Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Осындағы мәліметке сүйенсек, қазақстандықтардың жалпы саны – 19 169 550 адамды құраса, олардың 48,71 пайызы ерлер, 51,29 пайызы әйелдер екен. Сондай-ақ Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 пайызға жеткен. Халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған екен.
Осы орайда, айта кететін мәселе – Қазақстан халқы тәуелсіздік жылдары демографиялық өсумен қатар урбанизациялық процесті де бастан кешірді. Урбанизация дегеніміз – қоғам дамуында қалалар рөлінің басымдыққа ие болуы. Яғни аумақтық еңбек бөлінісі үлкен қалаларда шоғырлануының нәтижесінде, қала халқының саны өсуі һәм сапасының жақсаруы.
Бұл үрдісті Қазақстан жағдайында қарастырар болсақ, елімізде 1800 жылы қала халқының үлесі 3 пайыз, 1860 жылы 6,4 пайыз болса, 1926 жылы ел тұрғындарының 8,3 пайызы қалада, қалған 92 пайызы ауылдық жерлерде өмір сүріпті. Ал Кеңес өкіметі билік құрған 1950-жылдары қала тұрғындары 30 пайызға дейін өскен екен.
Тәуелсіздік жылдары еліміз урбанизация, яғни қалаға шоғырлану үдерісін бастан өткерді. Бұл Қазақстан жағдайында орнықты үрдіспен дамыды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында атап өткеніндей, қазақ халқының қалалану процесі тәуелсіздік жылдары қатты қарқынмен және тыныш, бейбіт түрде іске асырылды.
Жалпы, қазақстандық урбанизацияға басты себеп – кеңестік кезеңде дотациямен күн көріп отырған ауылшаруашылық құрылымдары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұралап қалды да, ауыл халқы үлкен және моноқалаларды сағалауға мәжбүр болды. Нәтижесінде, 1970 жылдары барлық тұрғынның 60 пайызын құрап отырған ауыл халқы 1999 жылы 43 пайыздық деңгейге дейін құлдырады. Оның сыртында, ауылдағы шаруаның табысы қала тұрғындарының табысынан екі есеге жуық аз болды. 2000 жылдардағы мәліметке сүйенсек, еліміздегі барлық жұмыссыздардың 23 пайызы ауыл халқының үлесінде екені нақтыланған.
Жалпы алғанда урбанизация дамыған елдерге тән құбылыс. Дүниежүзілік статистикаға жүгінсек, Ұлыбританияда халықтың 91 пайызы, Швецияда халықтың 87 пайызы, Германияда ел тұрғындарының 85 пайызы қалалық жерлерге шоғырланған. Осы мемлекеттердің тәжірибесіне қарағанда, қала халқының саны негізгі тұрғындардың 70 пайызына жеткенде урбанизация қарқыны төмендеп, 80 пайызға жеткенде тоқырайды дейді, мамандар.
Сонымен қатар бүгінде әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70 пайызы ірі қалаларда өндіріліп отыр. Бұл – жаһандық тренд. Осы арқылы ресурстар мен инфрақұрылымды қалаларға шоғырландырып, жоғары экономикалық өсімге қол жеткізуге болады деген сөз. Яғни әлем елдерінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігі заманауи ірі қалалардың дамуымен айқындалады. Соған қарағанда, эволюциялық бейбіт жолмен іске асырылған урбанизациялық үрдіс – ел дамуының басты кепілі болары анық.
Осы орайда, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің пікіріне сүйенсек: «Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның урбандалу деңгейі ең жоғары – 58,2 пайыз. Алайда ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда төмен. Ол елдерде бұл көрсеткіш 77 пайызды құрайды. Урбандалу деңгейін бір пайызға арттырғанда ішкі жалпы өнімнің өсімі 0,12 пайызға жетеді», дейді.
Осылайша, оңтайлы жүргізілген урбанизацияның арқасында қала тұрғындары арасында қазақтар үлесі 1989 жылы 27,1 пайыз болса, 1999 жылы 43,1 пайызға жетіп, 2004 жылы 48,2 пайыздық көрсеткішке ие болды. Сондай-ақ жалпы қала тұрғындары мен ауыл халқының ара салмағы 2011 жылы 16,2 млн халықтың 8,8 млн-ы қалада, 7,3 млн-ы ауылда тұрса, 2020 жылдың басында 18,8 млн-нан астам республика тұрғындарының 11,1 млн-ы қалада, 7,7 млн-ы ауылда тұрады екен.
* * *
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандық урбанизацияның басты ошағы – ірі мегаполистер Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы мамыр айында елордада өткен ХІІ Астана халықаралық экономикалық форумында әлем елдері мен Қазақстанның жаһандық дамуының негізгі қырларына тоқтала отырып: «Қазақстан жалпыәлемдік урбандалу трендімен дамып келеді. Біздің ірі қалаларымыз қарқындап даму үстінде. Елорда халқы 20 жылдың ішінде 180 мыңнан 1,2 млн-ға дейін өсті. Ең ірі мегаполис Алматы халқы 2 млн-ға жетті. Және мұндай қалалар қатарына Шымкент қосылды. Алдағы уақытта тағы екі қаланы осы деңгейге көтеретін боламыз. Қазақстанның әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы қалаларымыздың болашақ дамуының басты факторы болып табылады», деген еді.
