Саясат • 21 Қазан, 2021

Үш жылдық бюджет мақұлданды

149 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар үш жылдық бюджет жобасын мақұлдады. Коронавирус індеті басталған бір жарым жылдан бері алғаш рет Мәжілістің жалпы отырысы бұрынғы, толыққанды дәстүрлі форматта, журналистердің қатысуымен өтті.

Үш жылдық бюджет мақұлданды

Депутаттар алдында 2022-2024 жыл­дарға арналған республикалық бюджет және осы жылдарға арналған кепіл­ден­дірілген трансферт туралы Ұлттық эконо­мика министрі Әсет Ерғалиев, Қаржы ми­нистрі Ерұлан Жамаубаев және Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады.

Республикалық бюджет туралы заң жобасы Қазақстан Республикасы Пре­зи­ден­тінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсыр­малары және партияның сайлауалды бағ­дарламасы негізінде әзірленді. Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығма­тулин жол картасының барлық тар­мақ­тары уақтылы және толық қаржы­лан­дырылуы тиіс екенін айтты. Бұл мәселе – нұр­отандық депутаттардың тұрақты бақы­лауында. Осы мақсатта бюджет жоба­сын Мәжілісте қарау барысында әлеу­меттік инфрақұрылымды салу, қайта жа­ңарту және жөндеу жөніндегі жоба­ларға, ауылдық елді мекендерді сумен жаб­дықтауға, оңалту орталықтарын салуға арналған шығыстар ұлғайтылды.

Жалпы отырыста  «2022-2024 жыл­дар­ға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды. Аталған құ­жат жөнінде бірінші болып Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сыртқы және ішкі факторлар әсер еткен.

«Республикалық бюджет жобасы мұнайдың бағасы барреліне 60 доллар деп есептелді. Мұнай өндіру көлемі 2022 жылғы 87,9 млн тоннадан 2026 жылы 107,4 млн тоннаға дейін ұлғая­ды. 2022 жылы ішкі жалпы өнімнің нақ­ты өсуі 3,9 пайыздық деңгейге жетеді деп бол­жан­ған. 2026 жылы 5,2 пайызға ұлғаяды. 2022 жылы 87,1 трлн теңгеге өсіп, 2026 жылы номиналды ішкі жалпы өнім 119,9 трлн теңгені құрайды. 2022 жылы тауарлар экспорты 60,1 млрд доллар деңгейіне жетеді деп болжанған және 2026 жылға дейін 79,8 млрд долларға дейін ұлғаяды. Тауарлар импорты 2022 жылы 40,8 млрд доллардан 2026 жылы 43,4 млрд долларға өседі», деді Ә.Ерғалиев.

Министрдің келтірген деректеріне сүйен­сек, республикалық бюджеттің кіріс­тері трансферттерді есепке алмағанда 2022 жылы болжам бойынша – 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы – 9,7 трлн теңгені, 2024 жылы 10,4 трлн теңгені құрайды. «Кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы – 2,4 трлн теңге, 2023 жылы – 2,2 трлн теңге және 2024 жылы 2,0 трлн теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылып отыр. Бұдан басқа, Ұлттық қордан 2022 жылы 550 млрд теңге мөлшерінде, 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 млрд теңгеден нысаналы трансферт тарту ұсынылады. 2022 жылы бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 3,3 пайыз деңгейінде, 2024 жылы 2,5 пайызға төмендейді», деді ведомство басшысы.

Осылайша, Республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 трлн теңге, 2023 жылы – 15,6 трлн теңге және 2024 жылы 16,0 трлн теңгені құрамақ.

Бұдан кейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сөз алды. Оның айтуынша, Республикалық бюджет түсімдері биылғы жоспарға қарағанда 432 млрд теңгеге ұлғайып, 2022 жылға 13 трлн теңгеге жететіні болжанып отыр. Айта кетерлігі, Республикалық бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің үлесі біртіндеп азаймақ. «Мәселен, биыл 43,6 пайыздан 2024 жылға қарай ол 28,6 пайызға дейін төмендейді. Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт 2022 жылы биылғы жылмен салыстырғанда 300 млрд теңгеге, ал 2023 және 2024 жылдары тағы 200 млрд теңгеге азайту жоспарланған.

Келесі жылға Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 550 млрд теңге және 2023-2024 жылдарға 400 млрд теңге мөлшерінде белгіленді. Мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі биылғы 56,4 пайыздан 2024 жылға қарай 71,4 пайызға дейін өседі деп болжанған. Бюджет тапшылығы 2022 жылы ішкі жалпы өнімге 3,3 пайыздан 2024 жылы 2,5 пайызға дейін кезең-кезеңмен төмендемек. Шығыстар келесі жылы 15,9 трлн теңгені құрайды», деді министр.

