Өнер • 24 Қараша, 2021

Мейірім музыкасы

154 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оның жүрегінде мұхит ұйықтап жатқандай. Оның кеудесінде теңіз тербеліп тұрғандай. Оның маңдайына құс ұя салғандай. Оның қарашығына гүл өніп шыққандай. Оның алақанына ай сәжде еткендей. Оның иығына тау сүйенгендей. Оның жаулығына күн жасырынғандай. Әлемнің қай бұрышынан қарасаңызда одан биік шың, одан сұлу жан жоқ. Ол – мейірім музыкасы. Ол – ана.

Мейірім музыкасы

«Сендік қуат мың есе ар­тық Жердің тарту күшінен». Шіркін, Айбергенов «Ана» деген ұғымды бір тармаққа қалай әдемі сыйғызып жіберген десе­ңізші. Құдды дәл осы кар­ти­наға қарап жазғандай. Мынау дулы дүниеге ізгілік та­мызған, мейірім сепкен асыл жанға қандай теңеу арнаса ­да жарасады ғой. Себебі ол – ана!

Міне, тағы да ұлағатты ұстаз әрі танымал суретші Бо­рис Михайлович Неменский шығармасына үңіліп отырмыз. Қылқалам шебері 1922 жылы Мәскеуде дүниеге келген. 1942 жылы мектепті бітіре салысымен майданға аттанады. Десе де, өнер иесі қан майданның ішінде жүріп бірнеше картина жазып үлгеріпті. Сол шығармалардың бірі – «Ана». Тіпті, оның сюжеті бойынша соғыс туралы орыс ақыны Людмила Ведерникова өлең де жазған екен.

«Идёт война.

Мелькают годы, даты...

В избе сидит, тоскуя

в горе, Мать.

К ней на ночлег

поставлены солдаты

И до утра здесь будут

отдыхать».

Картинаға назар аударсақ, иығына жұқа орамал жапқан әйел айналасында ұйықтап жатқан сарбаздарды бақылап отыр. Балаларының ұйқысын күзеткен ана кейпінде. Ал өлеңге сүйенсек қалжыраған сарбаздар түнде әйелдің есігін қағады. Оның да осындай ұл­дары «туған жерімізді жау­дан қорғаймыз» деп алыста арып-ашып жүргендіктен, әйел оларды бірден бауырына басады. Әбден шаршаған сарбаздарды ішке кіргізіп, үйдегі барын беріп, тамақтандырады. Ағаш еденге жатқызғанымен соңғы жылы киімдерін көрпе ретінде астына төсейді. Сарбаздар ұйқыға батқанда, әйел Құдайға табынып, олардың үйлеріне аман-есен оралуын сұрайды.

Соғыс кезінде адамдар бір-біріне қолынан келгенше көмектескені анық. Ол уақытта «біреудің баласы» деген ұғым болған жоқ. Сондықтан мұн­дай оқиға Неменскийдің өз басынан да өтуі мүмкін. Неге десеңіз, суретші картинадағы кейіпкерлердің сезімі мен эмоцияларын толық жеткізе алған. Әйел-ана шаршаған жауынгерлерді нәзіктікпен бақылап, балаларын еске алады.

Картина сол азапты жыл­дардың үміті мен үрейінен туған туын­ды. Арғы жағында мейі­­­рім музыкасы ойнап тұр­ғандай, жүректі елжіретеді.

Соңғы жаңалықтар