Қазақстан • 18 Қазан, 2021

Рухани қазынаның қайнары

1275 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елдің рухын серпілтіп, еңсесін көтерген, елді­гі­міздің ерен үлгісін әлемге паш еткен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама­сы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен іске асқаны баршаға мәлім.

Рухани қазынаның қайнары

Нақты айтар болсақ, осыдан 18 жыл бұрын  Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында мем­лекеттік бағдарламасын жария етіп, сұрыпталған Тұжырымдама бойынша айқындалған басым бағыт­тарды толық атқарып шығу­ды Үкіметке тапсырған бола­тын. Осы іске негіз бол­ған басты міндеттердің бірі – әлемдiк ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттiң таң­даулы жетiстiктерi негiзiнде гума­ни­тарлық білім берудiң мемле­кеттiк тiлдегi  толыққанды қорын құру еді.

Бұл орайда, жоғарыда атап өт­кеніміздей әлемдік ой жетіс­тік­терін аудару арқылы қазақ­стандық қоғамның әлеуетін арттыра отырып, тарихи мәні зор ұлт­тық мәдени мұра қатарына жа­татын сирек кездесетін отандық қолжазбалар мен құнды кітап­тар­ды жарыққа шығару нәти­же­сінде, еліміз тарихының бей­мәлім беттері айқындалды.

Атап өтер болсақ, бағдар­ламаны іске асырудың алғашқы екі жылында 218 аталым кітап әзірленіп, жарыққа шықты. Осы­ның ішінде: «Қазақ әдебиетінің тарихы» 10 томды­ғы­ның 9 томы жарық көріп, «Әлем әде­бие­ті кітапханасы» се­риясы бо­йын­ша 34 том кітап қазақ тілін­де, «Әлем­дік мәде­ниет­тану ой-санасы», «Әлем­дік фи­лосо­фиялық мұра», «Батыс дерек­көз­деріндегі Қазақстан тарихы» жоба­ларының әрбірінің 10 том­дығы, «Қазақ­тар құқығының ежелгі әлемі» серия­сының 8 то­мы жарық көрді. Ұлт тарихында бұрын-соңды мұндай орасан бай, рухани қазына жарық көрген жоқ.

2007 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық Кеңес мүшелерімен кездес­кен Елбасы Н.Назарбаев, жоғарыда атқа­рылған рухани және ағартушылық қызметтерге қанағаттанарлық деңгейде баға беріп, сонымен бірге еліміздің мәдени мұраларын сақтау және тиімді пайдалануда үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Осылай Тұңғыш Президенттің қол­­дауына ие болған рухани-мәдени ағар­ту­шылық жұмысы Бағдарламаның әрі ­қарай жалғасын тауып, орыс, ағыл­шын және қазақ тілінде «Қазақстан Рес­пуб­ли­касы» ұлттық энциклопедиясы, «Си­но­нимдер сөздігі», «Қазақ тілінің орфо­­графиялық сөздігі», «Қазақ тілінің орфо­эпия­лық сөздігі», «Қазақстан ар­хео­ло­гиясы», «Қазақстанның орта ға­сыр­дағы қалалары» қатарлы кітап-альбом­дар көпшілік назарына ұсыныл­ды. Бұл туын­дыларға Бағдарлама лого­типі қойы­­лып, біртекті дизайнмен бе­зен­­дірі­ліп, көр­кемдік, техникалық және­ поли­гра­фия­лық жағынан жоғары дәре­жеде жасалды.

Бағдарлама аясында аса мән беріл­ген бағыттың бірі – «Әлем әдебиетінің кітапханасы» сериясы бойынша: Джорж Байронның «Чайльд Гарольдтың сапары. Қабыл. Теңіз көкжалы», Оноре де Бальзактың «Шегірен былғарысы», Мулуд Маммеридің «Апиым мен таяғы», Уильям Шекспирдің «Трагедиялар мен сонеттері», Гетенің «Фаусты», Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол, майданы», Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтары», Владимир Набоковтың «Машенька» және «Лужин қорғанысы» атты әлемдік жауһарлар қазақ оқырман­дарымен қауышса, «Қазақстан тарихы» сериясы бойынша көптеген құнды жазба деректер араб, парсы, түркі, қытай, манжур, шағатай, моңғол, көне славян және батыс тілдерінен аударылды.

