Әлем • 29 Қазан, 2021

Иран ядролық келіссөздерге қайта оралмақ

448 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Иран Венада өтіп жатқан ядролық келіссөздерге қайта оралуға әзір. Бұл туралы аталған елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Әли Багери Кани Брюссельде Еуропалық одақтың өкілдерімен кездесуінде айтты. 

Иран ядролық келіссөздерге қайта оралмақ

Оның сөзіне қарағанда, келіссөз­дердің кезекті раунды қараша­ның аяғында өтпек. Әзірге нақты уақыты белгісіз. Бірақ Әли Кани келіссөз­дер өтетін уақыт келесі аптада нақтыла­натынын жеткізді.

Қазіргі таңда тараптар 2015 жылы қол қойылған «Бірлескен іс-қимыл жоспарын» қайта қалпына келтіруге тырысып жатыр. Естеріңізде болса, 2015 жылдың шілдесінде Венада Иран мен тағы алты мемлекет – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Франция «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» қол қойған еді. Келісім бойынша Иран тарапы уранды ба­йыту бағдарламасын төмендетуге, ал халықаралық қоғамдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ақ үй тізгінін ұстауға талас кезіндегі бір сөзінде Иранмен жасалған ядролық келісімді «апат» деп бағалап, бұл құжатты Иранға ядролық қаруларын сақтауға мүмкіндік береді деп мәлімдеген. Президенттік лауазымға кіріскен соң ол бұл сөзді бекерге айтпағанын іспен көрсетті.

Осылайша, 2018 жылы Дональд Трамп Иран ядролық келісімінен шығу туралы шешімге қол қойды. Сондай-ақ келісімнен шығып қана қоймай, Иранға қатысты ең қатаң санкциялар қабылдайтынын жеткізген. Кейіннен ресми Вашингтон аталған елдегі бір­­неше компанияға, жеке тұл­ғаға қа­­тыс­­ты экономикалық, кей­бірі­не тіпті саяси тыйымын үде­тіп жібер­ді. Мәсе­лен, Иранның аймақ­тағы ық­палы­ның белгісі саналатын «Револю­ция сақшы­ларын» террористік ұйым деп таныды.

Вашингтон билігі мұнымен тоқта­май, Парсы шығанағы төңірегінде өз әскерінің санын арттырды. АҚШ әскерилері ирандық беделді генерал Кассем Сулейманиді дрон арқылы атып өлтірді. Мұның бәрі екі ел арасындағы жағдайды ушықтырып, ядролық келісім туралы ұмыттырып жіберуге шақ қалған-ды.

Иран да қарап жатпады. АҚШ-тың Ирактағы базасын атқылады. Былтыр ел парламенті уран өндірісіне қатыс­ты заң қабылдап, оны байыту деңгейін 20 пайызға дейін жеткізуге кірісті. 2015 жылы қабылданған келісім бо­йынша байыту мөлшерін 3,67 па­йыздан асырмауға тиіс. Бірақ Тегеран билігі АҚШ тарапы санкцияларын алмайынша бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді. Бұдан бөлек Иран елдегі уран мөлшерін 300 килограмнан асырған. Бұл 2015 жылғы келісімге сай емес.

Маусымда Иранда президенттік сайлау өткені белгілі. Соған дейін қызу жүргізілген келіссөздер Ибраһим Раиси ел тізгінін ұстағаннан соң тоқтап қалды. Иран тарапы талай мәрте жиынды жалғастыруға ниетті екенін білдірген. Бірақ кешеге дейін нақты мерзімін айтпай келді.

Оқиғаның бұлай өрбуі Еуропалық одақ елдерінің басын қатырған. Иран қайтадан келіссөз үстеліне отырмаса, қандай шара қабылдау қа­жет­тігі сарапшылар арасында көтеріле бас­тады.

Сарапшылардың айтуынша, Иран қарашада келіссөздерді қайта жал­ғастыруға ниет білдіргенімен, келісім­ге қол қоюды бірнеше жылға шегеруі ықтимал. Осы мерзім ішінде көп көлемде уран байытып алуы ықтимал.

Иран мен «алтылық» қараша айында Венаға жиналса, Иранның ядролық нысандарын бақылауға жауапты БҰҰ-ның ядролық бақылау ұйымы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Басқарушылар кеңесінің жоспарланған отырысымен тұспа-тұс келеді. Құрамында 35 мүше бар басқарма Тегеранның МАГАТЭ инс­пек­торларының Ирандағы кейбір ядро­лық нысандарға кіруіне рұқсат бермегеніне қатысты қабылданатын шараны талқылайды. Иранның Вена­дағы келіссөздерге қайта оралуы кеңестің шешімін жеңілдетуі мүмкін.

Естеріңізде болса, келіссөздердің нәтижесіне сәйкес екі жұмыс тобы құрылған. Біріншісі Иранға салынған экономикалық санкциялардың бәрін егжей-тегжей зерттеп, АҚШ олар­дың қайсысын алып тастауы қаже­тін анық­тауға кірісті. Екінші топ Иран­ның мойнына артылған міндеттерді нақтылап, оның қаншалықты орындалып жатқанын бақылайды.

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20