Әдебиет • 26 Қазан, 2021

Дүбірден туған өлең

1720 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Осылай мақала жазып, толғануымызға классик жазушы Тәкен Әлімқұловтың Борис Слуцкийден аударған «Мұқиттағы жылқы» деген аудармасы себеп болды. Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығының дені ең алдымен, өнерге сосын жылқыға тығыз байланысты. Қадау-қадау ғасырлардан бері жылқы түлігімен мұңдас, сырлас, тағдырлас болған қазақ халқының әні мен өлеңінің негізі де жылқы болғаны шындық.

Дүбірден туған өлең

Біз әлі күнге дейін тыңдап жүрген «Жорға тай», «Екі жирен», «Бурылтай», «Маңмаңгер», «Сұр жекей», «Ақбақай» сияқты халықтық сипаттағы әндер әрине, халық композиторларының жылқыға деген махаб­баты­нан туындаған. Әндер­ден бөлек Абылай ханның күйлері және халық күйшілерінің «Ақала аттың жүрісі», «Телқоңыр», «Көкбалақ», «Жетімторы» атты күйлері де ұлттық өнеріміздің мәйегіне айналды. Бәрі де жылқы түлігіне деген сезім мен сүйіспеншіліктің белгісі.

Қазақ жазба әдебиетіндегі жылқы туралы хакім Абайдың «Аттың сыны», Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» сияқты мәңгілік туындылары жадымыздан әлі өшкен жоқ. Қазақы өмірдің қыры мен сырын білетін ақын әрине, жылқы туралы жақсы жырлар жазуға міндетті. Бірақ дала төсінде құйғыта шауып, табаны тиген жердің сом топырағын ойып жіберетін болат тұяқ тұлпарлар туралы кімнің қаламы жүйрік болғанын сараптайтын да уақыт жетті.

Абай қалыптастырған поэзия мек­тебінен түлеген ақындардың жылқы туралы жыр жазбағаны кемде-кем. Бірі, көне дәуірді көз алдыңа елестетіп, арғы заманға қиялмен сапар шектірсе, енді бірі, қыл құйрықтың қадірін білген халық екенімізді қайтара есімізге салады, ойландырады.

Қош, сөз басына оралайық, әлгінде айтқан «Мұхиттағы жылқы» өлеңін жазушы Тәкен Әлімқұлов былай ауда­рыпты:

«Жалдайды суға

күн туса жылқы,

Малтығып демде қалады, бірақ.

Үйірдің сансыз бұзылды шырқы,

Бетінде судың, сапарда ұзақ.

 

Тиеліп жылқы кемеге алып,

Келе бір жатты қапаста налып.

Жағалауды аңсап

мың жылқы дәтсіз,

Дүңкілдейді тағасы төрт мың.

 

Болды да, әттең, сапары сәтсіз,

Жануарларды тосты

бір дерт-мұң.

Жарылды кеме минаны басып,

Жағалау болса –

мойны тым қашық».

Өлең осылай жалғаса береді, су жұ­тып шыққан жылқының «у-шу» болып, «түбіне судың кеткенше» тын­бай жылағанын жеткізеді. Былай қа­ра­саң, адамның жылағаны өз алдына, ал жылқылардың жылауы не сұмдық? Ой үстінде отырып, жылқының тағдыры – адам тағдыры екеніне сене бастайсыз. Алаш арыстарының бірі, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы да жылқы тақырыбын айналып өте алмапты. «Ат» деп аталатын өлеңі тұлпар мен иесінің өзара диалогы сипатында жазылғанымен, ойы терең жыр екені сөзсіз.

«Сен неге, тұлпар атым, кісінейсің?

Жабығып неден көңілің,

түсті еңсең?

Ерігіп, ауыздығың қарш-қарш

шайнап,

Бұ қалай, бұрынғыдай сілкінбейсің?

 

Әлде мен бабың тауып

бақпадым ба?

Болмаса жемнен қысып,

сақтадым ба?

Әйтпесе, әбзелдерің сәнді емес пе?

Жібектен тізгініңді тақпадым ба?

Малдырып саф алтынға үзеңгіңді,

Тағаңды шын күмістен

қақпадым ба?

 

Жауабы иесіне берген аттың:

«Сұрайсың не себептен

мен жабықтым?

Алыстан құлағыма келер дүбір

һәм даусы

керней тартып, атқан оқтың.

 

Кісінеп себебім сол мен аһ ұрған,

Көп жүріп далада енді сейіл құрман.

Әбзелмен жарқыраған әсем басып,

Аз қалды сыйлы,

сынды күндер тұрған».

