Қоғам • 28 Қазан, 2021

Жақсылықтың жақсылығын айт

562 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Егеменді еліміздің бастауында тұрған сол кездегі ел ағалары, бүгінгі ардагер-ақсақалдарымыз мемлекетіміздің, оның ішінде Тобыл-Торғай өлкесінің аяқтан нық тұрып, нығаюына, өркендеп дамуына, рухани жағынан кемшін қалмауына зор үлес қосты, әлі де қосып келеді. Солардың бірі – Рудный қалалық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Жақсылық Кәкенов.

Жақсылықтың жақсылығын айт

Өз өмірін өлеңмен жазып кеткен ақын Тоқтарбек Әбдірахманұлының тұтас бір ұрпақтың ғұмыр баянына айналған: «Біз қырқыншы жылдарданбыз, Тар кезде туғандармыз. Кештетіп бүр жарғанбыз, Көп тойдан құр қалғанбыз, Шыңырауда шыңдалғанбыз, Жығылып тұрғандармыз, Мұңды ән-жырларданбыз, Ертеңгі думан­дармыз,  Біз қырқыншы жылдар­данбыз» деген өлең жолдарының біздің негізгі кейіпкеріміз – Жақсылық Кәкенұлына да тікелей қатысы бар. Әкесі Кәкен Шоланов сұрапыл соғыс басталған 1941 жылдың мамыр айында әскерге алынып, содан хабар-ошарсыз кеткен екен. Сол жылдың қазан айының 24 жұлдызында Жақсылық ағамыз Қостанай облысы, Торғай ауданының Ақшал ауылында дүниеге келеді. Ағамыздың ақын жер­лесі Серікбай Оспанов:

«Күндер өтті, Жүректе арман ғана,

Талай, талай таң атты алдан жаңа!

Әрбір күннен күтетін жан әкесін,

Құрсағында ананың қалған бала.

Бір көру боп әкесін бар тілегі,

Ақ таңдарға үмітін артып еді.

Соғыс өрті сөнер деп бұл баланың,

Жақсылық деп қойыпты атын елі» деп тебірене жазған екен.

Аумалы-төк­пелі уақытта баланың құжаты уақ­тылы толтырылмағандықтан болар, онда 1943 жылдың 15 қыркүйегі деп жаңсақ жазылып кетіпті. Оны кейін ағамыз көп жыл ізденіп жүріп қалпына келтіріпті. Өлең­мен бастаған соң, өлең жолдарымен жал­ғасам, атақты ақын Сыр­бай Мәуленов ағамыз «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңін ұлынан айырылған ана мен жесір қалған жар, ондағы өрімдей жас сәби де, әке көрмей өскен, Жәкең сияқты пеше­несіне жазылған тағдыр тауқыметін қа­йыспай көтерген жандарға арнағаны белгілі. «...Кетерде солдат жарының, Ішінде қалған ана жыл. Көкемді айтпай танырмын, Деп бір сәби бала жүр. Қайрылмай қалай кетесің, Хабарсыз қалай ол тоқтар, Көрдің бе оның көкесін, Соғыстан қайтқан солдаттар?..».

Ең болмаса естелікке суреті де қалмаған, әке мейі­ріміне қанбаған Жәкең анасы Рузия­ның тылдағы «Бәрі де Отан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деп қайнаған еңбектің ортасында жүріп, аналық парызын адал атқарып, үш қызы мен өзін тістелеп жүріп өсіргенін жыр ғып айтқанда, тағы да Мұқағали ақынның: «Қайран біздің аналар, Арды ойлаған, Шілік шауып, ши орып, бау байлаған. Жігіттерден айрылып, қалмай қараң, Қырман ба­сып, егін сап, арба айдаған» деген өлең жолдары нақты суретке айналып, көз алдыңа келеді. Қай заманда да қазақ жесірі мен жетімін жылатпаған қасиетті халық қой, сондай сәтте туысқандары Жұмағалиев Мұқан тәтесі мен Шоланов Қадырғали көкесінің жасаған жақсы­лықтарын әсте ұмыта алмас. Әсіресе, олар Кәкеннің отбасы айдалада қараусыз қалмасын деп, сол жылдары өздері тұратын Шилі ауылына көшіріп алуы да ерлікке пара-пар елдіктің үлгісі болатын.

