Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Олардан қалыс қалмай келе жатқан Қытай мен Ресей мультфильмдерінің нарыққа шыққанына жарты ғасырға жақындап қалды. Іші тұнған идеология. Ал Қазақстан әлемдік өзгерістерге терезеден қарап отырғандай. Ақиқаты сол, аудиторияны қазақ тіліндегі анимациялық контентпен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Біз бүгін осы мәселенің себебіне үңіліп көрдік.
Қазақфильм
«Қазақ анимациясы» студиясын ашпақ
Шындығында, себеп көп. Мемлекетті кінәлай жөнелейік десек, шама-шарқынша қолдау көрсетіп жатқанын айтады. Мамандарды айыптайық десек, бұрынғымен салыстырғанда бәсі биік, танымы тереңдей түскен. Даму бар, тек шеңбер ішінде ғана.
Осыған дейін ұлттық анимацияның дөңгелегі әлі де батпақтан шықпағаны басылым беттерінде талай рет жазылды. Әйтсе де жартастың жылжитын түрі жоқ. Бір-бірімен бәсекеге түскен еліміздегі 5-6 студияның жыры жылда айтылып жауыр болғалы қашан!? Баяғы «бірақтың» айналасынан ары аса алмай отырмыз. Сондықтан біз Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы сауал жолдаған болатынбыз. Әңгімеміздің әлқиссасын содан бастасақ.
«Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы отандық анимация ұзақ уақыт бойы шетелдік табысты жобалардың көлеңкесінде жүрді. Көрермендер ерекше байқаған жобалардың бірі – «Ер Төстік пен Айдаһар» атты алғашқы 3D-мультфильм. Одан кейін жарыққа шыққан «Күлтегін» мен «Мұзбалақ» толықметрлі мультфильмдері ілгерілету стратегиясының жоқтығынан қазақстандық прокатта аса көріне қоймады. Осылайша, отандық мультипликация үлкен экранда көріну мүмкіндігінен айырылып, толығымен телевизиялық форматқа ауысты.
Бірақ қазіргі таңда, алға жылжу байқалады. Анимация саласы ақырындап дамып келеді. Елімізде бірқатар анимациялық студия қызмет етуде, оның ішінде Astana film жастар киностудиясы, Khan Comics студиясы, «Адай Продакшн анимациялық студиясы», Dala animation, «Ырысы Ақ Қазақстан» компаниялары бар. Дегенмен анимацияны шығаратын ең ірі орталық «Қазақфильм» киностудиясының жанындағы «Анимациялық кино» шығармашылық бірлестігі болып табылады. 1991 жылдан бастап 2016 жылға дейін «Қазақфильм» киностудиясы 70-ке жуық анимациялық фильм шығарған (оның ішінде 1 анимациялық сериал және 1 толықметрлі анимациялық фильм).
Сонымен қатар 2022 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі алдағы уақытта қабылдайтын «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының аясында балаларға арналған сапалы анимациялық фильмдер мен контентті шығару мақсатында «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының базасында «Қазақ анимациясы» студиясын ашу жоспарланған». Бұл министрліктің бізге берген жауабы.
3D мамандар даярлайтын тәжірибелі мұғалім жоқ
Қайбір жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мультфильмдері жайында сөз қозғап, бұл саланы дамытуға мән беру қажеттігін ескерткені есімізде. Осыдан кейін қазақ анимациясы қайта жанданғандай болып, біршама жұмыс қолға алынған еді. Бірақ уақыт өте келе жоспарлы жұмыстар жалғасын таппады. Неліктен? Әрине, құзырлы мекемелер мен тұлғалар бұл саланы ілгерілетуге мүдделі болмағандықтан. Десек те, қарап жатқан аниматорлар жоқ. Қолдарынан келгенше, ұлттық анимация көшін алға сүйреп келеді. Соның бірі – режиссер-аниматор Жанадiл Байдарбек. Маманның сөзіне сүйенсек, елімізде анимация саласы енді көктеп келе жатқан жеміс ағашы секілді.
«Қазақ анимациясының қазіргі жағдайын айтатын болсақ, соңғы 10 жылда жеке анимациялық студиялардың қатары көбейді. Бірақ сол студияларға 2D, 3D анимация жасайтын кадрлар жетіспейді. Елімізде режиссер-аниматор мамандарын даярлайтын үш-ақ оқу оны бар. Атап айтсақ, Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы, елордадағы Қазақ Ұлттық өнер университеті және Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы Өнер және дизайн колледжі. Осы оқу орындарында режиссер-анимация кафедрасын жылына жалпы 20-30 студент бітіреді. Өкінішке қарай, сол жас мамандардың 80 пайызы басқа салаға кетсе, тек 20 пайызы анимация саласында жұмыс істеп жатыр. Сол 20 пайыздың жартысынан көбі режиссурамен айналысса, 5 пайызы аниматор (мультипликатор) міндетін атқарады. Жүйелі түрде 2D аниматор тәрбиелейтін білікті бір-екі ғана ұстаз бар. 3D мамандар оқытатын тәжірибелі мұғалім жоқ», дейді Ж.Байдарбек.
Оның айтуынша, қазіргі таңда 3D анимациялық фильмдер әлемде үлкен сұранысқа ие. Қазақстан техникалық жағынан «Уолт Дисней», PIXAR, Ресей мен Қытай компанияларынан 40-50 жыл артта қалып келеді.
