Өнер • 24 Қараша, 2021

Құс жолы

572 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аспанда қанша жұлдыз бар? Айдың түсі қандай? Күн неге жерді айналады? Ал жер неге домалақ? Жарықтың жылдамдығына өлшем бар ма? Біз не үшін түнді қарамен, күнді сарымен бояймыз? Білесіз бе, бұл сұрақтар иллюзияға толы болғанымен, бәрінің де жауабы бар. Ал оны бізге астрономдар айтады.

Құс жолы

Жоғарыдағы сауалдарды тұрмыс­тық кескіндеме және жанрлық портрет шебері, голланд суретшісі Ян Вер­меердің «Астроном» картинасына қарап құрадық. Көркемөнердің алтын ғасырында, жо-жоқ еркіндік пен гүлдену дәуірінде дүниеге келген талант иесі бейнелеу өнері тарихында орны ерек тұлға. Ол тек қылқалам шебері емес, тәп-тәуір кәсіпкер де болған адам. Оның ғалым Энтони Ван Левенгукпен қарым-қатынаста бекер болмағаны көпке мәлім.

Оның мансабы туралы нақты мағ­лұмат жоқ, өмірбаянына үңілсеңіз тек өнермен қоршалған. Оған көбіне италиялық кескіндемелер мен Кара­вад­жо шығармашылығы ерекше әсер еткені айтылады. Картинадағы қа­нық түстер мен бояулардың тығыз қа­баты италиялық көңіл күйді береді. Жанрлық сюжеттер жұмысының же­текші лейтмотиві мен ерекшелігіне айналғаны даусыз.

Суретші өзінің кезекті жұмысы үшін 45х41 сантиметр өлшемді кенеп пішімін таңдаған. Байқайсыз ба, кескіндемешінің өзіне тән қолтаңбасы оның жарықты әдемі үйлестіруінен-ақ білінеді. Ал мінезі қарапайым бейнені монументалды бейнеге айналдыруында, сонымен қатар күнделікті өмірдің ұсақ-түйегіне мән беруінде тұр.

Шығармадағы глобус сияқты гео­гра­фиялық картада Нидерландтың жер көлемі бейнеленген. Сол арқылы суретші ұлтын мақтан тұтады. Өйт­кені қызғалдақтың отаны саналатын ежелгі мемлекет XVII ғасырда ха­лықаралық сауданың нәтижесінде бай елдердің біріне айналды.

Картинаның атауы – ақыл мен ғы­лымнан хабар беріп тұрса, он­дағы кейіпкер ғаламшардың иесі есебінде жерді айналдырады. Нә­зік жарықтандырылған көрініс адам­зат пен ғаламшардың қарым-қаты­на­сын дәл бейнелейді және бұл қа­рым-қатынаста білім маңызды еке­нін айшықтайды. Ол кестедегі мәтін­дер­ден де көрініс табады. Картинадағы адам – Энтони Ван Левенгук. Ол – микроскопты құрастырушы.

Айтпақшы, суретші мен ғалым бірін-бірі жақсы білген. Тіпті бірлесіп талай шаруаны тиянақтаған екен. Бұл туындыны әйгілі суретші досы­на арнағаны анық. Досы арқылы бү­кіл ұлттың ғылымына шолу жасайды. Картинаның құпиясы да сонда жат­қандай...