Қазақстан • 25 Қараша, 2021

Түйткілдер шешілуге тиіс

163 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сенатта «Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі саудасы салаларындағы заңнамалық базаны жетілдіру мен тиімді саясатты іске асыру» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті.

Түйткілдер шешілуге тиіс

Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров Үкімет сағаты отырысын аша келіп, Қазақстанның сау­да саласында жүйелі проблемалар, оның ішінде көлеңкелі тұстары да бар екенін атап өтті. «Ішкі сауданың белсенді өсуін қамтамасыз етуге, бизнесті ел экс­портының өсуіне бағдарланған жоғары сапалы өнім шығаруға ынта­лан­дыруға негізделген, дұрыс жолға қойылған сау­да саясаты көптеген елдің тиімді эко­номикалық дамуының кепі­лі­не айналды. Мемлекет басшы­сы Қазақстанның сауда-логис­тикалық әлеуетін нығайту, отан­дық өнімді өткізетін нарықтарды кеңейту және нарықты отандық өніммен молықтыру үшін жағ­дай жасау қажеттігін бір­неше рет атап өтті. 2021 жыл­ғы 1 қыр­күйектегі «Халық бір­лігі және жүйелі реформалар – ел өр­кен­деуінің берік негізі» атты Жол­дауында Президент экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың номенклатурасын және экспорттың гео­графиясын кеңейту жөнінде міндет қойды», деді Н.Әбдіров.

Сенат Төрағасының орынба­сары Қазақстан экономикасы­ның құрылымында сауда не­гізгі секторлардың бірі екенін еске салды. Оның ішкі жалпы өнім­дегі үлесі шамамен 15 па­йызды құрайды. Бұл сала ш­а­мамен 1,5 млн адамды жұ­мыс­­пен қам­тамасыз етеді. «Коро­на­вирус пан­д­емиясы жаһан­дық сауда байланыстарын едәуір әлсіретіп, еліміздің сауда жүйе­сінің дамуына әсер етті. Сыртқы сауда айналымы 2019 жылға қарағанда 12 пайызға төмендеп, 2020 жылы 86,5 млрд долларды құрады. Бұл ретте экспорт – 18, импорт 2 пайызға төмендеді. Сонымен бірге пандемия сауда секторы үшін жаңа мүмкіндіктер ашты, елдер арасындағы шекараны жоя отырып, сауданың дәстүрлі форматтарын біртіндеп ығыстыратын онлайн-сауданың қарқынды дамуына түрткі болды. Мәселен, 2020 жылы Қазақстанда интернетте сатып алудың жалпы көлемі 960,8 млрд теңгені құрады. 2019 жылмен салыстырғанда 2,2 есе өсім көрсетті. Биыл теріс үрдістерге қарамастан, Қазақстан сырт­қы саудадағы оң динамиканы сақтап қалды. 2021 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша экспорт 16 пайызға, импорт 2,2 пайызға өсті. Қазақстанның ішкі сауда көлемі де артты. Бөлшек сауда 6, көтерме сауда 11 пайызға өсті», деді Сенат Төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар ол отын-энер­гетикалық тауарлар, атап айт­қанда экспорт көлемінің мұнай және мұнай өнімдері бұрынғыша қазақстандық экс­порт­тың негізін, 51,5 па­йы­зын құрап отырға­нын жеткізді.

Палата Төрағасының орын­ба­сары ЕАЭО елдерінің аумағында қазақстан­дық тауарлардың экспорты мен тран­зитіне әлі де шектеу бар еке­нін атап өтті. Сондай-ақ отандық нарықтағы сертификаттарды техникалық реттеуде, қазақстандық сертификаттың басқа елдерде, оның ішінде ЕАЭО-да мойындалмауына байланысты проблемалар бар. Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, оны шешу Қазақстанның сыртқы және ішкі саудасын одан әрі дамыту үшін аса маңызды. «Басқа елдерде, оның ішінде ЕАЭО елдерінде біздің сертификаттар мойындалмай, отан­дық нарықта техникалық реттеумен байланысты проблемалар орын алып, «күмәнді» сертификаттардың үлесі басым болып тұр. ЕАЭО елдерінің аумағы арқылы қазақстандық тауарлардың экспорты мен транзитіне шектеу де бар», деді Н.Әбдіров.

