Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Бағдарламаны тыңғылықты жүзеге асыру мақсатында құрылған Қоғамдық Кеңестің 2007 жылы 13 ақпанда өткен кеңейтілген отырысында, бұған дейін атқарылған істерге жоғары баға беріп, келесі кезекте мәдени мұраның заттық блогы халықтың материалданған жады іспеттес археологиялық нысандардың барлық түрін сақтап, жаңғыртуға көңіл бөлумен бірге, халқымыздың бай қазынасы музыкалық мәтіндерге де ерекше назар аударуды ескерткен еді.
78 ескерткіш жөнделіп,
28 нысанға реконструкция жасалды
Расында, отандық археологиялық мәдени мұраларымыздың маңызына тоқталар болсақ, біріншіден, өзіміздің ежелгі тарихымызды білу болса, екінші маңызды бөлігі, еліміз аумағында алғашқы мемлекеттің қашан пайда болғанын анықтау арқылы тарихымыздың терең қатпарларына үңіле аламыз. Мысалы, Есік, Шілікті, Қырқабат аумағында жүргізілген қазба жұмыстары Қазақстанның жерінде алғашқы мемлекет VІІІ ғасырда құрылғанын дәлелдеп отыр. Әсіресе, Есік қорғанынан табылған мұралар ондағы мәдениеттің өте жоғары, әлемдік деңгейде болғанына кепілдік етуде. Сондай-ақ археологиялық мұралардың арқасында Арал бойы мен Алтайда сақтардың, Батыс Қазақстанда сарматтар мемлекеті болғаны айғақталса, аталмыш бағдарлама нәтижесінде, қаңлы, үйсін мемлекеттері туралы жаңадан ғылыми деректер ашылды. Сондай-ақ, археологиялық мәдени мұраның үшінші маңызды бөлігі – туризм индустриясын дамытуға мұрындық болу. Бұл бағытта қазірдің өзінде көптеген жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Жоғарыда Елбасы ұсынған бағдарлама аясында тәуелсіздік жылдары республикалық дәргейдегі ғылыми-зерттеу мекемелері, мұражайлар мен кітапханалар ұлттық мәдениетімізде айрықша орын алатын қолданбалы, тарихи-мәдени, сәулет және археологиялық ескерткіштерге ғылыми зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 2004 жылдан бастап, кейінгі он шақты жыл аралығында 78 тарих және мәдениет ескерткіш жөнделіп, олардың баршасына қалпына келтіру жұмыстары жасалды. «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша 28 тарихи нысан жаңғыртылды.
Бағдарлама шеңберінде алғашқы екі жылда (2004-2006) 35 тарихи және мәдениет ескерткішке жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, аяқталды. Осылардың ішінде Айша Бибі, Арыстан баб, Абат Байтақ, Ысмайыл ата, Сырлы там, Есім хан, Шоқай датқа, Оқшы ата, Қара сопы, Аққойлы мешіт-медресесі, Қарақожа, Ақтас, Үшарал, Шопан ата, Қараман ата мазары қатарлы маңызды обьектілер бар. Бұл нысандардың іргетастары бекітіліп, қабырғалары мен күмбездеріне, шатырлары мен едендеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, осы іс үшін ескі үлгідегі кірпіштер дайындалды. Сөйтіп, Бағдарлама шеңберінде тарихи-мәдени мұра нысандарын қайта жаңғырту және консервациялау жұмыстары үздіксіз жалғасын тапты. Әсіресе, еліміз тарихына байланысты алыс және жақын шетелдердегі тарих пен мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіру, зерттеу ісі қолға алынды. Атап өтер болсақ, Монғолия қатарлы шет елдер аумағынан табылған көне түркі руникалық жазулары бар тастардың көшірмесін алу жұмыстарына алғаш рет қадам жасалды.
Сонымен қатар Дамаск қаласында әл-Фараби кесенесі мен этномәдени орталығын салу және монументалдық ескерткіш орнату, Каир қаласында сұлтан Бейбарыстың мешітін қайта жаңғыртумен қатар, Өзбекстан Республикасы аумағындағы Әйтеке би кесенесін зерттеу және қайта жаңғырту жобалары іске асты.
Ал республика көлемінде Бағдарламаның алғашқы жылдары Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар облыстары бойынша ескерткіштер жинағына материалдар сұрыпталды. Облыстардағы тарих және мәдениет ескерткіштеріне зерттеу жұмыстары жүргізіліп, электронды базасы құрылды. Барлық өңірдегі ескерткіштердің карта-схемалары жасалып, сараптан өткен мәтіндер баспаға дайындалды. Ең маңыздысы, ел аумағында тарих және сәулет ескерткіштер жинағын дайындайтын жұмысшы тобы құрылып, бұл іске базалық ғылыми әлеуеті зор мемлекеттік мекемелер тартылды.
