Тарих • 26 Қаңтар, 2022

Азаттық үшін арпалысқан

1386 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Осы орайда айтпағымыз, қазақ хал­қы үшін өткен ғасыр басы аса ауыр бол­ды. 1914 жылы 19 шілде күні (1 тамыз) бас­талған Бірінші дүниежүзілік со­ғыс салдары қазақ халқына ауыр зар­дабын тигізді. Алым-салық түрі кө­бейді. Мысалы, әскери салық ретінде әрбір отбасына ай са­йын 1,84 рубль мөл­шерінде қаржы төлеу міндеттелді. Бұл кедей отбасыларына ауыр соқты. Осы­­лай қазақ қоғамы дағдарып тұрған тұста, 1916 жылы 25 шілде күні патша ІІ Николай «Империяның бұратана халықтарының ер адамдарын қимыл үстіндегі армияның қорғаныс һәм әске­ри құрылыстарын салуға, соны­мен қатар мемлекеттік қорғаныс үшін қа­жет басқа да жұмыстарға тар­ту туралы» жарлығын шығарды. Он­дағы мақсат: бұратаналарды тыл жұмы­сына жегу арқылы армия қа­тарын толық­тыруға қажет орыс шаруалары мен жұмыс­шыларын босатып алу болатын.

Азаттық үшін арпалысқан

Жарлық бойынша Түркістан мен Дала өлкесінен майданға окоп қазуға 400 мың, соның ішінде қа­зақтар қоныс­танған далалық облыстардан – 100 мыңнан астам, Жетісу өңірінен – 87 мың адам тар­­ту жоспарланды. Осы әре­кет ха­лық­тың көтерілуіне себеп болды.

* * *

Көтерілістің басты ошағының бірі Же­тісу өңірінде өрістеді. 1916 жыл­­дың шілде-тамыз айла­рын­да жаппай қарқын алған көте­рі­ліс салдарынан жергілікті би­лік шілденің 17-сі күні өлке­ге төтен­ше жағдай жариялады. Өйт­кені көтерілісшілер шіл­денің 12-сі кү­ні Верный уезіне қарас­ты Қорам және Құрам болыстарын өлтірсе, тамыз­дың 3-інде екі мың адам­дық топ уезд бастығының көмекшісі Хлы­новс­кийдің отрядына ша­буыл жасады. Тамыздың 6-сы күні Самсы аңға­рында Ботбай, Қастек, Ырғайты болыстарынан жиналған 5 мың адам жазалаушы отрядпен шайқасты. Ал тамыздың 8-інде Ақсу жайлауында қазақ-қырғыз съезі өтіп, патша жарлығына бір­ге қар­сы тұруға шешім қабылданды. Сөй­тіп, көте­ріліс аумағы Шу өзені мен Ыстық­көл­ге жап­сар­­лас жатқан бүкіл өлкені қамтыды.

Жағдайдың шиеленісуіне бай­ланысты 1916 жылы 20 шіл­деде генерал Куропаткин Түр­кіс­тан өлке­лік генерал-губер­на­тор­­­лығына тағайын­далып, оған «көтерілісшілерді талқан­дау» жөнінде бұйрық берілді. Ол М.Фольбаум бас­таған жазалаушы отрядты ұйымдастырып, орыс-казак стансаларына асығыс түрде қару-жарақ таратты. Жа­за­лаушы отрядтар жанынан көтері­лісшілерді жазалайтын әске­ри дала соты құрылды.

Түркістан өлкесінің басқа об­лыс­тарынан Жетісуға үш әскери жа­сақ, жеті атқыштар ротасы, 14 зеңбірек жеткізіліп, майдандағы армиядан орыс-казак батареясы және екі пулемет командасы бар екі үлкен полк әкелінді. Бұлар соңғы шайқасты 1916 жылы кыркүйектің аяғында Қапал уезіндегі Быжы өзенінің ма­ңында жүргізді. Мұз­дай қаруланған патша әскеріне төтеп бере алмаған көтерілісшілер жеңіліске ұшырап, 300 мыңнан астам қазақ туған жерін ­тастап, Қытайға өтіп кетті. Оларды қуа шық­қан патша жендеттері бейбіт ха­лық­ты жазалады.