Сенат Төрағасы орынбаса­ры­ның сөзіне қарағанда, жүк­терді әкелу мен әкетуді шектеу­де Қытаймен де жүйелі проблемалар бар. Қазақстандық кәсіп­керлер әлі күнге дейін шешімін таппаған бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Мұны реттеу қажет­тігін Мемлекет басшысы да атап көрсеткен. «Ішкі саудада инфрақұрылымның жеткіліксіз деңгейде дамып отырғанын атап өтуге болады. Оның ішінде сауда және қойма объектілерінің же­тіспеушілігін, жалға алу құ­ны­ның және жылжымайтын мүлік объектілері мен жер баға­сының жоғарылығын, коммуникациялар жүргізу құнының қымбат болуын атап өткен жөн», деді Н.Әбдіров.

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков өз кезегінде еліміздің сыртқы және ішкі саудасын дамыту Палата үшін басым мәселелердің бірі екенін атап өтті. Ол бүгінгі таңда қажетті тиісті заң­намалық база әзірленіп, мемлекеттік қолдау жүйесі жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Алайда сенатордың айтуынша, депутаттардың кәсіпкерлермен кездесуі кезінде айтылған, әйтсе де шешімін таппаған мәселелер әлі де бар. «Кездесу барысында бизнес субъектілері отандық нарықта импорттық, көбінесе сапасы төмен өнімдердің қаптап кетуі және жалған сер­ти­фикаттар мәсе­лесін көтереді. Сондай-ақ инф­рақұрылымды дамыту дең­гейінің төмендігі, жалға алу құны мен жылжымайтын мүлік объектілері бағасының жоғары болуы ШОБ-тың ірі сауда орта­лықтарына қолжетімділігін шектеуге алып келеді», деді Д.Әділбеков.

Сауда және интеграция ми­нистрі Бақыт Сұлтанов депу­тат­тардың дәлелдерімен келісе отырып, сауданың тиімді дамуы­на бірқатар проблема кедергі болатынын, оның ішінде сауданың қазіргі заманғы түрлері мен сипаттарының аздығы, сапалы сақтау инфрақұрылымы­ның жетіспеушілігі мен сауда-логистика тізбегінің объектілерін үйлестірудің жоқтығы ауыл ша­руа­­шылығы өнімдерін ауқым­ды шығынға, делдалдың кө­бе­юі мен бағаның негізсіз өсуіне алып келетінін жеткізді. «Ши­кі­заттық емес тауарлар мен қыз­меттер экс­портында оң ди­намика бай­қалады. Атап айт­қанда, 2021 жыл­дың 9 айының қоры­тынды­сында шикізаттық емес тауар экспорты 14 млрд долларды құ­ра­­ды. Бұл 2020 жылдың 9 айы­­мен салыс­тырғанда 25,6 па­йыз­ға көп. Осы жылдың бірі­н­ші жартыжылдығында өткен жыл­­дың дәл осындай кезеңімен са­лыс­тырғанда қызметтер экспорты 2,4 пайызға артып, 2,7 млрд долларға жетті», деді министр.

Б.Сұлтановтың сөзіне сүйенсек, шикі­заттық емес тауар­лар экспортының артуына Үкімет жүргізіп отырған проак­тивті экспорттық саясат оң септігін тигіз­ген. Ол ша­мамен 20 қаржылық және қаржылық емес құралды қам­ти­ды. «Осы жылдың 9 айында 74 экспорттаушыға 119 млрд тең­генің жеңілдетілген не­сие­сі ұсынылды. 158 экспорттаушының 5,9 млрд теңге шығысы өтелді. 69 экспорттаушыға 105 млрд теңгеге сақтандыру қолдауы көрсетілді. 200-ден астам экспорттаушы консультациялық-сараптамалық қолдау алды», деді Б.Сұлтанов.

Ведомство басшысы Үкімет сағатының қатысушыларына бүгінгі көріністер мен қазіргі проблемаларды ескере отырып, министрлік Қазақстанның сыртқы және ішкі саудасындағы жағдайды жақсарту жөнінде кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сенатор Д.Әділбеков Үкімет саға­ты­ның жұмысын қорытындылай келіп, кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен ұсынымдар Үкіметке жіберілетінін атап өтті.