Аймақтар • 27 Желтоқсан, 2021

Жан басына қаржыландыру қалай жанданады?

1059 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жақында ғана облыстық мәслихат депутаттары бекіткен Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған Аумақтық даму бағдарламасында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру индикаторы санатына жеткіншектердің сапалы білім алуы мен денсаулығын қалыпты ұстау көрсеткіштері де кірді. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы семіздікке шалдыққандар санын азайту, 14 пен 18 жас аралығындағы жеткіншектерді жаппай спорттық үйірмелерге тарту, мүмкін­дігі шектеулі балалардың инклюзивті білім алуы мен спортпен айналысуына жағдай туғызу жолдары қамтылды.

Жан басына қаржыландыру  қалай жанданады?

Өңірлердің алдағы бесжыл­дық­тағы әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуын айқындайтын бас­ты стратегиялық құжат – аумақ­тық даму бағдарламалары Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың

1 қыркүйектегі Қазақ­стан халқына арнаған Жол­дауына негізделген. Пре­зидент Жолдауында еліміз­дегі кәсіби спорт клубтарын мем­лекет есебі­нен қаржы­лан­дыруды доғарып, оның ор­ны­на бұқаралық спортты, со­ның ішінде балалар мен жас­өс­пірімдер спортын дамыту мін­деті қойылды. Оның үстіне, Токио Олимпиадасындағы ой­сыра­ған жеңілістеріміз балалар спор­тын да­мыт­пайынша, кәсіби спорт есігін ашпайтынын тағы бір рет ұқтырды.

Ақтөбе облысында 7 мен 17 жас аралығында 153 мың бала бар. Өңір­­­дегі балалар мен жасөспі­рім­дер­ге арнал­ған 33 маман­данды­рыл­ған спорт мек­тебінде 19 мыңнан астам жас­өспірім бірнеше спорт түрі­­мен шұғылданады. Осы ресми дерек спортпен шұғыл­данатын жет­кіншектер санының өте аз еке­нін көрсетеді. 2021 жылы 33 спорт мектебінің шы­ғын­дарына облыстық бюджеттен 375 млн 717 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалар­дың инклюзивті білім алуымен қатар спортпен шұғылдануына да жағдай жасау күн тәртібіндегі мәселе. Тағ­дыр сынағына түсіп, төрт қа­быр­ғаға таңылған бала­лардың дене­шы­нықтырумен айналысуына мүм­кіндіктері жоқ. Әсіресе, сал ауруына шал­дыққан балаларға дене жат­тығулары бірінші кезекте керек-ақ.

Соңғы дерек бойынша Ақтөбе облысында ерекше білім алу қажеттілігі бар мек­теп жасындағы 6 мың бала бар. Жыл сайын мүгедек балалар саны өсіп келе жатқаны да алаң­дарлық жағдай.

153 мың баланы 33 спорт мек­тебі түгел қамти алмайтыны басы ашық мәселе. Ал телефон­дар мен гаджеттердің бала денсау­лы­ғын құртып жатқаны тағы қор­қыныш­ты. Телефонға телмірген баланы спорт секцияларына көбірек тар­тудың бір жолы – жан басы­на қаржыландыру жобасына же­ке кәсіпкерлерді тарту. Биыл­ғы жылдың мамырынан бас­тап елі­мізде қолға алынған осы қанатқақ­ты жобаның негізгі мақсаты – ба­­ла­ларды спорттық үйірмелерге көп­теп тарту, мүмкіндігі шектеулі бала­лар­дың тұрғылықты жерлері­не жақын маңнан спорт секция­ларын ашу. Бұл жерде әрбір бала спорт үйірмесіне тегін қатыс­са, оған қаржыны мемлекет төлей­ді. Айта кетерлігі, жан басына қар­жы­ландыру тарифі спорт тү­ріне және әр өңірде әртүрлі бекі­тіл­ді. Ақ­төбе облысында бір бала­ның бір ай бойы спорт сек­­ция­сына қаты­суына 14 мың тең­ге қаржы қарас­тырылды. Бала бір айда 12 жаттығу жасайды. Ал жан ба­сы­на қаржыландыру бойын­ша мүм­кіндігі шектеулі бала­ның спорт секциясына қатысуы үшін бір айға 23 мың теңге қарастырылған.

«Бұл жерде ең бірінші кезекте ата-аналардың ұсынысына на­зар аудардық. Олар осы кезге дейін балалары ақылы түрде қа­ты­сып жүрген спорт түрлерін таң­дады. Мұның ең басында каратэ, бокс, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, суға жүзу, көркем гимнастика мен спорттық гимнастика тұр. Жан басына қаржыландыру жобасы қыркүйек айында порталға электронды табель жобасы енгізілгеннен бас­тап жанданды. 2021 жылы жан басына қаржыландыру арқылы балаларды спорт үйірмелеріне тартуға 323 млн теңге жұмсалса, 2022 жылға 350 млн теңге қаржы қарастырылды. Бұл ретте облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы 2022 жылы 4-17 жас аралығындағы 17 мың баланы спорттық секцияларға тартуды жоспарлап отыр. Алдағы қаңтар айынан бастап спорт секцияларына қатысуға 8 808 бала жазылса, оның 7 мыңы Ақтөбе қаласында тұратын жеткіншектер. Осы балалардың ата-аналары сек­циялар жүргізетін жеке кәсіп­кер­лермен келісім жасасты», дейді Ақтөбе облысының дене шы­нық­тыру және спорт басқармасының бас маманы Әділбек Ділжанов.