Осы орайда Жә­кеңнің сыныптасы, Қа­зақстан Жур­налистер одағының мү­шесі Күл­сайран Батырғалиқызының 2012 жылы 16 қазанда «Біздің Торғай» га­зе­тінде аға­мыздың 70 жылдық мерейтойына арнап жазылған «Өмірдің мәні – алға ұмтылу» атты естелігінен үзінді келтіре кеткен де артық болмас. Ол кісі: «Иә, біздер сол соғыс жылдарының бала­лары едік. «Жетім көрсең жебей жүр» демекші, әр сәбидің ортасы, өзіндік тағ­дыры болды. Әркім дәм бұйырған жерден білім нәрімен сусындады. Көне Торғай қаласындағы Ыбырай Алтын­сарин салдырған мектеп білім беру үрдісінде шоқтығы биік бірден-бір ағарту орны болды. Сол мектепті 1959 жылы 90-нан аса түлектің бірден бітіріп шығуының өзі неге тұрады десеңізші?! Әлі есімде, 9-сыныпта оқимыз. Физика пәнінің хас шебері Қайырбек Алма­товтың (марқұм ол кезде мектеп директоры болатын) сабақ үстінде: – Балалар, араларыңда күні кеше ғана жеңіспен аяқталған Ұлы Отан соғысында, Отан үшін, ел үшін, сендердің болашақтарың үшін қасық қаны қалғанша жаумен соғысып, майданнан оралмаған әкелер­дің баласы қанша екен, деп тосын сұрақ қойғанда орындарынан дүрліге тұрып, олар біздерміз дегенде, отырып қалған­дардың саны 5-6 ғана болатын. Осыны көрген ағайдың жабырқаған жүзі лезде мейірімге толып: – Жарайды. Оқасы жоқ. Сендер де әлі-ақ ержетесіңдер. Әке орнын басасыңдар. Жақсы азамат болу үшін жақсы білім керек. Жақсы оқың­дар, – деген еді. Сол жылғы мектеп бітір­гендер қатарынан жаман болғандар жоқтың қасы» деп апамыз терең тол­ғанған екен.

Мектепті ойдағыдай аяқ­таған Жақсылық ағамыз да арманшыл жастардың ақ ордасына айналған Ал­маты қаласына оқуға барғысы келді. Бірақ анасы мен бауырларын ойлап, жалпы елдегі жағдайды бағамдай келе өзіне өзі жігер беріп: – Қой, Жақан «алыс­тан ар­балағанша, жақыннан дорбала» деп, облыс орталығы Қостанайдағы мем­лекеттік педагогикалық институтқа жол тартты. «Талапты ерге нұр жауар» дегендей, ондағы Тарих және орыс тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, оны 1964 жылы ойдағыдай тәмамдап шықты. Елге ерекше шабытпен оралған жас жігіт алдымен Ақсуат, кейін Шилі ауыл­да­рын­дағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, алғашқы еңбек жолын бастады. Ұстаздықтың ұлағатын енді ұғына бастағанда 1965 жылы Кеңес әскері қатарына ша­қырылып, Отан ал­дындағы борышын Өзбекстан мен Түр­ікменстан жерінде өтеп қайтты. Ол екі ортада аяулы анасы Рузия 1966 жылы көрген көп бейнеттің әсерінен болар, аурып өмірден озды. Өмірге деген құлшынысы, жалындаған жастық жігері бойында алаулап тұрған Жақсылық Кәкенұлы Шилі орта мек­тебінде мұғалім, директордың оқу-тәрбие жұмысы жө­ніндегі орынбасары қыз­метін атқа­рады. Аудандық бай­қау­ларға қатысып, мә­дени іс-шара­лардың ұйымдас­тыру­шысы ғана емес, көптеген әндердің орындаушысы да болады. Сол кезде алдынан құшағын жайып тағы да ұстазы Қайырбек Алматов шығады. Ол кісі сол кезде Жангелдин аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс атқарып жүр екен. – Оу, Жақан, сен сауатты, іскер азамат болыпсың. Соғыстың ауыртпалығын кө­терген, қиындықта шыңдалған жігіт­сің, енді жастармен жұмыс істеуің керек, – деп 1970 жылы Жангелдин аудан­дық комсомол коми­тетінің екінші хатшы­лығына сайлануына себеп болады.

