Елорда • 04 Қараша, 2021

Есілдің үстіне тағы екі көпір салынады

607 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорданың «Нұрлы жол» вокзалы маңында көпір салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Есілдің үстіне тағы екі көпір салынады

Жаңа көпірдің құрылысы туралы елорданың қалалық мәслихат жанындағы қоғамдық кеңес отырысында айтылды.

«Бізге қала тұрғындарынан көп сұрақтар келіп жатады. Соның бірі елордада көлік кептілісін азайтып, сол жағалау мен оң жағалау арасындағы көлік ағынын реттеу үшін екі көпір салынуы тиіс еді. Бірі Тәуелсіздік даңғылының бойында, екінші жаңа вокзал жақта. Бүгінде сол көпірлерді салу жағы қалай болып жатыр?», деп сұрақ қойды қоғамдық кеңес мүшесі Ержан Бағдатов.

Бұл сұраққа Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев жауап берді.

«Тәуелсіздік даңғылындағы көпір бойынша жобалық-сметалық құжаты бекітіліп, мердігер компания анықталды. Бүгінде бюджетті нақтылау бойынша өтініш жіберілді. Республикалық бюджеттен келесі жылға көпір құрылысына 10 млрд теңге сұрадық. Әзірге жауабын күтіп отырмыз. Жобаның жалпы құны 16 млрд-қа жуық теңгені құрайды. Екінші көпір «Нұрлы жол» вокзалы маңындағы Ұлы дала даңғылы бойында бой көтермек. Біз ол көпірді салуға қатысты жуырда екінші рет байқау жарияладық. Себебі бірінші рет жариялағанымызда көпір салуға ешкім ниет танытпады. Қазір мердігер компанияны тауып, келесі жылы қала күні қарсаңында көпір құрылысын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», деп жауап берді Жансұлтан Сапарбаев.