Медицина • 14 Қазан, 2021

Балалардың көз іші қатерлі ісігіне операция жасалады

728 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде бұл күндері әсіресе, балалар арасында жиі кездесетін көз іші қатерлі ісігіне ота жасала бастады. Отандық дәрігерлер қолға алған СИАХТ отасын Орталық Азия медицина тарихындағы үлкен жаңалық деуге болады.

Балалардың көз іші қатерлі ісігіне операция жасалады

Осы уақытқа дейін көздің қатерлі дертіне шалдыққан балалардың ата-аналары көзін сақтап қалуға тырысып, шетелдік квотамен немесе жеке қаражатымен шетелге емделуге баратын. Енді осы дертке душар болған кішкентай пациенттерге елімізде емделуге мүмкіндік бар. Бұл кеселді емдеу өте қымбатқа түседі. Мысалы, Ресейде емдеу 500 мың рубль, Швейцарияда – 60-70 мың долларды құрайды. Бұдан былай елімізде ретинобластоманың орган сақтайтын емінің барлық түрін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) есебінен тегін алады.

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталы­ғын­да Орталық Азияда алғаш рет ре­тино­бластоманың көзді сақтауға мүм­­кіндік беретін селективті интра­ар­те­риялық химиотерапияның жоғары тех­нологиялық орган сақтау емін жүр­гі­зу басталды. Бұл операцияны Педиа­трия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Көз аурулары ғылыми зерттеу институтының қызметкерлері бірігіп жасайды. Көздің қатерлі дертінде қолданатын бұл ем көзді, тіпті көздің көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл отаның ең басты артықшылығы – осы.

АҚШ пен Еуропа елдерінде 15 жылдан бері, Ресейде 10 жыл бойы қолданылған селективті интраартериялық химиотерапия жоғары тиімділікті көрсетті, бұл көзді ғана емес, сонымен қатар көру қабілетін де сақтауға мүмкіндік береді. Мәселен, АҚШ-та осы әдіс көз алмасын алып тастау операцияларының санын 95%-дан 8%-ға дейін қысқартқан.

Биыл шеберлік сыныбы шеңберінде елімізде ретинобластомасы бар 7 ба­ла­ға осы СИАХТ операциясы жасалып, Н.Н.Блохин атындағы Ұлттық онкологиялық медициналық зерттеу орталығынан рентгенваскулярлық хирург Игорь Трофимов пен анестезиолог Леонид Мартынов шақырылды.

Ретинобластома – балалардағы көз­ішілік ісіктердің 90%-ын құрайды және жоғары қатерлі дерттің бірі. Бұл кесел бүкіл көз алмасын ісік тінімен толтыра отырып, көру жүйкесіне, көз ұясына, миға қарай өсетін белсенділігімен си­патталады. Ісік көру қабілетінің жоғал­уы түрінде ғана қатерлі емес, сонымен қатар метастаздың және басқа мүше­лер­де­гі екінші қатерлі ісіктердің дамуына әкелуімен қауіпті. Жыл сайын әлемде ретинобластомаға шалдыққан 8 100 нау­қас анықталып, бұл диагноз 570-810 ара­лы­ғындағы балаларға жаңа туған кезде-ақ қойылады.

Қазақстанда жыл сайын көздің қа­тер­лі ісігі 20-25 адамнан табылады. 2015 жылдан бері ретинобластомасы бар науқастар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында емделіп, Қазақ көз аурулары ҒЗИ-мен бірге лазерлі транспупиллярлы термотерапия, интравитреальді химиотерапия, криодеструкция емдері енгізілген еді. Енді орган сақтау әдістерінің бірі – селективті интраартериалды химиотерапия қолданылады.

«Педиатрия орталығында көздің қа­терлі ісігіне ота жасау үшін барлық жағ­дай жасалған. Арнайы медициналық жабдықтар, аппаратура және дайындығы бар мамандар бар. Қазақстанда алғаш рет орган сақтауға мүмкіндік беретін СИАХТ операциясы басталды. Бізге және науқас балалардың ата-аналарына аталған емнің жаңа түрінің енгізілуі – ерекше оқиға. 2016 жылдың қараша айында ретинобластома кезіндегі СИАХТ-тың жаңа технологиясын қарастыруға өтінім берілген еді. Пандемияға байланысты клиникалық хаттама 2021 жылғы 25 тамызда ғана бекітілді. Осы уақыт ішінде Ресейдегі Н.Н.Блохин атындағы Ұлттық онкологиялық медициналық зерттеу орталығының мамандарымен 2 мастер-класс өткізіп, 12 балаға операция жасадық», дейді дәрігер-офтальмолог Елена Тян.

