«Әлеуметтік желілерде жаңа жылдан бастап педагогтердің еңбекақысы қысқаратыны туралы жалған ақпарат тарады. Хабарламада еңбекақының 25% өскеніне қарамастан, жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ бергені үшін 30%-дан қосымша төлемдер алынып тасталатыны айтылған. Демек, мұғалімдердің табысы 5% төмендейді. Бұл – жалған ақпарат. Жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы бұрынғыдай төленеді. Сонымен қатар келесі жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша педагогтердің еңбекақысы тағы 25% көтерілетінін еске саламыз. Айта кетейін, 2020 жылы педагогтердің еңбекақысы 25%, 2021 жылы тағы 25% өсті. Бұдан бөлек, Президенттің қолдауының арқасында, біліктілік санаты үшін қосымша ақы 30-50% дейін ұлғайтылды», деп жазды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева Facebook парақшасында.
Сондай-ақ ол мұғалімдерге дәптерлерді тексеру және сынып жетекшілігі үшін үстемеақыны екі есеге арттырылғанын, сонымен қатар тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жаңа санат пайда болғанын атап өтті.
«Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі педагогтердің еңбегін ынталандыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Барлық шаралар білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған. Педагогикалық бағыттар бойынша оқытудың тартымдылығын арттыру үшін осы мамандықтар бойынша білім алып жүрген студенттердің шәкіртақысы биыл қыркүйек айынан бастап 42 мың теңгеге дейін көтерілді. Желіде тараған қауесеттерге сеңбеңіздер!», деп жазады ведомство өкілі.