Қазақстан • 08 Қаңтар, 2022

Министр интернет шектеулеріне байланысты пікір білдірді

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Контртеррорлық іс-шаралармен қатар интернет те шектелгені мәлім. Себебі террористік топтар іс-әрекеттерін жоспарлап, үйлестіру үшін байланыс құралдарын пайдалануда. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министр интернет шектеулеріне байланысты пікір білдірді

«Негізгі салаларды цифрландыру салдарынан көптеген адамдар қолма-қол ақшасыз қалды. Сондықтан біз Ұлттық банкпен, сондай-ақ басқа да банк және ұйымдармен бірге Интернеттің жоқтығына қарамастан, кейбір ресурстарды тәулік бойы қолжетімді ету механизмін жасадық.

Қазірге сәтте:

   1. Халық Хоумбанк пен Каспидің төлем сервистерін қолдануға болады. Басқа да банктерді қосу жұмысы атқарылып жатыр. Яғни интернет болмаса да, бұл қосымшалар қолжетімді болады.

  1. Бірқатар ақпараттық ресурстар жұмыс істеп тұр: egemen.kz, tengrinews.kz, inform.kz, baq.kz, 24.kz, stopfake.kz, qazaqstan.kz және т.б.
  2. akorda.kz сайты офлайн тәртіпте қолжетімді», деп жазды министр.

Бүгін басқа да аса қажетті сервистерді іске қосу мәселесі шешіледі. Жұмыстар біртіндеп жүзеге асуда, әр ресурсты жеке-жеке қарастырып, арам пиғылдылардың пайдаланбауын қадағалап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет.

Президенттің бірнеше тапсырмасы орындалды.
Бірінші: интернет өшірілгендіктен, адамдар дыбыс және смс трафигін пайдаланғандықтан, барлық абоненттерге тегін 200 смс пен 300 минут берілді.

Екінші: зардап шеккендер мен із-түссіз жоғалғандарды іздеу бойынша 1414 колл-орталығы негізінде тікелей желі ұйымдастырылды.

Үшінші: байланыс операторларымен тығыз жұмыс істеудің арқасында азаматтарға SMS арқылы хабарландырулар мен жаңалықтар жолдануда.