Сондай-ақ ЮНЕСКО тізіміне енгізілген мәдени және аралас мұра нысандарын қорғау, олардың аумағы мен аймақтық шекарасын айқындау жобасы жүзеге асты. Нәтижесінде, нысандардың қорғалу аймағының картасы әзірленіп, құжат мәтіндері құрастырылды. Бұл ескерткіштердің қорғалу аймағы негізінде түсіндірмелік жазба жұмыстары атқарылып, маңызды нысандардың дерекқорын жасау жұмысы аяқталды. Атап айтқанда, арнайы қабылданған жоба негізінде мәлімет базасының интерактивтік бағдарламасы әзірленді.
Яғни ЮНЕСКО-ның алдын ала қабылдаған нысандар тізімін мәлімет базасына енгізу (редакциялау, сканерлеу, форматтау) және графикалық материалдарды дайындау жұмыстары сәтті атқарылып, дизайн формасын әзірлеу, бағдарламаға мәліметтер енгізу мен пайдалану жұмыстары ойдағыдай орындалды. Интерактивтік бағдарламаға енгізу үшін дайындалған мәліметтік база мен операциялық жүйені апробациялау, сонымен қатар интерфейсті жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстар өз шешімін тапты. Мысалы, Ешкіөлмес кешенінің құжаты қазақша, орысша дайындалып, кешеннің археологиялық картасы мен оның қорғалатын аймағы қосымша берілді. Осы қосымшада иллюстрациялық тәсілмен безендірілген альбом, кешеннің негізгі учаскілері көрсетілген карта, кешен ескерткіштері мен ландшафттарының фотопанорамасы, фотосуреттері мен фрагменттері қарастырылды. Осы бағытта Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысындағы Қаратау жотасындағы палеолиттік ескерткіштерді алдын ала және мұрағаттағы зерттеуінің есебі дайындалды. Бұндай күрделі жобалар болашақта Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде жалғасады деп күтілуде.
Музыкалық мұралар жаңғыртылды
Бағдарламаның тағы бір маңызды жобасы – тарих және мәдениет ескерткіштер жинағын басып шығару жұмыстары. Бұл өз кезегінде ғылыми-анықтамалық энциклопедиялық басылым санатына жатқызылды. Сонымен қатар бағдарламада көрсетілген жобаларды орындау үшін – Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы жанынан Ұлттық кітап жәдігерлерін табу, сатып алу, кітаптар мен көне қолжазбаларды қалпына келтіру жөнінде, Президенттік мәдениет орталығы базасында ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты жанынан Мұрағат құжаттарының сақтандыру көшірмесін жасау және қалпына келтіру жөнінде Мұражай қорын қалыптастыру және қалпына келтіру мақсатында орталықтар құрылды.
Әсіресе, мәдени маңызы зор «Тұран мұрасы» жобасы аясында – Қазақстан тарихының өнертану, мәдениеттану, тарихи-мәдени аспектілерін қамтитын жинақтар мен ғылыми еңбектердің баспа сериялары әзірленді. Жобаны жүзеге асыру жоспарына сәйкес, осы сериялардың «Арал-Каспийдің тарихы мен мәдениеті» атты бірінші кітабы жарық көрді. «Сарыарқа – дала өркениетінің бесігі» атты ғылыми жинаққа материалдар жиналды. Жинақ «Тарих», «Археология», «Этнография», «Өнер. Сәулет. Музыка» атты үш бөлімнен құралды.
Сонымен қатар «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» сөздігін дайындау жұмыстары жүргізілді. Сөздікті дайындау мақсатында үйлену әдет-ғұрыптары, балаларды тәрбиелеу салт-дәстүрі туралы, діни әдет-ғұрыптар мен мерекелер, қазақтардың нанымдары мен танымдары, жанұялық, шаруашылық, өндірістік және қолөнері жайлы ғылыми әдебиеттер зерделеніп, тиісті материалдар жиналды.
Бағдарлама аясында атқарылған тағы бір игі іс – халқымыздың ежелгі рухани қазынасы ұлттық музыка мұраларының жаңғыртылуы. Атап айтар болсақ, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерватория қорынан, еліміздің мұрағаттары мен қоймаларындағы аса көрнекті ауызекі кәсіби дәстүрде орындаушы – музыканттардың фоножазбалары қалпына келтіріп, қазіргі заманғы аудиотасымалдаушыларға қөшіру жобасын жүзеге асырылды. Осы мақсатта Орталық мемлекеттік кинематография мен дыбысжазба мұрағатының жанынан сирек үнжазбаларды сақтандыру қоры құрылып, қазіргі заман талабына сай, аудиотасымалдаушыларға дыбысжазбалар мен бейнематериалдарды жазып алу үшін арнайы қондырғылар сатып алынды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 255 қазақтың ескі күйлерін аудиотасығыштарға жазып шығарды.