Атқан оқтың дауысынан «жабыққан» жылқының мұңын ақын сәтті жеткізе алған. Оқтың адам баласы ғана емес, төрт аяқты хайуанға да үрей мен қор­қыныш сыйлайтынын осы өлеңнен түсінеміз.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың да қаламы жылқы жануарын жырға қосқан. Оның «Майданның бәйгесіне» атты өлеңі бір талай шындықты ашып айтқысы келетін жыр.

«Қарасаздың су ішіп бұлағынан,

Жүретұғын құлпырып құла құнан.

Қылығы да, жұп-жұмыр мүсіні де,

Аумайтұғын киіктің лағынан.

 

Қимылдаса ши басы секем алып,

Құйын болып далаға кетеді ағып.

Үйірінен үзіліп жеке қалып,

Жарысатын желменен жеке барып.

 

Желіге де байланбай құлынында,

Жел ойнатып жүретін тұлымында.

Тай болды, құнан болды әлі бірақ,

Көрген жоқ жылқышының

 құрығын да».

Басына құрық тимеген шу асау­лар­дың еркіндігін қазақ халқының еркіндігіне теңегісі келген көреген ақын­ның ойын сезіну үшін жылқының халін, сырын білуге тиіспіз. Бұдан әрі ақын жылқы мен қазақтың етене екенін, табиғатты тірек еткен ұлт пен кең далада борт-борт желген күліктердің тағдыры туралы айтқысы келеді.

«Іздесең мені кімде-кім,

Қаладан іздеп жүрмегін!

Үйіме де іздеп кірмегін!

Аязды боран ақ таудың,

Арасында өмір сүргемін.

Солармен мәңгі біргемін!».

Мұқағали Мақатаевтың «солармен мәңгі біргемін» деуінде салмақ бар, өлеңнің айтары ойы осы тұста. Мейлі қандай заман болсын, жылқы – қазақ, қазақ – жылқы деген ұғымды осы бір тармақ өлеңге сыйғызып тұр.

Енді қазақ өлеңіне өзгеше стиль ала келген ақын Қадыр Мырза Әлидің «Жылқысын» оқып көрелік.

«Қыл шылбырын сүйретіп,

Қай шумағың шашау жүр?

Әбден сені үйретіп

Алдық білем, асау жыр.

 

Омақасып өлсең де,

Осқырыну жоқ сенде.

Сен дайынсың мінсем де

Сен дайынсың жексем де.

 

Ой тұндырып көзіңе,

Ұстағанмен күйлі етіп,

Төрт аяқтың өзімен

Қойдық сұлу билетіп.

 

Орасан іс істеумен,

Өшті ме оты үміттің?!

Баяғыша тістеу мен

Тебуді де ұмыттың».

Ақын жазып отырған өлеңін даланың сұлу жылқысына теңейді, ен далаға барып, бусанып келші деп тілек айтады. Орынды тілек. Қадыр Мырза Әлидің бұдан басқа да жылқы тақырыбындағы жырлары көп. Бәрі дала тұлпарларының салтанатын асырған сарабдал туындылар.

Қазақ поэзиясындағы құбылыс ақын Жұматай Жақыпбаев та жылқы туралы жыр жазған, жылқы болғанда, өзінің Кенежирен деп аталатын атына бір емес, бірнеше өлең арнаған. Ақынның «Кене­жирен-ай, қос өкпең сенің неге күйген-ай» деуі Қамбар ата түлігіне деген шынайы махаббатын бейнелесе керек. Жүйрік баптап, көкпар тартқан Жұматай серінің «Кенежирен» өлеңі аттың сипатын анықтап тұрғандай. Ол бүй дейді:

«Алдынан сөре, артынан

қиқу таялса,

Бұзау тіс қамшы бұтынан

шақса шаянша,

Құла жирен ат құйқылжып

шығып баянша,

Құла бір дөңнен

құйқылжыр еді қоянша.

 

Арқасы қозса, ылди ма,

өр ме, елемей,

Зымырар еді сындарлы

сырлы жебедей,

Ауаны тасып аспанда

ұшқан кемедей,

Немесе безіп түрмеден

қашқан немедей».

Өлең бір деммен оқылады, Кене­жи­ренді аспандатып, асқақтатып тұрған жоқ, оның өзі білетін қалпын, мінезін оқырманға дәл жеткізіп тұр деп ойларсыз. «Зымырар еді сындарлы сырлы жебедей» дегенінен-ақ Кенежиреннің топтың алдын бермейтін жануар екенін аңдайсыз. Ақын Жұматай осындай саңлақ мінбей қайтсін?!

«Зырқырар еді сүрінем деп

те қорықпай,

Тоқтатар оны кедергілер

де жолықпай.

Сөрені бетке ап үш күндік

жерден зорықпай,

Құйындар еді құланын

көрген қодықтай.

