Әлем • 21 Желтоқсан, 2021

Тайвань мен Украинадағы соғыс дауысы

716 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Еуразияның кең-байтақ кеңістігінде жау­гершілік лебі есіп тұр. Батыс жақта Ресей Украинамен шекаралас аймақтарға әскери бөлімшелерін көптеп орналас­тырып жатыр. Осыған байланысты түрлі болжамдар желдей еседі. Ал Шығыста Қытайдың Тайваньға қатысты ұстанымы халықаралық қоғамдастықты барған сайын алаңдата түсуде. АҚШ-тың сараптамалық орталығы жасаған соғыс ойынына қатысты кең тараған зерттеу қорытындысына сүйенсек, алда-жалда Қытай аралға шабуыл жасай қалса, АҚШ-тың мүмкіншілігі аз болмақ.

Тайвань мен Украинадағы соғыс дауысы

Екі жағдайда да агрессордың стра­те­гия­лық ниеті анық. Бейжің басшысы Си Цзиньпин үкіметі Қытай­да­ғы азаматтық соғыстың ақырғы қорытындысы ретінде Қытайды «қайта біріктіруге» ұмтылады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қытай ком­му­нис­тік партиясы елдің не­гі­згі бөлігіне билігін жүргізді. Бірақ Чан Кайши бастаған ұлтшылдарды жоя ал­мады. Олар Тайваньға (және кейбір кіші­гі­рім аралдарға) қоныс аударды. Содан бері оларға ком­му­нистік партия билігін жүргізе алмай келеді.

Кейде билік өкілдері Қытайды «қайта біріктіру» туралы ресми мәлімдеме жа­са­ғанда, оған бейбіт жолмен қол жет­кізу туралы айтып қалатын. Алайда бас­­қа жағдайда Қытай басшылары бұ­ған қатысты ләм-мим деген емес. Оның үс­ті­не, Қытай әскерін кеңейте және жа­рақ­тандыра отырып, алда-жалда Тайвань тәуел­сіздігін жариялауға әре­кет­тенсе, оны бағындыруға шамасы ке­ле­­тіндей мүм­кін­шілігін жасауға ерекше на­зар аударады.

Көптеген мемлекет, соның ішінде АҚШ та бар, ұзақ уақыт бойы Тайваньды тәуелсіз мемлекет ретінде ресми танудан бас тартып, «бір Қытай» саясатын ұстанып келді. Бірақ аралмен ресми дипломатиялық байланыс орнатпағанына қарамастан, бірқатар ел сауда және технология секілді басқа бағыттар арқылы қарым-қатынастарын дамытты. Тайвань – заманауи микрочиптер өндіруде әлем­дік көшбасшы. Сондай-ақ елде де­мо­кра­т­ияның жарқын жетістігіне қол жет­кі­зіл­ді. Тайваньдағы қытай қоға­мы демок­ратиялық жолға түсе алса, сол саяси көз­қарас күндердің бір күні Қытайдың қал­ған бөлігіне де таралуы мүмкін.

Еуразияның екінші шетінде орналас­қан Украинаның жағ­да­йы Тайвань­нан мүлдем бө­лек. Өйт­ке­ні Ресей оның тәуел­сіз­ді­гін рес­ми түрде мойындады. Ресей пре­зиденті Владимир Путиннің 2014 жылы Қырымды оккупациялауы және аннексиялауы заңсыз деп танылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ас­сам­блея­сының басым көп­ші­лігі бұл оқиғаны айып­тады (не­бә­рі 11 ел қарарға қарсы дауыс берді).

Соған қарамастан, өткен жаз­да В.Путин Ресей, Украина және Бела­русь та­рих­та біртұтас бол­ғанын алға тар­тып, көлем­ді ма­қала жариялады. Оның айтуын­­ша, Украинаның немесе Бела­русь­тің өз егемендігіне Ресейдің бақы­лауымен, Кремльдің жо­ғар­ғы билігі арқылы ғана қол жет­­кізуге болады-мыс. В.Путин ре­ви­­зионизмінің ауқымдылығы сон­­­шалық, ол тіпті Украинаның тәуел­­сіз­дігін кеңестік конституция бойынша сынға алды. (Бұл ештеңені білдірмесе де).

В.Путиннің стратегиялық ниеті түсі­нік­ті. Ол Украинаның тә­уелсіз болуын барған сайын жан төзгісіз деп есептейді. Тайваньға қа­тысты жобалары бар Қытай се­кілді, Ресейдің де кез келген сыртқы күш оккупацияға қарсы шықпастан бұ­рын басып кіріп, жаулап алуға дайын екені байқалады. Қырымды басып алғанымен қоймай, Кремль билігі 2014 жылдың тамызында және 2015 жыл­дың ақпанында Донбасстың шығыс бөлігіне жібергендей Украинаға тұрақты әскери күштерін орна­лас­тырғысы келетін сыңайлы. 

Қытайдың Тайваньды әс­кер­мен басып алуы Шығыс Азия­­ның қауіпсіздік тәртібін түбе­гейлі өзгертетініне ешкім кү­мән­данбайды. Сол сияқты Ре­­сей­дің Украинаны басып алуы Еуропаның да қауіпсіздік тәр­ті­­бін өзгертеді. Бірақ мына нәр­сені әлі ешкім ескерген жоқ. Екі оқиға бір сәтте өзара келі­сім ар­қы­лы жасал­уы мүмкін. Мұн­­дай жағдайда ондаған жыл бойы жаһандық бейбітшілікті қам­та­масыз етіп келе жатқан дип­­ло­ма­тиялық және қа­уіпсіздік ша­­ра­ларына үлкен соққы жасалады. Сөйтіп жа­һан­дық күштер балансы тү­бегейлі өзге­ре­ді.

Мұндай жағдайдың қалай болатынын уақыт көрсетеді. Қытай басқа елдердің ішкі істеріне ара­лас­­пауды жақтайтынын мәлім­де­ге­німен, Украинаның егемендігі мәселесіне келгенде үнсіз. Егер көздеген мақсаты болса, Ресейдің аталған елге шабуыл жасауын қолдамайтыны күмәнді.

Рас, Қытайдың Тайваньға, ал Ресейдің Украинаға басып кіруі үлкен қателік болар еді. Екі елдің экономикалық дамуы кері кетіп, міндетті түрде салына­тын ауқымды санкциялар салда­ры­нан зардап шегеді. Әскери қақ­тығыстың ауқымы да ұлғаю қаупі бар. Жапония мен Үн­діс­тан секілді елдер Қытайға қарсы тұру үшін өздерінің әскерін жарақтауға кірі­седі. Еуропалықтар қазірдің өзінде қор­ға­нысты күшейтуге қатысты барынша ба­тыл қадам жасап отыр.

Оқиғалардың қалай өрбитініне қара­мас­тан, оның ақыры бәріне жайсыз болатыны анық. Соғыс барабанының дыбысы анық есті­ле­ді. Дипломатияның міндеті – оның шынайы шуға айналмауын қам­та­масыз ету.

 

Карл БИЛДТ,

Швецияның бұрынғы премьер-министрі және бұрынғы сыртқы істер министрі