Ескі әпсана есті шығармаға арқау болғандай. Туынды мифологиялық жанрға жатады. Тіпті, оқырман ежелгі флора мен фаунаның құдайларын еске түсіруі мүмкін. Композицияның орталық бейнесі – Қызыр баба. Негізгі культ осы.
Қазақы таным шеңберінде Қыдыр (Қызыр) ата – халықтың қорғаушысы, қайырымды әулие, көріпкел ретінде елестейді. Халық Ұлыстың ұлы күні әр үйдің босағасынан еніп, ақ батасын беріп, жақсылық алып келеді деп ойлаған. Сондықтан оны жаңарудың, жаңа күннің символы ретінде қадір тұтады. Сондай-ақ көктемнің келуі тек соның келбетімен сипатталады.
Суретші сурет ортасында қарт Қызыр бабаның мүсінін бейнелеген. Оң қолында асатаяғы бар, оның үстіне гүлдер құлпырып, екінші қолынан өзен ағып тұр. Аңыздардың бірінде Қыдыр ата жерасты әлеміне барғаны айтылады. Онда тірі су көзін тауып, сол судан ішіп, өлмеске айналғаны туралы баяндалған.
Келесі бір әпсанаға сүйенсек, Қыдыр ата шөл далада тамағы құрғап, ыстықтан өліп бара жатқан саяхатшыларды құтқарып қалған екен. Шығармада кенеп бойымен су ағындары тасып жатқанын байқаймыз. Оның шешек атқан ағаштарды, шырынды шөптің арасында жайылып жатқан жануарларды суғаруға келгенін көреміз. Әртүрлі образда тіршіліктің тамыршысы ретінде Қыдыр ата картинаның мазмұнын жандандырып тұр.
Фонға көз салсақ, байтақ бабаның төрт түліктің қамқоршысы екенін анық көруге болады. Зеңгі баба – сиырдың қамқоршысы, Шопан ата – қойдың қамқоршысы, Ойсылқара – түйе қамқоршысы және Қамбар ата – жылқылардың қамқоршысы. Әрқайсысының қасында өзінің сүйікті жануарлары бейнеленген. Суретші жиынтық бейне арқылы қазақтың ескі аңызына жан бітіреді.
Композиция кейіпкерлері симметриялық түрде теңдестірілген және көлеңке мен жарықтың қарама-қайшылығы байқалады. Картинадағы нысандардың өлшемі мифологиялық жанрдағы кескіндемелерге сай жазылған.