Еске сала кетелік, биыл 15-18 маусым күндері Педиатрия орталығында Ресейден келген шетелдік мамандардың қатысуымен «Ретинобластоманың се­лек­тивті интраартериялық химиотерапиясы» тақырыбында көзішілік қатерлі ісікті, медицина тілімен айтқанда, ретинобластоманы көзді сақтай отырып емдейтін шеберлік сыныбы өтті.

Ретинобластома пациенттерінің үштен бірінде тұқым қуалайды. Рети­нобластоманың алғашқы және жиі кезде­се­тін симптомы – лейкокория – белгілі бір жарық кезіндегі ақ жарқыл (мысалы, камера шамының жарқылы). Ісік көздің басқа бөліктеріне ене бастағанда, бала көру қабілетін жоғалта бастайды, кейде толық соқырлыққа дейін барады. Екі көздің көру өткірлігі әр түрлі болады. Сондықтан балаларда қыли көзділік пайда болуы мүмкін (жағдайлардың ша­мамен 25-30%-ында кездеседі). Си­рек жағдайда баланың көзі ауырады, қызарады немесе көзішілік қысым жоға­рылаған кезде ісінеді.

Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің технологияны мақұлдауы және медициналық-экономикалық тарифті бекітуі күтілуде. Бұл осы операцияны отандық орталықтың базасында енгізуге және елімізде жоғары технологиялық орган сақтаушы ем жүргізуге мүмкіндік береді. Емнің біре­гейлігі – ауруды ерте анықтаған жағдайда қос жанарды сақтап қалуға болады.

 Азиз ОҢЛАСЫНОВ,

рентгенохирург:

– Мұның ерекшелігі, қан тамыр­ларының ішіне, көз артериясына химиялық препаратты енгіземіз. Бұл – бүкіл организмге әсер етпей, тек керекті ағзаға әсер ететін, көзді сақтайтын опе­рацияның бірі. Бұрын жүйелі терапиямен емделетін, барлық ағзаға таралатын дәрі-дәрмекпен жасалды. Енді көзге ғана әсер етеді. Дәрі-дәрмектің концентрациясы дәл ісіктің өзіне барғандықтан нәтижелі болады. Ретинобластома балалар арасындағы көзішілік ісіктің 90 пайызын құрайды. Көз алмасын, көру жүйкесін, көз ұясын зақымдап, ісік ми­ға дейін жайылуы мүмкін. Ісік көру қабілетінен айырумен қатар, бүкіл ағзаға әсер етуімен қауіпті. Жыл сайын әлемде ретинобластома диагнозы 8 мыңнан аса, ал Қазақстанда 20-25 адамға қойылса, оның 40 пайызында туа біткен немесе тұқым қуалайтын кесел. Жүре пайда болуы да мүмкін.

 

Алуа ӘУБӘКІРОВА,

офтальмолог дәрігер:

– Ретинобластоманы анықтау үшін суретке жарықпен түсірсек, сол кезде қарашығы сары болып жанады. Екінші белгі – қылилық. Ол қылилық көздің түбінде ісік пайда болғаннан кейін білінеді. Дер кезінде бастасақ, көзді аман сақтап қалуға болады. Көзді ғана емес, көруді сақтап қалатын операция. Айта кетейік, АҚШ-та селективті интраартериалды химиотерапия емі жоғары тиімділікті көрсетіп отыр. Қазақстанда бұл операция квотамен тегін жасалады. Оны қажет болған жайда бірнеше рет қайталауға тура келеді. Біздің мамандар да одан жақсы нәтиже күтеді. Қазірдің өзінде 12 балаға операция жасалды.

Міне, осылайша алғашқы оталар да сәтті аяқталды.