Соңғы уақытта анимация саласына қызығып, оқып үйренгісі келетін жастардың қарасы көбейген. Олардың дені шетелдік мамандардан онлайн дәріс алып, тәп-тәуір маман атануда. Әйтсе де білімін шыңдаған соң, отандық туындыларға қатыспай, шетел асып, сол жақтағы ірі компанияларға жұмысқа орналасады. Бүгінде біршамасы қашықтан онлайн жұмыс істеп жатыр. Себебі Қазақстанда аниматорлардың еңбек ақысы шетелмен салыстырғанда 10-20 есе аз бағаланады.
Нарыққа шығу үшін арнайы кадрлар тартып, шетелден білікті маман шақырып, тәжірибе алмасу керек. Шетелде өткен фестивальдардан жүлде алып жүрген 2D анимациялық фильмдеріміз бар, бірақ өзгемен бәсекелес болатындай дәрежеде емес. Кинопрокаттан қаржы жинайтын қауқары жоқ. Мұны осы саланы дамытуға үлес қосып жүрген, 3D анимациясы бойынша шәкірт тәрбиелеп жатқан мультипликатор, Quantfilm киностудиясының директоры Талас Оразбай тарқатып айтып берді.
«Анимациялық фильм шығарудағы сценарий жазу, режиссура идеясы әлі де толық піспей жатыр. Былайша айтқанда, техникалық мамандар жоқ. Білікті маман болу үшін үлкен мектептен өту керек. Бүгінде 5 жыл оқып, менің компаниямда жұмыс істеп жатқан балалар бар. Олар теориялық жағынан мықты болғанымен, практикада кемшін түсуде. Жалпы 3D анимация туралы танымы аз болса да, жетіліп келеді. Мультипликацияда 3D техникасы ерекше сұранысқа ие. Балалар Youtube-тан шетелдің мультфильмдерін көріп өсіп келе жатыр. Себебі олардың талғамы жоғары. 6 жастан кейінгі балалар көбінесе 3D фильмдер көреді. Әлемде де солай. Сол үрдіске ілесу үшін 3D өндірісін дамытуымыз керек. Мысалы, мен жарты жылдық оқу бағдарламасын жасап шықтым. Курстың мазмұны барған сайын дамып, кемелденіп келеді. Ал оған ағылшын тілін қосып, тіпті де кеңейтетін болсақ, бір жылдық курс болайын деп тұр. Ол кезде толыққанды маман даярлайтын деңгейге жетеміз. Бірақ бір жыл оқытуға біздің де, оқушының да жағдайы жете бермейді», дейді Т.Оразбай.
Ресей мамандары тағылымдамадан өтуді ұсынды
Министрліктің БАҚ-пен байланыс департаментінің бізге берген мәліметіне иек артсақ, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы анимация саласын дамытуға барынша жағдай жасауда. Мәселен, былтыр аталған орталық онлайн режімде өткізілген ÁMEN анимациялық фильмдер фестивалінің серіктесі болған. Бұл фестивальға Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан мен Башқұртстаннан аниматорлар қатысқан екен.
ÁMEN-2020 шеңберінде алдыңғы қатардағы отандық және шетелдік мультипликаторлардың шеберлік сыныптары мен тренингтері өткізілген. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қатысуымен «Қазақ анимациясының өзекті мәселелері» және «Түркі елдеріне ортақ қайраткерлер туралы халықаралық анимациялық жоба» атты дөңгелек үстел де ұйымдастырылған. Оған қоса, «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп, отандық анимация тарихындағы ең үздік 30 картинаны қамтитын (1960-2020) қазақстандық анимацияның ретроспективасы жинақталған екен. Оның ішінде отандық анимацияның негізін қалаушы Әмен Қайдаровтың жұмыстары да бар.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Ресейдің Анимациялық кино қауымдастығымен ынтымақтасып, анимациялық киноның барлық мамандарына арналған жаһандық форумға қазақстандық аниматорларды шақырған. Онда анимациялық фильмдерді жасаудың ерекшелігі туралы ақпаратты тікелей әлемнің алдыңғы қатарлы мамандарынан алуға бірегей мүмкіндік беріліпті. Қатысушылар Disney, Warner Bros және басқа да әйгілі студиялардың әлемдік ауқымдағы сарапшыларымен бірге онлайн режімде мазмұнды үш күнді өткізген. Бұл игілікті істердің бәрі саланың ілгерлеуіне септігін тигізеді деген ойдамыз. Айтпақшы, ресейлік білікті мамандар қазақстандық студенттерге ресейлік студияларда тағылымдамадан өтуді ұсыныпты. Алдағы уақытта бұл үрдіс жүзеге аспақ.
Иә, ұлттық анимацияның дамуына әлі талай уақыт керегі анық. Десе де, осы саланың маңызы мен мазмұнын қоғамның санасына сіңіру қажет. Оның балалардың ойлау өрісін кеңейтіп, қазақы тәрбиеге қазық байлап, тіпті ұлт идеологиясына қызмет етері сөзсіз. Оған үлгі жоғарыда айтылған алып державалардың әрекеті. Қараңызшы, қазіргі балалар шытырман оқиғалы сюжетке құрылған дүниелерді сүйіп тамашалайды. Шетелдің қолдан жасалған батырларының ерлігіне сүйсінеді, одан қалса соларға еліктейді де. Ал мұндай анимацияға сұранып тұрған қазақтың шығармалары, эпостық және лиро-эпостық жырлары, ертегілері жетерлік. Ендеше олақтық өзімізден. Бізге дәл қазір анимациялық кейіпкер ауадай қажет секілді. Ал оны өмірге әкелу үшін әлі қанша уақыт күтеді екенбіз.