Сондай-ақ «Қазақстанның тарих және мәдениет мәселелері» серия­сы бойынша жүздеген тиражбен 442 аталым кітап жарық көрді. Бұл туынды­ларға жеке-жеке тоқталар болсақ, «Әлем­дік тарихи ой сана» 10 том, «Қазақ­с­тан тарихы ежелгі дүние шығар­ма­ларын­да» 2 том, «Қазақстан тари­хы ІХ-ХVІІ ғасырлардағы араб дерек­көздерінде» 3 том, «Қазақстан тарихы V-ХVІІ ғасырлардағы иран-парсы дереккөздерінде» 5 том, «Қазақстан тарихы ХV-ХХ ғасырлардағы түркітілді дереккөздерде» 5 том, «Қазақстан тарихы қытай дереккөздерінде» 5 том, «Қазақстан тарихы моңғол дерек­көздерінде» 3 том, «Қазақстан тарихы ХVІ-ХХ ғасырлардағы орыс дерек­көз­дерінде» 10 том, «Қазақстан тарихы ХІІ-ХХ ғасырлардағы Батыс дерек­көздерінде» 10 том, «Әлемдік фило­софиялық мұра» 20 том, «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы» 10 том, «Әлемдік әлеуметтану ой-санасы» 10 том, «Әлемдік саясаттану ой-санасы» 10 том, «Экономикалық классика» 10 том, «Әлемдік психология» 10 том, «Әлемдік психология ой-санасы» 10 том, «Ерте дүниеден бүгінге дейінгі қазақ­тың философиялық мұрасы» 20 том, «Батыс философиясы», «Шығыс фи­лософиясы», «Антика дәуірі философия үлгілерінің қазақ тіліндегі аударма мұрасы», «ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдағы Батыс және Қазақстан кәсіби философиясы», «Орта ғасырлық ислам-түрік және Жаңа дәуірдегі Батыс философиясы», «Қазақстан ХІХ ғасыр суретшілерінің шығармаларында», «Қазақстан Мемлекеттік Орталық му­зейі­нің археологиялық коллекциясы: Сақтар мен Үйсіндер мәдениеті», «Қазақ­стан Мемлекеттік Орталық музейі қорын­дағы бірегей қолжазбалар мен басы­лымдар», «Қазақ Алтайының көне қазы­на­сы», «Есік қорғаны мұралары» қатар­лы құнды еңбектер әрқайсысы бір-бір том болып шықса, «Қазақ халқының дәс­түр­лері мен әдет-ғұрыптары» қазақ және орыс тілінде 2 том, «Әлемдік өнер­тану тарихы» және «Қазақ өнерінің тарихы» әрқайсысы 3 том, «Қазақстан архитектурасы» 8 том, «Психология» 5 том, «Қазақ музыкасының антологиясы» 8 том, «Әлемдік әдебиеттану», «Әлемдік өнер­тану», «Әлем фольклористикасы» әрбірі 3 том болып баспадан шықты.

 Сонымен қатар «Қазақ халқы­ның дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» сөз­дігін дайындау жұмысы да қолға алынды. Осы мақсатта, үйлену әдет-ғұрпы; бала тәрбиелеу дәсүрі туралы; діни әдет-ғұрыптар мен мерекелер; қазақтардың нанымдары мен танымдары; отбасылық, шаруашылық, өндірістік және қолөнер, т.б. тақырып­тарда ғылыми әдебиеттер зерделеніп, қажет материалдар жиналса, Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық мұ­ражай «Қазақ халқының тарихи ан­тропологиясы» атты моногра­фия­ны баспадан шығарды. Бұл еңбек­те Қазақстанның ежелгі және қазір­гі тұр­ғындарына жүргізілген кешен­ді антропологиялық зерттеулер негі­зін­де ежелгі қоныстанушылар мен қа­зір­гі қазақтар арасында 40 ғасырға со­зыл­­ған антропологиялық даму мен ге­не­­ти­калық тұқым қуалаушылық үрд­і­сі алғаш рет ғылыми дәлелін тапты.