Ведомство басшысының сөзіне қара­ғанда, үш жылдық кезеңде әлеуметтік са­ла шығыстары 26,7 трлн теңгені құ­рай­ды. Соның ішінде 2022 жылы бұл көр­сеткіш биылғы деңгейіне қарағанда 643,2 млрд теңгеге ұлғайып, 8,1 трлн тең­геге жетпек. «Бюджеттің жалпы көлеміндегі бұл шығыстардың үлесі ендігі жылы 50,8 пайызға дейін өседі. Шығыстар көлемінің көп бөлігі азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мен олар­ға көмек көрсетуге бағытталған. Ден­сау­лық сақтау жүйесін дамытуға арналған шығыстар 2022-2024 жылдары 5,7 трлн теңгені, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңгені құрайды. Осы қаражат шеңберінде медицина қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту көзделген. Білім және ғылым жүйе­сін дамытуға 3 жылға 7 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңге көз­делген. Бұл биыл бөлінген қаражаттан 477,1 млрд теңгеге артық. Білім беру ұйым­дары педагогтері мен медицина қыз­мет­керлерінің еңбекақысын көтеруге 4,3 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға 1,1 трлн теңге қарастырылып отыр», деді Е.Жа­маубаев.

Министр келтірген деректерге сүйен­сек, экономиканың нақты секторын қол­дауға және дамытуға арналған шығыстар орта мерзімді кезеңде 3,6 трлн теңгені, оның ішінде 2022 жылға 2,0 трлн теңгені құрайды. Қаражат «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы-2025», «Аг­роөнеркәсіп кешені» және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға да жұмсалады.

Айта кетерлігі, заң жобасын талқылау бары­сында бірқатар түзету енгізілген екен. Е.Жамаубаевтың айтуынша, түзе­ту­лердің алғашқы легі Мемлекет басшы­сы­ның биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына қаржылық қамтамасыз етуге бағытталған. «Мәселен, 2022 жылға азаматтық қыз­метшілердің жекелеген санаттарының еңбекақыларын көтеруге 143,4 млрд теңге сомасында қаражат көзделген. 2023-2024 жылдарға арналған қажеттілік 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде ескеріледі. Түзетулердің екінші блогы депутаттардың бастамасына сәйкес халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған. Осылайша, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға, ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен, су бұру қызметтерімен қам­та­масыз етуге, сондай-ақ тұрғын үй-ша­руашылығын дамытуға қосымша қара­жат көзделген. 2022 жылы өңірлерге рес­пуб­ликалық бюджет қаражаты есебінен шамамен 4,7 трлн теңге бөлінеді. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 29,3 пайызын құрайды», деді министр.

Сондай-ақ Есеп комитетінің ұсы­ныс­тары да ескерілген. Осылайша, оның жалпы сомасы үш жылға 173,3 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде шы­ғыс­тарды 7,1 млрд теңгеге азайту да кіреді.

Бұдан кейін сөз алған Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсуі 3,4 пайыз болған. «Мұнайдың орташа бағасы барреліне 68 доллар деңгейінде қалыптасты. Бұл серпін Қазақстан экономикасын дамытудың оптимистік сценарийіне сәйкес келеді. Мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 70 долларына жеткенде Ұлттық банк ішкі жалпы өнімінің 2021 жылы 3,7-4 пайызға өсетінін болжайды. Әлемдік және ұлттық экономикалардың осындай тез қалпына келуіне фискалдық ынталандыру бағдарламалары мен жеңіл ақша-кредит талаптары мүмкіндік берді. Сонымен бірге бұл факторлар тұтынушылық сұра­ныстың қалпына келуіне және әлемдегі инфляциялық қысымның айтарлықтай өсуіне әкелді. Жыл басынан бері бағаның өсу тарихи ең жоғары көрсеткіштерді жаңартып отыр. Әлемнің ірі эко­номика­ларында инфляция 13 жыл­дағы ең жоғары көрсеткіштерге жетті. АҚШ-та 5,4 пайызға дейін, Еуропалық одақ­та 3,4 пайызға дейін өсті», деді Е.Досаев.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, биылғы екінші жартыжылдықтан бас­тап Қазақстанда инфляцияның өсуіне тұтынушылық белсенділіктің тез қал­пы­на келуі, экономиканы фискалдық ынта­лан­дырудың жалғасуы және жекелеген тауар нарықтарындағы бағаның тұрақ­сыздығы әсер еткен. «Азық-түлік бағасының өсуі негізгі инфляцияға ықпал етті. Бұл сала жалпы инфляцияның жартысынан көбіне үлес қосады. Азық-түлік инфляциясы биылғы қыркүйекте уақытша және орнықты факторлардың әсерінен 11,5 пайызға көбейді. Осы жылғы шілде-тамызда жаз айларына тән емес және ұзақ сақталатын көкөністер (картоп, сәбіз, қызылша) бағасының соңғы жылдардағы рекорд өсуі тіркелді. Ет, өсімдік майы және қант бағасының өсуі инфляцияны жылдамдатудың тұрақты факторы болып отыр», деді Е.Досаев.