* * *

Ұлт-азаттық қозғалыстың екін­ші таба­ны Торғай болды. Бұл көтеріліс бұқаралық сипат алып, ұзаққа созылды һәм жақсы ұйым­дастырылды. Торғай, Ырғыз, Ақтөбе, Қостанай уездерін қам­тыған көтерілісшілер саны 50 мыңға жетті. Көтеріліс басшысы Амангелді Има­нов сарбаздарын ондық, елулік, жүз­дік, мыңдыққа бөлді. Арнайы мергендер бөлім­шесін құрды. Олар 1916 жылы 23 қазанда Торғай қаласын азат етті. Көтерілісшілер қарашаның ортасында Батпаққараға жина­лып, жазалаушылар­ға қарсы пар­тизандық күрес әдістерін пайдалану жайлы шешім қабылдады.

Торғайдағы көтерілісті басу үшін генерал Лаврентьев бастаған арнайы жазалау экспедициясы жасақталып, құра­мында: 17-ші атқыштар ротасы, 18-ші орыс-­казак жүздігі, 4 атты әс­кер эскадроны, 18 зеңбірек, 10 пуле­мет болды. Кейін ­13 қа­раша күні әс­ке­ри қимыл­ға Қазан, ­Пермь, Орынбор­дан қосым­ша полктар тар­тылды. Жаза­лау­шылар мен көтерілісші­лер арасындағы соғыс қимылы 1917 жылы ақпан буржуа­зиялық-демократиялық революциясынан кейін де жалғасып, патша өкіметі құлатылған соң тоқтады.

* * *

Үшінші кезекте – Семей және Ақ­мола облыстарында жоға­ры­да­ғы екі облыстағыдай ұйым­дас­қан көтеріліс болмаса да, жекеле­ген қар­сылық іс-қимылдары бо­лып жат­ты. Ел арасында орын ал­ған дүрбелеңге байланысты Ақ­мо­ла қа­ласына генерал-губернатор ке­ліп, халықты жинап сөз сөй­лей­ді. Дәл осы жиында болған қазақ­тың көрнекті қайраткері Сәкен Сей­фуллин былай деп баяндайды: «Губернатордың түсі суық, жаз­ғытұрғы күйіттеніп шабынған бу­ра тәрізді. Жұрт бөріктерін қолы­на ұстап, иін тіресіп жиналып тұр­­ды. Байлары, билері алдында тіл­­маш арқылы бөріксіз бастарға айт­­қан сөзі мынау: «Ақмола қа­зақ­­та­ры патшаның әскери қыз­ме­тіне бармауға, патшаның жар­­лы­ғы­на мо­йын­сұнбай бунт шыға­рып, көтеріліс жаса­мақ болып жа­­тыр», дегенді естіп келдім. Қа­зақ­тың мұнысы құтырғандық, ақы­мақтық. Орыстың әскеріне, орыстың қару-жарағына қазақ қарсы тұра ала ма? Сендер ақ­са­­­­қал­дар, байлар, бір жұма­ның ішін­­де елге шығып, қазақты әс­кер жұмысына баруға көндіріп ке­лің­дер! Өйтіп келмесеңдер, сендерді жазалаймын! Қырға, әр елге әс­кер шығарып, қа­­зақты қой­­дай қыр­­дырамын! Қазақ­ты шалғымен шап­қан шөпше шап­­­тыра­­­мын! Пу­ле­мет дегенді біле­­сіңдер ме, оқты жаң­бырша жау­ды­­рады. Сол пулеметпен әскер шыға­рамын. Бір жұмада сендер барып, хабар алып келе алмасаң­дар, әскерді қырға, жан-жаққа шыға­рып, жол бойы көрінген қазақты атқыза беремін. Пулеметтерді оқ өтпей­тін авто­мобильге салып жүреді. Қа­зақ қой­­ша қырылады... Естідің­дер ме! Біл­дің­дер ме! Бір жұмада бә­рің жан-жаққа шы­ғып, қазақты көн­дірің­дер. Әйтпесе өздеріңді абақтыға жабамын. 15 минут ақылдасыңдар да, 15 минут­тан соң маған жауабын беріңдер» (С.Сей­фуллин. «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық роман.«Жазушы» ­баспасы, Алматы. – 1977. 27-б).

Осы дүрбелең кезінде Ақмола өңі­рінде ел ішінде «хан сайлау» үрдісі етек алады. Бұл халықтың орыс бодан­дығынан құтылу үшін өздерінің байыр­ғы хандық дәуірін аңсаудан және ерте­дегі ұлыс бү­тін­дігін армандаудан туған дүние-тін. Бір қызығы, қазақтар өз арасынан хан сайлағанда, патшаның болыс-старшындарын емес, патшалық биліктің астауынан дәм татпаған, жеке халықшыл тұлғаларды тауып сайлауға тырысты.

