Елбасы • 06 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздік тағылымы

5996 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін

Көп ұзамай ең қасиетті құнды­лығымыз – ел тәуелсіз­дігінің торқалы тойын атап өтеміз. Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүние­танымымыз бен болмы­сымыздың негізі ретінде бостан­дық пен азаттыққа таңдау жаса­дық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім  адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу.

Тәуелсіздік тағылымы

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының

Тұңғыш Президенті – Елбасы

 

Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады. 

Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік ата­ларымыз аласапыран заман­дардағы алақұйын дауыл­дарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен заман­дарда қазақтар түрік жұртының ата қо­нысын, қара шаңырағын сақтап қалды.

Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан  дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт.

Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасыр­лар то­ғы­сында елімізді бас­қару маған үл­кен сеніммен қатар зор жауап­кер­шілік жүк­теді. Мен өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойы­­на туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұмсадым.

Ерлік пен елдікті ту еткен, жасам­паздықты жалау еткен халқы­мыздың дербес мемлекет құрғанының отыз жылдық тор­қалы тойы қарсаңында тәуел­сіздіктен тағылым алу үшін бүгін туған халқыммен ой бөлісуді жөн көрдім.

Тәуелсіздіктің мән-мағы­на­сы туралы түрлі ғылым өкіл­дері өзінше тұжырым жасай­тыны анық. Бірақ бір нәр­се ақиқат, ол – ата-бабала­рымыздың азаттық жолын­дағы жан алысып, жан беріс­кен сан ғасырлық кү­ресі­­нің заңды жалғасы, ха­лық­­­ара­лық құжаттармен бекі­тіліп, мәң­гілікке берілген сыйы.

Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шай­қас­тар мен көтерілістерде қан­ша­ма қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиет­ті кие­міз – тәуелсіздікке сабыр мен төзім­ділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік.

Мен миллиондаған адамды қанға бөктіріп, қисапсыз мол қиындықтардан тұратын XX ғасырдың ортасында дүниеге келдім. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар қатыспаса да, патшаның 1916 жылғы маусым жарлығымен тыл жұмысы үшін әскерге шақырылды. Отаршыл өкі­меттің өктемдігі мен зұлымдығы халық­ты ашындырып, төзімін тауысты. Сол кездегі Жетісу өлкесінің Қарқара, Қастек, Самсы өңірінде болған ұлт-азаттық көтерілістерге менің ата-бабаларым да қатысты.

Бұдан кейінгі қазақ даласын қанға бөк­тірген Азамат соғысы да халқымыз­ға қисапсыз мол қасірет әкелді. Ашаршы­лық­тың екі бірдей толқыны – 1921-22 жыл мен 1930-32 жылдардағы сұрқия сая­сат салдарынан орнаған зұл­мат кезінде қазақтың тең жарты­сы қырылды. Ел есін енді жинай бастаған отызыншы жылдар со­ңында сталиндік қанды репрессия ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын жалмап кетті, сонымен бірге қатардағы қарапайым азаматтар да қанды қасаптан аман қалмады.

Әрине, мен бұл оқиғалардың бәрін көзім­мен көрмесем де, әкем мен анам­ның өзегін мұң мен зар өртеп, жанарын жасқа шылап отырып айтқан сөздері­нен, азаттық жолында шейіт болған аруақ­тарға арнап, күбірлеп оқыған дұға­ларынан естіп-біліп, көкірегіме түйіп өстім. Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздік­сіз алға жылжыған.

Адамзат тарихына ең қанды қырғын ретінде енген екінші дүниежүзілік со­ғыс­­тың құрамдас бөлігі – Ұлы Отан со­ғы­­сы­ның қаһарлы күндері, бала болсам да, әлі күнге көз алдымнан кет­пейді. Сәби кезімді еске алғанда әр үй­ден майданға аттанған ағаларым, ер-аза­ма­тының орнын жоқтатпай, «Бәрі де жеңіс үшін» деп, бел шешпей еңбек еткен аналарым мен жеңгелерім, қаршадай күні­нен өгізге жегілген соқамен жер жыр­тып, масақ теріп, еңбекпен көзін аш­қан қа­тар­ластарым еске түседі. Менің еңбек та­қырыбына жиі оралатынымның бір сы­ры да балалығын соғыс ұрлаған сол ауыр күндерден қалған естелікте болса керек.

Адамды қандай қиындықтан да аман алып шығатын құдірет еңбек екенін мен сәби кезімнен-ақ сезіндім. Кейінгі жастарға үнемі «Еңбек ет, отбасыңды асыра, еліңе қызмет қыл: өзің де табысты болып, Отаныңның да қуаты артады» дейтінім сондықтан.

Соғыстан соңғы кезеңдегі тың игеру, металл қорыту, болат балқыту – халық ша­руашылығын қалпына келтірудің дәл ортасында жүрдік. Социализмнің артық­шылығын да, кемшілігін де көрдік. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағы құра­мын­да болған жетпіс жылдықтың нәти­же­сі біздің елдің пайдасына шешілген жоқ.