Сол жылы Торғай об­лысының ашылуына байланысты желтоқсан айында қызмет бабымен киелі Торғай өлкесінің орта­лығы боксит кенін өндіруші Арқа­лық қаласына қоныс аударып, облыстық комсомол коми­тетінің үгіт-насихат және мә­дени-көп­шілік жұмыс бөлімінің мең­герушісі болып сайланды. Облыс орталығы – Арқалық қаласының әлеу­мет­тік өміріне белсенді араласып, Бү­кілодақтық комсомол құрылысына келген жастарды ауыл шаруашылығына, әсіресе егін егу, қой өсіру жұмысына жұ­мылдырып, жас­тар бригадаларының қолайлы еңбек етуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар жас жігіттер мен қыз­дардың оқуы, жұ­мысқа орналасуы, тұрмыс жағдайы сияқты мәселелерді шешумен айналыс­ты. Еңбегі елеусіз қалған жоқ, 1971 жылы Қазақстан Ленин комсомолының 50 жылдығына бай­ланыс­ты Орталық Комитеттің «Құрмет грамотасымен» марапатталады. Жа­қсылық Кәкенұлы 1973-1978 жылдары Ар­қалық қаласындағы партия ко­ми­тетінде нұсқаушы, бөлім мең­герушісі болып еңбек етіп жүрген кездері қан­шама мерекелік іс-шара­ларды, конференциялар мен пленумдарды ұйым­дастырып, баяндама, лекция дайындауға да білек түре араласады. Торғай об­лыстық партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясында нұсқаушы болып еңбек етті. Жақсылық ағамыз сол кездері облысты басқарған Сақан Құ­сайы­нов, Еркін Әуелбеков және Ораз­бек Қуанышев сияқты тұлғалармен араласып, үлгі-өнеге алған. Партиялық бақылаушы қызметінде жүр­ген кезде мемлекеттік тәртіпті сақтауды қадағалап, арыз-шағымдарды тексеріп, комиссия жұмысына көмек көрсетті, бас­тауыш партия бюросының мүшесі, кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланды. Сонау 1988 жылы КСРО-ның «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, Қос­танай облысындағы Денисов аудан­дық «Қазақ тілі» қоғамының бас­қарма төр­ағасы болып жұмыс істегенін де көпшілік қауым жақсы біледі. Қоғам отырыстарында әрдайым өзекті мә­селелерді көтеріп, қазақ тілінің қазіргі жай-күйі туралы мағыналы мақалалары аудан­дық, облыстық газет беттерінде үзбей жарияланып тұрды. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары «Тіл туралы» Заң мен құжаттардың орындалу барысына сараптама жасап, бұқаралық ақпарат құрал­дарының жұмысына белсенді араласты.

