Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы орайда аталған кітапты Семей қаласынан арнайы алып келіп, жаңғыртпасын жасауға мұрындық болған мекеменің әкімшілік-қаржы бөлімінің бастығы Айнұр Жарахметова екен. Ал көне туындының тарихына тоқталар болсақ, Абайдың қазасынан (1904 жыл) кейін туыстары мен балалары ақынның мұрасын жинастырып, баспаға әзірлеуге кіріскен. Сөйтіп, Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылы жазғасалым ақынның өлеңдерін, қарасөздерін жинап, түгендейді. Тапқандарын Мүрсейіт Бікеұлының қолына беріп, әдемілеп, көшіртеді. Ескіше құсни-көркем жазудың хас шебері Мүрсейіт молда арнайы тігілген қоста отырып, бір айда көшіріп шыққан, дейді абайтанушы мамандар.
Шын мәнінде туыстарына ұлы ақынның қолжазбасын жинақтап, баспаға дайындауды тапсырған адам Әлихан Бөкейханов. Әлекең 1915 жылы 18 қаңтар күні «Қазақ» газетіне жарияланған «Кәкітайдың қазасы» жайлы мақаласында: «...1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып Омбыдағы маған келді...» десе, 1995 жылы «Абай» журналында жарық көрген Мінәш Әрхамқызының «Кәкітай» атты естелігінде: «Әбден дайындалған қолжазбаны Семейге Кәкітай алып кетті. Жол шығынына арнап сатып, пұл қылу үшін екі семіз ат, екі семіз түйе бірге кетті» деп жазады.
Кәкітай осы сапарында Омбыдағы Әлекеңе қолжазбаны апарып берген. Жинақта Абай өлеңдері 17 бөлікке топтастырылып, әрбір бөлікке: «Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық туралы», «Ой туралы» т.б тақырып беріліпті. «Ақын шығармаларын бұлай жіктеу шартты түрде болса да тақырыбына қарай топтап бастыру сол замандағы оқырман қауымға Абайдың ақындығын таныту жолын жеңілдету мақсатынан туған болатын», деп тұжырым жасапты үлкен ғалым Қайым Мұхаметқанұлы.
Төрт жылға созылған шырғалаңнан кейін Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы басылып шығады. Жинақтың басқы бетінде: «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғылының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Турағұл Құнанбайұғландары. СПБ., Восточная электропечатня И.Бораганскога, 1909» деп жазылған.
Осылай бір ғасырдан астам уақыт қол тимеген кітапты елордалық жаңғыртушы мамандар бір айдың ішінде реставрациялап шығыпты. «Бізге жеткенде кітаптың сыртқы мұқабасы тозып жоғалған, қағазы үлбіреп шашылуға шақ қалған, тігістері сөгілген өте нашар күйде болды. Жұмыс барысында реставрацияның барлық жаңа технологиялары қолданылды. Оны толық қылшылдық бейтараптау, таза былғары қолдану арқылы, мраморлық қағазбен қолдап, түбі классикалық әдіспен тігілді», дейді реставратор маман Жансерік Бейсенқұлов.