XX ғасыр басында Алаш қайраткері Ахмет Байтұр­сын­ұлы «Әлхамдүллә, алты миллион халықпыз» деген екен. Пат­шалық Ресейдегі 1913 жылғы ресми санақ бойынша Дала өл­кесінде, Түр­кістан өлкесіндегі қазақтарды қоспа­ған­да, 5 миллион 597 мың халық тұрған. Де­мек Ахаңның айтып отырғаны – күмән келтірмейтін ақиқат. Ал арада жар­ты ғасырдай уа­қыт өткенде КСРО-да 1959 жылы өткізілген санақта Қазақ­стандағы қазақтардың саны 2 миллион 787 мыңға дейін кеміп, республика хал­қының небәрі 30 пайызын ғана құраған.

Мен 1989 жылы республи­камыздың бірінші басшысы болып сайландым. Дәл сол жылы өткізілген КСРО-ның ең соңғы халық санағының деректері бо­йынша Қазақстандағы қазақ­тардың үлес салмағы небәрі 40,1% ғана еді.

Азат еліміздің жастары тәуел­сіздікке барар жолдың қан­дай азапты болғанын, қандай құр­бандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көте­ріліс, азамат соғысы, ашар­шы­лықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен реп­рес­сия­лар, Ұлы Отан соғысы, тың иге­ру жыл­дарындағы жаппай қоныс аудару­дың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан.

Мен отыз жыл бойы хал­қымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлем­дік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүние­дегі ең дамыған 40 елдің қатары­на қостым. Осы жылдар ішінде әлем­дік ғы­лым мен мәдениеттің ең үз­дік жетістіктерін меңгерген жа­ңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үл­кен табысым да, ең үлкен ба­қытым да осы деп санаймын.

1

Біз, Абай атамыз айтқандай, «ақы­­рын жүріп, анық бастық». Со­ның ар­қа­­сында көп сала мен бағыт бо­­йын­­ша өзге­лерден озып кеттік. Енді осы­ның мән-жайына тереңірек тоқ­­т­а­лып, бұ­рын көп айтыла бер­мейтін кейбір де­рек­­ті халықтың назарына ұсынғым келеді.

Кеңес Одағы сынды алып империя өткен ғасырдың 70-жылдары тарихшылар қауымы «то­қырау» деп айдар таққан күрделі кезеңге аяқ басты. Тек жоғары билік бекіткен жоспар мен қосып жазуға негізделген кеңестік экономика, жалаң ой, жадағай пікірлі коммунистік идеология қоғам дамуын тығырыққа тіреді.

Тоқырау кезінде ел экономикасында орын алған мүшкіл халді Қараған­ды облыстық пар­тия комите­тінде бас­шы­лық қызмет атқар­ған 70-жыл­дар­­дың соңында айқын аң­ғара бас­та­дым. Ал мен Қазақ КСР Үкі­­меті­нің бас­шы­лы­ғына тағайын­далған 80-жыл­да­ры жағ­дай тіпті асқынып тұрған болатын.

М.С.Горбачевтың «қайта құ­руы» то­қы­рауға белшесінен бат­қан қоғамға сер­пі­ліс әкеле алмады, керісінше көпсөз­ділік­ке, жаппай жарнамалық ұрандарға жол берілді. Экономикалық базис жасал­май, асығыс басталған «бетбұрыс» жылдар бойы қор­даланған проблемаларды одан әрі өршітіп, шарықтау шегіне жеткізді.

КСРО-да болған алғашқы де­мокра­тия­­лық сайлау нәти­жесінде іріктел­ген халық депу­таттарының І съезі 1989 жылдың мамыр-маусым айларын­да өтті. Бұл кезде мен Республика Ми­нистр­лер Кеңесі төрағасы болатынмын. Алып Одақ эко­но­ми­касында орын алған мүш­кіл жағ­дайды ашық айтуға тура келді.

Кремльдің Съездер сарайы­ның трибунасынан мамырда сөйлеген сөзімді қаз-қалпында келтірер болсақ, онда былай деген екенмін: «...Қызметтік мін­детім бойынша практикалық экономика мәселелерімен айналысып жүрген менің айтарым: біз бүгінде ел экономикасындағы шынайы жағдай­ды нақты біл­мейміз. Өздеріңіз ойлап көрі­ңіздер: КСРО Мемлекеттік ста­тис­­тика комитетінің деректері бойын­­ша елдегі азық-түлік өнді­рісі артқан, бірақ сөрелер бос. Жоспарлар орындалу­да, ал эко­номика ахуалы нашар­лап ба­рады. Неге? Мұндай «неге­лер» тым көбейіп кетті. Түп­тің түбінде экономикадағы дағда­рыстың қаншалықты тереңдеп кеткенін анықтап, оны еңсерудің айқын жолын табуымыз керек-ақ.

Он екінші бесжылдық жос­пары тоқыраудың ең тозған дәстүрлері негізінде жасалды».