Жүзу спорты, көркем гимнас­ти­ка мен спорттық билермен шұғыл­данғысы келетін жеткін­шек­тер қатары көбейе түскен. Кейбір спорт түрлеріне кезек түзілді. Секцияға жазылған бала­лардың бәрін бірдей қамту мүм­кін болмағандықтан, кей балалар кезектерін күтеді. «Секцияны тас­тап кеткен баланың орнына кезекке кейін тұрған бала барады. Белгілі бір спорт түрін таңдаған жет­кіншектің тастап кетуін де жоқ­қа шығаруға болмас. Ал ба­ла­ның спортпен шұғылдануы үшін бөлінген мемлекет қаржысы далаға кетпеуін бақылау керек. Осы ретте жаттықтырушылар сабақ кестесіне сай балалардың қаты­­сы­мын электронды табельдерге белгілейді», дейді Әділбек Ділжанов.

Балалар спортын жан басына қаржыландыру жобасына қатысуға ақтөбелік 400-ден астам жеке кәсіпкерден ұсыныс түскенде, олардың ішінен 154 кәсіпкер таңдалып алынды.

Спорт үйірмесін ашқан кәсіп­керге қатаң талап бар. Ғимарат­тағы жаттығу залдары талапқа сай жабдықталып, балалардың киініп-шешінетін бөлмесі бөлек болуы керек, жаттығу залдарының жарықтандырылуы, желдеткіш, жуынып-шайынатын бөлмелері талапқа сай болуы керек. Кәсіби білімі бар, білікті жаттықтырушы-оқытушылық құрамы болмаса, секция жұмысына рұқсат жоқ. Осы талаптарды мүлтіксіз ор­ын­да­­ған жеке кәсіпкер ғана жан ба­сы­­­на қаржыландыру жобасына қа­ты­са алады.

Баланың үйіне жақын жерде спорттық секцияға қатысуы ата-анасы үшін де тиімді. Бір ерек­шелігі, осы жобаға мамандан­ды­рыл­ған спорт мектептері қатыс­тырыл­майды, олар онсыз да бюд­жетт­ен қаржыландырылады. Бұл күндері Ақтөбеде балаларын тегін спорт үйірмелеріне жаз­ды­руға ықыласты ата-аналар кө­бейген. Енді күн тәртібіне қар­­­жыға қол жеткізген жеке кә­сіп­­кер жұмыстарын бақылау мә­­се­лесі шықты. Басқаша айт­қан­­да, балалар үшін спорт үйір­ме­лерін ашқан кәсіпкерлер қыз­ме­тін кім қадағалайды деген сұ­рақ­тың басы ашық тұр. Спорт үйір­мелерін бақылауды облыстық денешынықтыру және спорт бас­қар­масы мамандары құзыретіне беру керек пе, әлде тәуелсіз қо­ғам­дық бақылаушылар құрыла ма? Спортпен шұғылданғысы келетін баланың жаттығуы үшін әр айға 14 мың теңге бөлініп жат­қанын айтып өттік. Мемлекет қар­­жы­­сының тиімді жұмсалуына мони­­­торинг жүргізіп отыру керек. Бала секцияға бармай қой­са да, жыл бойы ай сайын 14 мың теңге төлене беруі әбден мүм­кін. Мұн­дай жағдайда қаржы қозға­лы­сын бақылауда ұстау керек. Оның үстіне, ата-анадан түсетін шағымдар бар.

Жан басына қаржыландыру жобасына инклюзивті спорт түр­лері де қамтылмақшы. Әзірге Ақ­төбеде мүмкіндігі шектеулі бала­ларды спортқа баулумен бір жеке кәсіпкер айналысып, 25-30 мү­гедек жасөспірімді футболға жат­тық­тырады. Инклюзивті спорт түріне жаттықтырушыларға талап өте қатал. Сабақты арнайы инклюзивті спортқа кәсіби маман­дандырылған жаттықтырушылар ғана жүргізе алады. Өкініштісі, ерекше қажеттілігі бар балаларды оқытушылар Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясында ғана оқытылады. Қ.Жұбанов атын­дағы Ақтөбе өңірлік мемле­кет­тік университетінің спорт және денешынықтыру факуль­тетінде инклюзивті спорт жаттық­тыру­шылары дайындалмайды.

Міне, осы мәселелер жан басына қаржыландыру жобасының да жетілмеген тұстарын анықтады. Қалай болғанда да спорт жаттық­тыру­шысының негізгі – смартфон мен гаджеттер әлемінен келген баланы өзі таңдаған спорт түрін жақсы көруге үйрету керек. Басты мақсат – осы. Спорт бала­ның ден­саулығын түзетеді, мінезін қалып­тастырады. Белгілі бір спорт түрімен бірнеше жыл бойы тұ­рақ­­ты шұғылданған жасөспі­рім­нің тәртібі түзеліп, мектептегі саба­ғы да жақсарады. Ең бастысы, – бала бос уақытын дұрыс жос­­пар­лауды үйренеді. Түйіні – бала­лар спорты бойынша жан басы­на қаржыландыру жобасына қаты­су­шы кәсіпкер өз пайдасын емес, ең бірінші кезекте баланың денсау­лығы мен болашағын ойлауы тиіс.

 Ақтөбе облысы