Осылай халық арасынан қау­қарсыз хандар сайланып, оның маңына топтаса бастаған елді ыдырату үшін Ақмола өңіріне арнайы 12 атты әскер жүздігі мен 11 күшейтілген жаяу әскер ротасы жұ­мылдырылған екен. Бұл күштік құры­лымдар даладағы елді аралап, күш біріктіруге ұмтылған ауылдарды дереу ес жиғызбай шауып-жаншып тастады.

Бұндағы қыр елінде болып жатқан оқиғалар туралы Сәкен Сейфуллин былай деп жазады: «Қырға лек-легімен әс­кер шығып жатыр. Талай елді ша­уып, талай қазақты түрмеге әкеп қамап жатыр. Алыстағы ел үріккен. Мал таланған. Жан то­нау­ға, зорлауға түскен. Жазықсыз ел шабыл­ған, жазасыз жан атылған. Екі-үш «хан» болған надан сорлыларды әкеп түрмеге қамап тас­тады. Ұсталып абақтыға жабылған «хан­дардың» бірі – Әлжан қажы. Бірі – Шоң бидің балалары. Қазақтар түр­ме­ге сыймай, подвалдарға да қамап жатыр. Түрмедегілерден хабар алынды. «Бунт бастықтарын» түр­менің ұлықтары күнде дүре­лейді. «Хандардан» күнде жауап алып, ұрып қояды. Әлжан қажыны ұрып түрмеде өлтірді...

Кейбір жерлерде қашып көш­кен ел жасау-мүліктерін, дү­ние­­­­-
ле­рін молаға тығып жатыр. Бол­ма­са, дүниелерін жер қазып, өлген ада­мның қабірі тәріз­дендіріп қой­ып кетеді. Солдаттар біліп қа­лып талай моланы бұзып, қоймай та­­­­­у­ып алған. Талай шын молалар­ды да қоймай, іздеп талқандап бұзған.

Солдатқа кез болған ел туға­лы көр­ме­ген жәбірін көрді. Атыл­ған адам... қып-қы­зыл дүре. Жә­бір-зор­лық көрген қыз-қатын, жылаған бала. Асты-үстіне келген ел... Қыс­қа­сы, қырға қара пәле тигендей болды.

Бір күні көшеде келе жатып, семина­рияда бірге оқыған бір орыс-казак бала­­сы­на ұшырастым. Қырдағы елге бунт басуға барыпты. Үстінде жылтыраған прапорщик киімі бар. Амандастық, халдарымызды сұрастық.

Өз қолыңмен қазақ өлтірдің бе, неше қазақ өлтірдің дедім. Зиранов күліп:

– А.., өз қолыммен бес-ақ қазақ шауып өлтірдім деді. Міне, хал осындай бол­ған!.. (С.Сейфуллин. «Тар жол, тай­ғақ кешу» тарихи-мемуарлық роман. «Жазушы» ­бас­­пасы, Алматы – 1977. 38-39 бб).

* * *

Көтерілісшілерді жазалау ша­­ра­­сы аса қатыгездікпен жүр­гізіл­ді. Зерт­теуші Тұрдыхан Жек­сен­бай мырза: кө­тері­лісті тез ара­да тұншықтыру үшін арнайы жа­сақталған жазалаушы отрядтар жі­бе­ру; жергілікті орыс-казактар мен қоныстанушы мұжықтарды мобилизациялап, бұратаналарды аяусыз жазалау мен талап-тонауға барынша пайдалану; көтерілісті жаныштап басқан соң, байлығы мол, шұрайлы да көрікті жерлерді бұратаналардан тазартып, тек қана орыстар тұратын мекенге айналдыру.., т.б. жоспар болғанын айтады. («Қазақ әдебиеті». 18 наурыз, 2016 ж.). Осы стратегиялық жоспарды жүзеге асыру Жетісу облысының генерал-губернаторы көтерілісті тез арада аяусыз басу үшін 30 мыңдай жазалаушы күш жұмылдырады.

