ПАРИЖ. Таяуда жүргізілген сауалдама бүкіл Францияны дүр сілкінтіп өтті. Әсіре оңшыл эссеист, тележүргізуші Эрик Земмур алда келе жатқан президенттік сайлауға қатысса, 17 пайыз дауыс жинауы мүмкін екен. Осылайша, ол екінші орынға шықпақ. Оған қоса, әсіреоңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясы атынан сынға түсетін Марин Ле Пенді басып озбақ.
Земмурдың танымалдылығы 2000-жылдардан бастап артты. Ол теледидардан жиі көрініп, консервативті Le Figaro газетіне тұрақты түрде мақала жазып тұрды. Сөйтіп ол саяси ойындағы маңызды ойыншыға айналды. Оның көзқарасы қазіргі саяси жүйені шайқалтуға бағытталған. Бірақ алдағы президенттік сайлауға қатысты нақты бір ұстанымы жоқ.
Земмурдың саяси тірегі – Cnews арнасы. Ықпалы мол бұл арнаны Vivendi group компаниясының басты қожайыны, миллиардер Винсент Боллор қаржыландырады. Әдетте ең қызықты бағдарламасын көретіндердің саны әрі кетсе 800 мыңнан әрең асатынына қарамастан, Cnews-дің аудиториясы кейінгі төрт жылда екі есе өсті. Осылайша, Cnews Францияда тәулік бойы жұмыс істейтін арналардың ішінде екінші орынға нық бекіді.
Компанияның бизнес үлгісі өзекті жаңалықтарды түсіндіру және күрделі мәселелерді жеңіл жеткізетін пікірталастарға негізделген. Бірақ көбіне экстремалды ұстанымдарды көрсетеді. CNews бен Zemmour-дың жетістігінің кілті – олар Дональд Трамптан үлгі алады. Яғни экстремалды пікір ұстанады әрі арандатуға жиі барады. Мысалы, Земмур таяуда қоғамды дүр сілкінтті. Ол аты-жөні Мұхаммед секілді «шетелдіктерге» елге кіруге тыйым салуға шақырды.
Француз әсіре оңшылдары кейінгі 30 жыл ішінде исламға, иммиграцияға, білім берудегі сәтсіздіктерге сын айтып, сондай-ақ француз өркениеті құлдырап барады деп дау-жанжал көтеріп жүр. Земмурдың экстремистік пікірі мұндай көзқарасты күшейте түсті. «Экстремист» деген бергі жағы. Земмур кейінгі бірнеше жыл ішінде өшпенділік пен нәсілдік зорлық-зомбылыққа шақырғаны үшін екі рет жауапқа тартылды.
Земмур өзінің La France n’a pas dit son dernier mot (Франция өзінің соңғы сөзін айтқан жоқ) атты жаңа кітабында осындай зорлық-зомбылыққа шақыратын тақырыптардың бәрін қамтыған. Ол бүкіл дінді жеккөрінішті етіп көрсетіп, сөйтіп иммиграцияға қарсылық туғызудан үміттенеді.
Оның пайымдауынша, мұсылман иммигранттар Еуропаның жергілікті тұрғындарын «батпаққа батырып», жерін басып алады. Осылайша, жаңа «колонизаторлардың» қала көшелерін исламдандыруы француз ұлтының келешегіне қауіп төндіреді.
«Францияның бірде-бір шағын қаласы, бірде-бір ауылы ұрлық, зорлау, тонау, азаптау және өлтірумен айналысатын шешен, косовалық, магриб немесе африкалық бандалардың жабайы топтарынан қорғалмаған», деп жазады ол.
Земмурдың тарихты ашық түрде бұрмалағанына таңғалудың қажеті жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Виши режімі «француз еврейлерін қорғады» дейді ол. Ол агрессивті түрде жүргізетін осындай қыңыр саясатын бәріне міндетті деп есептейді.
Земмур келер жылғы көктемде өтетін президенттік сайлауда осы тақырыптардың қызу талқыланғанын қалайды. Францияның телеарна қызметін реттейтін le Conseil Supérieur de l’Audiovisuel (CSA) ұйымы оны басқа кандидаттардан артық көрсетпеуді тапсырды. Сөйтіп оның теледидардағы эфир уақытын қадағалап, өзге үміткерлерден артық мүмкіндікке ие болмауын бақыламақ.
