Білім • 03 Қараша, 2021

Магистратура мен докторантураға түсуге екінші мүмкіндік

1758 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаздыгүні жоғары оқу орнынан кейінгі білім алудан түрлі себеппен қалыс қалған талапкерлерге жаңа мүмкіндік туып тұр. Биыл алғаш рет магистратура мен докторантураға бір жылда екінші рет құжат тапсыруға болады. Кешенді тестілеуге құжат қабылдау 1 қарашада басталды.

Магистратура мен докторантураға түсуге екінші мүмкіндік

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желі­­дегі парақ­ша­сында магистратура мен док­то­ран­тураға түсу бойынша қабыл­дан­ған шешім туралы жазды. Сондағы ақпаратқа сүйенсек, бұдан былай оқуға қабылдау жылына екі рет өткізіледі. Байқауға жазда грантқа түсе алмаған үміткерлер де, бұрын кешенді тестілеуден өтпегендер де қатыса алады.

Ал Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жақында мұндай шешім талапкерлердің қажеттілігі мен мүддесіне қарай қабылданғанын жеткізді.

«Мұндай маңызды шешімдерді қа­был­дау кезінде министрлік студент­тер­дің мүдделерін әрқашан бірінші орынға қояды. Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік грантқа үміткерлер жылына екі рет, дәстүрлі түрде – жазда және қосымша қыста тестілеуден өте алатынын хабарлаған болатын. Соған сәй­кес талапкерлер 1 қарашадан бастап магистратураға түсу үшін екінші мәрте өткізілетін кешенді тестілеуге құжат­та­рын тапсыра алады. Тестілеуді сәтті тап­сыр­ған жағдайда үміткерлер жаз айында оқуға қабылдау қорытындысы бойынша бөлінген гранттарды ұтып ала алады», ми­нистрдің орынбасары.

Енді емтиханға тіркелу, мамандықтар бөлінісінде гранттардың санына тоқталсақ.

Ең әуелі екінші кешенді тестілеуге қатысу үшін тіркелу Ұлттық тестілеу орта­лығының app.testcenter.kz сайтында ө­теді. Құжат қабылдау 2021 жылдың 1-15 қарашасы аралығында жүргізіледі. Ке­шенді тестілеу 2021 жылдың 18 қара­шасынан 11 желтоқсанына дейін жал­ғасады.

Магистратураға грантқа үміткерлер дәстүрлі түрде шет тілі, білім беру бағдар­ла­малары тобының бейіні және оқуға дайындығын анықтау бойынша тест тапсырады. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар адамдар автоматты түрде шет тілі бойын­ша тестілеуден босатылады. Тест нәти­же­лерін тестілеу аяқталғаннан кейін бір­ден білу­ге болады. Нәтижелерімен келіс­пе­ген жағдайда қатысушылар емтихан аяқталған соң 30 минуттан кейін онлайн-апелляцияға өтініш бере алады.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы бо­йынша және ақылы негізде ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, бейінді магистратураға түсу үшін 50 баллды құрайтынын атап өт­кен жөн.

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар 2021 жылғы 25 желтоқсанға дейін қабылданады. Магистратураға қабылдау 2021 жылғы 26 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында өтеді.

Магистратураға түсушілер барлығы 3 мыңнан аса мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады. Мамандықтар бөлінісінде ең көп грант «Химия» (172 грант), «Ветеринария» (169), «Ме­ха­ника және металл өңдеу» (156), «Ме­тал­лур­гия­лық инженерия» (137), «Құ­рылыс материалдарын, бұйымдарын мен конс­трукцияларын өндіру» (132 грант), «Ма­териалтану және жаңа материалдар тех­нологиясы» (130) және басқа маман­дықтар бойынша бөлінген.

Биыл докторантураға түсу ережелеріне өзге­рістер енгізілген еді. Енді док­торан­ту­р­а­ға қабылдау «1 талапкер – 1 компьютер – 1 камера» қағидаты бойынша өңірлік тес­тілеу орталықтарында электронды фор­­­матта өтетін түсу емтиханының нәти­же­­лері бойынша жүзеге асырылады. Бұл емтихан тапсыру кезінде ашықтықты және транс­паренттілікті қамтамасыз етуге бағыт­талған.

Білім және ғылым министрлігінің мә­лімдеуінше, қабылдау емтиханы эссе жазу, докторантурада оқуға дайындық тестілеуі және білім беру бағдарламасы то­бының бейіні бойынша емтихандардан тұрады.

Екінші рет өткізілетін докторантураға түсу ем­ти­ханына қатысу үшін де сол Ұлт­тық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында тіркелу керек. Мұн­­да да магистратурадағыдай қабылдау емтиханы 2021 жылдың 18 қарашасы мен 11 желтоқсаны аралығында, оқуға қабылдау 2021 жылғы 26 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында өтеді. Айта кетейік, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде оқуға түсу үшін өту балы 75 баллды құрайды.

Докторантурада білім беру гранттары жоғары оқу орындары бойынша бөлінген. Оның ішінде ең көбі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне (87 орын) тиесілі. Мұнда «Педагогика және психология», «Информатика педагогтерін даярлау», «Әлеуметік педагогика және өзін-өзі тану мамандарын даярлау», «Философия және әдеп», «Тарих және археология», «Әлеуметтану», «Саясаттану және конфликтология», т.б. мамандықтарда оқуға мүмкіндік бар. Грант бөлінісі бойынша екінші орында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi тұр. Аталған оқу орнына «Исламтану», «Шығыстану», «Филология», «Журналистика және репортер ісі», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», тағысын тағы түрлі бағыттағы білім беру бағдарламалары бойынша 78 орынға грант берілген. Жоғарыдағы қос ЖОО-дан бөлек тағы 41 отандық университет әртүрлі мамандықтар бойынша докторанттарды даярлайды. Бұл туралы толығырақ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылған деректен білуге болады.