Қазақстан • 24 Қараша, 2021

Арнайы қызметтің арландары

740 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күштік құрылымдардың, әскери күштердің қатарында ерекше әзірлігімен, физикалық-моральдық тұрғыдан іріктелген, кез келген қауіпті тапсырманы орындауға әзір арнайы жасақтары, бөлімшелері бар екені белгілі.

Арнайы қызметтің арландары

Арнайы мақсаттағы күштер туралы көптеген фильм түсіріліп, кітаптар мен мақалалар жазылып жатса да, қалың оқырманға олардың өмірі құпия болып көрінеді. Сол себептен болар, жас жігіттен бастап, әскери өмірдің қыр-сырын меңгерген офицерлерге дейін, дәл осы элиталық бөлімшелердің қатарында қызмет етуді армандайды.

КСРО кезінде аты аңызға айналған «А» («Альфа») бөлімінің дәстүрлерін жалғастырған терроризмге қарсы арнайы әскери бөлімше («А» бөлімі) қысқа мерзімде жауынгерлік дайындықтың жоғарғы деңгейіне қол жеткізді. Тәуелсіз еліміздің алғашқы күнінен бастап ұйымдасқан қылмыс пен террорлық әрекеттерге қарсы күресте ерекше көзге түскен «Арыстан» қызметі теңдессіз ерліктің, ұстамдылық пен батылдықтың символына айналды.

2015 жылғы желтоқсанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Арыстан» қызметінің жеке құрамымен кездесіп, аталған ведомствоның материалдық-техникалық базасымен танысты.

«Сіздердің қызметтеріңіз ауыр екенін білемін, бұл күнделікті жаттығулар мен ағзаға түсетін үлкен физикалық салмақтар. Бірақ жалындаған шағыңда бұл жарасымды әрі жағымды болады ғой. Жас кезімізде біз де сіздер сияқты арнайы мақсаттағы жауынгер болғанды қалайтынбыз. Бүгінгі күннің нағыз батырысыңдар. Ешқандай қақтығыстардың болмауын тілеймін, бірақ оқ-дәріміз құрғақ болуы тиіс», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

2016 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Арыстан» қызметінің негізінде «А» Арнайы мақсаттағы қызметін құру туралы Жарлығына қол қойды. Мемлекетіміздің жоғары басшылығы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі «А» Арнайы мақсаттағы қызметінің орны мен рөліне ерекше назар аударады. Мәселен, 2020 жылғы ҰҚК алқа отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Комитеттің Арнайы қызметі қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұрудағы тиімді құралға айналғанына» тоқталды.

Соңғы онжылдықтың өзінде ғана Арнайы қызмет террористік сипаттағы 100-ге жуық зорлық-зомбылық әрекеттің жолын кесті. Халықаралық террористік ұйымдар, оның ішінде «Орталық Азия моджахедтерінің жамағаты», «Джунд – әл-Халифат», «Хизб-ут-Тахрирдің» Қазақстандағы құрылымдарының көздері жойылып, басқа да күрделі операциялар жүргізілді. Өзге елдердің серіктес арнайы қызметтерімен бірлесе отырып ондаған террорист пен экстремист іздестіріліп, ұсталды және экстрадицияланды.

Арнайы мақсаттағы жасақтың жауынгерлері үшін алғашқы маңызды сынақтың бірі Шымкент қаласының әуежайында орын алған рейстік автобустағы кепілге алынған адамдарды босату бойынша арнайы операциясы болды. Ол арнайы күштік құрылымдар тарихында «Набат» операциясы ретінде танымал. Әлемдік тәжірибеде алғаш рет террористер мен кепілге алынғандар арасынан шығын болмаған «Набат» операциясы  академиялық оқулықтарға классикалық үлгі ретінде енді.

Арнайы мақсаттағы күштердің күнделікті жұмысы жауынгерлік операцияларға дайындықпен өтеді. Бір күні олар террористер басып алған ұшаққа «шабуыл жасаса», ертеңіне пойыз вагонында немесе теңіз кемесінде өз дағдыларын шыңдайды. Арнайы жауынгерлік тапсырмаға бармас бұрын сарбаздар жүздеген, мыңдаған жаттығудан өтеді. Әр қадам, әр қозғалыс, қарудан атылған әрбір оқ - бәрі пысықталады.

«А» Қызметінің әкімшілік ғимаратының бірінші қабатында терроризмге қарсы операциялар мен жедел-жауынгерлік іс-шаралар барысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған ескерткіш-белгі орнатылған. Қара мәрмәр тақта бетіне ұзақ әрі бақытты өмір сүруді, балалары мен немерелерін сүюді армандаған батырлардың есімдері жазылған. Олардың ерліктері ешқашан ұмытылмақ емес.

«А» Арнайы мақсаттағы қызметтің сарбаздары мәңгілікке аттанған достары туралы өткен уақытта сөйлемейді. «Біз үшін олар Отанға шексіз қызмет етудің үлгісі. Біз барда олар да тірі, біздің арамызда әрдайым көрінбей қолдап, қорғап жүреді, әрқайсысын ұмытпай, жадымызда сақтаймыз» дейді сарбаздар.

Жауынгерлер қаза тапқан қаруластарының жұбайлары мен балаларына көмек пен қолдау көрсетуді өздерінің азаматтық борышы санайды. Балалардың әкелік қамқорлық пен жылуына зәру екендерін ескере отырып, әрбір жетістіктеріне қолдау білдіреді, спортқа қызығушылық танытқан балаларға қажетті кеңес пен көмегін береді. Қаза тапқан жауынгерлердің ұлдары да батыр әкелерінің ізімен жүріп, өз өмірлерін әскери қызметпен байланыстырғысы келетіні қуантады. Мұндай жағдайда Қызмет басшылығы жас буынның әскери жоғары оқу орынына түсуіне жағдай жасауға тырысады.

«Отаншыл» сөзін ҰҚК «А» Қызметінің жауынгерлеріне еш күмәнсіз қолдануға болады. Өз халқына, еліне, Президентіне адал, сүйікті ісіне шын берілген бүгінгінің батырлары ең күрделі жедел-жауынгерлік міндеттерді орындай отырып, Қазақстанның бейбіт өмірін сенімді қорғайды.

Рүстем  ҚҰРМАНҒАЗИН,

аға лейтенант