Әрине, екі күннің бірінде «қай­та құру», «бетбұрыс», тіпті «же­делдету» деп ұрандатып жат­қан М.С.Горбачевқа «он екінші бесжылдық тоқыраудың ең на­шар дәстүрі негізінде жасалды» деген сөз ұнай қойған жоқ. Тіпті регл­а­мент­пен шектегісі кел­гендей сыңай та­ныт­­ты. Бірақ залдың дүркірете қол соқ­­қаны оның мені тоқтатуына мүм­кіндік бермеді.

«Шешінген судан тайынбас» дегендей, енді тартынып қалуға болмайтынын сезгендіктен, Қазақ­­станда қалыптасқан ауыр жағ­дайды да айтуға тура келді: «Ведомстволық өктем­дік әлем­дік нарықта зор сұра­нысқа ие шикізат ресурсына бай рес­публикамыздың өз әлеумет­тік дамуында ауыр халге түсуіне, экологиялық дағдарыс шегіне келіп тірелуіне әкеп соқтыр­ды. Ыдыс-аяқ дүкеніне кіріп кет­кен пілдің кебін киген ми­нистр­ліктер Аралдың түбіне же­тіп тынды. Екібастұз даланы күлге бөк­тіруде. Мұнай өндіріп жатқан­дарға оның түк қайыры болмай тұр. Түрлі полигон үшін мал­шы­лар өрістерінен айырылды, ал оның өтемі туралы мүлде сөз жоқ».

Сөзімді аяқтап, залға қарасам, Қазақстан Компартиясы Орта­лық комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Г.В.Колбиннің өңі сұп-сұр болып кеткен екен. Бірақ ел мүддесі, халық тағдыры талқыға түскен мұндай сәттерде аянып қалуға болмайтын еді.

Одақтың кетеуі кетіп, іргесі сөгіле бастаған кейінгі екі жыл ішінде қалып­тас­қан нақты жағдай тіпті ушығып кетті.

Кейін зерттеушілер «еге­мендік шеруі» деп айдар таққан үдеріске 1989 жылы алдымен Балтық елдері кірісіп, Кавказ елдерінде жалғасты да, артынан бүкіл Кеңес Одағын қамтыды. 1990 жылдың аяғына дейін Одақ құрамындағы 15 республика түгелдей өз егемендігін жария­лап үлгергенімен, Эстония, Литва және Латвия елдерінен басқа 12 республика әлі Одақ құрамында болатын.

М.С.Горбачев қаншалықты жанталаса қимылдап, Одақты сақтап қалуға әрекет еткенімен, КСРО-ның одан әрі ыды­рауын тоқтату мүмкін емес еді. Келесі 1991 жылдың 18-21 тамызын­да әйгілі «тамыз бүлігі» болды. Бұл Кеңес Одағы басшылығының дәрмен­сіздігін күллі әлемге танытты. Соның нәти­жесін­де 1991 жылдың тамыз-желтоқ­сан айларында қалған респуб­ликалар түгелдей өз тәуелсіздігін жария етті.

Саясаттың қызуы көтеріліп, Горбачев пен Ельциннің теке­тіресі шегіне жетіп, бір кез­дері темірдей тәртіпке негізделген ор­та­лықтағы басшылықтан береке кеткен сол тұста Қазақстан тарапынан жіберіл­ген жалғыз қателіктің өзі орны толмас тра­­­­ге­­дияға әкеп соқтыруы әбден мүмкін еді.

Біз ашуды ақылға, асы­ғыс­тықты сабырға жеңдіріп, үне­мі әліптің артын бағып, аңы­сын аңдумен болдық. Маған баты­лырақ қимылдау үшін бүкіл­халық­тық мандат керек еді. Осылайша, 1991 жылдың 1 жел­тоқсанында ел тари­хын­дағы тұңғыш Президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98%-дан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты.

Сайлаудан 2 күн өткенде – 3 жел­тоқсанда Алматыға М.Хофф бастаған Еуропа Пар­ламентінің үлкен делегациясы келіп, Қазақстанның жаңадан сайланған Президенті ретінде мені ресми сапармен Брюссельге келуге шақырды. Бұл да бізге үлкен демеу, халықаралық деңгейдегі қолдау болды.

Біз тәуелсіздікті жария­лауға дайын­дықтың соңғы, шешуші кезеңіне де келіп жет­тік. 8 желтоқсанда Б.Н.Ель­цин, Л.М.Крав­чук және С.С.Шуш­кевичтің қаты­суымен Бело­рус­сияның Беловежье­сінде өткен кездесуде Кеңес Одағының «ха­лықаралық құқық пен гео­саяси жағ­дай субъектісі» ре­тінде өмір сүруін тоқ­тат­қаны туралы мәлімдеме жарияланды. Мен Ельцинмен, Кравчукпен, Шуш­кевичпен жүздесу үшін шұ­ғыл түрде Мәскеуге ұштым, мұн­дай кездесу күні бұрын жос­парланған еді, бірақ шақырылған үшеуі де келмей қалып, кездесу болмай қалды.

