Тарих ғылымының ірі тұлғаларының басын қосқан іргелі шара Президент Архивінде сақтаулы тұрған М.Қозыбаевтың жеке қор құжаттары негізінде дайындалған тарихи-құжаттық көрменің таныстырылымынан басталды. Экспозицияда ұсынылған архивтік құжаттар, фотосуреттер мен аудиовизуалды деректер Манаш Қабашұлының өмір жолының барлық кезеңдерін дәйектілікпен бақылауға мүмкіндік береді.
Манаш Қозыбаевтың тұлғалық феномені туралы онымен көп жылдар бойы қызметтес болған академиктер мен жоғары оқу орындарының профессорлары, архив мекемелері қызметкерлері қызықты естеліктердің түйінін тарқатты. Көрнекті ғалымның еңбегі мен ерлігін еске алғандардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, академиялық ғылым өкілдері, ғалымның әріптестері мен жақындары: Х.Әбжанов, Л.Дегітаева, Л.Гуревич, С.Қозыбаев, І.Қозыбаев, М.Қойгелдиев, Г.Меңдіқұлова, Н.Ниретина және басқалар болды.
Отандық тарихтың кем-кетігін бірге түгендеп, ғылымның ұзақ жолында М.Қозыбаевпен бірге сапарлас болған белгілі тарихшы академик Мәмбет Қойгелдиев: «Егер ол кісі тарихшы болмағанда сөзсіз жақсы жазушы болар еді. Себебі оның тарих туралы жазбаларының бәрі көркем шығарма тәрізді оқылады» деді. Сонымен бірге ғалымның жан-жақты терең білімі мен өз ұлтын шексіз сүйген халықшыл мінезіне сүйінетіндігін айтып, ғалыммен қоян-қолтық жұмыс істеген, жадыдан ешбір өшпейтін жылдардың мазмұнды сәттерін еске алды.
– Манаш Қабашұлы ғылымның келешегіне көңіл көкжиегімен терең барлау жасай алатын ерекше қасиетке ие еді. Ол тарих ғылымының дамуына ықпал ететін, серпін беретін зерттеулерге жетекшілік жасады,– деп атап өтті Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов.
Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Қ.Әлімғазинов өз сөзінде Архив 1998 жылдан бастап, ХХ ғасырдың басынан қазіргі уақытқа дейінгі Қазақстанның мемлекет, қоғам және саяси қайраткерлерінің жеке тектік қорларымен жинақтала бастағанын атап өтті. Олардың арасында академик Манаш Қозыбаевтың көпқырлы қызметі туралы мәлімет беретін бірегей құжаттар бар. Академик М.Қозыбаевтың жеке архив құжаттары қор құрушының ұлы Ілияс Қозыбаевтың өтініші бойынша 2012 жылы ақпан айында Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне тапсырылды. Жеке архивтік құжаттардың құндылығына сараптама жүргізілгеннен кейін ғылыми ұйымдастырушылық жұмыстардың нәтижесінде 1941-2011 жылдарға арналған 476 сақтау бірлігі құрылды.
Ғалымның жеке тектік қорындағы құжаттар мен мәліметтер бойынша «Тарихшы және оның заманы» атты жинақ әзірленіп, жарыққа шықты. Басқосу кезінде «Раритет» баспасынан шыққан жаңа кітаптың да тұсаукесері өткізіліп, мазмұнды жинақтың маңызы туралы сөз болды. Ұсынылған кітапта архив құжаттары, мақалалар мен академик М.Қозыбаевтың уақыт пен әріптестері туралы естеліктері арқылы халықтың ұлттық қадір-қасиеті мен тарихи жадысының, отансүйгіштік пен бірлігі қалыптасуының күрделі үрдісі көрсетілген.
Кітаптың оқырман қауымға қарата айтылған соңғы бетіндегі тарих пен тарихшылар туралы толғанысын осыдан жиырма жыл бұрын ғалым былайша түйіндеген екен.
«Әр адам – тарихшы. Ол өз өмір жолын біледі. Ал ол өмір – үлкен тарихтың бір сынығы, жаңқасы. Саналы жан жеті атасын, өз тайпасын біледі. Ұлт тарихынан пікір өрбіте алады. Тіпті пікір сайысына түсетіндері бар. Шежіре – әрбір қазақтың ермегі, ал «ермек» десең, жанжалға да қалу қаупің бар.
Менің олардан айырмам – мен кәсіби тарихшымын. Жеке кейбіреуден көп білгенмен, барша Отан тарихын білем деп айту қиын, мүмкін де емес. Тарих сан-салалы. Көктемде су еріп, жайылып, жылға-жылғамен, сайлармен, тіпті болар-болмас жыралармен ылдилап өзендерге, көлдерге, мұхиттарға құятын құбылыс осы ұлы тарихқа да тән» дейді тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында отандық тарихтың көшбасында болып, ұлтына адал қызмет еткен академик Манаш Қабашұлы.
АЛМАТЫ