Земмур феномені түрлі көзқарасты ұстанатын француз саяси партияларының бәрін алаңдатады. Бірақ олардың алаңдау себептері де әртүрлі. Әсіресе оның әрекеті Ле Пенге қатты әсер етеді. Өйткені ол әсіре оңшылдардың басты өкілі болудан үміттенеді. Дәстүр бойынша Франциядағы наразы топ дауысын не популистерге, не қолдаушысы аз үміткерге береді. Мәселен, 2017 жылғы сайлауға дейін бұл топтағылар негізінен Ле Пеннің партиясын қолдады.
Ле Пен 2017 жылы өзін президенттікке заңды кандидат ретінде көрсету үшін партияның көшбасшысы ретінде ұстанымын әкесінен (партияның негізін қалаушы және бұрынғы көшбасшы) және оның реакциялық, нәсілшіл және антисемиттік көзқарасынан өзгеше екенін көрсетуге тырысты.
Бір жылдан кейін ол тіпті партияның атын өзгертті. Бірақ мұндай өзгеріс оған тиімді бола қойған жоқ. Соның салдарынан Ле Пенді қолдайтындардың біраз бөлігі Земмурды жақтап шыға келді. 28 қыркүйекте жарияланған сауалдама Ле Пенді қолдайтындар саны 2017 жылғы президенттік сайлаудың бірінші турында қол жеткізген 28 пайыздан 16 пайызға төмендегенін көрсетті.
Земмур сонымен қатар дәстүрлі оңшыл орталық Les Républicains партиясын да алаңдатады. Көптеген француз консерваторы бұрын антисемиттік көзқарас ұстанған «Ұлттық бірлестікке» дауыс беруге ниетті емес. Бірақ олар сефард еврейі Земмурдың иммиграцияға қатысты қазіргі оңшыл көзқарасын пайдаланып кете алады.
Ең сорақысы, Земмур атақты Шарль де Голльдің үш сүйікті тақырыбын – ұлттық тәуелсіздік, әлеуметтік саясат және христиандық Франция идеясын икемдеп, өзін Голлизм идеясының басты қолдаушысы ретінде көрсетеді. Әсіре оңшылдар мен оңшылдар арасындағы нәзік тақырыпты қозғай отырып, республикашылардың Ле Пенге ешқашан бермеген дауысын тартып алмақ.
Бірақ Земмур кандидатурасы оңшылдарға зиян тигізуімен қатар, оған қызмет етуі мүмкін. Егер Земмур Ле Пенді жеңсе, сауалдамадағы қазіргі фавориті Ксавье Бертран секілді тағы бір оңшыл үміткер сайлаудың екінші турына өтіп, қазіргі президент Эммануэль Макронның басты қарсыласы атануы мүмкін. Макрон халықтың қолдауын иеленіп кетуі мүмкін Бертраннан қауіптенуі керек. Өйткені солшыл және центристік сайлаушылар Макронның екінші мерзімге сайлануына кез келген жағдайда кедергі жасағысы келеді.
Сондай-ақ тым оңшыл тақырыптардың қызу талқылануы Макронға зиян тигізуі мүмкін. Ол экономикалық және әлеуметтік жетістіктерін, білім беру саласында атқарған шараларын және оның еуропалық көзқарасына екпін бергісі келеді. Бірақ «ислам» мен «иммиграцияны» басты проблема етіп көрсететін популистік қарсыласына қарсы үгіт жүргізгенде бұл оңайға соқпайды.
Земмур сайлауға қатыса ма, әлде жоқ па, белгісіз. Кей сарапшылар оның кем дегенде 500 әкімнен қажетті мақұлдауды жинай алатынына күмәнданады. Бірақ оның кандидатурасын қолдайтын француз сайлаушыларын елемей тұра алмаймыз. Қоғамның едәуір бөлігі саяси элитаның қазіргі саясатынан көңілі қалғаны анық.
Земмур қандай шешім қабылдаса да, ол CNews және басқа да оңшыл БАҚ-пен бірге саяси пікірталастарды өзгертіп, бүкіл үміткерді иммиграция мен қылмысқа назар аударуға мәжбүр етті. Макрон да Марокко, Алжир және Тунис азаматтарына виза беруді қатаңдатуға шешім қабылдады. Осылайша, үміткер болмаса да Земмур қазірдің өзінде келесі жылғы сайлаудағы басты қарсылас атанып отыр.
Бенедикт БЕРНЕР,
саясаттанушы,
Гарвард университетінде және Sciences Po университетінде медиа және демократия бойынша дәріс оқиды
Copyright: Project Syndicate, 2021.