Бұдан кейін кеңес және ше­телдік баспасөз өкілдерімен Мәскеуде өткізген баспасөз мәслихатында: «КСРО құ­рамына енген барлық республи­каның тәуелсіздігін мойындап, олар­дың тез арада Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы­на көмектесу керек», деген пікірімді ортаға салдым.

Желтоқсанның 12-13 жұл­дызында Ашғабадта Орталық Азия республика­ларының бас­шыларымен бас қосып, жағ­дайды саралай келіп, біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығына тең құқылы мүше бо­луға әзір екендігіміз жөнінде ор­тақ мә­лім­деме жасадық. Ертең­інде көп­тен күткен күн туып, Жоғар­ғы Кеңестің 1991 жылдың 14 желтоқсанында өткен 12-ша­қы­рылған 7-сессиясының тал­қы­­лауына «Қазақстанның мемле­­­кет­тік тәуелсіздігі туралы» конс­титу­циялық заң шығарылды.

Еліміздің жетекші заңгер­лерінің қатысуымен алдын ала сараланып, сараптамадан өткізіліп, қапысыз даярланған заң бірден-ақ мақұлдануға тиіс болатын. Оның үстіне өзге рес­публикалар мұндай заңдарын әлдеқашан қабылдап қойған. Бірақ жағдай біз күткеннен бас­қашалау болып шықты.

Жоғарғы Кеңес залында вице-президент Е.М.Асанбаев қатысып отырғаны­мен, мен талқылауды кабинетім­дегі байланыс арқылы жіті бақылап отырдым. Әлі есімде, күн тәртібі жария етілісімен-ақ бір депутат: «Біз кімнен және неден тәуелсіздік алғалы отырмыз?! Өзіміз 70 жыл бойы сөгіп келе жатқан Ресей империясы үлгісімен енді қазақ империясын құруға ұмтылып жатқан жоқпыз ба осы?» деп арандатушылық пиғылдағы сұрағын бастап кетті.

Көп ұзамай тағы бір депутат оны қостай түсіп: «Біз тәуелсіз мемлекет жариялау мәселесін талқылаудамыз. Ертең таңертең 17 миллион халықтың тең жарымы – орыстілді қауым бөтен мемлекеттің азаматтары болып шыға келмек. Жолдастар, бұлай етуге болмайды ғой», деді.

Ал енді бір «халық қалау­лысының»: «Тек қазақ қана Қазақ КСР-інің немесе Қазақ­стан Республикасының Прези­­денті бола алатыны жөнін­дегі ұсыныс­ты маған қатыс­ты алғанда азаматтық теңқұқы­лыққа жасалған қиянат деуге бола ма, жоқ па?» деген сұ­рағына орай депутат С.Сар­таев оған қазақ елінің Прези­денті «мемлекеттік тілді және ұлт­аралық келісім тілін қатар мең­герген адам» бола алатыны жөнінде заңда тайға таңба бас­қандай жазулы екенін ескертті.

Мен әдейі, этика сақтап және ол уақыттың алыста қалғанына, заман-төреші бәрін әлдеқашан өз орнына келтіргеніне байланысты қазір олардың атын атап, түсін түстеуді жөн көрмедім.

Әрине, олардың мұндай «батыл» сөйлеуінің ар жағында қолтығына су бүркетін сыртқы күштердің бар еке­нін де бірден аңғардым. Бірақ маған қате­лесуге де, ашуға бой алдыруға да бол­майтын еді. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаттары, ел ағалары, белгілі заң­гер, ғылым қайраткерлері С.Зиманов, С.Сар­таев, Ә.Кекілбаев, М.Қозы­баев, Ө.Жол­дасбеков, т.б. де­пут­аттардың орнықты, дәлелді жауаптарына қарамастан, заң жобасын екі күн бойы талқылаған депутаттар ортақ мәмілеге келе алмады.

Талқылау әбден тығырыққа тірелген кезде 16 желтоқсан күні түстен кейін мен Жоғарғы Ке­ңеске келіп, депутаттарға мән-жайды өзім түсіндіріп, олардың бұл шешімін бүкіл Қазақстан халқы, күллі әлем жұрты күтіп отырғанын былайша жеткіздім: «Бұл заңды қабыл­дауымыз керек, өйткені жалғыз біз ғана қалдық. Көпұлтты Қазақстан хал­қы­­ның алдында біздің арымыз таза. Бұл – барлығы әр сөзіне үңіле оты­рып оқитын маңызды заң. Менің сайлауал­ды бағдарламам, біз шешкелі отыр­ған барлық мәселенің түйіні осы. Басты мәселе – мемлекеттік тәуел­сіз­­дік мәселесі. Артық шүйлігу­дің, еш­қандай мән-маңызы жоқ сөздер­ді қосудың қажеті жоқ. Заңды осы күйін­де басым көпшілік дауыс арқылы қабылдау керек деп санаймын. Бар­ша­ңыздан осыған бейілділік білдіру­леріңізді сұраймын».