Ән болып біткен

Құлагер әлгі күліктей,

Бәйгеден келсе керінейшілер де

ілікпей.

Алшаңдар еді ала аяқтары

бірікпей,

Қылықты қыздың қасынан

келген жігіттей…».

Өлең осылай аяқталады. Ақынның саңлағына тамсанып, тақым қысасыз. Жұматай Жақыпбаев жырлаған Кенежи­ренінің шабысы туралы оқи бастағанда, Сырым Датұлының: «Ат – шабысына қарай шабады, ер – намысына қарай шабады» дейтін сөзі ойға оралады. Кене­жиреннің шабысы «Сөрені бетке ап үш күндік жерден зорықпай, құйындар еді құланын көрген қодықтай» дейтін шабыс. Ақынға сол ұнайды, соны жырлады, әрине, өз биігінде жыр етті.

Оқырман арасында көп оқылған дү­ние­нің бірі Олжас Сүлейменовтің «Арғымақтар» атты өлеңі. Қаланың қаза­ғы болса да, Олжас ақын дала­ның болмысын жатсынған жоқ. «Арғы­мақтарды» Әбіш Кекілбайұлы, Қадыр Мырза Әли мен Ұлықбек Есдәулет орыс тілінен қазақшалады. Үшеуінікі де классикалық аударма. Бірақ біз Әбіш Кекілбайұлының аудармасынан мысал келтіріп көрелік.

«Қыпшақтардың ой-хой,

құба жондары-ай,

Жер тарпыған тұлпарын айт,

 тұлпарын!

Шар айнадай сауырына

қомдап ай,

Арғымақ жүр

Көк шалғынға-көк кілемге

Сүртіп мүйіз ұлтанын.

 

Берші менің тақымыма біреуін,

Жеті қиян жер түбіне асайын.

Арғымақтай аласұрған жүрегім

Шапшып-ақ тұр,

Оны қалай басамын».

Дала еркіндігіне ғашық жанның аңса­ры, арманы дерсіз. Ақын бір сәт арғы­мақ мініп, бел асып, өр қиялына жүйріктің бөкен желісі қосылып, қиянға қыдырып келгісі келеді. Арысы түркі, берісі қазақ баласының атқа мінуден асқақ арманы болған ба?! Ат үстінде өзін әулие санайтын халықтың ұрпағы өлеңін осылай еркіндік әлемінде сөйлете бастайды. Жырда арғымақтың тектілігі де қалтарыста қалмайды, ке­рі­сінше, айқын­дала түседі. «Көк шалғынға-көк кілемге, Сүртіп мүйіз ұлтанын» деуі де әне содан.

«Атылайын арғымақтың жалына,

Соңымда тек сақ-сақ күліп

дос қалсын.

Балғын шалғын айналып көк жалынға

Нөкер болып артымда ақ шаң

топтансын.

Шаппай тұлпар кісінеме атпын деп,

Шабайықшы шаң қоңдырмай етіне.

Шабайықшы көп жыл

тыныш жаттың деп.

Момын қырдың былш-былш

ұрып бетіне».

Ақын қиялы арғымақтың жалына жабысып, сонау қырларға, көк майса белдерге кеткісі келетіндей. «Жылқы – малдың патшасы» деп білген халық даналығы да осындайдан шықса керек. Ақыны жырға, әншісі әнге қосып, қыл құйрықтардың қадірін асырып, оның тектілігін танып жетуге санамызды сілкілейді. Олжас Сүлейменовтің өлеңінің атын «Арғымақтар» деп атауында да үлкен сыр бар сияқты. Жыр­лап отырғаны арғымақтар емес, қазақтар шығар деп те ойланасыз. Арғымақ сөзінің төркіні туралы ғалым Серікбол Қондыбай: «Бүгінгі қазақ тіліндегі «арғымақ» сөзі «жылқының таңдаулысы, тектісі, жүйрігі дегенді білдіреді, бұл сөздің бастапқы мағынасы мүлдем басқаша, Арғымақ – «арғы түпкі ана»; Арғымақ – «арғы о дүниелік ана»; Арғымақ – «Арғы Имақ ана»; яғни арғы­мақ – Аруг-Имақ» – «Ұлы Баба» бейнесінің бір варианты» деп пайымдау жасайды. Қалай дегенмен де, арғымақ сөзі бізге жақын, етене. Олжас ақынның мөлдірете жырлауы да сондықтан.

Ақ қағаз бетіндегі жылқының бейне­сін оқып отырып, еркін дала төсіндегі жылқылар туралы ойлайсың, кенет қара­сы, құласы мен торысы, күреңі, жирені өзгеше қалпында көз алдыңа келе қалады. Еркіндікті сүйетін текті жануарлардың жырдағы болмысы биік­тей береді.