Тұтынушылық белсенділіктің қалпына келуі, жанар-жағармай және ұзақ пайдаланылатын тауарлар бағасының өсуі салдарынан Қазақстанда азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5 пайызға өскен. Электр энергиясы, тұрғын үйді жалдау және көлік қызметтері бағасының өсуі ақылы қызметтер инфляциясын 6,8 пайыз­ға жоғарылатқан. «Ұлттық банк эконо­микадағы сұраныстың өсуіне жа­уап ре­тінде дезинфляциялық ақша-кредит сая­сатын жүргізу аясында шілдеде және қыркүйекте базалық ставканы 9 пайыздан 9,5 пайызға дейін екі рет көтерді. Сұраныс тарапынан инфляцияға қарсы қысым биылғы 8 айда тұтыну тауарлары импортын 24 пайызға өсірді. Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған саясатты жалғастырады», деді Е.Досаев.

Сондай-ақ «Қазақстан Республи­ка­сының Ұлттық қорынан 2022-2024 жыл­дарға арналған кепілдендірілген транс­ферт туралы» заң жобасы қаралды. Атал­ған мәселе жөнінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады. «Заң жобасы Бюджет кодексінің 24-бабына сәйкес әзірленді. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепіл­дендірілген трансферттің мөлшерін 2022 жылы 2,4 трлн теңге, 2023 жылы 2,2 трлн теңге, 2024 жылы 2 трлн теңгеге белгілеу ұсынылады. Кепілдендірілген транс­фертті республикалық бюджеттен ортақ зейнетақыларды төлеуге және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне бағыттау ұсынылады», деді Әсет Ерғалиев.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин 2022-2024 жылдарға арналған респуб­ликалық бюджеттің жобасын мақұлдау барысында бірінші кезекте, әдеттегідей, әлеуметтік міндеттерді қаржыландыруға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Н.Нығматулиннің айтуынша, алдағы үш жылға арналған республикалық бюд­жет жобасы мемлекеттің барлық әлеу­меттік міндеттемелерін орындауға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ елді дамыту мақ­саттарына сай келеді, пандемиядан кейінгі қалпына келтірудің күрделі жағдай­ларын ескеріп жасалған. Бұл ретте депутат­тардың да, Үкіметтің де міндеті – бөлінген қаражаттың мақсатты, ашық әрі тиімді игерілуін бақылау.

Сонымен қатар бюджеттік заң жоба­ны талқылау барысында мемлекеттің тұ­рақ­ты дамуына экономикалық және әлеумет­тік ахуалға қатысты сұрақтар жан-жақ­ты қаралды. Нәтижесінде, 2022-2024 жыл­дарға арналған республикалық бюд­жетті мақұлдау жөніндегі қаулы қабыл­данды. «Біз Парламенттің де, Үкімет­тің де алдында тұрған  ең жауапты мін­деттің бірі – үш жылдық бюджетті мақұл­дадық. Осы үш жылдық бюджетте бірінші кезекте, әдеттегідей, әлеуметтік мін­дет­терді қаржыландыруға ерекше назар ауда­рылды. Шын мәнінде, бюджеттің жар­тысы осы салаға арналды деуге болады. Сонымен бірге еңбекпен қамту, кәсіп­кер­лікті қолдау, бизнесті дамыту, ауыл­ды өркендету ісіне, басқа да сала­ларға тиісті қаражаттар қаралды. Осы­ның нәтижесінде біз еліміздің және халқымыздың әлеуметтік экономикалық бағытын одан әрі нығайтуға тағы бір нақты қадам жасадық. Ендігі басты міндет – осы қаражаттарды жоспарға сәйкес, өз уақытында, тиімді пайдалану. Осы жолда Үкімет депутаттық корпуспен бірлесе отырып, нәтижелі жұмыс атқарады деп сенеміз», деді Мәжіліс Төрағасы.

Заң жобаларын талқылау барысында депутаттар жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар сұрақ қойып, өз пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, депутаттар үш жылдық бюджет жобасында мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға 79,8 млрд теңге қарастырылғанын, осы қаражат есебінен мүгедек адамдар техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілетініне тоқталды. Мұндай құралдардың қатарына про­тез­дер, арбалар мен санаторий-курорт­тық ем алу кіреді. Сондай-ақ 84 мың тех­никалық компенсаторлық құрал, 9,6 мың есту аппараты, 16 мың тифлотехникалық құрал және басқалары сатып алынбақ.

Депутаттардың пікірінше, 2020 жылдан бері аталған тауарларды сатып алу «Әлеу­меттік көрсетілетін қызметтер порта­лы» деп аталатын министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырыла­ды. Бірақ тұрғындар көптеген пробле­маға тап келген. Мәселен, тауарлар сапа­сын өздері анықтауы тиіс. Егер ақау табыл­ған жағдайда, қайтару мәселесін де өз есе­бінен шешуі тиіс. Осыған байланыс­ты депутаттар тиісті министрлік басшысына сауал қойып, сапалы жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.