Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
21 300 операция, 145 000 оқушы, 90 000 менторлық
Міне, биыл Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасына 28 жыл толды. Осы жылдар ішінде 11 мыңнан аса маман даярланды. Демек осыншама жас әлемнің жоғары оқу орындарынан алған білімді елге «экспорттады». Азаттықта алған олжамыздың озығы «Болашақ» болса керек.
«Болашақ» стипендиясы талантты қазақстандықтарға әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берді. Сол 28 жыл ішінде 6 300-ден аса қазақстандық магистратура бағдарламасы бойынша, 2800 адам бакалавриат бағдарламасы бойынша, 246 адам докторантура, ординатура, аспирантура және интернатура бағдарламалары бойынша академиялық білім алды.
2 мың маман шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтті. Иә, бағдарлама арқылы академиялық оқу (магистратура, докторантура, резидентура) алуға ғана емес, әлемнің жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуге де болады. Осылайша, Президенттік стипендияны іске асырудың 28 жылы ішінде бас-аяғы экономиканың түрлі секторы үшін 11 мыңнан көп жоғары білікті кадр даярланды.
«Болашақ» халықаралық білім беру орталығының президенті Айнұр Кәрібозова стипендиаттардың басым бөлігі Англия мен Ирландияда оқығанын айтады.
«Болашақ» стипендиясы бүгінде әлемнің алпауыт елдерінде білікті маман даярлайтын табысты платформаға айналды. Бағдарлама басталғалы бері стипендиаттардың 45,5%-ы Ұлыбритания мен Ирландияда, 26,4%-ы АҚШ пен Канадада, 12,6%-ы континенттік Еуропа елдерінде, 8%-ы Азия мен Океанияда және 7,5%-ы Ресей Федерациясында оқыды. Ал мамандықтарға келсек, «Болашақ» стипендиаттарының 55%-ы гуманитарлық мамандықтар бойынша әлемнің үздік жоғары оқу орындарында, 36%-ы инженерлік-техникалық, 7,1%-ы медициналық және 1,8%-ы шығармашылық мамандықтар бойынша білім алды. Бағдарлама түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие, мұны статистика көрсетіп отыр. Мысалға, еңбек мониторингіндегі түлектердің 99%-дан артығы жұмысқа орналасқан. Bolashaq Impact Report 1 зерттеуінің нәтижелері бойынша жұмыс берушілердің 90%-ы түлектердің кәсіби дағдыларын ғана емес, сонымен қатар көшбасшылық, моральдық және коммуникативтік қасиеттерін де жоғары бағалайды. 11 мың түлектің 52%-ы орта және жоғары буын басшыларына дейін өсті, оның ішінде 10%-ы өз стартап жобалары мен компанияларының басшылары. Бағдарлама стипендиаттары экономикадағы сапалы өзгерістер саласында: денсаулық сақтауда, адами капиталды дамытуда, мемлекеттік басқаруда, инновацияларды енгізуде және бизнес-процестерді оңтайландыруда, мәдениет пен өнерді ілгерілетуде, сондай-ақ қоғамдық бастамаларды іске асыруда көшбасшы болды», дейді А.Кәрібозова.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, болашақтықтар 1 жыл ішінде орта есеппен 213 мың медициналық операция жасаған, 145 мың оқушы мен студентті оқытқан, мыңнан аса ғылыми жұмыс жариялапты. Сондай-ақ 90 мыңнан аса балаға менторлық көрсетіп, кәсіпке баулыған көрінеді. Мәселен, 805 түлек денсаулық сақтау саласында қызмет атқарса, оның 545-і – тәжірибелі дәрігер, 135-і – медициналық жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін дәрігер.
Саннан – сапаға
Санмен айту бар да, сапаға көшу бар. Бұл – енді нақты жұмыстың нәтижесі. Біз дәл соны көргіміз келіп, орталық өкілдерінен саннан сапаға өтіп, мықты деген мамандардың атын атап, түсін түстеп көрсетуді сұрадық. Сауалымызға Түлектермен жұмыс жүргізу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Анар Көпеева:
«Алматыдағы Халықаралық Вакцинология орталығының жетекшісі Қайсар Табынов COVID-19-ға қарсы екі вакцина әзірлеп жатқан зерттеу тобының құрамында. Web of Science (WoS) деректер базасы бойынша Қайсар Табыновтың дәйексөз индексі (H-index) – 9. Ол Scopus-та индекстелген журналдарда 30 мақала және WoS-та 27 мақала, 2 Халықаралық, 2 Еуразиялық және 23 Ұлттық патент, сондай-ақ 1 монография жариялады. Бағдарлама түлегі Мыңжылқы Бердіходжаев бас миының аневризмасын емдеудің жаңа әдістерін енгізіп, Қазақстандағы алғашқы механикалық тромбоэктомияны жүргізді. Онкология және радиология ҚазҒЗИ онколог-маммологы Назгүл Омарбаева жас ғалымдар тобымен бірге Қазақстандағы жас әйелдердің сүт безі обырының дамуын генетикалық зерттеулердің рөлі туралы жаһандық зерттеу жүргізді. 2018 жылы Сочиде өткен ТМД елдерінің онкологтері мен радиологтерінің Х съезінде Н.Омарбаева «Үздік жас ғалым» атағын жеңіп алды. Кардиохирург Бауыржан Рақышев алғаш рет жүрекке шағын инвазивті және тораскопиялық операциялар жасады», деп жауап берді.
А.Көпееваның айтуынша, болашақтықтардың арасында көптеген танымал педагог, ғалым бар. Тек соңғы 6 жылдың ішінде білім беру саласы үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша 1 021 түлек даярланды. Бүгінде олар бастауыш, орта, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, соның ішінде ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Ерекше атап өтерлігі, бағдарлама түлектері қазақстандық жоғары білім – Nazarbayev University-дің іске қосылуында басты рөл атқарды, қазір онда 100-ден аса «Болашақ» түлегі еңбек етеді.
Не өзгерді? Не ұттық?
28 жылда не өзгерді? Бұл өзгерістен не ұттық? Осы уақыт ішінде «Болашақ» стипендиясынан үміттілерге қойылатын талаптар, құжат қабылдау шарттары өзгерді. Айталық, үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесіне сай квота санаттары жойылды, бұл конкурстық іріктеу кезінде барлық үміткер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етті.
«Конкурсқа қатысудың негізгі талабы – «Болашақ» бағдарламасы ұсынған тізімдегі шетелдік жоғары оқу орнынан шақырудың болуы. Ел аумағында алдын ала тілдік дайындық (6 айға дейін) ауылдық елді мекендерден келген үміткерлерге ғана сақталған. Сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарының, оқуға ұсынылған шетелдік ұйымдардың тізімі сапалы және сандық түрде өзгерді. Тізімге 3 халықаралық академиялық рейтингке кіретін 27 елдің 207 шетелдік жоғары оқу орны және QS, Times Higher Education (THE), Academic Rankings of World Universities (ARWU) екі және одан да көп Халықаралық академиялық рейтингтердің алғашқы 250 позициясының қатарына кірді.
Ал биылғы ерекше өзгерісті, дұрысы толықтыруды бөлек айтпасқа болмас. Биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасының тағылымдама қатарына «Ғалымдар» деп аталатын жаңа санат қосылды. Бұл санат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында енгізілді. Соның нәтижесінде енді ғылыми секторда еңбек етіп жүрген зерттеушілер шетелдік ғылыми зертханалардан тәжірибе жинап келеді. Жыл сайын 500 жаңа тәжірибенің келетінін ескерсек, ғылым өзге салалардың ақырындап алдына шығатынына сенім арта түседі.