Ендігісі ақын Тоқтарәлі Таңжарық­тың «Жылқылары».

«Олар шұрқырап сұп-сұры

тұманнан шығатын,

Қайтадан кіретін

 сұп-сұры тұманға.

Дүбірден дүниенің жүрегі

дүрсілдеп тұратын,

Жаңғырып бейуақ кіл аңғар...

 

Қолымызға құрық ап құла

дүзден іздейміз,

Іздейміз оларды –

Көшпенді жылқысын.

Құла ма, қоңыр ма, қылаң ба...

білмейміз,

Біз үшін беймәлім түр-түсі.

 

Бізді де солардай барады жеміріп,

Уақыт пен қара жол –

Ирелеңдеген қос жылан!

Жалы мен құйрығы сусылдап,

төгіліп,

Бұл күнде олар тек түсімде осқырар.

 

...Іңірде жатқан бір жандайын

есінеп,

Тарихым ұмытқан олардың тұяғын.

Мен оны мінемін далалар төсінде,

Иә, бұл кәдімгі ақынның қиялы.

...Енді үнсіз отырмын

сағыныш сарғалдақтарын

бүрлетіп санада,

жусаны бұрқырап

көктем ғой бұл мезгіл құлпырар.

Құлазу кейпіндегі

мендік бұл қасіретті білмейді

тағы олар,

 Кісінегім келеді бейуақ...

Шұрқырап...

...Қайда сол үйірлі жылқылар?!», дейді ол. Шынымен, қайда сол жылқы­лар? Маң даланың төсінде үйір-үйірімен жүретін қылқұйрықтар қайда? Олардың тұқымы неге азайып барады? Ақынды мазалаған осы сұрақ бәрімізді бейжай қалдырмайды. Санаға салмақ түсірер бұл сұрақ кешегі күннен бізге жетіп, ертеңге жалғасатын түрі бар. Ата-баба­ла­рымыздың сайын сақараны, ен даланы атпен жортып, бізге аманаттап кеткен топырақта сәйгүліктердің дауысы неге естілмейді? Тоқтарәлі ақын айтпақшы, «қолымызға құрық алып жылқы іздеу» – өзімізді іздеуіміз емес пе?!

Ақынның «Тарихым ұмытқан олар­дың тұяғын» деген тармағы осы өлеңді оқыған, дұрысы сезінген адам үшін ауыр­лау. Біздің тарих нелерді жоғалтпады дейсің? Ал енді сол жоғалтуға қасиетті боз күліктердің жер тарпыған дүбірі мен сом тұяғын жоғалту қосылса, не болмақ?

Сұп-сұры тұманға қарай шөгіп ба­ра жатқан жылқыларды елестете отырып, есіңізге бірден Серікбол Қон­ды­байдың арғықазақ тарихындағы жылқылар туралы аңызы түседі. «Су­дан шығатын тұлпарлар туралы аңыз­дардың барлығы бір – Хасарлы (Каспий) теңізінің жағалауына келіп тоғысады. Маңғыстаулық қазақтар теңіз жылқыларын «суын» деп атайды, миф пен аңыздың болмысына қарай «суын бие», «суын айғыр» деп ажыратады. Аңыз бойынша суын айғырлар жыл маусымының белгілі бір кезеңінде, яғни нақты бір күні теңіз астынан жағаға шығады екен. Міне, осы датаны (судан шығатын күнді) білген жылқышылар өздерінің үйірдегі биелерін сол маңайға жібереді. Міне, осындайда суын айғыр түсіп буаз болған биелер болса оларды бөлектеп бағып, одан туған құлынды ерекше күтімге алып оңаша өсіреді екен. Маңғыстауда байлығымен аты шыққан Саназар бай туралы да нақ осындай аңыз бар». Міне, ғажап! Жылқы туралы мифтің өзі бізді тым арыға жетелейді. Оны зерделеу үшін сергек сана, ұшқыр ой керек.

Әлем ғалымдары жылқыны ең алғаш қолға үйреткендер қазақ халқы деп біледі. Бұл да біздің тарихымыздың, мәдениетіміздің тым арыда екенін айғақтайтын ақиқат. Даласында үйір-үйір жылқы өсірген ұлттың өзі жылқы мінезді болуы да сондықтан. Кешегі жыраулардан қазіргі ақындарға дейінгі аралықтағы төрт-бес ғасырда жылқы туралы сан мың тарау шығармалар жазылды. «Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, мен – жылқы­дан жаралғанмын» деген Асқар Сүлей­меновтің ойлы сөзі санамызда жаңғыра береді. Жеті қазынаның бірі саналатын текті жануар туралы әлі де талай жырлар жазылар, бастысы, қазақтың – жылқыдан, жылқының – қазақтан айыры­лар күні болмасын.