Осы сөзден кейін қарсы сөйлеген депу­тат­тар­дың біразы сабасына түсіп, заң жобасы көпшілік дауыспен қабыл­дан­ды. Бұл бәріміз көптен күткен ай­шық­­­ты мезет, тарихи оқиға еді. Тәуел­сіз­­дік бізге оңайлықпен келген жоқ. Ал­дын ала ойлас­тырумен, зор ұйымдас­тыру­­шы­­лықпен, қапысыз дайындықпен жүзеге асты.

Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәр­биелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын.

Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын еді. Мен Қазақстан тәуелсіздігінің осындай биік деңгейде мойындалуын да алдын ала ойластырып қойған едім.

Бірнеше ай бұрын дипло­ма­тиялық арналар арқылы келі­судің нәтижесінде Қазақстан тәуел­сіздігін жариялаған күннің ертеңінде елімізге ресми сапармен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкердің өзі келді. Бұл оның Қазақстанға екінші сапары болатын. Осы уақыт ішінде екеуміз өзара сенімге негіз­делген достық қатынас орнатып үлгер­ген едік. АҚШ-тың сыртқы саясатына жауапты тұлға Қазақстанды тұңғыш Президент сайлауымен, тәуелсіздік жариялауымен шын жүректен құттықтады. Бұл ақпаратты онымен бірге келген шетел­­дік журналистер қауымы АҚШ пен Батыс елдеріне сол сәтте-ақ таратып жіберді.

Оқиғалар ағыны қарқын ала түсті. Экономикалық ынты­мақтастықты сақтау үшін 21 желтоқсан күні Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Түрік­менстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзер­байжан, Армения, Молдова және Қазақстан президенттері бас қосқан кездесу­де Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­­тығын құру жөнінде келі­сімге қол қойылды. Саммит Қазақ­стан тарапының бастамасымен Алматыда өтті. Бұл бір кездері «КСРО құрамына енген республи­калар­дың ендігі тағ­дыры қалай болады, кімнің жете­гінде кетуі мүмкін?» деген әлем мемлекеттерінің алаңдау­шылығын сап тыйып, Достастық мемлекеттерінің бірлестігі пайда болды.

Тәуелсіздік осындай «тар жол, тайғақ кешулер» мен «соқ­тықпалы, соқпақты замандардан» аман өтіп, өзінің арналы жолын тапты.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндері­нен бастап біз береке-бірлікке, ын­тымақ­қа, ұлт­аралық татулық пен дін­ара­лық келісімге негізделген сая­сат­­ты жүзеге асырдық. Бұл елі­мізді үз­діксіз өсу мен өркен­деуге бастады. Осы­­ның қадірін білуіміз керек. «Бір­лігі бар ел озады», дейді дана хал­қымыз.

Біз дамудың даңғыл жолына түскенде өзіміз сияқты тәуел­сіздігін жариялаған Грузия, Әзербайжан, Армения мемле­­кеттерінде, өкінішке қарай соғыс өрті тұтанып, Прид­нестровье Молдова­дан бөлініп кетті. Тәжікстанда азамат соғы­сы өршіп, бауырлас қырғыз елін­­­де дүркін-дүркін дүмпулер мен қақ­­ты­­ғыстар орын алып, сол жылдары басталған келіс­пеу­шіліктер әлі күнге дейін жал­ғасып, елдің берекесін алып қана қойған жоқ, экономикасын да тұралатып, жылдар бойы алға дамуын тежеді. Украинаның оң­­түстік-шығысындағы осы күн­­гі жанжалдың төркіні де тоқ­­са­ныншы жылдардан келе жатқан алауыздықтардан бас­талды.

Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады. Отыз жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік. Ауыз толтырып айтар табыстарымыз да аз емес.

Тәуелсіздік жариялаған соң жүйелі саяси реформаны қолға алдық. Осыдан жиыр­ма бес жыл бұрын бүгінгі бар­лық жетістіктерімізге берік заңнамалық іргетас болып қаланған Ата заңы­мыз – жаңа Конституциямызды қа­был­дадық. Бүкіл халық болып тал­қылаған бұл құ­жат ел даналығы мен ынты­ма­ғының, береке-бірліктің ірге­тасына айналды.

Дүниеде экономикалық даму мен демократияның алуан формасы болса да, оның дәл сол күйінде көшіріп ала қоятын ортақ үлгісі жоқ. Біз әлемдік тәжірибені қорытып, өз ерекшеліктеріміз бен мүм­кін­діктерімізді ескеріп, «Қазақстан – 2030» стратегиясын түздік. Онда белгі­ленген межелі көр­сеткіштерді мерзімінен бұрын орындаған соң халықтың қол­дауын тапқан «Қазақстан – 2050» бағ­дарламасын жасадық. Әлем­дік саясаткерлер мен сарап­шылар «Қазақстан жолы» деп жоғары баға берген ұлт да­муы­ның даңғыл жолының өзегін дәл осы қос стратегия құрайды.