Жоғарыда Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан көрсеткішті аталған қалаларға теліп түсіндірер болсақ, 1999-2009 жылдары Алматы халқы 20,9 пайызға өсіп, қазақтар үлесі 66,7 пайызға көбейген. Нәтижесінде, 2009 жылы Алматыда қазақ ұлтының үлес салмағы 53 пайызға жетсе, 2009-2019 жылдары қала халқының саны 35,8 пайызға өсумен қатар, алматылықтардың 54,7 пайызына жергілікті ұлт өкілдері иелік етіпті.
Мұндай үрдісті еліміз астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан да байқауға болады. Мысалы, 2009-2019 жылдары елорда халқының саны 75,9 пайызға артса, астаналық атанған қазақтар он жылда екі есеге көбейіпті. Осы бір ғана Нұр-Сұлтан қаласы солтүстік өңірде байырғы этнос салмағының 82 пайызға өсуін қамтамасыз етіп отыр.
* * *
Сөз басында, еліміз тұрғындары 19,1 миллионға жеткенін айтқан едік. Халық санының бұл межеге жетуі, біріншіден демографиялық ахуалдың жақсарғаны, екіншіден бейбіт жүргізілген урбанизациялық саясаттың жемісі болып табылады. Нәтижесінде, қала халқының өсімі ауылдық жерлерге қарағанда әлдеқайда жоғарылады. Бүгінгі тәуелсіз демографиялық жүйенің өлшем шарттары болашақта қандай болатынын баса айту қиын, десек те қазақ халқы тарихында даму векторы алғаш рет қалалық жерлерде басым болғаны ақиқат.
Қалалық жерлердегі ең үлкен өсім ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығына тән екен. Бұл, біріншіден, қалаланған халықтың демографиялық толқыны жастар, яғни бала туу жасындағы адамдар екендігімен ерекшеленсе, екіншіден, халықтың репродуктивті белсенділігінің оянуына әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруы әсер еткені шындық.
Әлемдік стандарт бойынша урбанизация деңгейі бес жыл сайын шамамен 3 пайызға өсуге тиіс болса, ал қазақстандық жағдайда 30 жыл ішінде 1,5 пайыздан 58,7 пайызға дейін өскен екен. Бұл аса үлкен құбылыс.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазіргі экономикалық даму қандай жолмен болса да урбанизация деңгейімен байланысты. Ал Қазақстанда Тәуелсіздіктің 30 жылында байқалған динамикаға қарасақ, 2050 жылға қарай урбандалу деңгейі 70 пайызға жетуі мүмкін екенін аңдауға болады.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша 87 қала мен 6,5 мың ауыл бар. 2015 жылдан бастап урбандалу деңгейі 58,2 пайызға дейін өсті. Миллион тұрғыны бар қалалар саны 3-ке жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18 ірі қалада 1,5 есе артса, 2000-2019 жылдары табиғи өсім коэффициенті 3 есе өсті. Бұл ретте қалаларда өсу қарқыны ауылдық жерлерге қарағанда 3,5 есе жоғары болды (қалаларда 6,3 есе, ауылдарда 1,8 есе).
* * *
Десек те, урбанизация процесі қиындықсыз болмайтыны анық. Әсіресе ірі қалалардың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдары болжамсыз ішкі миграция салдарынан қиындыққа душар болады. Әсіресе, тұрғын үй, денсаулық сақтау және білім берудегі сұранысты қамтамасыз ету оңай емес.
Соңғы жылдары мемлекет бұл мәселені шешудің жолдарын қарастыруда. Атап айтар болсақ, Президет Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын іске асыру бойынша, 2021-2025 жылдары базалық қызметтерге тұрғындардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын дамыту, көлік қатынасын жақсарту есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру жайы жоспарлануда.
Осы орайда, жоғарыдағы ұлттық жоба туралы танымал журналист Кәрібай Мұсырман «Egemen Qazaqstan» газетінің 27 қазан күнгі санында жариялаған мақаласында: «Үкімет урбандалу деңгейін бүгінгі 59,1 пайыздан 62,6 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Жаңадан 15,7 мың тұрақты және 475,4 мың уақытша жұмыс орнын құру, қоныс аударушылар мен қандастардың кәсіпкерлік бастамасын дамыта отырып, олардың жұмыспен қамтылу деңгейін 79 пайыздан 87 пайызға дейін арттыру қарастырылған. Алға қойылған осындай нақты міндеттерді іске асыру үшін бес жылда 7,5 триллион теңгеден астам, соның ішінде республикалық бюджеттен – 4 триллион теңгеден астам, жергілікті бюджеттерден 785 миллиард теңгеден астам, бюджеттен тыс көздерден 2,7 триллион теңгеден астам қаржы бөлінбекші. Әлбетте, ұлттық жобаны іске асыруға бөлінетін осыншама қаражат мақсатына сай әрі тиімді жұмсалса, өңірлердің қуаты молайып, олар шынында да, ел дамуының драйверіне айналады деп үміттенуге болады» дейді.