдайы оң баға­лан­ғанда, кәсіпорын сәйкестік сертификатын алатынын және­ қызметкерлердің еңбек құ­қықтарын сақтайтын кәсіп­орын­дардың тізіліміне ен­гізі­ле­тінін атады. Мұндай кәсіп­орындар 3 жыл ішінде жос­пар­лы тексеруге жатпайды. Жұ­мыс­ берушілердің еңбек жағ­дай­ларын үнемі жақсартып тұ­руға қызығушылығын арттыру мақсатында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң­на­маға өзгеріс енгізілді. Қазіргі уақытта Ұлттық банкпен бірле­сіп зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту жөнінде шаралар кешенін әзірлеу аяқталу үс­тінде екені де ерекше аталды. Бұл шаралар жұмыспен қамтылған халықты зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейтуге, олардың қызметін заңдастыруға, зейнетақы жарналарын уақтылы және жүйелі түрде аударуды қамтамасыз етуге бағытталған, өз кезегінде зейнетақы жарналарын көбейтеді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 25 пайызға көбейеді. «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, еліміздегі мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша іс-шаралар талқыланып, іске асырылуда екенін алға тартқан министр атау­лы әлеуметтік көмек көрсету тәртібі өзгертілетінін де ерекше атады.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».