Біздің жұрт – тамырын жеті қат жер астына жіберген алып бәйтеректей өзінің күш-қуатын ғасырлар бойы Ұлы дала төсінен алған байырғы ха­лық. Баба­ларымыз бізге мұра қылып ұлан-ғайыр жер қалдырды. Бірақ ол кешегі патша заманында да, Кеңес Одағы тұсында да халықаралық құжаттармен ресімделмеді.

Жалпы ұзындығы 14 мың шақы­рым­­дық біздің шека­рамыздың барлық бойлығына қатысты сындарлы келіс­сөздер үдерісін ұйымдастыру оңай міндет болған жоқ. Бұған бас­шылығы алғашқы күндерден-ақ біздің тәуелсіздігімізге, сондай-ақ шекарамызды нақты­лау ісіне қолдау білдірген екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жет­кізілгенін айта кетуім керек. Сөйтіп, Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы ұзын­дығы 7500 шақырым болатын ортақ шекарасы достық пен сенім белдеуіне айналды. ҚХР-мен шектес 1700 шақырымдық шекарамыз бойынша да тарихи уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жайт шекара мәселесі бо­­йынша өзге де көршілес ел­дер­дің сындарлы ұстанымда болуы­на септігін тигізді.

Біз Ресейдің және оның пре­зи­денті В.В.Путиннің, Қы­тай басшылығының тари­хы­мыз­дағы сол маңызды сәтте көр­сет­кен қолдауының әрдайым қадірін біліп, ри­за­шылықпен есте ұстауға тиіспіз.

Келіссөз барысында өзара түсініс­тік пен тараптардың мүддесіне деген құрмет ахуалын қалыптас­тыра отырып, біз жүйелі түрде халықаралық келісімшарттар жасасып, мемлекеттік шекарамызды түпкілікті айқындап алдық. Солайша, бабалар аманатын орындау үшін және күндердің күнінде өз ұрпағымыздың алдынан бұдан да ауыр қиындықтар шықпауы үшін түйткілдер мен кедергілердің бәрін еңсеріп, қолға алынған істі ақырына дейін жеткіздік.

Жер дегеннен шығады. Кеңес Одағы тұсында қазақтың ұлан-байтақ жерінің әр тұсы жантүршігерлік атом жарылыс­тары жасалған түрлі әскери полигондар мен базаларға, зертханаларға айналды. Тек бір ғана Семей полигонында 456 ядролық, термоядролық жарылыс жасалды. Оның 116-сы ашық атмосферада жарылып, халқымызға орасан зор зиянды зардаптар әкелді. Қазақстан ғалымдарының есебінше, Семей полигонында жарылған атом бомбасының жалпы қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан екі жарым мың есе артық екен. Мен осы тажал полигонын 1991 жылдың 29 тамызында жаптым.

Қазақстан тәуелсіздік алғанда біздің аумағымызда конти­нент­аралық баллистикалық раке­таларға арналған 1216 ядролық оқтұмсық болды. Бұл әлемдегі төртінші ядролық әлеует еді.

Біз атом қаруынан өз ер­кімізбен бас тартып, бүкіл­әлемдік ядролық қару­сыздану көшін бастадық. Бұл – Қазақ­станның жаһандық бейбітші­лікті сақтауға қосқан теңдессіз үлесі.

Тәуелсіздігімізді жария­ла­ғанда біздің өз валютамыз да жоқ еді. Әлемдік қаржы нары­ғын мұқият зерттей келе, ұлттық теңгемізді де дер кезінде айналымға енгіздік.

«Қамданған қапы қалмайды» дейді халқымыз. Ертеңін ойлаған ел ғана озады. Болашақ ұрпағымыз ештеңеден тарылмауы үшін Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын жасақтап, оған мол қар­жы жинақтадық. Дәл осы мол қара­жат пандемия кезінде бізге көмек болды.

Біздің еншімізге тарихымызда өз ауқымдылығы мен қиындығы жөнінен бұрын-соңды болып көрмеген жобаны жү­зеге асыру – Сарыарқаның төріне, ерке Есіл­дің бойына ел қондырып, жаңа да әсем елорда салу мәртебесі бұйырды.

Астананың қарыштап дамуы еліміздің өзге өңірлерінің өркендеп өсуіне серпін берді. Шымкент халқының саны миллионнан асқан республикалық дербес үшінші қала қатарына қосылды. Екі мың жылдық тарихы бар көне Түркістан кейінгі екі жылдың ішінде айтарлықтай өзгеріп, әсем шаһарлардың біріне айналды. Еліміздің өзге өңірлері мен ірі қалаларын да дәл осындай болашақ күтіп тұр деп нық сеніммен айта аламын.

Егемендіктің елең-алаң­ын­да-ақ мен Қазақстанға эко­номикалық жаңғыру, инфра­құрылымды жаңарту және шикізатқа тәуелділіктен құтылу қажет екенін түсіндім. Бірақ тек үшінші онжылдықтың басына қарай, ресурс пен тәжі­рибе жинақтаған соң ғана біз бұл қиын істі жүзеге асыра алдық.