Жыл сайын Қоғамдық кеңес негізінде құрылған секциялар жұмысы ғылыми-зерттеу институттарының ұсыныстарын зерделеп, ғылыми ортаның тілектерін ескере келе, «Әл-Фараби шығармалары» 10 том, «Қазақ хандығының тарихы мен мәдениеті туралы қытай архивтеріндегі құжаттар» 2 том, «Әдеби жәдігерлер» 20 том, «академик Әлкей Марғұланның шығар­малары» 14 том, «Шоқан Уәли­ханов шығармалары» 6 том, «Қазақ музы­ка­сының антологиясы» 8 том, «Қазақ­стан сәулет өнерінің тарихы» 10 том, академик Салық Зимановтың ұсыны­сымен «Қазақ құқықтануының көне әлемі» 10 том, «Тарих және мәде­ниет ес­керт­кіштер жинағы» 5 том болып, сондай-ақ Қазақстан бейнелеу өнерінің классиктері Әбілхан Қас­теев, Сергей Калмыков, Орал Таң­сық­баевқа, өнер тарландары Ғазиза Жұбанова және Әзірбайжан Мәмбетовке арналған жеке-жеке альбомдар аталған Бағдарлама арқылы жарыққа шық­ты. Сонымен қатар Қазақстан та­рихы өнертану, мәдениеттану, та­рихи-мәдени аспектілерін қамтитын жи­нақ­тар мен ғылыми еңбектердің бас­па се­рия­ларын әзірлеу мақсатында құ­рыл­ған «Тұран мұрасы» жобасын жү­зе­ге асыру жоспарына сәйкес «Арал-Кас­пий­дің тарихы мен мәдениеті» атты бірінші кітап шығып, «Сарыарқа – дала өркениетінің бесігі» атты ғылыми жинаққа материалдар әзірлеу аяқталды. Бұл жинақ «Тарих», «Археология», «Этнография», «Өнер. Сәулет. Музыка» атты бөлімдерден тұрды.

Бағдарламада көрсетілген басым бағыттар қатарына жататын саланың бірі ғылыми энциклопедиялық туындылар десек, бұл орайда «Қазақстан ғылымы» энциклопедиялық анықтамалығы; «Ислам» энциклопедиялық сөздігі; «Қазақ мәдениеті» энцикло­педия­лық сөздігі; «Қазақ әдебиеті» энцик­лопедиялық сөздігі; «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық сөздігі; «Қазақ­стан топонимикасы» энциклопе­диялық анықтамалығы; «Экономика» энцик­лопедиялық анықтамалығы, т.б. құнды кітаптар жарық көріп, бұл туын­ды­лардың кейбірі орыс тіліне аударылып шығарылды.

Оған дейін тәуелсіз мемлекет ретінде жаңадан дайындалған «Қазақстан Ұлт­тық энциклопедиясы» атты 10 том­дық іргелі еңбек жарық көріп, ол бар­лық еліміз кітапханаларына, кітап дүкен­деріне таратылды. Келесі кезекте аталған энциклопедияның ықшамдалған нұсқасын 5 том етіп орыс тілінде да­йындау ісі ойдағыдай атқарылды.

«Алғаш Бағдарламаның іс-шара­сына бекіткен тұста жоғарыда атап өткен кітап «қазақ тілінде дайындалсын» деген пәрмен болды. Алайда қолжазбаларды әзірлеу барысында ішінара өзгерістер енгізілді. Яғни бірер серияларды орыс тілінде шығаруға мәжбүр болдық. Оның да объективті себептері бар-тын. Оған кейбір шет тілдерінен тікелей қазақша аударатын аудармашы тапшылығы әсер етті. Сондай-ақ Бағдарламаны атқару­ға бөлінген уақыт шектеулі болған­дықтан, қолда бар мүмкіндікті пайдала­нып, кейбір серияларды тездетіп түп­нұс­қадан орысшаға аударғанды жөн сана­дық. Әйтеуір орысша мәтіні дайын тұрса, кейін қазақшалай жатармыз деп шештік. Сөзімізді түйіп айтар болсам, осы жылдар ішінде таралымы екі мил­лионға жететін алты жүздің үстіндегі аталым кітап пен альбом жарық көрді», дейді «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының сол кездегі жауапты хатшысы, танымал қаламгер Әлібек Асқар мырза.