Түркістан өлкесінің губернато­ры әрі әскери қолбасшысы Куро­паткин жазалаушы отряд­тарға: «Соңғы 40 жылда жер бетінен қа­­зақ­­тарды жым-жылас жойып жіберу жоспары келісіліп, тиім­­ді жүргізілуде. Билік бұған шын мәнінде толық ыңғайланды. Тек қана 1902 жыл мен 1912 жыл ара­лығында қазақтың са­ны 9 пайызға азайды... Енді осы көтері­лісті пай­­­даланып, бұза­қы­­лар­ға қар­сы ше­шуші және еш­­қан­дай жас, жы­ныс ерекше­лігі­не қарамай аяу­сыз жаза­лау жүр­гізіл­сін!», де­ген қанды бұй­­ры­ғын береді (С.Брай­ин, С.Шафиро. «Алашорда тари­хы жөніндегі очерк­тер». 1935. 26-б).

Куропаткин Түркістан өлкесін бас-аяғы 6-7 ай ғана биледі. Осы уа­қыт ішін­де 347 адамды дарға асу­­ға қол қо­йып, 3000-нан астам адам­­ды көтері­ліс­ке қатысқаны үшін түрлі жазаға тарт­қан екен. Ол 1916 жылдың тамыз айында уезд бастықтарына берген жар­­­лығында: «Верный уезінде ал­ғаш бас көтерген Ботбай болысына хорунжий Александров қолас­тындағы жүздігімен барып, осы болыстың үш ауылындағы адамдарды түп-тұ­қиянын қал­дырмай түгел қырып, үйле­рін өр­теп, малдарын айдап әкет­сін... Бұ­лар­­ды осылайша тәубеге келті­ру ке­рек!» делінсе (Т.Жек­сенбай. «Қазақ әдебиеті». 18 нау­рыз, 2016 ж.) гене­рал-губернатордың 1916 жылы 13 қыркүйекте Лепсі уезд бас­тығына жол­даған жеделхатында: «Біз­дің әскерлер мен қарулы переселендер­ге мынаны жеткізіңіз: көтерілісті тез басу­дың бір ғана жолы – бүлік шығарған бо­лыстың бірнеше жүз адамын бірден қырып тас­тау», дейді.

Осылай Түркістан өлкесі Же­тісу өңі­­рін басқарған қатыгез басшылары­нан тап­сырма алған төменгі уезд бастықтары мен жа­залаушы отряд басшылары қара халыққа не істемеді. Мы­салы, Баку­ревич деген жазалаушы отряд бас­тығы өзінің қо­лас­тындағыларға бер­ген бұй­ры­ғында: «Жолдарыңда кез­дес­тірген кырғыздардың (қа­зақ­тар­дың) бәрі­нің көзін құрта беріңдер, ешқандай аяушы­лық болмасын! Олардың аз ғана болса да тобын көрсеңдер, бүлікшілер деп санаңдар да, аяусыз жазалаңдар. Қолға түскендерін әскери сотқа тартып, дереу дарға асыңдар… Аяушылық деген болмасын!», дегені жайлы дерек бар («Бір сурет пен бір мақала жайында». «Қа­зақ әдебиеті». 18 наурыз, 2016 ж.).

Сол сияқты, Принестон уни­вер­си­тетінің қызметкері Э.Дейли өзінің «Бас­ма­шылар мен большевиктер» атты ең­бе­гінде: 1916 жылы полковник Ива­нов­­тың жазалаушы отрядына: «Ресей солда­ты етігінің тақасы мыңдаған жергі­лікті қаң­ғыбастар өмірінен баға­лы», деп нұс­­қау берілгені жайлы деректі келтіреді.

Жетісу көтерілісінің же­тек­шісі Бек­болат Әшекеев 7 қыр­күйекте Верный әскери гарнизоны соты­ның үкімімен өлім жазасына кесі­ліп, үкімді облыс­тың әс­ке­ри губернаторы Фольбаум сол кү­ні бекітіп, 9 қыркүйекте Борал­дай­да дарға асылды. Сотсыз жә­не тергеусіз атыл­­ғандарды есеп­теме­­генде, сот үкімі­мен Түркіс­тан өлкесінде 1917 жылдың 1 ақ­­па­­­­нына дейін 347 адам өлім жа­за­­сы­на, 168 адам катор­галық жұ­мыс­тарға, ­129 адам түрмеге жіберілді.

Одан кейін Жаркент уезінің Кеген жазығы, Текес, Шалкөде аңға­ры, Қар­қара өңірі және Прже­вальск, Пішпек уезде­ріндегі Ыс­тық­көл жағалауы, Кебен, Шу жа­зығының бөлігінде атам заманнан мекен етіп келе жатқан жергілікті қазақ-қырғыздар әскер күшімен Қытайға қуылды да, бұл жерлерде тек қана орыс­тар тұратын ерекше Пржевальск уезі пайда болды.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20