Біз индустрияландыруға жә­не өз өнер­кәсіп базамызды дамытуға иек арт­тық. Сол мақ­сатпен Индустриялық-инно­вациялық дамудың үш бағдарла­масы қабылданды, 9 трил­лион теңге сомасындағы 1500 жоба ен­гізілді. Қазақ­стан бұрын өнді­рілмеген өнімдер – элек­тровоз, автобус, автомобиль, темір­жол вагондары, трансформаторлар және басқа да 500-ден астам өнім түрін шығара бастады.

Жолдар мемлекеттің көлік саласының қан тамыры қызметін атқаратыны белгілі. Небәрі 10 жыл ішінде біз 14 мың шақырым автомобиль жолын және 2,5 мың шақырым теміржол салдық, ірі әуе­жайлардың бәрін, теңіз бен құр­лық порт­­тарын қайта жаңғырттық. Со­ның нә­ти­жесінде теңізге шыға­тын жолы бол­маған Қазақ­стан Еуропа елдеріне, Парсы шығанағына, Үнді, Атлант және Тынық мұ­хитқа тікелей шы­ғу мүм­кін­дігі­не қол жеткізді және еуразиялық транс­конти­нен­талды көлік көпіріне айналды.

Тәуелсіз еліміздің басты байлығы – адам. Мемле­ке­тіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан хал­қы. Мен бойымдағы қуат, қыз­ме­тімдегі тәжі­рибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін хал­қыма қыз­мет етуге жұмсап келемін.

1

Сол үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тағ­дыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай ша­шыл­ған миллионнан астам қан­да­сымызды атамекенге алдырдым. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қан­шама мемлекет бар. Біз осыншама қандасымызды шетелдерден алдырып қана қоймай, басына – баспана, өзіне – жұмыс, ұрпағына білім бердік. Бұл іс әлі де жалғасын таба береді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек.

Еліміз тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде көптеген қиын­дықты еңсеріп, ұлан-­ғайыр табыстарға қол жеткізді. Алда алар асуларымыз бен бағын­дырар биік­теріміз де, ықтимал сын-қатерлер де аз емес.

Міне, екі жылдан бері дү­ние жүзі алаң күй кешуде. Коронавирус дертінен туын­даған пандемия әлемдік эконо­миканы ғана емес, өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруды, ғылым мен технология дамуын, жалпы адамның ойлау жүйесін айтарлықтай өзгертті. Ең алдымен, адамзатқа ортақ індет даму деңгейіне қарамастан ел мен елдің экономикасы мен технологиясын жақындастырып, бір-бірімен ынтымақтастыра бастады. Соның негізінде жаңа жаһандық экономикалық парадигма қалыптасты.

Жақында Нобель сый­лы­ғының түрлі ғылым сала­сын­дағы лауреаттарының үлкен бір шоғыры «Біздің ғаламшар, біздің болашағымыз» саммитінің қоры­тын­дысы бойынша әлем мемлекет­теріне үндеу жасап, пандемия адамзат дамуына Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен апат болып енгендігін атап көрсетіп, онымен бүкіл дүние жүзі бірлесе күресуі керектігін алға тарт­ты. Олар: «Егер осы бесжылдықта трансфор­мациялық шаралар қабылданбаса, адамзаттың болашағына ауыр қатер төнетін болады... Қоғамның ең кедей және маргиналданған топтары мейлінше әлсіз жіктер күйінде қала береді», деді.

Бұл менің осыдан тура 30 жылдай бұрын, 1992 жылдың 5 қазанында, Бірік­кен Ұлттар Ұйымының мінбесі­нен айтқан ұсыныстарыммен астасып жатыр. Біз сол кезеңнің өзінде әлем­­нің ең бай мемлекеттерінің әс­ке­ри-соғыс мақсатына қарас­тыратын шығын­дарының 1%-ын бөлу арқылы адамзатқа айтып келмейтін, төтенше апаттарға қарсы күресудің халықаралық қорын жасауды ұсынған едік. Әңгіме ол кезде БҰҰ-ның бітім­гершілік күштері туралы бол­ған еді, бірақ, біріншіден, маңыз­дысы идея және ұжымдық әре­кеттестіктің тетігі болатын, екін­шіден, түрлі елде тәулік сайын жүздеген, мыңдаған адам­ды баудай түсіріп жатқан пан­демияның соғыстан несі кем?

Егер дәл сол кезде мен ұсын­ғандай қор жасалған болса, қазіргі пандемия жағдайында кедей мемлекеттерге коронавирус­пен күресуге және оның зиянды зардаптарын жоюға бағытталған шараларды ұйымдас­тыруға мол мүмкіндік туған болар еді.