Жәкең 1998-2004 жылдары Қостанай облыстық ақпарат және қоғамдық келісім «басқармасында» абыройлы еңбек етіп, Қазақстан-2030 стратегиялық бағ­дарламасына үн қосты. Ел През­идентінің халыққа Жолдауларына өзін­дік зерттеу жасап, пікір жазумен шұ­ғылданды. Осындай белсенділігі мен маңызды жұмыстары үшін 2001 жылы Жақ­сылық Кәкенұлын Мәде­ниет, ақпарат және қоғамдық келісім ми­нистрлігі «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Өмірге деген іңкәрлік пен өнерге деген құштарлық Жақсылық аға­мызды «Ақ дариға» ардагерлер хорының әншісі ретінде танытты, ол түрлі дең­гейдегі концерттерге қатысып халық әндерін насихаттауға белсене кірісті. Жәкең 2005 жылы отбасылық жағ­дайымен кеншілер қаласына қоныс аудар­ды.

2006-2021 жылдары мемле­кеттік рәміздер, тіл мәртебесі, латын әліпбиіне көшу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, ономастика мәселесі, Нау­рыз мейрамы, Жастар, Еріктілер жылына, Ұлт­тық домбыра күніне, коронавирус инфекциясына, тағы да басқа тақы­рыптарға арналған мақалалары қазақ және орыс тілдерінде респуб­ли­калық, облыстық, қалалық басылымдарда үздік­сіз жарияланып келеді. Бүгінде Рудный қаласының ардақты ақсақалы ретінде кеңінен танылып, өнерге де жақын араласып, «Жадыра» вокалдық тобының белді мүшесі ретінде оның «Халықтық вокалдық ансамблі» атағын алуына мұрындық болды. Сахна төрінде жас кезінен өзі сүйіп орындайтын Абай­дың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татья­наның әні», Ахмет Байтұр­сынұлының «Қар­ғаш», Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ», Александр Зацепиннің «Надо мной небо синее» сияқты әндерін шырқап, дом­быраға әуестігі бар азамат, қалалық ән байқауларына қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды. Еліміздің ертеңі саналатын оқушы жастарға тәлім-тәрбие беруден де қалыс қалмай, түрлі дең­гейдегі оқу орындарында, кітап­­ханалар мен мұражайларда, мекемелер мен мә­дени орталықтарда ұйым­дастырылып тұратын жиындар мен конференцияларға, әртүрлі іс-шараларға жиі араласады.

Ел Тә­уелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылы Жақсылық Кәкенұлының өмір­баяны мен портреті Рудныйдағы «Дос­тық» саябағындағы ардагерлер аллеясынан құрметті орын алды. Маусым айында «Ардагерлер ұйымы» респуб­ликалық қоғамдық бір­лес­тігінің «Құрмет белгісі» төсбел­гісімен марапатталды. Nur Otan пар­тиясының, облыстық ардагерлер ке­ңесінің мүшесі.

Қазақ тілі мен мәдениеті және өнерінің шын жанашыры Жақ­сылық ағамыздың сан қырын ашып суреттей беруге бір мақаланың көлемі көтермейтін болғандықтан да, «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат деп бір­ауыз сөзбен қысқа қайырып, жергі­лікті ақын Әбдіғази Алматов ағамыздың: «Әлі күнге басылған жоқ қызулығы қаның­ның, Биігіне қонақтадың біліктілік танымның. Арда мінез қалыбында, алқалы топты тыңдатқан, Сыналғанда көрмедік біз, сынған жерін сағыңның... ... Жақсылыққа жайлаттырдың жайлау етіп жаныңды, Қажырыңмен қайнат­тырдың өзі де ыстық қаныңды. Адам­дықты биік ұстап, келдің мына жа­сыңа, Ұран етіп ұятыңды, байрақ етіп арың­ды» деген жыр жолдарымен қоры­тындылап, 56 жыл бірге түтін түтетіп келе жатқан Райхан жеңгеміздің асыл жарын, бес қыздың әкесін, жеті жиен мен екі жиен­шардың асыл атасын сеңгір көктей сексен жасымен шын жүректен құттықтап, сергелдеңсіз өмір сүріп, ел игілігіне жүз жасқа жеткенше талмай қызмет жасай беріңіз деп тілек тілейміз!

 

Арман Сәбитбекұлы,

журналист, «Ақпарат саласының үздігі», Рудный қаласының Құрметті азаматы