Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесімен айналысып жатқан ғалымдар елімізге күштеп жер аударылған және арнайы қоныс аударылғандарды зерттеу мәселесіне қатысты тәжірибелерін ортаға салды. Жетекші ғалымдар арасында тәжірибе және ақпарат алмасу мақсатында ұйымдастырылған кезекті республикалық тақырыптық семинарға барлық өңірлік комиссиялардың жұмыс топтарының өкілдерімен қатар, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен еріктілер қатысты.
Жиынның тізгінін ұстаған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, мемлекеттік комиссияның қызметін қолдау жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Сабыр Қасымов Мемлекеттік комиссия зерттеп жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарының басқа категорияларымен салыстырғанда бұл тақырып ең көп зерттелген мәселе екенін атап өтті. Қазақстанда бұл тақырыпқа көп көңіл бөлінген. Диссертациялар қорғалып, кітаптар, мақалалар, құрбан болғандардың естеліктері, олардың ұрпақтары жайлы жарық көрген материалдар саны көп.
Сабыр Қасымовтың айтуынша, Қазақстан большевиктік-сталиндік билік жүргізген саясатта қазақ халқының жартысы қаза тапқан саяси және әлеуметтік сынаққа арналған полигон ғана емес, Қазақстан большевиктер билігі үшін қауіпті деп саналған басқа халықтар мен әлеуметтік топтар жер аударатын полигонға айналған.
Жобалық кеңсенің жетекшісі өз сөзінде Қазақстан заңнамалық құжаттарында саяси қуғын-сүргін құрбандарының бұл санаты да ақталуға жататынын атап көрсеткенін хабарлады. Алайда тәжірибе көрсеткендей, бұл санаттағы құрбандар толығымен ақталмаған. Сол себепті, Президенттің саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы Жарлығына сәйкес мемлекеттік комиссия тиісті зерттеу жұмысын атқаруды бастап кеткен. Негізі қаланып, белгілі бір нәтижелер де шыға бастаған.
Өңірлік комиссиялардың жұмыс топтарының өкілдері әр аймақ бойынша зерттеу барысын таныстырып, нәтижелер мен алдағы жұмысты баяндап берді. Сондай-ақ кедергілер мен бірқатар ұсынысты да қатысушылар назарына ұсынды.
Қарағанды облысы бойынша зерттеу жүргізген Е.А.Бөкетов атындағы мемлекеттік университеттің профессоры, комиссия мүшесі Рымбек Жұмашев Қарағандыда орналасқан Қарлаг еңбекпен түзету лагерінде сақталған 39 мыңнан астам құжаттың зерттеліп жатқанын мәлімдеді. Ғалым Қазақстанға жер аударылғандардың барлығы шахталар, өнеркәсіптер мен ауылдарда еңбек күші ретінде орналастырылғанын баяндап берді. Сондай-ақ Қарағанды облысына қоныстандырылған халықтар туралы мәліметтер Мәскеу мұрағаттарынан сұратылып, сарапталып жатыр екен.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның 4-ші жұмыс тобының мүшесі Ләззат Шотпақова семинар барысында барлық өңірдегі әріптестерінің мәліметін мұқият тыңдап, пайдалы тұстарын түртіп алып отырғанын айтты. Бірнеше сағат бойы осы тақырыпты зерттеу барысында табылған материалдарды тыңдап, ой бөліскен әріптестер өзара тиімді тәжірибе алмасты. Ләззат Шотпақова әдетте мұрағаттағы ашық қордағы материалдармен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясында сақталған мәліметтерге де тиісті назар аударып, тереңірек зерттелуі керек екенін баса айтты.
Осылайша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып өткен ғалымдар әріптестерімен еркін ақпарат пен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.