Пандемия әлемді жаңа күшке, жетек­ші тенденциялар мен алдағы қауіп-қатер­лер­ге негізделген жаңа геосаяси трансфор­мацияға бастады. Тұт­қиылдан келген індетке қарсы күресте жұртқа ақпа­рат пен сандық жүйеге негізделген жа­ңа тех­нология көмек қолын созды. Бұл еңбек нарығына ай­тар­лықтай жаңа өзгерістер әкелді.

Экономика бойынша Но­бель сыйлы­ғының лауреа­ты Кристофер Писсари­дес төр­тінші индустриялық рево­люция барысында роботтар біртіндеп адамдар қызмет ететін мамандықтардың басым көпшілігін алмастыратын бо­лады деген болжам жасаған еді. Сол болжам енді келді. Жа­һандық техно­ло­гияландыру нәти­жесінде қазір­дің өзінде ақпа­раттық технология, робот техникасы, синтетикалық био­ло­гия, бионика, нанотехнология, жасанды ин­теллект саласында бұрын санаға да сый­майтын революциялық өзгеріс­тер орын алып жатыр. Әлемде биоинже­нер, робот техникасы инженері, киберқауіп­сіздік маманы, нейромаркетолог, космобиолог, урбанист-эколог, биофармаколог, агрокибернетик, метеоэнергетик сияқты жаңа мамандықтарға сұраныстар барған сайын арта түсуде.

Біз кезінде «ЕХРО-2017» көрмесін өткізіп, жасыл энер­гетикаға көшудің кешенді бағдарламасын қабылдадық. Бүгінде бүкіл әлем баламалы энергетиканы – жел энергиясы, гелиоэнергетика, гидроэнергетика, биоэнергетика, геотермалды энергетика салаларын қарқынды дамыту үстінде. Осы үдерістен қалмауымыз керек.

Жаһандық жаңа трендтердің қата­рын­да болу үшін біз «Бола­шақ» бағдар­ламасын жасап, жас­тарымызды әлем­нің ең үздік университеттерінде оқыт­тық. Ал қаражат жеткіліксіз болған өт­кен ғасырдың 90-жылдары біз сту­дент­­тердің оқу ақысын, жүріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уа­қытқа дейін ел игілігі үшін 15 мың­нан астам маман даярланды. Олар өз Отаны­ның қамқорлығын сезініп, елге қызмет етіп, біздің үмітімізді ақтай­ды деп сенемін.

Кейіннен әлемдік деңгей­дегі жоғары оқу орны – Назар­баев универ­ситеті, Назарбаев зияткерлік мектеп­тері желісі, ақпараттық техноло­гия­лар саласындағы стар­тап­тар­ға арналған «Ас­тана-хаб» халық­аралық тех­но­паркі ашылды. Біздің жас­тар осындай ілгерішіл өзгеріс­тердің көш басында болуы қажет.

Осыдан екі жарым жыл бұ­рын елі­мізде президенттік билік ауысты. Маған: «Ата заңымызда Сізге ешқан­дай шектеулілік жоқ. Соңғы сайлауда халық­тың 98%-ына жуығының қолдауына ие болдыңыз. Қызметіңізді атқара беріңіз», деушілер аз болған жоқ. Бірақ әр нәрсе өз ретімен болуы керек.

Отыз жылға жуық ел бас­қар­ған ке­зім­де мен жаныма қан­шама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеле­дім. Солардың ішінде Үкімет бас­қарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшы­сының орын­басары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарынан бастап қасым­нан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсындым. Сайлауда халықтың басым көпшілігі оны қолдады. Осылайша, біз халқымыз­дың ауызбірлігін, саясаттағы сабақтас­тығымызды күллі әлем қоғамдастығына тағы бір қырынан таныта білдік.

Халықтан кім асырып айтқан?! «Диір­меннің тасындай дөңгеленген дүние» бір орнында тұрмайтыны белгілі. Президент ауысады, бірақ тәуелсіздік мәңгілік болуы керек. Әр қазақстандық алдағы уақытта оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыро­йын асыруға қызмет етуге тиіс. «Мәңгілік ел» идеясының түпкі мақсаты осында. Ең бастысы – елі­міз аман, ұр­пағы­мыз азат. Біз ала­қан­ға салып өсірген сол азат ұрпақ ен­ді «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек.

Біз өзіміздің толағай табыс­тарымыз арқылы тәуелсіздікке сенбегендерді иландырдық, көнбегендерді қатарымызға тарттық, әлем мойындаған абыройлы мемлекетке айналдық.

Тәуелсіздік те бақыт сияқ­ты, баға­ла­ған адамның, аяла­ған қоғамның қолы­на тұ­рақтайды. Халқы тату, эконо­­ми­касы қуатты, саяси жүйесі тұрақ­ты, мәртебесі биік, абы­ройы асқақ Қазақ­стан­ның болашағы кеше­гіден кемел, бүгінгіден нұрлы екен­дігіне кәміл сенемін.

Тәуелсіздікке берік ірге­тас болып қаланған баба­ла­ры­мыз­дың асыл мұраты – ерлік пен елді­гімізден күш-қуат алып, әр­дайым алға баса берейік, ағайын!